Жаңбырда да, қарда да; ыстықта да, суықта да, әйтеуір, құдайдың қандай күнінде болмасын, қолында бұдырлау емен таяғы, иығында асып алған тоқыма себеті бар бұл ақсақ адамның осы тұстан өтіп бара жататынына еш күмәндануға болмайды. Себеттегі кішкентай қап түбінде зиягүл тұқымы, ал кейде маусымына орай, қағазға ұқыптап орап салған аздаған саңырауқұлақ жатады.
Оның денсаулығы, айналасының бәрін қою қара сақал көмкерген төртбұрышты әжімді жүзі ылғи да аянышты көрінуші еді, өйткені ақсақ аяғы күндіз-түні сырқырап, жанына маза бермейтін. Кездейсоқ бір бақытсыз жағдай салдарынан кем боп қалған сол аяғы оң жағынан екі дюйм қысқа еді, бұның өзі оған ғұмыр бойы барлық дүние-жалғанның опасыздығын еске түсіріп тұратындай болатын. Сыртқы түрі тәп-тәуір көрінеді, бірақ кереметтей кербез де емес, себебі оның ескі көк пальтосы, шалбары мен қалпағы кез келген ауа-райында ұзақ киілгендіктен түсі оңып, қатты имектеліп қалғаны байқалады. Бақытсыз жағдайға тап болғанға дейін ол балықшы боп істеген де, ашық теңізден балық аулап күн кешкен, енді қазір күнкөрісін таңертеңгі сағат оннан кешкі жетіге дейін бір-ақ жерде тапжылмай тұрып тауып жүр. Өз құстарын еркелетуді жақсы көретін әркім оның себетінің жанына тоқтап, бір пенге зиягүл тұқымын сатып алар еді.
Осы тауарды табу үшін оның өз сөзімен айтқанда "ақ тер-қара терге түсетін" сәттері өте көп. Ол таңғы бесте тұрып, Иондоннан шығатын бірінші трамвайға отырады да, қала сыртындағы бұта-қараған өскен қорыққа келіп жетеді. Кемтар аяғын сүйрете жүріп осы жерде (бірде құрғақ, бірде сызды) еңкең қағып, жасылдау бұта басынан сары гүлді зиягүл тұқымын жұлуға кіріседі. Оның айтуына қарағанда, бұның өзі де "үсік шалып кеткендіктен көбінде өлі тауар боп шығатын" көрінеді. Сосын, аз ба, көп пе, әйтеуір құдайдың бұйыртқанын жинап алып, трамваймен қайта қалаға жетеді де, күнделікті тірлігіне кірісіп кетеді.
Ісі оңбаған кейбір күндері ол әбден қараңғы түскенде ғана үйіне қарай жылжитын, сонда оны кешкі тоғыз-ондар шамасында аяғын сылти басып, сүйретіліп бара жатқанын көрер едің. Мұндай күндері оның көкшіл-сұрғылт көздерінен қанатынан қайырылып, ұшайын десе ұша алмай, далбаң-далбаң еткен құс-қайғысын сезгендей боласыз.
Шын мәнінде — бұның өзі де күнделікті тауып жүрген "табысы" да түсінікті жағдай — ол өз ғұмырын бір жылдан бір жылға сіңірдей созып келе жатыр еді, сөйте тұра істеп жүрген кәсібінің ертеңінен үлкен бір жақсылық та күткен емес: қазіргі әншейін талғажау ғана. Дегенмен гүл сатқанға қарағанда, бұл да имантаразы. Әрі-беріден соң ол жүрегінде арпалысқан құс-қайғысына еті үйреніп кеткен, егер кездейсоқ қайта қанат бітіп, ұшар болса, осы үйреншікті дүниесі оны әмсе сағындырып тұруы да мүмкін.
Кемтар аяғын сыздатып жүріп жинаған гүлі аз болып, сатып алушылар одан да аз болған кезде, ол кейде "Неткен ауыр өмір!" деп күрсінетін. Бұл сөздің өзі бұдан әрі шағын басқа болмайтын жағдайда айтылатын, дей тұрғанмен өзіне аяушылықпен қарайтын аздаған адам алдында гүл сатып алушылармен сәтсіздігін жылап тұрып баян қылған кезі де аз емес. Бірақ, шындығында, ол маңайында қайнап жатқан тіршілікті үнсіз бақылап, мейлі тұрсын, мейлі отырсын, баяғы бір күндері зәкірде тұрған желкенді қайығын әрі-бері шайқаған таудай толқындарға қалай төзімділікпен қарап тұрса, қазір де оның көзінен сондай шыдамдылық пен төзімділікті аңғаруға болар еді; құдды ол сондайда адамның санадан тыс айтылатын: "Құлап қалғанша тұра беремін!" деген сөзін үнемі іштей қайталап тұратындай.
Өстіп көшеде тұрғанда оның не туралы ойлайтынын айту қиын; мүмкін баяғы Гудвин шығанағындағы күндері есіне түсетін болар немесе қауашағы ашылғысы келмейтін зиягүлдің сарғыш басына жыны келетін болар, мүмкін өзінің ауру аяғын, мүмкін себетін иіскеп алып, тыржиып тайып тұратын иттерді ойлар, әлде буын-буыны сырқырап ауыратын әйелін, дастарқанға қоятын тұздалған балықты, пәтерге төлейтін ақшаны, адамдардың гүлді аз сұрайтынын, сосын тағы да ауру аяғын ойлай ма екен?..
Өздерінің тыртиған арық құстары үшін бір пеннге зиягүл сатып алатын әйелдерден басқа ешкім оның жанына тоқтамайтын. Ал егер оған көз тоқтатар басқа бір әйел болса, ол қарсы алдынан бетін әжім аяусыз тілгілеген, аяғы ақсақ, сатқан зиягүлін құсты қойып ит иіскемейтін қара сақал біреуді көрер еді. Олар оған осыны айтып, күннің қазір суықтығын және қосып қойса, ол бұны сендерден артық білем дегендей: "Иә, мэм, менің аяғым қалай дірдектеп тұрғанын білсеңіз ғой!" дер еді.
Бұл сөзіне ол пәлендей мән беріп, астарына ешбір арам ой қыстырған жан емес, алайда әйелдер мына жазған өзіне аяушылық тудыру арқылы ақша тапқысы келе ме деп, оның аяқ туралы сөзін аяқтатқызбай-ақ жөндеріне кете беретін. Ал шындығында ол теңізшілердің тәкаппар ұстамдылығынан кенде емес-ті, бірақ ауру аяғының ұзақ жыл бойы жанын қинағаны сондай, жүйкесі қазір әбден әлсіреген еді; бұл азап оның күнделікті өмірімен астасып кеткен де, ол туралы айтпаса шыдай алмайтын халге жеткен. Кейбір уақытта — әсіресе жып-жылы ашық күндері зиягүл шешек атып тұрған кезде, ол кездейсоқ нәпақаға көп мұқтаж болған емес — сатып алушылардың пейілі түсіп, жарты пенстің орнына бір пенс тастап кететін де сәттері болады. Мұндай жағдай оның өзіне де ауру аяғын алға салып жылайтын әдетін қоздыра түскендей сезілетін.
Әрине, ол демалыс дегенді білмейтін, бірақ тұрақты орнында кейде болмай қалатын да кезі ұшырасады. Бұл жай көбінде ауру аяғын аяусыз жұмысқа салған кезде, өзі айтқандай, "бақайшағынан басына дейін ауырған" күндері ғана болатын. Осындай күндері пәтерақыға қарызы өсіп кетеді, бірақ ол: "Рас үйден шығуға шамаң жоқ екен, демек шыққың келмегені — солай ғой?" деп жата береді. Амалсыз демалыс тапқан мұндай күндерден кейін ол жұмысқа өші кеткендей жанталаса кірісіп, зиягүл теруге қаладан тыс алысқа да шығып кетеді, ал кешкісін барлық тауарын өткізіп біткенше тұрақты орнында тапжылмай тұра береді, өйткені сол күні бәрін өткізіп алмаса, ертең мүлде өткізе алмайтындай сезінеді өзін.
Рождество ол үшін үлкен мереке еді: сол күні адамдар құстарын бір армансыз еркелеткісі келіп, тұрақты сатып алушылар оған әншейіндегі бір пенстің орнына алты пенстікті лақтырып-лақтырып кетеді. Бұл дегеніңіз орайына дәл келген болады, өйткені осы уақыттан бастап оның әр түрлі аурулары сыр бере бастайтын, бұнысы мүмкін өмірі тойып тамақ ішпегендіктен немесе әншейін суықтан болар. Әр жыл сайын қыс айында қайталайтын көкжөтелінен кейін оның күн қақтаған қара торы жүзі бөздей бозарып, ал көкшіл көздерінде көп күнгі түнгі күзеттің буалдыр тұманы тұнып тұрар еді — мұндай көрініс тек теңізде суға батқан балықшылардың көзіне ғана тән екенін ол жақсы білетін; оның жарылып-жарылып кеткен ебедейсіз қолдары шымшық көрген жерде бас салатын ең жақсы зиягүлді іздеп жүргендей дір-дір етіп тұрады.
— Мен мына бір шөкімдей дәнді қандай қиындықпен жинап алғанымды айтсам, сіз сенбейсіз ғой, — дейді ол. — Сол жұмыстың үстінде тіпті тырнағымды қалдырып кеткендеймін, шаршағаным сондай, бұны батпақтың арасынан тіпті әзер сүйреп шығардым. Ал әйелім? Бейшараның буын-буыны қақсап, ойбай салып отыр. Менің бір бейшара жан екенімді осыдан-ақ көріңдер! — Сосын не үшін көңілдене қалғанын құдай білсін, ол әдемі жымиып қояды да, аяғына қарап тұрып, әлдебір мақтанышпен:
— Міне, көрдіңіздер ме, мұнда не күш, не бір түйір ет жоқ... — Мұндай аяғы бар адамды сіздер іздесеңіздер, таппайсыздар, — деп қояды. Сонда даусынан да, көзінен де мақтаныш сезілетіндей еді.
Осы адамды өмір тағы да несімен қызықтыратынын, оның өнімсіз еңбегінің қап-қара тұңғиығы мен жүрек түкпірінде ұшайын десе ұша алмай, сынған қанатын әлсіз де болса қимылдатып жатқан құс-қайғылы мұңын кез келген адамның түсіне беруі мүмкін емес-ті. Бір қарағанда, жалпы осы адамның өмір деген асау аттың жалына жармаса беруі бос әуре секілді, өйткені оны алдан бейнеттен басқа ештеңе күтіп тұрмағаны белгілі. Өз болашағы туралы ол салыстырмалы, тұманды түрде былай дейді: "Әйелім маған әр уақытта дәл біз сүрген өмірдей жаман өмір сүруге болмайды дейді. Ол әрине дұрыс айтады, егер біздің сүрген өмірді өмір дейтін болсақ".
Бірақ қалай дегенмен оның басына: "Маған бұдан әрі өмір сүру не керек?" деген ой келмегені көрініп тұрады. Өмірден түңілгенді қойып, оған тіпті қатал тағдырмен күш сынасу, барлық қырсық атаулыға қарсы тұру оған құпия бір қуаныш сыйлайтын секілді. Бұның өзі шындығында қуаныш еді, өйткені адамзат баласының болашағы үшін бұдан өткен жақсы ұмтылысты күндіз қолыңа шам алып жүріп іздесең табарсың ба?
Тұла-бойы қажыған, бірақ темірдей төзімді қалыппен, ол әнеки, көп адамды көшенің бір шетінде себетін алдына қойып, бұдыр-бұдыр таяғына сүйеніп, ілмиіп тұр, жоқ, ілмиіп тұрған жоқ, көрген жанның шабытын шақыратын, адамның асқақ рухын оятатын алып ескерткіштей болып, қасқайып тұр: үмітсіз қайсарлық!
Орыс тілінен аударған Д. Әшімханұлы