ПАТРИК МОДИАНО. БЕЙСАУАТ ЖҮРГІНШІ

Сол жылғы күз бұрынғысынан ерте кірді, жаңбыр сібірлей жауып, қураған жапырақтар құлази жер құшып жатты, Сона өзенінің бетіне тұманнан бір қабат перде тартылды. Мен Фуниел тауының баурайындағы әке-шешемнің үйінде тұратынмын. Жұмыс тауып, өз тірлігімді өзім көрмесіме болмады. Қаңтардан бастап жібек бұйымдар серіктестігінде алты ай әріп теруші болып істедім. Жалақысы құрғыр тым мардымсыз еді, тарта жеп жинаған ақшамен Испанияның оңтүстігіндегі Торремолиносқа демалуға бардым. 18 жастамын, өмірімде тұңғыш рет Франциядан аттап шығуым-тұғын.

 

Торремолинос қайраңында Мир Максимофф атты франциялық әйелмен таныстым, жирен шашты, ай жамалды арудың өзі. Күйеуімен бірге мұнда ірге тепкендеріне талай жыл болыпты. Олардың шағын қонақжайынан бірауызды пәтерді жалға алдым. Ол келер күзде Парижге барып, аунап-қунап қайтатынын айтып, досының мекен-жайын берді. Реті келгенде оған аман-сәлем жасай баруға уәде бердім.

 

Қайтып келген соң, Лион бұрынғыдан бетер сүркей сезілді. Үйімнің маңындағы Санта Деллемос жолының сол жағында католик ұйымының жатақты мектебі бар еді. Беткейге жастап салған бірнеше үй, сыртынан қарасаң, сұрқай сезілетіні соншалық, астыңғы жақтағы көшенің төбесінен төне қарап тұрғандай көрінетін. Мектептің есігін үлкен дауалдан ойып шығара салған. Өз басым сол жылғы қыркүйектегі Лионды жатақты мектептің дәл сол далиған әйдік дауалына ұқсатар едім. Қап-қара дауалға анда-санда бір жылт етіп күн нұры түсетін. Мектеп тастанды болған жұрт тәрізді құлазып жататын, жаңбыр жуған дауал түрменің темір құрсаулы қорғанындай елестейтін, дауалды әлі белгісіз болашағымның жолындағы қара тастай сезінетінмін.

 

Әке-шешемнің дүкеніне келген қонақтан әлдебір әйелдер киім-кешек дүкенінің сәнгер қабылдайтынын естідім. Айына сегіз жұз франк ақы береді дейді, жібек бұйымдар серіктігінің айлығын неше орайды екен. Қонақ киім-кешек дүкенінің мекен-жайын ұстатты, сынап көруге бекідім. Тропканың аржағындағы дауысы сұстылау әйел дүйсенбінің кешінде Глори даңғылының 4-нөмірлі қонақ сарайында бетпе-бет сынаққа қатынасуымды айтты.

 

Былайғы күндері өзімді соған қол жеткізбей тынбауға қамшылаумен болдым. Ежелден бұндай белсеніп көрмегенмін. Бұным бәлкім Лионнан қарамды батырып, Парижге бет түзеуге түртпектеген ниеттің желігі болар. Бетпе-бет сынақтың уақыты таяған сайын көңілім алақызып сары уайымға салындым. Неде болса тағдырымды бір ұтысқа салғалы тұрған секілденемін. «Бұл жолы танауың тасқа тиеді екен, екінші орай енді жоқ» деп нәзір еттім өзіме-өзім. «Жолым болар ма, қалай киініп барамын…». Киім демекші, таңдап, түрлеп киетіндей басы артық киімнің де жәйі белгілі. Бір киерім тізеден келетін сұрғылт көйлек пен ұзын жеңді ақ жейде. Оған парлап жайпақ өкшелі көк шақай сатып алдым.

Бетпе-бет сынаққа бір күн қалды, кеште өзімше мұздай болып киіндім. Шкаф айнасының алдында тұрып: «мынау менмін бе?» дедім күбірлеп. Сайтан қысып күліп жібердім, ертеңгі сынақтың тағдырымды белгілейтіні кілт есіме түсті, күлкім тыйылды.

 

Кешігіп қалудан алаңдап, үйден бір сағат бұрын шықтым. Беллекоур алаңына жеткенде жаңбыр жауа бастады, орда мейманханасының үлкен залына кірдім. Киім-кешек дүкеніне судан шыққан тышқандай сорағытып барғым келмеді. Асхананың күзетшісін алдап соқтым, «қонақтарыңыздың бірімін» деп қолшатыр сұрап алдым. Глори даңғылының 4-нөмірлі үйіне де жеттім. Олар күте тұруымды айтты. Еңселі үйдің қабырғалары бозғылт ірге қаптауышпен безендіріліпті. Есік-терезесіне де бозғылт жібек перде тартылған. Алтын жақтаулы орындықтарды тамға жағалата қойыпты, орындықтың төсеніші қызғылт мақпалмен қапталыпты. Уақыт өтіп барады, «осылардың есінен шығып кеткеннен саумын ба?» деп ойладым.

 

Орындыққа отырып, даладағы жаңбырдың сыбырына құлақ түрдім. Төбедегі аспа шырақтан аппақ нұр саулап тұр, мына отырысымның дұрыс-қателігін білмей зықым кете бастады.

Есіктен елуді еңсерген шоқша сақалды ер адам кірді. Қара шашын қайқайта тараған, жалт-жұлт еткен жанары өңменіңнен өтеді. Үстінде көк костюм, аяғында қоңырқай күдері бәтеңке. Артынан талай рет түсіме кірді, есіктен жайбағыстап кіріп келе жатқан оның шашы бозбалалардың шашындай қап-қара екен деймін.

Ол «қозғалма!» дегендей ишарат етті де, қасыма келіп отырды. Жасымды сұрады.

– Бұрын сәнгер болып көрген бе едің?

– Жоқ.

– Жалаңаяқ терезенің қасына барып, қайта кел, – деді.

Айтқанын істедім, көңілім астаң-кестең. Орындықтың арқалығына қиғаштай сүйенген ол, жағын таянып, маған шүйілге қарап отыр. Терезенің алдына барып, оның алдына қайта оралдым. Ол ләм демеді. Қырымнан қысылғанымды сездірмеу үшін, орындықтың қасында тұрған бәтеңкемнен көзімді тайдырмаған беті тұра беріп едім:

– Отыр,– деді ол.

Қасындағы манағы орындығыма келіп отырдым. Аяқ кимімді киер-кимесімді білмей сасып қалдым.

– Табиғи реңі осы ма?– деді ол шашымды нұсқап.

– Осы.

– Қырыңнан бір көз салып көрейінші.

Мен басымды терезе жаққа бұрдым.

– Қырыңнан қарағандағы мүсініңнен мін таба алмадым…

Оның емеуіріннен тым оңған хабар естімесімді сездім.

– Қырынан қарағанда бұндай сұлу көрінетіндер тым аз.

Сызған суреттей әдемі мүсінді енді кезіктіре алмайтыны есіне түсіп, ашуы келді ме қайдам, от шашқан өткір көзін тайдырар емес.

– Фотографтар үшін осы мүсінің жетерлік. Амал нешік, Пиер мырзаның талабынан алшақ қалдың…

Бұл сөзді естіп, тұрған орнымда сіресіп қалдым. Бар үмітімнен жұда болғаным ба, бәлкім, ол Пиер мырзамен ақылдасатын шығар, Пиер мырзасы қожайыны ма екен, оған керегі қандай адам? Пиер мырзаның діттеген жерінен шығуға іштей бекіндім.

– Ғафу етіңіз. Сізді қабылдай алмаймыз.

Сөздің тоқ етері осы болды, бірдеме деуге сіркем су көтерер емес. Жаттанды сөзден жаңылмайтын мынау безбүйрек еркектің емеуіріні сынақ нәтижесінің сорақылығы Пиер дейтін мырзамен ақыл қосуға да жарамай қалғандығын аңғартты.

 

Бәтеңкемді киіп, орнымнан тұрдым. Ол үнсіз қолымнан жетелеп есікті өзі ашып беріп, шығарып салды. Жолға шыққанда қолшатырды тастап кеткенім есіме түсті, оның қажеті де жоқ еді. Көпірден өтіп, Сона өзеніне беттедім. Үйдің маңындағы жатақты мектептің сұрғылт дауалының қасына тағы келдім. Осы қимыл-барыс талай жыл түсімнен шықпай жұрды. Түр-түсім сол сұрғылт дауалдан айырғысыз, дауалдың сұп-сұры көлеңкесі мені де қымтап, өзіне сіңдіріп жібергендей ешкім мені осы көлеңкеден ажыратып әкете алмайтындай. Керісінше, Глори даңғылындағы әлгі қонақ бөлме жап-жарық болып елес береді, ылғи сонда әлденені күтіп отырамын. Аспа шырақтың ақ сағымы аймалаған бөлме жарқырап тұратын. Көк костюм, күдері бәтеңке киген кісі бөлмеде жүрген секілді. Бәрі-бәрі кино лентасындағы көрініс іспетті тынбай қайталанады. Бұл түс жиі мазалайды. Талай жыл өтті, дауал бұрынғыдай сұрғылт емес сияқты, кешқұрым дауалға жылт етіп түскен қызыл арайды оқта-текте көзім шалып қалады. Глори даңғылындағы қонақ бөлменің аспа шырағының сәулесімен түстес. Қаршыға көзер кектің үстіндегі костюмі көнерген, сүзектен тұрғандай сарғайған жүзінен әр кетіпті. Тек шашы ғана баяғысындай қап-қара. «Шашыңның табиғи реңі осындай ма…Қырыңнан көргім келіп тұр… Пиер мырзаның талабынан шыға алмайтындайсың…». Үні қырылдаңқы, бұл оның аузынан емес, айналып тұрған дыбыс таспасынан шығып жатқандай. Сансыз қайталанған осы сөздерде еш мағына қалмағандай…

 

Ылғи да түсімнен ояна келгенде, өміріме сіңіп біте қайнасып кеткен осы көріністердің өз кезінде маңдайыма таяқ болыптиіп, жігерімді мұқалтса да баяғыда келмеске кеткен елес екеніне көзім жететін. Қылаяғы, соның кесірінен сол жолы көпірден өтіп бара жатып Сона өзеніне секіріп кетуге шақ қалмадым ба…

 

Аударған

Қадила Нұрғалиқызы