Дүйім жұрт атақты итальяндық композитор Сальеримен аңыз арқылы таныс. Моцарттың өлімін Сальериден көретіндер қатары қашанда көп-ті, қазір де аз емес. Пушкиннің «Шағын трагедиясы» арқылы бұл әңгіменің соңы ұзаққа барып, қалыптасқан метафораға айналды. Орыс халқы Пушкинді «наше всё» деп дәл тауып айтқан. Жалғыз өзі әдеби дәуір құрған тума талант Александр Сергеевичтің әсіресе проза мен драмада қалам тартқан дүниелеріне қызығамын. Алайда бұл қызығушылық Достоевскийден келді.
Әлқисса, Достоевский бізге жеткен 1845 жылдың 24-наурызында жазған бір хатында кітап оқу туралы айтады. Бір уақытта қаламгер кітаптан бас алмайды екен. Бірақ, ең қызығы, жазушы оқыған кітаптарын қайта қарап, оны қайта оқып, сосын тағы оқып («Қасиетті кітаптың» сөздеріндей – А.К), оқыған сайын жаңаша түсінгенін айтады. Есіме тағы түсті, бастауыш сыныпта әкем маған пышақтың қырындай «Абай жолы» деген кітап сыйлаған болатын («Әліппеден» кейін «Абай жолын» оқыдым» деп талай мақтанғаным есімде). Балаларға арналған кітапта шағын үзінділер берілген. Кейін 8-сыныпта әкем «Абай жолын» тағы сұрады: мен мектеп бағдарламасымен оқығаным бойынша ұнаған-ұнамаған тұстарын айттым. Мектеп бітіргеннен кейін әкем үшінші рет: «Абай жолын» оқыдың ба?» – деп сұрады. Сонда да түсінбедім-ау деймін. Әкемнің: «Бұл кітапты белгілі бір уақыт өткен сайын оқып тұр, отызда бір оқы, қырықта тағы оқы», – дегені есімде.
Сонымен, Достоевскийге оралайық. Пушкиннен кейін орыстардың әдеби сахнасына шығам деген қаламгерлер үшін барлық есік ашық десем қателеспес едім. Ақ жауыннан кейінгі жайқалған гүлдей, орыс әдебиетіндегі Пушкиннен кейінгі дәуірі де керемет емес пе? Осы күнге дейін өзім оқыған аталмыш кезеңге тиесілі қай автор болсын, бәрі де ұлы ақынның сөзімен сөйледі (дәл солай жаңаша сөйледі). Осы ойларымды түртіп отырғанда есіме Раскольников түсті. Қылмыстан кейін қалтырап, ауырып жатқан Раскольниковтың бейнесі қайта-қайта санама орала берді. Дәл Раскольников сынды «адамды өлтіруге құқылы» кейіпкерлерден Борис Годунов, Сальери қайтадан есіме түсті. Қайта оқыдым.
Адам баласы өмірге келгеннен сана-сезімі қалыптасқанға дейін, одан кейін де қылмысқа бара ала ма? Кез келген адам баласының қылымысқа баруына не себеп бола алады? Жауабын білеміз… Соғыс, жоқшылық, ұлтқа, дінге бөліну немесе ақылынан айырылу… Өкінішке қарай, жер бетінде қылмысқа итермелейтін факторлар уақыт өткен сайын азаятын емес. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романы шетелде, әсіресе америкалық оқырмандар арасында өте танымал болу себебінің бірі де – осы. Достоевскийдің кезінде қылмыс туралы мақалалар газет бетінде көптен жарияланатын. Раскольниковтың прототиптері әлі де газеттен түспей келеді («GOOGLE»-дан «Раскольников, Казахстан, новости» деп іздесеңіз, бірталай жаңалықтар тізбесі шығады). Сол сынды Достоевскийдің кейіпкері өмірге тым жақын. Бірақ оның қылмысқа итермелеген философиясы жалпы түсініктен биіктеу сияқты. Әлемдегі барша зұлымдықты жеңу үшін ҚҰРБАНДЫҚ қылу. Раскольников жер шарындағы бар зұлымдық, теңсіздікпен күресуге тырысады. Достоевский оның қолына өзі балта беріп, сосын өзі кейіпкеріне тұсау салады. Кенеттен бөлмеге марқұм Алена Ивановнаның ақыл-ойы кем туғаны Лизавета кіріп келеді. Достоевскийдің бір ғана «кроткая» деген анықтауышы Раскольниковтың мойнына ең ауыр жүк болып түсті… Ақиқат үшін құрбандық шалу, құрбан болу – Ибраһим (с.ғ.с.) пайғамбар Хақ үшін өз баласын құрбан қылуға ниеттенгеннен бері талай уақыт өткенше, әдебиетте бұл әңгіме көп түрленген сияқты. «Қылмыс» тақырыбын қозғаған Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» драмасына назар аударайық:
Все говорят: нет правды на земле.
Но правды нет – и выше. Для меня
Так это ясно, как простая гамма.
Родился я с любовию искусству...
Шығарманың бірінші жолдары автор мен Сальеридің позициясын анықтап тұрғандай. Сальери ақиқатты ӨНЕР-ден бір сатыға төмен қояды. Жер бетіндегі келіспейтін қарама-қайшылықтар әуелден («…Но правды нет – и выше») қателік ретінде қабылданады. Әрі қарай назар аударыңыз:
…Звучал орган в старинной церкви нашей,
Я слушал и заслушивался – СЛЕЗЫ
Невольные и сладкие текли.
Отверг я рано праздные забавы...
Сальери бала кезінен өнерді өмірден артық сүйеді һәм шын сүйеді. Мәтіннің әр бөлімінде Сальеридің көз жасын көруге болады. Бұл жердегі көздің жасы – шынайылық, музыканы шын сүю, өнердің құдіретіне бағыну, жан-дүниесімен елжірей берілу. Мәтін бойынша Сальери тіршіліктің барлығын өнердің өресінен төмен қояды, түсініп тыңдауға, шебер ойнауға, музыканы жүрекпен сезінуге тәрбиелейді. Ішпейді, жемейді («Нередко, просидев в безмолвной Келье/ Два, три дня, позабыв и сон и пищу/ Вкусив восторг и СЛЕЗЫ вдохновенья») – өнер үшін өмірдің бар қызығын қияды. Автор монолог арқылы Сальеридің өнерге деген табынушылығын жеткізе отырып, қысқаша балалық дәуренінен бүгініне дейінгі іздену жолын сипаттайды. Монологтың соңына қарай Сальери Моцарт туралы пікірін білдіреді. Моцарт – тума талант. Моцарттың таланты өзінен мың есе күшті екенін Сальери жақсы біледі. Осыны мойындап барып, Сальери шын жылайды – жылайды да, бойынан «қызғаныш» байқағанын айтады. Бірақ қалай айтады?
…Кто скажет, чтоб Сальери гордый был,
Когда-нибудь завистником презренным <…>
…Никто!.. А ныне – сам скажу – я ныне
Завистник. Я завидую. – О небо!
ГДЕ Ж ПРАВОТА, когда СВЯЩЕННЫЙ ДАР,
КОГДА БЕССМЕРТНЫЙ ГЕНИЙ – <…>
…озаряет голову безумца,
Гуляки праздного?.. О Моцарт,
Моцарт!
Бұл – кейіпкердің өз аузынан шыққан сөз. Ол нені және неге қызғанды? Мәселе де осында. Жоғарыда келтірілген үзіндіден Сальеридің қызғанышқа бой алдырғанынан оның қатты өкінгенін анық көруге болады. Қасиетті өнер бағы қонған Моцарт үшін емес, Моцарттың сол қасиетті өнерге қалай болса солай қарағаны үшін, қадірлемегені үшін немесе бағасын білмегені үшін өкінеді. Осындай тума таланттың иесі бола тұра ақша үшін арзан күлкінің ортасында рухани күш-қуатын шашқан Моцарт – Сальери үшін өнердің ең үлкен сатқыны болып көрінеді. Сальери өнерді алақанына салып, аялап өтуге дайын. Ал Моцарт үшін ноталарын тиын-тебенге айналдырса жетеді. Сальери оның туындыларын жан-жүрегімен егіліп тыңдайды, Моцарт болса жазғандарын шимай құрлы көрмейді. Тәңірдің берген талантын өзі жасағандай сезінеді… ӨНЕР жүрегін қолына ұстап, шын сүйген Сальериге емес, бағасын білмеген Моцартқа бұйырады. Дәл осы сәтте Сальери оны ӨНЕР үшін ҚҰРБАН қылуды ойлайды. Мәтінде Моцарттың өлімі туралы ойлардан Сальеридің жаны қатты қиналғаны суреттелген. Қылмыстан кейін қалтыраған Раскольников сияқты Сальери өзінің жасына тұншыға жылайды. Жылайды да:
«ТЫ, МОЦАРТ, НЕДОСТОИН САМ СЕБЯ», – деп үкім кеседі. («Тварь ли я дрожащая или право имею?..)
Соңғы жолдарға назар аударайық:
Гений и злодейство –
Две вещи несовместные. Неправда:
А Бонаротти? Или это сказка
Тупой безсмысленной толпы –
и не был
Убийцею создатель Ватикана?
Соңғы шумақта Сальеридің ойы көрінбейді. Бұл жолдар – таза автордың позициясы. «Бонаротти» – автор түсініктемесі бойынша «Микель Анджело». Атақты қылқалам шебері Микеланджело Буонароттиді кім білмейді? Аңыз бойынша суретші Иса пайғамбардың (с.ғ.с.) өлімін шынайы бейнелеу үшін натурщикті ауыр халге жеткізген-міс. Бұл жерде мысалға алынған Ватикан да ұлы туынды ретінде бағаланып отыр. Пушкин өзінің кейіпкерін осы жолдармен ақтап алғандай. Бірақ қылмыстың аты – қылмыс. Көпшілік оқырман үшін Сальери зұлымдықтың символы болып қалды. Пушкиннен кейін әдебиет әлеміне Лермонтовтың Демон’ы, Достоевскийдің Раскольников’ы, Булгаковтың Воланд’ы келді. Ақиқатты іздеген талай кейіпкер қылмыскерге айналды… Сұрақтардың талайы қойылды, талайлар құрбан болды – өнерде де, өмірде де…