ТАҢҒЫ МІНӘЖАТ
Құдіреті шексіз әкей,
біз жұмақтан қуылған шақта
көшірмемізді жасадың,
орынымызды белгілеп жатқанда
әлдебір айырмашылық бізге сабақ болды;
қалғаны - ұқсастықтарға толы:
сұлулық барлық жерде, мінсіз сұлулық.
Түсініксіз бір ғана нәрсе:
біз не түйдік?
Өзімізге берілгендерді бір-бірімізден тартып алдық.
Үмітсіз жылдар көшіне ілестік;
бақшада кезекпен еңбек еттік;
қою-қызыл, ақшыл-қызғылт
жапырақшалар жерді тұмшалағанда
көзіміз жасқа тұнды...
Біз сен туралы ойлаған жоқпыз,
кімге табынуымыз керек еді.
Біз білетін бір нәрсе:
адам өз сезіміне махаббатсыз жауап бергенді сүйе алмайды екен.
КЕШКІ МІНӘЖАТ
Біз барлығын білсек те, ештеңе білмейді деп ойладыңыз: мұны балалар ғана ұғатын.
Теріс айнала көрмеңіз -
сізді жұбату үшін жалған сөйлеуді үйрендік.
Ерте көктемнің шуақты күні өзен жағасын қабыршөп қаулағаны есімде.
Ағам екеуміздің бас түйістіріп шалғында жатқанымыз есімде.
Теріс айнала көрмеңіз -
сізді жұбату үшін бәрін ұмытуға тырыстық.
Біз сізге еліктедік,
жазамыздың алғышарты қайталау.
Есімде қалғаны: алдау ұмытшақтықтан шығады.
Гүлдер мен долана астындағы жабайы сүмбіл тостағандар есімде.
Сіз жайында барлығына емес, барыңызға илану үшін: қарындас пен ағаның арасын суыту жеткілікті.
Осыдан кім пайда көрді, біз кімге жалғыз жүгіндік?
Біздің бауырмалдықты кім мұнша қызғануы мүмкін?
...Сенім жолында жерді емес, жұмақты жоғалтамыз.
ЛАМИУМ
Егер жүрек суық болса,
дәл солай ғұмыр кешесіз,
мен де солай ғұмыр кешем:
көлеңкеде, салқын тастардың үстінде,
үлкен үйеңкі ағаштарының астында.
Маған күн де әрең төгер сәулесін,
Ерте көктемде де ол алыстан көтеріледі.
Жапырақтар да мені одан жасырады.
Оның қалай жарқырайтынын сезем,
кейде алаңдасам, біреулер секілді
бокалымды қасықпен тықылдатам.
Өмір сүруге жарық керек,
бірақ бәріне бірдей емес.
Біздің кейбіріміз өз нұрымызды жасап алдық:
түнде үйеңкі саясындағы күміс жапырақ -
күміс көлдегі тозбайтын жол тәрізді.
Бірақ сіз мұны бұрыннан білесіз.
Сіз және басқалар шындық үшін өмір сүретінін ойлайды және махаббатта барлығы суық.
ҚЫСТЫҢ СОҢЫ
Мұз қатқан әлемді құс айқайы кезді,
қара бұталар арасынан жалғыз оянған.
Сіз дүниеге келгіңіз келді;
Мен мүмкіндік бердім.
Менің қайғым қалауыңызға кедергі болмады ма?
Алға ұмтылғанда,
жарық пен қараңғылық жымдасқанда,
ыстық сезімдерге құштарлық артады.
Егер сіз жаңа тіршілік иесі болсаңыз,
өзіңізге жап-жарық өмір тілеңіз.
Түнек туралы бір сәтке де ойланбаңыз,
ол сізге мүлде қажет емес.
Менің дауысымды түсінбеуіңіз мүмкін,
өйткені онда өзгеше сиқыр бар.
Басқа әлемде оны айқын естімейсіз,
құстың шақыруын да немесе баланың айқайын да,
ешқандай дыбыс анық емес,
тек тынымсыз жаңғырықтардың
мағынасы: қош бол, қош бол...
Жалғыз үздіксіз нота ғана бізді байланыстырады.
ДАЛАЛЫҚ ГҮЛДЕР
Не дедіңіз? Мәңгі өмірді қалайсыз ба?
Сіздің өзге ойларыңыз да сондай еліктіргіш пе?
Әрине, сіз бізді аңғармайсыз, естімейсіз.
Сіздің теріңізде күн дақтары, сары көбелек тозаңы.
Сылдырмағымды шайқап, биік шөптердің үстінен қарап, сізге жүгінемін:
О, жан-байлық! Жан-байлық!
Өзімді қалай бақылауға болады?
Бір мәселе - адамдардан қысылам,
бірақ неге олар кең шалғынға тәкаппарлана қарайды?
Жанарыңыз қай бағытта...
көбелектер басыңыздан сырғып өтті ме?
Аспан жайлы нашар ұғым бар: онда өзгерістер өлген.
Ол жақ жер бетінен жақсы ма?
Сіз бұдан не түйдіңіз, сонда біздің жоғалтқандарымыз –
ол жақта да, бұл жақта да тамырлас болғаны ма?
БЕЙУАҚТА
Сенің дауысыңды естігенде көңілім шаттанады,
тіпті сенімсіз сәттерде де;
Саған түсінікті тілде жауап бере алмағаныма мұңаямын.
Сенің тіл қатудан үмітің жоқ,
сондықтан таңбаларға жүгінесің,
дегенмен оларды дұрыс жеткізу қолыңнан келмейді.
Сонда да маған дауысың жетеді,
саған әрдайым жауап беремін,
ашуым із-түссіз ғайып болады,
қысқы қардың ерігеніндей...
Саған менің жауабым анық болуы керек
жазғы кештің тынысы мен сөз арқылы,
сенің жауабыңа айналуы үшін.
Аударған Азамат Әлібек