Осының бәрі, Екінші Дүниежүзілік Соғыстың басталуынан екі ме, әлде үш жыл бұрын ба, болып еді.
Перегриндер отбасы таңғы ас ішіп отырды. Өздері жалғыз, ал үстел тым ұзын болса да, екеуі екі жақ бетінде қарама-қарсы отыр. Қабырғалардан бұларға Джордж Перегриннің ата-бабаларының бейнелері үңіледі. Оларды сол заманның атақты деген суретшілері салған. Қызметші таңғы поштаны әкеліп берді. Полковникке бірнеше іскери хаттар, «Таймс» газеті және әйелі Евиге бір бума жіберіліпті. Полковник хаттарға көзін бір жүгіртіп шықты да газетке үңіліп оқып кетті. Таңғы ас біткенде, орындарынан тұрып жатып әйелінің буманы ашпағанын көзі шалып қалды.
–Онда не бар екен?- деп сұрады ол.
–Бар болғаны бірнеше кітапшалар ғана.
–Ашайын ба?
–Өзің біл.
Джордж Перегрин шимайланып байланған жіптерді шешуді жек көрсе де, әйтеуір дегенде ашты.
–Бірақ, мыналардың бәрі бірдей ғой,- деді ол, оралған қағазды ашып көріп жатып. –Бір кітаптың алты бірдей данасы неменеге керек бола қалды? Ол біреуінің мұқабасын ашты. – Өлеңдер... – Мұқабасына тағы бір көз салды. –«Үштағандар құлағанда»,- деп оқып шықты. - Е.К.Гамильтон. Еви Катрин Гамильтон. Бұл әйелінің қыз кезіндегі тегі ғой... Полковник оған таңдана, әрі жымия көз тастады. –Бұл кітапты сен жаздың ба, Еви? Міне, қу.
–Мен саған қызықсыз болар дегем. Бір данасын берейін бе?
–Шынын айтқанда, поэзияны сүйем деп айта алмаймын, сонда да, жарайды, біреуін бере салшы, кабинетіме алып кетейін, сонда оқимын. Таңертеңгілік жұмысым бастан асады.
Ол хаттарды, газетті, кітапты алды да шығып кетті. Кабинеті өте кең, ыңғайлы, әрі әдемі жиналған еді. Ортада үлкен жазу үстелі, былғары креслолар, қабырғаларында аңшылықтан түскен олжалары ілінген. Кітап сөрелерінде ауылшаруашылығына байланысты кітаптар, анықтамалықтар және бақ өсіру, балық аулау, аңшылық туралы кітаптар тізіліп тұр. Сонымен бірге олардың қатарында соңғы болған соғыс жайлы кітап та бар, себебі, сол соғыста полковник «Әскери крест» орденімен марапатталып, «Мінсіз қызметі үшін» орденінің кавалері болған. Үйленгенге дейін Уэльс гвардиялық полкінде қызмет етті. Соғыс соңында отставкаға шықты, сөйтіп Шеффилдтан жиырма шақырымдай жердегі, Георг ІІІ-нің кезінде ата-бабалары салған тамаша үйге көшіп келген болатын. Осындағы ірі жер иесіне айналды.
Джодж Перегриннің қожалығы мың жарым акр жерді алып жатыр, ол оны тәп-тәуір басқарады. Сонымен қатар мировой судья да еді және өз міндетін адал атқарады. Аңшылық маусымы басталғанда аптасына екі рет, иттерін ертіп, атына мініп аңға шығады. Мылтықты өте меңгерген, гольф та ойнайды, жасы алпысқа таяп қалса да пәрменді теннис ойнына да шыдас беретін. Өзін толыққанды спортсменмін десе қате айтқандық болмас еді.
Соңғы кездері толып бара жатқанына қарамастан, әлі де тартымды көрінетін: бойшаң, ашық жүзді, көз жанарлары көгілдір, төбесіндегі шашы біраз азайып ақ кірсе де әлі толқынданып тұрады, бет-әлпеті адамға жағымды, бетінің қызылы әлі кетпеген еді. Табиғатынан қоғамшыл, көпшілдігінен және өз шыққан тегіне лайықты, ол жергілікті жердің әртүрлі ұйымдарына төраға болатын. Консервативті партияның адал мүшесі. Өз иелігінде тұрып жатқан адамдардың әлеуметтік қамын ойлауды өзінің парызы деп есептейтін, сондықтан да әйелі Евиге жергілікті тұрмысы нашар жандар мен кедей-кепшіктерге көмектесуді сеніп тапсырып қойған. Ауылдың шет жағынан өз қаржысына амбулатория салдырып, медбикеге өз қалтасынан жалақы төлеп тұрады. Бұдан жақсылық көрген адамдардан сұрайтын бір ғана нәрсесі бар еді – жергілікті жалпы сайлауларда дауыстарын мұның кандидатурасына беру. Ол ақжарқын мінезді және өзінен төмен дәрежелі адамдардың мұң-мұқтажына шын пейілімен құлақ түретін, жерін жалға алушылардың мәселелерін мұқият тыңдайды, әрі жақын маңайда көрші тұратын қожалықтары ұсақ ақсүйек көршілерінің алдында сыйлы болатын. Біреу-міреу оған тамаша адамсың десе біраз қызарақтағанымен, өзі соны естігеніне қуанып қалатын, өйткені ол өзін солаймын деп білетін және солай болуға тырысатын. Одан артық мақтауды күтпейтін.
Бала мәселесінде ғана оның қатты жолы болмады. Ол ұлдарына мейірімді, бірақ қатал тәрбие беретін тамаша әке бола алар еді. Оның ұлдары нағыз джентльмен боп шығатыны күмәнсіз. Оларды Итонға жіберіп оқытып, балық аулап, мылтық атып, атқа отыруды үйретер еді. Ал бұның мұрагері ретінде автокатастрофадан қайтыс болған бауырының баласы танылып отыр. Өзі жаман бала емес, әрине, бірақ мүлде басқаша тәрбиеленген, мүлде басқаша. Ақымақ шешесі оны жалпыға бірдей орта мектепке беріпті.
Евиден оның көңілі қатты қалды. Ол, әрине, нағыз леди, әрі біраз қаржысы да бар, үйді де мінсіз ұстайды және өте қонақжай ханым. Ауыл тұрғындары ол десе ішкен астарын жерге қояды. Ол үйленген кезде Еви бетінің ұшынан қаны тамған жас, қолаң шашты, өңді, денсаулығы кісі қызығарлық, денесі құлындай сұлу қыз болатын және теннисті де жақсы ойнайтын. Ал енді, оның бедеу екенін қалай білуге болар еді? Қазір жасы қырық беске шықты, қан-сөлі кетіп қартайды, бетінің қызылы да жоқ, шашы да бұрынғыдай жарқырамайды, өзі қамыстың сабағындай арық. Ол үнемі таза, дұрыс киініп жүреді, бірақ бет-әлпетінің сұлулығына көңіл мүлдем бөлмейді. Ешқандай бояу қолданбайды, тіпті ернін де боямайды. Бірақ кей-кейде қонаққа баратын кезде жақсылап сәнденіп алса, бір кездері сұлу болғанын түсінер едің. Ал күнделікті өмірде, қалай айтса екен, кәдуілгі салпы етек, көзге ілуге де тұрмайтын әйел, иә бар болғаны сондай. Өте биязы, мінезі керемет әрине және бедеулігі үшін де кінәлі емес, бірақ өз жаны мен қанынан мұрагері болғанын қалайтын адамның онымен жолы болмайды. Оған өмірлік күш жетіспейді, тым сылбыр, міне, мәселенің бәрі осында. Бұл оған ұсыныс жасағанда үйлену үшін жеткілікті дәрежеде сүйген еді оны, бірақ уақыт өте келе екеуінің арасында ортақ дүниелердің аз екеніне көзі жете бастады. Аңшылыққа қызықпайды, балық аулау оны мезі ғылады. Сөйтіп екеуі әрине, бір-бірінен алшақтап кетті. Алайда, шындығын айту керек, бір жақсы жері ол әйелдердің көбіне тән ызыңдауық мінезден ада еді, ешқашан да мұның мазасын алған емес. Айғай-шу көтермейді. Бір-бірімен керілдеспейді. Бұның өз қалауымен өмір сүріп жүргенін ол кәдуілгі нәрсе деп қабылдайтын сияқты. Кейде ол Лондонға барып тұратын, сол шақтарда бірге еріп барамын деп жабыспайды. Ол жақта бұның қызы бар болатын – әрине жас емес, отыз бестер шамасында, бірақ одан еш жас емес, есесіне шашы алтын түстес, күтінетін қыз. Егер алдын-ала телеграфпен хабар жіберсең болғаны, екеуі бірге кешкі ас ішіп немесе бір кештерге барып, түнді де бірге өткізе алады. Иә, дені сау еркекке, дені дұрыс еркекке көңіл көтермесе болмайды. Бұл міндетті. Егер Еви осыншалықты қарапайым болмаса одан жақсы әйел шығар еді деген ой сап ете қалды. Бірақ бұлай ойлауға болмайды. Ол жаңағы ойларын басынан қууға асық болды.
Джордж Перегрин газетті оқып бітірді. Содан соң әйелінің қамын ойлайтын ері ретінде қоңырау соғып қызметішіні шақырып алды да, газеттерді Евиге апарып беруді тапсырды. Сосын сағатына қарап алды, он жарым екен. Ал сағат он бірде жалға алушылардың бірімен кездесуі керек. Жарты сағат бос уақыты бар.
«Евидің ктапшасын қарап шығайыншы»,- деп ойлады ол.
Жымия оттырып кітапшаны қолына алып қарай бастады. Қонақ бөлмесіндегі сөрелерде Евидің көп ақылды кітаптары жеткілікті. Алайда олардың ешқайсысы бұның қызығатындары емес, дегенмен өзіне қызық болса, оқи берсін. Қолына ұстап отырған кітаптың беті тоқсаннан аспайды, жоқ. Тіпті жақсы, тез-ақ оқып шығады. Оған Эдгар Поның көзқарасы қатты ұнайтын: өлең деген барынша қысқа болу керек. Бірақ, кітапты парақтап отырып, Евидің өлеңдеріндегі жолдар ұзынды-қысқалы, кейбір жерлерінде ұйқастары келіспейді екен. Жоқ, бұл оны еш қызықтырмайды. Есіне бала кезіндегі мектепте ең алғаш жаттаған өлеңі түсті. Былай деп басталатын: «Жанғалы жатқан кемеде бала тұрды қасқайып». Кейін, Итонда тағы бірін жаттаған: «Жауын сені аямайды, қатыгез патша», сосын Генрих V-шіге де жеткен еді. Өлеңдердің тең жартысын жаттап алу керек болатын. Ол түк түсінбеген қалпы Евидің кітабының парағына меңірейіп қарап отырды да қойды.
–Жоқ, бұны поэзия деп атауға болмайды,- деді ол ақыры.
Бақытына орай, түгелі тура осылай жазылмапты. Кейбір парақтарындағысы тіпті қызық: екі-үш жолды, Бірақ Құдайға шүкір, аяқ жағында әйтеуір өлең ұйқастары дұрыс екен. Кейбір парақтарда «Сонет» деп аталыпты өлеңдер. Полковник қызық үшін жолдардың санап шықты, он төрт екен. Оқып шықты. Өлең – өлең сияқты, бірақ не туралы екені түсініксіз. Ол ішінен: «Жауын сені аямайды, қатыгез патша»,- деп қайталап алды.
–Байғұс Еви,- деп күрсініп алды ол.
Осы сәт кабинетке өзі күтіп отырғған фермерді ертіп әкелді қызметші. Сол екен, полковник кітапты ысырып қойып оған орындық ұсынды. Бір сәтке де бөгелместен іс жөнінде талқылап кетті.
–Мен сенің кітабыңды оқып шықтым, Еви,- деді полковник түскі ас ішуге үстел басына отырғанда. –Өте жақсы кітап екен. Басып шығару үшін, көп ақша төлеген боларсың?
–Жоқ, менің жолым болды. Баспагерге жіберіп едім, өздері басып шығаруға қабылдап алды.
–Поэзиямен көп ақша таба алмайсың, қымбаттым,- деді полковник ақ пейілмен және әдеттегі жайдары қалпымен.
–Иә, мүмкін. Баннок саған не үшін келіпті?
Баннок деген бағанағы келген, жерді жалға алушы фермер болатын, Евидің кітабын толық оқып шығуға кедергі келтірген адам.
–Асыл тұқымды бұқа алғысы келеді екен, сол үшін қарыз беруімді сұрады. Өте жақсы адам, сондықтан беретін шығармын.
Джордж Перегрин Евидің өзінің кітабы туралы сөйлескісі келмейтінін байқады, содан да өкінбестен тақырыпты ауыстырып жіберді. Мұқабаға өзінің қыз кезіндегі тегін қойғаны қандай жақсы. Әрине, оны біреу-міреу оқи қоюы екіталай, бірақ полковник өзінің сирек кездесетін тегін мақтан тұтатындықтан, оны қайдағы бір сыншысымақтардың қандай да бір саяси газетте күлкі ғып сынағанын қаламайтын еді.
Одан бері бірнеше апта өтіп кетті, әйелінің өлеңдері туралы полковник екінші рет әңгіме қозғамады, ештеңе де сұрамады. Оныңша бұл әдепсіздік болар еді, өзі бір ауыз сөз де айтпаса мен неменеге сұрастырамын деп шешті. Екеуі де ол туралы қозғамауға келісіп алғандай, әрі екеуіне де бұл тақырып ұнаңқырамайтындай. Алайда осыдан соң бір қызық жайт болды. Полковник Лондонға барған кезекті сапарында Дафнаны кешкі асқа шақырды. Дафна оның қалада болған кезде бірнеше сағатын бірге өткізетін көңілдесінің есімі болатын.
–Бері қарашы, Джордж, ана елдің бәрі аузынан тастамай айтып жүрген кітапты, шынымен де сенің әйелің жазды ма?
–Не деп тұрсың, түсінбедім?
–Түсінесің бе, менің бір сыншы досым бар. Ол мені бірде кешкі асқа шақырды, өзімен бірге бір кітап алып келді. «Маған оқуға бірдеңе берші, анау қолыңдағы немене?»- деп сұрағанымда, ол маған: - «Сенің талғамыңа сай келмей ме деп қорқам. Бұл өлеңдер».- деді. – «Мен қазір осы кітап туралы жазып жатырмын». Сосын мен:- Жоқ, өлең болса керек емес дедім. Сонда оның маған айтқаны: «Мұндай жаныңды шырмайтын өлеңді ешқашан оқып көрген емеспін»,- деді. –«Өзін талап алып жатыр. Мұндай кітаптар сирек жазылады»,- деді.
–Авторы кім?- деп сұрады Джордж.
–Гамильтон деген тегі бар бір әйел. Менің танысым ол автордың негізгі тегі емес екендігін айтты. Ал негізгі тегі – Перегрин деді. Сонда мен ондай біреуді мен де білемін дегенде, «Ол полковник, Шеффилдтің маңында тұрады»,- деді.
–Мен туралы таныстарыңмен сөз қылмағаның дұрыс болады деп айтар едім,- деп нали жауап қатты Джордж.
–Байбалам салмай тұра тұршы, қымбаттым менің. Сен мені кім деп ойлап жүрсің? Мен оған бірден айттым, жоқ, бұл ол емес деп. – Кенет Дафна шиқылдап күліп алды. –Ал менің танысым: «Оның күйеуі нағыз топас, ондайды күндіз шаммен іздеп жүріп таппайсың»,- деді.
Джордждың юморы мықты еді.
–Одан да мықтысын айтуға болар еді,- деп күліп алды ол. – Егер менің әйелім кітап жазса, ол туралы мен бірінші білер едім, солай емес пе?
–Иә, әрине.
Ары қарайғысы әйелге қызықсыз еді, полковник бір нәрселерді айта бастап еді, айтып отырғанын ұмытып та кетті. Полковниктің де миына бұл кіріп шықпады. Бос сөз, деп ойлады ол, қылжақбас сыншы Дафнаны күлкі қылған ғой. Дафна сол сәтте кітапты тарпа бас сап оқи бастаса ғой, міне, қызықтың көкесі сонда болар еді, онда түрлі ұзындықтағы түрлі-түрлі түсініксіз жолдардан құралған шимай-шатпақ қана.
Полковник бірнеше клубтардың мүшелігінде еді. Келесі күні Сент Джеймс стриттағы солардың біреуінде түскі ас ішуге шешім қабылдады. Шеффилдқа күндізгі пойызбен кетпекші.
Мейрамханаға көтерілмей тұрып астыңғы қабаттағы ішімдігін сораптап, рахаттанып отырған. Сол жерде ескі бір танысы мұны байқап қалғаны.
–Қал қалай, достым?– деп сұрады ол. –Атақты әйелдің күйеуі болған қандай екен?
Джордж Перегрин танысына бажырая қарап алды. Ананың көзінде бір көңілді от бар, бұны келемеждеп тұрғандай ма, өзі.
–Түсінбедім, нені айтып тұрсың,- деп жауап қатты.
–Қойшы, Джордж. Бәрі біледі, Е.К.Гамильтон – сенің әйелің. Өлеңдер әдетте табысқа жете бермейді, ал бұл нағыз сәттілік. Біласің бе, менімен бірге Генри Дешвуд түстенбекші. Ол сенімен қуана-қуана танысар еді.
–Онысы кім? Дешвуд? Менімен несіне таныспақшы?
–Оу, қымбаттым, анау қожалығыңда не істейсің өзің? Генри заманымыздың ең ұлы сыншыларының бірі. Ол Евидің кітабына арнап тамаша рецензия жазыпты. Қой, Еви саған ол кітапты көрсетпеді, білмеймін демеші тек, сене алар емеспін, шынымен де көрсетпеді ме?
Джордж жауап беріп үлгергенше ол бір мырзаны шақырып ала қойды жанына. Бойшаң, сіңірлі арық, бүкірлеу келген, мұрыны ұзын, сақалды, кең маңдайлы әлгі кісі Джоджға бір көргеннен ұнамайтын адамдардың қатарынан екен. Бір-біріне таныстырылды. Генри Дешвуд та Джордж Перегриннің қасына диванға жайғасты.
–Миссис Перегрин, кездейсоқ, қалада емес пе? Онымен танысу мүмкіндігіне ие болу мен үшін үлкен бақыт болар еді,- деді ол.
–Жоқ, әйелім Лондонды ұнатпайды. Ол қала сыртындағы өмірді жақсы көреді,- деп жауап қатты Джордж.
–Менің рецензиям туралы өте керемет хат жазып жіберіпті. Мен өте қуаныштымын. Түсінесіз бе, сыншыларға ауыр сөздер көп тиеді. Оның кітабы мені өзіне ғашық етті. Өте жаңашыл, ешкімге ұқсамайтын, заманауи, әрі осының бәріне қарамастан, тым ақылгөйсіп кететін кітаптардан мүлде бөлек. Меніңше ол классикалық өлең өлшемдеін де, верлибрді де бірдей жетік меңгерген. - Бір сәтке ойлы кейіппен тоқтай қалды. – Кейде ұйқас жағынан сәл-пәл ауытқитын жерлері бар, бірақ мұндай сәтерді Эмили Дикинсонның шығармашылығынан да кездестіруге болады. Сонымен қатар, кейбір өлеңдері Лендордың стиліне сай келетіндей екен.
Джордж Перегрин үшін бұл тым түсініксіз, әрі бос сөз еді. Ал Дешвудтың өзі жанында адам шыдап отыра алмастай ақылгөй, әрі оқымысты. Бірақ полковник жақсы тәрбиеленген адам болғандықтан, сыпайы түрде жауап қатты. Генри Дешвуд бейне бұны тіпті естімегендей, сөзін жалғастыра берді:
–Бірақ кітапты жоғарыға аспандататын нәрсе – ондағы от сезім. Қазіргі кездегі жас ақындар тым сылбыр, салқынқанды, өмірсіз, тым ақылгөй, ал мына өлеңдерде нағыз өмірдің өзінен алынған нағыз сезім, жасырылмаған сезім. Мұндай терең, ыстық сезім, әрине аяғы өте қайғылы аяқталады, бірақ... иә, достым менің, Гейне айтқандай – ақын өзінің үлкен қайғыларын кішкентай өлеңдерге сыйдырады дейді. Білесіз бе, сол жүрегіңді қозғалтатын өлең жолдарын оқыған кезде, есіме еріксіз Сафо түсті.
Осы сәтте Джордж Перегриннің шыдамының соңғы тамшысы да таусылды. Ол орнынан тұрып кетті.
–Жұбайымның кітапшасына осыншалықты ыстық ықылас білдіріп жатқаныңызға көп рахмет. Мұны естігенде оның бақытты болары сөзсіз. Бірақ мен асығыс едім. Пойызға үлгеруім керек, ал оғанға дейін тамақтанып алуым керек.
«Нағыз ақымақ»,- деп сөйлеп алды ішінен, сөйтіп жоғары қабаттағы мейрамханаға көтерілді.
Үйге тура кешкі ас алдында келді. Еви ұйықтауға кеткенде, кабинетіне кіріп ап әлгі кітапшаны іздей бастады. Ол тағы бір көз жүгіртіп, жұртты осыншалықты әбігерлендіріп, аяғынан тік тұрғызған кітапты дұрыстап қарап шықпақшы еді. Бірақ кітап ешқай жерде жоқ. Еви оны алып кеткен ғой.
–Міне, ақымақ,- деді ол күбірлеп.
Айтты ғой, кітап бір қарағанда өте жақсы екен деп. Одан басқа не айтуы керек еді? Қойшы, жарайды соны. Полковник трубкасын тұтатып, газетке үңілді, көзіне ұйқы тығылғынша оқыды. Бірақ бір аптадан соң оған бір шаруалармен Шеффилдқа баруға тура келді. Сонда өзінің клубында түстеніп отырған. Тамақтанып бола бергенде герцог Хейруел кіріп келді. Жергілікті ақсүйектердің бірі боп саналатын Хейруелді, полковник, әрине танитын. Аман-сәлемі дұрыс болғанымен аса жақын аралас-құралас емес еді. Кенет сол үстелінің жанына жетіп келгенде полковник таңданып қалды.
–Біз қатты өкіндік. Әйеліңіздің біздікіне сенбіде де, жексенбіде де келе алмағаны сондай өкінішті,- деді ұяң мінезді герцог. –біз өте қызықты болады деп күткенбіз.
Джордж таң-тамаша болды да қалды. Хейруелдар Еви екеуін шақырған боп шықты, ал Еви бұған айтпай бас тартқан ғой. Өзін-өзі әрең дегенде қолына алып, Еви екеуінің келе алмағанына бұлар да өкінішті екендігін айтты.
–Келесі жолы жолымыз болар деген үміттеміз,- деді де герцог ары қарай кетті.
Полковник Перегрин ашудан терісіне сыймай, үйіне келе салысымен дереу әйелімен тілдесті:
–Тыңдашы, анау Хейруелдер бізді шақырған ба? Сен неге өздігіңнен, бара алмаймыз деп жауап бергенсің? Олар бізді бір рет те шақырып көрген емес, ал елдің айтуынша, округтегі ең жақсы саят құратын жер соларда көрінеді.
–Мен ол туралы ойламаппын, онда сен жалығып кетерсің деп ойладым.
–Шайтан алғыр, ең болмағанда барғым келе ме, келмей ме менің өзімнен неге сұрамайсың?
–Кешір.
Полковник әйеліне барлай қарады. Оның бет-әлпетінде бір өзгеріс бар. Бірдеңені айтпай тұр. Полковник қабағын түйді.
–Мені шақырған болар деп ойлаймын?- деп бұрқ етті. Еви қызарып кетті.
–Шынын айтқанда, жоқ.
–Бұл деген барып тұрған тәрбиесіздік қой – сені жалғыз шақыру.
–Олар жиналатын қауым сенің талғамыңа сәйкес келмейді деп шешсе керек. Түсінесің бе, герцогиня жазушылар мен сол сынды орта адамдарымен араласқанды жақсы көреді екен. Қонағасына сыншы Генри Дешвуд шақырылыпты, сол менімен танысқысы келіпті.
–Бас тартқаның жақсы бопты, жарайсың, Еви.
–Басқаша істеуім мүмкін емес қой,- деп жымиды Еви. Біраз кібіртіктеп тұрды да, сөзін жалғастырды: -Менің баспагерлерім айдың аяғында менің құрметіме шағын кеш ұйымдастырады, әрине, олар сенің болғаныңды қалайды, Джордж.
–Жоқ, барғым келмейді. Қаласаң Лондонға бірге барайық. Маған бірге тамақтанатын адам табылады. Сен өзің бара бер. Ішінен Дафнаны ойлап алды.
–Мен де ол кеште маңызды бірдеңе болады деп ойламаймын, бірақ ұйымдастырушылар үшін маңызы зор. Келесі күні кітабымды басып шығаруға ниеттеніп отырған америкалық баспагер «Кларидж» қонақүйінде көктейль ұйымдастырады. Мен сенің сонда болғаныңды қалар едім, әрине, сен қарсы болмасаң.
–Онда әбден ішім пысатыны анық, бірақ сен шынымен қаласаң, барайын.
–Өте тамаша болар еді, қымбаттым.
Кеш Джорджды таң қалдырды. Әдемі киінген әйелдер көп болды,бірақ еркектері тым нашар. Барлығына оны Е.К.Гамильтонның күйеуі Джордж Перегрин деп таныстырды. Еркектері ештеңе деген жоқ, айтарлары жоқ сияқты, есесіне әйелдері өте-мөте көпшіл екен.
–Сіз әйеліңізді мақтан тұтуыңыз керек. Тамаша кітап, солай емес пе? Білесіз бе, бір демде оқып шықтым, басымды ала алмадым, оқып бітіре салысымен қайталап оқуға кірістім, ең басынан бастап қайта оқып шықтым. Қатты таң қалдым.
–Соңғы жиырма жылда біз шығарған бір де бір өлеңдер жинағы дәл осылай сәтті болған емес,- деді оған ағылшын баспагері. –Өмірімде осындай рецензиялар оқып көрген емен.
–Кітап туралы айтарға сөзім жоқ. Америкада танымал болатынына күмәнсізбін,- деді оған америкалық баспагер. –Сәл ғана уақыт беріңіз, сонда өзіңіз де куә боласыз.
Америкалық баспагер Евиге бір құшақ орхидея жіберіпті. Өте күлкілі деп ойлап қойды ішінен Джордж. Барлық келген қонақтар Евиге апарылып таныстырылып жатты және әлгі кісілер оған мақтаулар айтуда. Ол болса соның бәрін жымиып қана тыңдайды, әрі рахметін білдіріп басын изеп қояды арасында. Толқығанынан сәл қызарғаны болмаса, қатты сасқан жоқ. Джордж болып жатқан нәрселердің бәрін назарына алмады. Ол үшін мұның бәрі күлкілі бір дүниелер сынды боп көрінді. Алайда әйелінің өзін-өзі ұстауы оған қатты ұнады.
«Иә, бір нәрсе нақты,- деп қойды ол ішінен. – Ол нағыз леди, ал қазір осы жердегі бір де бір әйел осы атауға лайықты емес».
Ол ішімдікті көп ішті. Бірақ өзін осы адамдардың арасында бәрібір біртүрлі сезініп жүрді. Мұнымен танысқан біреу оған сынай қарағандай ма, өзі, түкке түсінбеді. Бір кезде, екі әйелдің жанына өтіп бара жатып, олардың өзі туралы әңгіме қып тұрғандарын құлағы шалып қалды, ал ары қарай кете бергенде екеуі шиқылдап күле жөнелгендей ме. Ақыры, кеш біткенде қатты қуанды.
–Сен өзіңді керемет ұстадың, қымбаттым,- деді Еви, таксиге отырып қонақүйге кетіп бара жатқанда. –Сен барлығына ұнадың. Әсіресе қыздар қауымына, олар сені нағыз сұлу жігіт екен десті.
–Қыздар,- деп кекете айтты ол. –Кәрі мыстандар ғой олар.
–Саған қызықсыз болды ма, қымбаттым?
–Өлгенше жалықтым.
Еви оны аяп қолын қысып қойды.
–Егер біз сәл уақытқа қалып күндізгі пойызбен шықсақ, қарсы болмассың деп ойлаймын. Менің таңертең бір шаруаларым бар еді.
–Иә, әрине. Дүкен аралау ма?
–Дүкендерге кіріп шығуға да болады, бірақ менің фотографқа баруыма тура келеді. Мен қалап тұрмасам да, міндетті дейді. Америка үшін қажет дейді.
Джордж Перегрин ештеңе демеді. Бірақ ойланып қалды. Америкалықтар сұрықсыздау, жіп-жіңішке әйелдің портретін көргенде, ал әйелі шынымен де сондай, -қатты таңырқайтын шығар. Америкалықтар қашанда тек керемет нәрселер мен сұлу адамдарды ғана қабылдайды деп ойлайтын.
Ертеңгісін таңертең де осы жайлы ойлауын қоя алмады. Таңертең Еви кете салысымен, өзінің клубының кітапханасына аттанды. Сол жерде «Таймс», «Нью-Стейтсмен» және «Спектейтор» газеттерінің соңғы нөмірлерінің әдеби қосымшаларын қарап шықты. Көп ұзамай Евидің кітапшасына жазылған рецензияны тауып алды. Тез-тез оқып шықты, анша түсінбесе де, әйтеуір аса мақталып жазылғанын түсінді. Сосын ол жерден шыға сап Пикадиллидегі кітап дүңгіршегіне барды, сол жерден анда-санда кітап алып тұратын. Бұл кітапты, бұл шайтан алғыр кітапты қайтсе де жақсылап оқып шығуы керек, ал анау өзіне беріп, қайта алып алған кітапшаны Евиден тіпті де сұрағысы келмейді. Ол өзі-ақ сатып алады. Дүңгіршекке кірмес бұрын сыртындағы жарнамаға көз тікті, сол-ақ екен, «Үштағандар құлағанда» кітабының таныс мұқабасы көзіне оттай басылды. Не деген ақымақ атау десеңші! Ішке енді. Қарсы алдынан жас жігіт шығып, қандай көмек керек екендігін сұрады.
–Жоқ, ештеңе керек емес, жай қарап шығайын дегем. –Евидің кітапшасын батылы барып сұрай алмады, одан да өзі тауып алып, кассаға апарғаны жақсы. Бірақ кітап еш сөреде жоқ екен, ақыры, жанына келіп тұрған әлгі жас жігітті байқап, жай ғана сұрай салған кейіппен: - Айтпақшы, әлгі «Үштағандар құлағанда» деген кітап сіздерде бар ма?- деді.
–Бүгін таңертең ғана жаңа басылымы түсті. Қазір әкеліп беремін.
Тез қайтып келді. Қолында кітабы бар. Өзі тапалдау келген, тығыршық денелі, шашы қызыл, көзілдірікті жігіт екен. Ұзын бойлы, сымбатты, әскери тұлғалы Джордж Перегрин оның жанында таудай боп тұр.
–Жаңа басылым дегеніңіз осы ма?- деп сұрады.
–Иә, сэр. Бесінші басылымы. Кітаптың сатылуына қарап, роман дерсіз.
–Ал сіз қалай ойлайсыз, неге осыншалық атаққа ие болды? –деп сұрақ қойды Джордж Перегрин сұрауға батылы бармай, біраз кібіртіктеген соң. – Маған бәрі де, поэзияны ешкім оқымайды деуші еді.
–Дұрыс айтқан, сэр, бірақ мына кітап өте жақсы. Мен оны оқып шықтым. Оқырманға оқиғаның өзі ұнайды. –мына бір өте мәдениетті жас жігіттің сөзінен кокни екендігі білініп қалды, содан да Джордж оған жоғарыдан төмен қарады. – Білесіз бе, бұл жан ләззәтіне толы, әрі трагедиялық оқиға.
Джордждың қабағы түйіле қалды. Мына жас жігіт тым сайрауық екен,- деген ойға қалды ол. Бұған, мына шайтан алғыр кітапта қандай да бір оқиға бар деп ешкім айтқан жоқ қой, әрі рецензияларда да бір ауыз айтылмаған.
–Әрине, бұл кездейсоқ сәттілік, егер менің не айтып тұрғанымды түсінсеңіз,- деп сөзін жалғастырды жас жігіт. – Менің ойымша бұл кітапты жазуға оның өз басынан өткен оқиғасы себепші болған, Хаусмен өзінің «Шропширлік жігітін» жазғаны сықылды. Енді ол ешқашан да, ештеңе де жазбайды.
–Кітап қанша тұрады?- деп суық сұрады Джордж, сөзді тезірек доғару үшін. –орамай-ақ қойыңыз, қалтама сала саламын.
–Қарашаның таңы сүйегіңнен өтетін суық еді, сондықтан пальто киіп алған болатын.
Вокзалда ол газет-жорналдар сатып алды, сөйтіп Еви екеуі бірінші класты купенің орындығына қарама-қарсы отырып ап жеткенше оқыды.
Кешкі сағат бесте вагон мейрамханаға барып шай ішті, біраз әңгіме-дүкен құрды. Пойыз олардың бекетіне кеп тоқтады. Сол жерден олар өздерін күтіп тұрған мәшинеге отырып үйге қайтты. Жуынып-шайынып, кешкі ас ішті. Еви шаршағанын айтып ұйықтауға ыңғайланды. Әдеттегісінше маңдайынан сүйді. Сол кезде Джордж дәлізге шығып, пальтосының қалтасынан Евидің кітапшасын алып шықты. Кабинетке кіріп алып, оқуға кірісті. Өлеңдерді бірден зырылдатып оқып шықтым деп мақтана алмайды, біраз қиындықтар туындады, әрбір әрпіне дейін мұқият оқып шықса да, толық түгел түсіне алмады. Сол кезде қайтадан басынан бастап оқуға кірісті. Екінші рет оқып біткенде, анық болды. Оқыған сайын бойын ыңғайсыздық сезімі билей берді. Ол, әрине, осыдан кейін де түсінбейтін көкми емес еді. Ол бәрін түсінді. Кітаптың бір бөлімі верлибрмен жазылыпты, екінші жартысы дәстүрлі өлшеммен жазылған, бірақ ішіндегі баяндалған оқиғаны түсініп, бір-бірімен байланыстыруға тіпті нағыз су ми ақымақтың да ақылы жетер еді. Әңгіме жасы келген тұрмыстағы әйел мен жас жігіттің арасындағы болған махаббат жайлы екен. Джордж Перегрин әрбір сөзін мұқият оқи отырып, бәрін түсініп алды, бейне арифметикалық есеп шығарғандай.
Бірінші жақтан жазылған кітапша, ең алдымен жастығы артта қалған әйелдің өзін бір жас жігіттің сүйетінін білгендегі таңданысын суреттеуден басталыпты. Ол бірден сене қоймайды. Ол өзін алдап жүргендей көрінеді. Ал өзі де оны жан-тәнімен сүйетінін білген кезде шошып кетеді. Өз-өзін райынан қайтармақшы боп талай алдайды. Егер айтқанына көнсе, жастығы артта қалған бұл бақытсыз болады. Одан басқаны күтуге де болмайды. Ол жігіттің сөзін айтқызбауға, сөзін тыңдамауға тырысып бақса да, бірде бұл бәрібір болады, сол сәтте жігіт мұның да оны сүйетінін мойындатады. Әйелді өзімен бірге қашып кетуге шақырады. Әйел кете алмады, күйеуін, үйін тастай алмады, оның үстіне қандай өмір күтіп тұр алда – бұл болса жасы келіп қалды, ол болса жап-жас емес пе? Оның махаббаты мәңгілік екеніне кім кепіл? Әйел өзін аяуды өтінді, жалынды. Бірақ жігіттің махаббаты, арыны тым қатты еді, ештеңеден тайсалмайтын бірбеткей еді. Жігіт оны ес-түссіз қалады, бар тәнімен, жанымен қалады. Ақыры бойындағы діріл, қорқыныштың бәрі оған деген ессіз ұмтылысына қарсы тұра алмады. Осылайша ол оған қосылды. Ең бақытты шақтар туды. Күнделікті сүрең өмір мен бірқалыпты өзгермес әлем құлпырып, аяқ астынан бұлбұлдар сайраған баққа айналды. Махаббат әні шарықтады. Әйел өзі сүйген жігіттің жас, сұлу мүсінін барынша сүйді. Джордж жігіттің кең кеудесін, тар мықынын, мықты аяқтарын суреттеген жерлеріне келгенді қызарып кетті.
Қаныңды қыздыратын кітап деген еді, әлгі Дафнаның танысы. Шынынмен де солай екен. Сұмдық, жеркенішті.
Бірнеше қысқа өлеңдерінде ол жас жігіт әйтеуір бір мұны тастап кететінін, сол кезде қайғысында шек болмайтынын, өмірінің мәнсіз-мағынасыз бос кеңістікке айналатынын айтып шағымданыпты. Бірақ қазіргі сезінген бақыты кез-келген қайғыға тұрарлық еді. Ол енді бәріне де шыдауға дайын. Екеуі бірге өткізген ұзақ, жан сүйіндірер түндер туралы жазыпты, бір-бірінің құшағында ұйқыға кеткен түндер туралы жазыпты. Кей кездері төніп тұрған қауіпке қарамастан бір сәттік сезім буырқанысына берілген кездерін де жазыпты.
Әйел бұл махаббат байланысы тез аяқталатын, ғұмыры қысқа деп ойлаған еді, бірақ бақытына орай ол ұзарған үстіне ұзара түсті. Бір өлеңінде екеуінің бірге болғанына үш жыл өтті деп жазылыпты. Бірақ екеуінің жүрегін жылытқан махаббат оты өшпей, жалындаған үстіне жалындай түсті. Жігіт әлі күнге дейін оған бірге қашып кетуді ұсынса керек, Италияның бір қалашығына, Грецияның аралына, қабырғалары аппақ Тунис қалаларының біріне қашайық дейді оған. Сол жерде екеуі мәңгілік бірге бола алады. Келесі өлеңде әйелдің барлығын өз орнында қалдырғанын сұрап жалынғаны суреттеліпті. Олардың бақыттары бәрібір де сенімсіз еді. Содан да болар, бұл махаббат ертегідегідей сиқырлы, әдемі еді. Екеуі кездесу үшін қанша қиындықтардан өтеді, әрі кездесулері де сирек. Содан кейін жас жігіт аяқастынан қайтыс болады. Қалай, қай жерде, қашан екенін Джордж қанша тесіліп қарап шықса да түсіне алмады.
Ары қарай қайғы-қасіретке толы бір өлеңі беріліпті. Онда әйелдің, қайғысын айналасындағыларға көрсетпес үшін ішінен азап шеккені баяндалады. Елдің көзінше бақытты адам кейпіне енуге, қонаққа барып, қонағасы ұйымдастырып, шат-шадыман боп көрінуіне тура келеді. Өмірінің мәні жоғалып, қараңғылық құшағына енсе де мойымайды. Мұңды, соңғы өлеңінде әйелдің тағдырдың салғанына мойынсұнғанын және сүйіктісін құшағынан жұлып әкеткен өлімге бас игені туралы айтылыпты, өйткені, ол аз да болса бақытты сезінді, сүйген адамы айырылысудың қайғысынан ада күйінде, пәк күйінде кетті.
Джордж Перегрин кітапты түгел оқып, соңғы парағын жапқанда, сағат түнгі үш болатын. Ол өлеңдердің әрбір жолынан Евидің дауысын естіді, иә күнделікті еститін Евидің сөздері. Онда кездесетін кейбір ұсақ-түйектер де оған әбден таныс. Күмән жоқ, ол мұнда өз басынан өткен жайтты баяндап отыр. Әрине, оның нақсүйері болған, әрі ол өліп қалған. Джордж Перегрин тек ашуланып қана қойған жоқ, сонымен қатар бұл сұмдықтан шошынған қалпынан әлі арыла алар емес, оның үстіне таңданысында шек жоқ. Еви, Еви махаббат оқиғасын басынан кешірген, оның үстіне осыншалықты от сезімге толы – бұл тіпті миға қонбайтын нәрсе. Бұл жұмыс бөлмесіндегі шыны сөрелерде қатырылып қойылған, қолына түскен ең әдемі форельдердің ішіндегі ең әдемісі құйрығымен бір шолп еткізді десе қалай сенгісіз болса, бұндай махаббат Евидің басында болды деген де сондай сенгісіз. Бірақ ол енді түсінді, неге әлгі клубта тілдесіп қалған адам, Дафна осы кітапша жайлы айтқанда шиқылдай күлгендерін. Ана коктейль кезіндегі екі ханым да желкесінен күліп өткен.
Ол терлеп кетті. Ашудан көзі түк көрмей кетті. Атып тұрып, жүгіріп барып Евиді жұлып алғысы келді ұйқысынан. Бірақ есіктің тура алдында тоқтап қалды. Ал мұның қандай дәлелдері бар? Оның кітабы ма? Ол өзінің Евиге кітап туралы «жаман емес» деп айтқаны есіне түсе кетті. Шынында, ол сонда кітапты оқымаған болатын, бірақ оқып шыққан кейіп танытты. Егер қазір осыны мойнына алса – өзін ақымақ қып көрсеткенмен бірдей ғой.
–Ойланып барып қимылдау керек,- деп күбірлеп алды ол.
Ол бір-екі күн қоя тұрып, біраз ойланып алуға шешті. Сонда ары қарай не істеу керектігі белгілі болады. Ол ұйықтауға кетті, бірақ көзі түк ілінбеді.
«Еви,- деп қайталай берді ішінен. –Одан осындай бәле шығады деп кім ойлаған, әй-әй, Еви».
Ертеңгісін таңертеңгілік олар әдеттегідей таңғы ас үстінде жолықты. Еви түк өзгеріссіз, қандай болса тура сол қалпында – сабырлы, салмақты, ұстамды, жас көрінуге тырыспайтын да, орта жастағы әйел. Онда әлгі кітапта, әлгі жігіт мұны «тәп-тәттім» дейтіндей анау айтқан ештеңе де көрінбейді тіпті. Ол оған бірнеше жыл көрмеген адамындай барлай қарады. Ол болса әдеттегісіндей, тау қозғалса да қозғалмайтын, байсалды қалпында. Көзқарасы тура, анық, өзін кінәлі сезіну деген атымен жоқ. Үйреншікті қалпында әртүрлі нәрселерді әңгіме етті.
–Лондондағы жанталасқан екі күннен соң, табиғат аясына қайтып оралу қандай тамаша. Таңертең не істейтін ойың бар?
Ақылға сыяр емес.
Үш күн өткен соң полковник өзінің сенімді адамына жөнелді. Генри Блейн Джордждың тек бұрыннан келе жатқан ескі досы ғана емес, сонымен қатар заңгері де еді. Оның Перегриндікінен алыс емес жерде иелігі болатын, содан да олар жылдар бойы бір-бірінің иелігінде саят құратын. Аптасына екі рет Генри Блейн жер иеленушінің қалпына түсетін, ал басқа уақытта Шеффилдтағы пәрменді заңгер еді. Бойшаң, тығыршықтай, даусы жер жаратын күлегеш ол өзін адамдардың күшті аңшы, мейірімді адам деп қабылдағанын жақсы көретін, тек анда-санда ғана, заңгер екенін ұмытпаса болғаны. Бірақ, ол сөз жоқ, өте көреген және данышпандығы да бар адам болатын.
–Сонымен, бүгін қандай мәселемен келдің, Джордж?– деді ол кабинетіне кірген полковниктің түріне қарап. –Лондондағы уақытыңды жақсы өткіздің бе? Келесі аптада бірнеше күнге әйелімді алып бармақшымын сонда. Еви қалай?
–Сол Еви туралы сөйлесуге келдім,- деді Перегрин оған күдіктене көз тастап қойып. – Сен оның кітапшасын оқыдың ба?
Соңғы күндері ол айналасындағылардың барлық іс-қимыл, көзқарасын аса бір барлап, сезікпен қабылдайтын, қазір де досының бет-әлпетінің өзгеріп кеткенінде күмән жоқ. Ол кенет бойын жиып ала қойғандай ма, қалай.
–Иә, оқыдым. Қандай сәттілік, а? Евидің поэзияға қалам сілтегеніне таң қалып отырмыз. Таңғажайыптар болам десе бола береді екен ғой.
Джордж Перегрин қылғынып қала жаздады.
–Бірақ сол кітапшаның кесірінен, мен нағыз нақұрыс боп көрінемін.
–Қайдағыны айтпашы, Джордж. Евидің кітап жазғанында тұрған ешқандай жаманшылық жоқ. Сен оны қайта мақтан тұтқаның жөн.
–Бос сөйлеме. Бұл оның өз басынан кешкен оқиғасы. Сен оны білесің, қалғандары да біледі. Тек мен ғана оның нақсүйерінің кім болғанын білмеген сияқтымын.
–Достым, қиял деген арғымақ барын білесің ғой. Оның осының бәрін ойдан шығармасына кім кепіл. Бұл әбден мүмкін нәрсе.
–Тыңдашы, Генри, біз екеуміз бір-бірімізді жөргегімізден бері білеміз. Екеуміздің ортақ дүниеміз көп, жамандықта да, жақсылықта да бірге болдық. Өтінем, мені алдаусыратпа. Менің көзіме тура қарап, айтшы, сен оның осы жазғандарын ойдан шығарды дегенге сенесің бе?
Генри Блейн кібіртіктеп, орнынан қозғалақтап қойды. Оны Джордждың дауысынан білінген жанкештілік алаңдата түсті.
–Маған мұндай сұрақ қоюыңа қақың жоқ. Евиден сұра.
–Батылым бармайды,- деп жауап қатты Джордж біраз үнсіздіктен соң. – Ол маған шындықты айтып сала ма деп қорқам.
Бөлмеде өлі тыныштық орнады.
–Ол субьект кім?
Генри Блейн оған тура көзіне қарады.
–Білмеймін, білсем айтар едім.
–Сен, шошқасың. Менің қандай жағдайда екенімді көрмей тұрсың ба? Өзіңді күлкіге айналдырған жақсы деп ойлайсың ба?
Анау темекісін тұтатып, бірер минут үнсіз сорып-сорып алды.
–Саған не көмек көрсете алатынымды, тіпті де білмеймін,- деді ол ақыры.
–Саған қызмет ететін, керек кезінде жалдай қоятын жекеменшік ізкесушілерің бар шығар. Бұл істі соларға тапсырайық, бәрін біліп берсін.
–Туған әйеліңнің соңына ізкесуші салу қайбір жақсы дейсің, достым. Бірақ ойлап қарашы, Евидің көңілдесі болды делік. Одан бері қаншама жыл өтті, ендігісін бірдеңе білуге де бола ма екен өзі? Олар іздерін сұмдық жасырғанға ұқсайды.
–Маған бәрібір. Ізкесушілерге тапсыр. Мен шындықты білгім келеді.
–Мен мұны істемеймін, Джордж. Егер осылай деп шешсең, басқа біреуге айт. Тағы да, Евидің кінәлі екеніне куәлік тапсаң да, ары қарай не істейсің, сонда? Егер әйелім он жыл бұрын мені алдаған екен деп ажырасатын болсаң, нағыз күлкіге сонда қаласың.
–Кем дегенде, әйтеуір ашық сөйлесе алатын боламын онымен.
–Олай сөйлесуге қазір де болады, бірақ ол сенен кетіп қалады. Бұны сен менен де жақсы білесің. Оның кеткенін қалайсың ба?
Джордж оған қорқақтай қарап қойды.
–Өзім де білмеймін. Осындай үлгілі әйел менде ғана бар деп ойлаушы ем. Ол үйді тамаша ұстайды, қызметшілермен ешқашан ұрыс-керіс деген болған емес, бақты көрсең сен, жайнатып жіберген, ал ауыл тұрғындарымен қалай араласады. Бірақ, өз жеке басымды сыйламай қалай жүре берем сонда, шайтан алғыр. Енді, оның маған соншалықты көзіме шөп салғанын біле тұра, ары қарай қалай өмір сүруге болады?
–Ал сен оған үнемі адал болдың ба?
–Жеткілікті дәрежеде. Қалай дегенмен де, екеуміз жиырма төрт жыл бір шаңырақ астындамыз, бірақ төсекте Евидің мақтана аларлық ештеңесі де жоқ.
Досы қабағын сәл көтерді, бірақ Джордж оған мән беретін жағдайда емес еді. Ол сөзін тоқтатпады.
–Жасырмаймын, кей-кейде көңіл аулайтыным рас. Еркектер мұнсыз жүре алмайды. Ал әйелдердің жөні бөлек.
–Бұл тек еркектердің пайымдауынша ғана осылай,- деп күлімсіреп алды Генри.
–Кім – кім, бірақ Еви осындай боп шығады деген ой деп үш ұйықтасам түсіме кірмеп еді. Ол өзі сондай нәзік, ұстамды еді. Осы бір, шайтан алғыр кітапты несіне жаза қойды екен?
–Мүмкін иығында ауыр жүк боп тұрған соң, осылайша арылғысы келген шығар.
–Жә, жарайды, жаза берсін, бірақ сонысын бүркеншік атпен шығарса болмайтын ба еді?
–Ол өзінің қыз кезіндегі тегін алды ғой, осыншалықты танымал боп кетеді деп ойламаған болар, солай болып шығуы да мүмкін еді ғой.
–Джордж Перегрин мен оның сенімді досы үстелдің қарсы екі бетінде бір-біріне қарама-қарсы отыр. Джордж болса үстелге шынтақтап, бетін алақанымен тіреп ап, қабағы түюлі күйінде ойға шомып кетті.
–Ана субьекттің кім екенін білмеу не деген қиын. Тіпті, өзі джентльмен болған ба десеңші. Сонда, менің түсінгенім бойынша, ол қожалықтағы жұмысшы, немесе адвокат кеңсесінде жұмыс істейтін қызметкер болуы да мүмкін ғой.
Генри Блейн келіп қалған күлкісін дереу тыя қойды. Досына жауап қатқанда жұмсақ дауысымен мейірім мен төзімділікке шақырды.
–Евиді жақсы білетіндіктен, ол туралы қатты уайымдамасаң да болады. Кем дегенде, менің кеңсемде ондай адам қызмет етпегеніне күмәнданбай-ақ қой.
–Мен қатты есеңгіреп қалдым,- деп күрсініп қойды полковник. – Ол мені сүйеді деп ойлап жүрсем. Ал мына кітапты мені иттің етінен жек көретін адам ғана жаза алады.
–Жо-жоқ, бұл енді тым артық, сенбеймін. Меніңше, ол ешкімді жек көре де алмайтын да адам.
–Енді, ол мені сүйеді деп сендірмейтін шығарсың.
–Жоқ.
–Маған деген сезімі қандай екен сонда?
Генри Блейн креслосының арқалығына жантая кетті де Джорджға ойлана көз тастады.
–Меніңше, оған бәрібір.
Полковник селк ете қалды. Қып-қызыл боп кетті.
–Бірақ сен оған ғашық емессің ғой, солай емес пе?
Джордж Перегрин тіке жауап қайтармады.
–Мен үшін, баламыз болмайтынын білгенде, бұл жаңалық қатты қайғыға батырды. Бірақ оны ешқашан бетіне баспақ түгілі, сыр берген де емеспін. Оған өте жақсы қарадым. Оған қатысты барлық міндеттерімді ақылға салып, орынмен атқаруға тырысып келемін.
Генри Блейн ауызын алақанымен жаба қойды, келіп қалған күлкісін Джордж көріп қалмасын деді.
–Бұл мен үшін ауыр соққы болды, - деп сөзін жалғастыра берді Перегрин. – Құрып кетсін бәрі, тіпті он жыл бұрынның өзінде Еви тіпті де жас емес болатын, және әрине, тіпті де сұлу емес-тін. Жеркенішті.- Ол терең дем алып алды. – Ал сен, менің орнымда сен не істер едің?
–Ештеңе.
Джордж Перегрин орындықта отырған бойы, орнынан тұрмастан еңсесін тіктеп алып Генриға қатал жүзбен қарады – мұндай кейіпте ол полктың дайындығын тексерген кезде ғана болатын.
–Мұндай оқиғаны кешіре алмаймын. Мені күлкі қылды. Енді адамдардың көзіне қалай тура қараймын?
–Бос сөз,- деп шұғыл жауап қатты Генри досы, сосын даусы жұмсарып: -Тыңдашы, достым, ол адам өлді, бәрі осыдан көп уақыт бұрын болып кеткен. Оның бәрін миыңнан шығар да ұмыт. Барлығымен Евидің кітапшасы туралы сөйлесе бер, таң қал, бәріне әйеліңді мақтан тұтатыныңды айт. Өзіңді оған қашанда сенімді болғаныңдай, оның ешқашан саған опасыздық істемейтіндей етіп көрсет. Әлем тек алға қарай ұмтылады, ал адамдар сондай ұмытшақ. Бәрі ұмытып кетеді.
–Мен ұмытпаймын.
–Екеуің де жас емессіңдер. Ол мүмкін, сен үшін сен ойлағаннан да артық жақсылық жасап жүрген шығар. Онсыз сені жаныңды жейтін жалғыздық билейді. Меніңше, бұл жерде сенің ұмыту-ұмытпауың мүлде маңызды емес. Егер сен осыны ана ақымақ басыңмен түсіне алсаң, Евидің, өмір бойы бірге тұрсаң да, сен ойлағаннан анағұрлым қызықтырақ адам екенін көре алар едің.
–Шайтан алсын, сені тыңдасам, бәріне мен кінәлі боп шықтым.
–Жоқ, мен сені кінәлі деп тұрғам жоқ, бірақ оның да кінәсі жоқ па деп қорқам. Ол ана жас жігітті сүйіп қалуға өзі барып кіріскен жоқ қой. Оның кітабындағы соңғы жолдар есіңде ме? Жігіттің өлімінен қайғы жұтса да, біртүрлі соған іштей қуанатындай. Ол қашанда екеуінің арасындағы байланыстың жібі бір күні үзілетінін біліп жүрді. Жігіт алғашқы махаббатының ең бал шағында қайтты және сезімнің ұзаққа созылмайтын алдамшы дүние екенін білмей кетті. Ол махаббаттың тек сұлулығын ғана сезініп өтті. Еви қатты қайғырды, бірақ сүйгенінің бұл қайғыны көрмей кеткеніне іштей жұбанды.
–Мұның бәрі, сенің не туралы айтып отырғаныңды жалпы түсініп отырсам да, меніңше, түкке тұрмайтын сандырақ сияқты.
Джордж Перегрин жазу үстелінің үстінде тұрған сиясауыттан көз айырмай, бақытсыз кейіппен біраз отырды. Ол үнсіз еді. Досы оған таңдана, әрі аяй көз салды.
–Өзінің мүлдем бақытсыз екенін ешқашан ештеңеден білдірмей өмір сүру үшін қандай батылдық керек, ойлашы өзің?- деді ол жұмсақ.
Полковник Перегрин ауыр күрсінді.
–Мен жеңілдім, Генри. Сен, дұрыс айтатын сияқтысың. Енді іс біткенде көпіріп төбелес шығару дұрыс емес. Енді шу шығарсам, тек өзіме ғана жаман болады, мен ғана күлкіге қаламын.
–Сонымен? Джордж Перегрин аянышты түрімен жымиып қойды.
–Сенің кеңесіңді тыңдап, ештеңе де істемеймін.
Мені әлемдегі ең ақымақ деп ойласа ойлай берсін, бәрін де шайтан алсын. Шынымды айтсам, Евисіз қалай өмір сүретінімді елестете де алмаймын. Бірақ бір нәрсені анық айтамын: өлгенше түсінбейтін бір ғана нәрсем бар – ана субьект өле сүйетіндей оның бойынан не тапты екен?
Аударған Гүлшат Бақытжанқызы