ТАРИХ САТЫЛМАЙТЫНЫН ӘЙГІЛЕГЕН ТУЫНДЫ

YouTube желісінен, «Білім және мәдениет» арнасынан (2014 жылы), Рахымжан Отарбаевпен «Жүздесуді» көріп отырмын. Түрлі әңгіме айтылды. Бірақ менің жадымда ағаның мына бір сөзі ерекше сақталып қалды:

«Алматыда «Қазақ әдебиетінде» жұмыс жасап жүрдім. Шерхан ағаның қарауында. Сол кісі бас редакторымыз... Сонда, жастық болар, қоғамның бізді бағыттағаны болар, мен де газетке Мұстафа Шоқайды «Сатқын, оңбаған адам» деп жазып жіберіппін. Кейін ақталғаннан кейін, ол кісінің кім екеніне, не үшін арпалысқанына, не үшін жан бергеніне көзіміз жетті.

Ана сөз көз алдымда, санамда таңбаланып тұрып қалды. Сондай сөз айттым-ау ұлы тұлғаға. Тап менің кінәм болмас. Дегенмен де. Қоғам солай деп жатты. Бәрін «Сатқын» деп. Мен соған ердім. «Отанын сатты, опасыз» деп жіберіппін.

Апырым-ай, ұлы тұлғаның алдында ақталудың қалай жөні болады? Жалпы адамға жасаған қиянат та, айтқан ауыр сөз де, жеңіл дүние емес қой?! Санаңа үлкен жүк қой.

Мұстафа – иісі қазақтың, жалғыз қазақтың емес, жалпы Түркі тұқымдас бүкіл елдің ғажайып тұлғасы ғой.

Мұстафаның өзінің туған жері Қызылорда театрының бас режиссері? «Пьеса жазып берсең, қалай болады?» деп өтінді. Жүрексіндім. Әлемдік үлкен тұлғаның образын сахнаға алып шығу, бір-бір жарым сағатқа сыйғызу оңай емес.

Сөйтіп толқып жүргенімде тағы бір оқиға есіме түсті. Біздің ауылдың бір ақсақалы соғыстан кейін Францияда қалып қойыпты. «Неге?» десеңіз, елге қайтуға қорыққан. Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионында болған. Бір поляк қызына үйленген. Тілін ұмытқан. Содан біздің ауылдың бір адамы Францияға барғанда оған жолығыпты. Құшақтап жылады дейді. Екі ауыз өлең айтатын көрінеді. «Дүние, сен қайдағы, мен қайдағы, қазақтың мен де өзіңдей бозтайлағы», - деген өлең бала күннен құлағына сіңіп қалған екен. Оның өзінің де мағынасын білмейді екен. Содан үйіне барыпты. Бәрі бар. Дүние-мүлкі, отбасы. Бірақ, туған жері жоқ. Міне, заманның, соғыстың зұлматы.

Осы екі оқиға қолыма қалам ұстатты.

Бұл драма – ұлы тұлғаның алдында қағыс айтылған бір ауыз сөзіме кешірім сұрағаным, ұлы тұлғаның алдында мінәжат, тағзым еді», - деген болатын Рахымжан Отарбаев.

Жазушының бұл әңгімесін қойын дәптеріме түртіп алдым.

«Ұлы тұлғаның алдында қағыс айтылған бір ауыз сөзіме кешірім сұрағаным...», - дейді. Бұндай қадамды кең жүректі, бекзат болмысты, парасат биігіндегі жан ғана жасай алады. Әйтпесе, мына қоғамда қателігімізді мойындап, қолмен жасағанымызды мойнымызбен көтере алмай, өзімізді тіпті де кінәлі санамай, бас білмес асаудай айдалаға айнала қашып жүргеніміз қаншама?! Ал, Рахымжан Отарбаев болса, санасындағы ауыр жүктен арылу үшін «Мұстафа Шоқай» драмасын жазды. Меніңше, бұл – қаламгердің өзін-өзі ақтауы емес, бір кездегі өз ойынан баба аруағын ақтау.

*  *  *

Тарихи ақиқат – жалпы адамзаттық тақырып. Бұл тақырыпқа адалдықпен қалам тербеген, «көңілін кір шалмаған» қаламгердің тағы бір шығармасы – «Қараша қаздар қайтқанда» деп аталатын екі бөлімді, төрт көріністі тарихи драмасы. Драмадағы оқиға бір ғана алтын сағаттың айналасында өрбиді. Сол арқылы ұлттық болмысымыздың, намысымыздың, құндылықтарымыздың, тарихымыздың, «Соншама азаппен... Иттің  өзі  шыдамай  шынжырына  асылып  өлер  қорлықпен... жеткен егемендіктің»қаншалықты маңызды екені әйгіленеді. Туындыда ар, намыз, ұят, сенім секілді адам бойындағы ұлы қасиеттер мен озбырлық, сатқындық, алдау-арбау, көрсеқызарлық секілді айуандық пиғылдар айқасқа түседі. Сол арқылы жалпы адамзаттық құндылық – адамдық пен ардың еркіндіктің алғашқы баспалдағы екені әспеттеледі.

Еркіндікке біз қалай жеттік?

Жақында «Әдебиет курсында» Ерлан Жүніс ақынның дәрісін тыңдадық. Ақын «Қазақтың жаны» жайлы сөз қозғады. Қазақтың жаны –Шалкиіз жыраудың «сұлтан жаны», Махамбеттің «әділ жаны», Абайдың «жұмбақ жаны», Мағжанның «жаралы жаны», Мұқағалидың «нәзік жаны» екенін айтты ақын. Иә, шынында солай екен. Біз сол жанды сақтап, «қол-аяғы байланған дүниеде» еркіндікке жеттік.

Енді оны қалай сақтауымыз керек? Өлімнен күшті ұятымызбен ғана, «Ұятты жанымызбен» ғана сақтай аламыз. Ұят – дүниедегі барлық құндылықтардың бастауы. Рахымжан аға күнделігіне «Ұят – біреу. Бет – екеу. Қалай жеткізерсің?», «Ұят адаммен бірге туып, бұрын өледі», «Ұят – тауар емес. Бірақ дефицит!» деген сөздерді жазып қалдырыпты. «Ұятты жанымызды» сақтайық, азаттығымызды қорғайық!

 

*  *  *

«Қараша қаздар қайтқанда» драмасының басындағы Ана мен Айдынның диалогы шығарманың болмысын ашып тұрғандай:

Ана:  Әкеңді  адал  ғып  өсірдім.  Адалды  аялаған  заманды  көрмей  өтіп  барам,  балам.  Қатайып  кеткені  содан  да  шығар.  Саған  жақсы  болсын  дейді.  Тек  озып  кете  көрме  қатарыңнан.

Айдын: Неге, апа?

Ана: Оның жауабын өмірдің өзі берер.

Иә, адалды аяламайтын заманда, қатардан озғандардың қасіреті қаншама?!Осы бір диалогтан өрбитін оқиғалар қандай қиын-қыстау заман болса да, қандай дүрбелең туса да тарихқа адал болуды үйретеді.

 

Туындының мазмұнын арттырып, оқушыны ой тереңіне тартатын ерекше деталь бар. Онда аманатқа адалдық деген ұғым ерекше ашылған. Бұны екі көріністен анық байқаймыз.

Әуелгі көрініс:

Ана:  Аманатым  бар.  ...Әулетіміздің  бойтұмарындай  дүние.  (Өзге  бөлмеге  өтіп   кетіп   қайта   оралады.   Столға   алтын   сағат   пен   Калининнің портретін қояды).

Айдын(таңырқап):  Сағат?  Бұл  кімдікі?  Мынау  Калинин ғой. (Сағатты құлағына тосады) Жүріп тұр.

Ана:  Ол  тоқтамақ  емес.  Бойтұмар    осы.  Нағашы  атаң  Дәулет  болыс  болған.  Ел  билеген.  Содан  қалған  екі  көз.  Бірі    мен,  бірі    осы  алтын  сағат.  Мен  әзірге  тірімін,  ал  бұл өлмес. Осы сағат... (Көзіне орамалын апарып отырып қалады).  Жақсының  сағын  сындырғанша,  арғымақ  көрсе  ақсатқанша  мігір  таппайтын  бір  қу  мүйіз  заман  өтті  ғой.  Бәрі  соның  құрбаны.  Мен  айта  алмаған  сырды  саған  осы  сағат  айтар,  жарығым.  Мұның  әрбір  соққан  үнінде  ұланғайыр тарих жатыр. Ат жалы, түйе қомындағы замана дауысы жатыр. Тоқтата көрме сол дауысты.

Ана аманаты айтылды.

Ендігі кезек келесі көрініске ауысады. Баяғы аманат арқалаған Айдын «Сотби» сауда офисіне аукционға келеді. Осы тұсты оқып отырып, менің миымды жаман ой меңдеп, басымды арам ниет биледі. Демек, Дәулет сәбидің жұдырығындай алтын сағатты сатуға келді. Қомақты қаржыға!!!

Бірақ, «Жоқ-жоқ! Сатқалы келгем жоқ» дегенде көңілім орнына түсті.

Көңілім орнына түссе де, жарты миллион доллардың буы кітап ішінен бұрқырап, көз алдымды тұмандатып жіберді. Мен болсам, сатып жіберіп, ай сайынғы жалақымның жартысын жұтып жүрген кредитімнен біржола құтылар едім, су жаңа шетелдік көлік мініп, шалқып жүрер едім... сатып жіберер едім.

Менің бұл ойымды сауда офисіндегі еркек қостады: «Сатылмаған  не  қалды?  Айтыңызшы,  зат  тұрмақ,  адамның  өзі  де,  аузындағы  сөзі  де...»

Айдын болса, қабағын шытып: «Қойыңыз мистер. Мәселен, Күлтегіннің  құрметіне  арналған  руникалық  жазуда:  «Исі  түркі  халқы  үшін  түнде  ұйықтамадым.  Күндіз  отырмадым.  Қызыл  қанымды  төктім.  Жанымды  садаға  еттім»,- деген сөз бар. Осыны сатып алуға дәулет жете ме? Оны бағалай аласыз ба? Жо-жоқ, мырзам. Қателесесіз. Қалған, бұ дүниеде сатылмайтындар: ар, иман, намыс, аманат, кеткен тарих, өткен өмір...

...бұл  сағатта  бір әулеттің, бір әулет емес-ау, күллі елдің тарихы жатыр. Қуанышы, қайғысы, мұңы, наласы, шүкірлігі...»

         Айдын мын сөздерді тура маған айтып тұрғандай болды. Бұл қуатты сөз бағанағы ойымнан – қымбат шетелдік көліктен, зәулім сарайдан бас тартқызды. Иә, жалпы адамзаттық құндылықтар сатылмайды!

Тұтқындағы әкесін іздеп келген кішкентай қызына Дәулет болыс (жан-жағына алақтап қарап, сыбырлап): «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен, қызым, мә, мынау алтын  сағат.  Нанға  ауыстыр,  сат.  Қарындарың  ашпасын,  қалқам», - деп драманың негізгі өзегіне айналған алтын сағатты ұстатқан.

Екеуінің әңгімесін тығылып тыңдап тұрған милиционер қорғансыз қыздан алтынды алып қоюды ойлайды. Бірақ онысы жүзеге аспайды. Әулеттің бойтұмары Ананың қолына осылай түскен еді.

Кезінде әжесі (Дәулет байдың қызы) де «алтын күміс тас екенін білсе де», аш қарынын жұбату үшін саудагер әйелдерге алтын сағатты сатып жібермеген еді. Енді міне, «Сотби» сауда офисінде қаншама долларға бағаланса да Айдын аманатқа адал болды.

        

Ал, екінші аманаттың жайы мынадай. Арқаңызды шымырлататын бұл эипзод Дәулет болыс пен тергеуші НКВД қызметкері Қарабаевтың арасында өрбиді. Дәулет болыскезінде тергеушінің әкесін Орынбордан шығып, жаяу-жалпылап  елге  жете  алмай  Тұзтөбенің  маңында  аштықтан  бұралып  жатқанда  күймесіне  мінгізген екен.  Ауылға  келген  соң  ол: «Дәулет,   осы   жақсылығыңды   ұрпағыма   аманат   етермін.   Балаларым   қолыңа   су   құйып   өтер», - деп жылаған екен. Бірақ, олай болмады.Адасқан ұрпақ аманатқа қиянат жасап, болыстың қолына су құймай, керісінше, кісен салды.

Иә, «бір түйір ұят екі бетке бірдей жетпеді»!

Болысқа кім, қандай жала жапты?

Кезінде өзі қамқор болған кедей Жәутік Дәулетті «Жапонның шпионы» депті. Бұл жалаға мойынсұнбаған бай «Жапон?  Ол  өзі  қай  жерде?  Біздің  ауылдан  алыс па?» дейді.

Ал, Жәутік ернін  жалап:  Соңғы  кезде  күнде  кешке  қарай атына мініп жалғыз өзі кетіп қалып жүрді.

Миллиционер: Сосын?..

Жәутік: Сосын таң ата аты ақкөбік боп терге шомылып оралады.   Демек,   Жапонияға   барып   келіп   жүрген.   Әдейі аңдыдым.

Шығарманың осы тұсына келгенде еріксіз жымиясыз. Күлкіңіз келеді. Ол күлкі ызадан туады, ашынғаннан. «Атын ақкөбік қылып терге шомылдырып, Жапонияға бір түнде барып келген» Дәулет болысты «елестетесіз». Шарасыз, өтіріктің тұсауына ілініп, сатқындықтың құрбаны болған Дәулет болысты көресіз.

Осы тұста Баянауыл аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау»), облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы»), республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде қызмет еткен баянауылдық журналист, сатирик Жанат Тұрғанбекұлының  кітабынан оқыған мына бір әңгіме еске түседі:

Біздің жақта Қозғанбай деген ақсақал өтіпті. Қой аузынан шөп алмайтын, адам баласына зияны, қақ-соқта жұмысы жоқ момын жан болыпты. Сол Қозекең халық жауы болып он жылға сотталып, Сахалинге барып келіпті.

Оның халық жауы атану әңгімесі былай өрбиді:

...соғыс жылдары «Военный налог», «Крестьянский налог» деген салық түрлері көбейіп кетіп, төлей-төлей әбден ығыр болып, май өткізіп қамығып келе жатқан Қозекеңе көршісі кездесіп:

– Уа, Қозеке, қайдан келесіз, мына кәстрөліңіз не қолыңыздағы?, - деп сұрамай ма.

– Май тапсырып келемін.

– Е, алдыңғы күні ғана тапсырып едіңіз ғой.

– Е, тағы да тапсыр-тапсырдың астына алып болып жатыр ма, Сталиннің жүрегі қарайып жатыр дейді, - демесі бар ма сор түрткен байғұс.

«Ұлы көсемнің» атына улы сөз айтқан адам «нағыз халық жауының өзі емес пе?» Сахалин қайдасың деп айдалып кете барған.

 

*  *  *

Драмаға тағы бір үңілейік:

Қыз жанкештілік танытып, әкесін қапастан босатып алу үшін жанталасады. Әкесінің «Бүкілодақтық староста» атанған Калининге жазған хатын жеткізу үшін Кремльдің қақпасының алдына түнеп жүріп,ақыры дегеніне жетеді. Калинин жолдастың «Немедленно освободить!» деген бұйрығы жазылған қағазды алады. Қайсарлығымен, адалдығымен, өрлігімен алады.

Сол қағазды алып әкесі жатқан түрмеге келеді. Тергеуші әуел баста «Он күн бұрын Сібірге айдалған» деп қызды кеудесінен түйіп кеп, «Сәбет мекемесінен» қуып шықпақ болады. Бірақ өжет қыз арпалысып: «Міне,  мынау  Калинин  қол  қойған  қағаз. Оқы, жолдас тергеуші Қарабаев» деп қағазды әлгінің көзіне шұқып көрсетеді.

Тергеуші(қағазды қолына алып шошып кетеді): Калинин!  Ойбай,  не  дейд?!  (Қалтырап-дірілдеп)  «Немедленно   освободить!»   Құрыдық.   Қайда   әлгілер?(Қызға)Кел,  қарындасым,  келе  ғой  (Жаны  қалмай  жалбақтап).Жұмыс  ауыр.  Бас  көтертпейді.  Су  ішші (Графиннен  су  құйып аузына тосады). Әй, баламысың деген, бірден солай демейсің  бе,  Калининнен!  Все!  (Жанталасып) Қайда әлгілер? (Жан-жаққа жалақтап) Қайда құрыған?!

Қыз (жаймен, талықсып): Әкем... әкемді босатыңыз.

Тергеуші(әрлі-берлі  жүгіріп):  Қайда  кеткен?  Иттер!  Дүние не болып кетті? Ойпырай, тура Мәскеуден! «Немедленно освободить!» Все!

Қыз: Калининнен.

Тергеуші: Өзің бардың ба? Өзің?

Қыз: Кремльге. Өзім, өзім бардым.

Тергеуші (жағымпазданып):  Ақсақал  «айналайын»  деді ме?

Қыз: Деді. Сіздердей емес. Аса мейірімді екен.

Тергеуші:  Опырай,  а,  рас  па?  (Осы  кезде  алыстан  үздіксіз   атқан   мылтық   дауысы,   иттердің   арсылдап   үргені,  тұтқындардың  шыңғыра  құлағаны  естіледі.  Қыз  құлағын   баса   қалады.   Отырған   орнында   еңкейе   береді.Орыс азаматы есіктен енеді).

Орыс азаматы (тергеушіге): Жәй шақырдыңыз ба?

Тергеуші (жұлып   алғандай):   Жәй   емес!(Қызды нұсқап) Каримовтың қызы.

Орыс азаматы: Ал. Әлгі алашордашыл ма?

Тергеуші:Мәскеуден(сұқ   саусағымен   төбені   нұсқап)  келіп  отыр.  Тура  Калининнен.  Міне,  қағазы.  Сен  де  тергеушісің.

Орыс азаматы (түсінбей): Сосын?..

Тергеуші:Мен  асығыспын.  Прокуратура  шақырып  жатыр. (Жанталасып   біресе   бөркіне,   біресе   папкасына   жармасып) Кеттім. Өзің түсіндір. Все!

Орыс азаматы (қағазды оқып): Немедленно освободить. Калинин! Ахх! (Столға отыра қалады). Не дейд?!

Қыз: Босатыңыз әкемді.

Орыс азаматы:   Ах!   Біз   оны   он   күн   бұрын   атып   жібердік  қой!  (Қолы  дірілдеп,  қағаз  қалтырап)Осыдан  тура он күн бұрын. Алашордашылармен бірге!

Қыз(шырқырап):  Әке!  (Құлай  кетеді).  Әке,  не  деп  тұр  мынау,  әке!  (Қаңқылдаған  қаз  даусы,  қанат  сусылы  естіледі.  Мылтық  тарс  етіп  атылады.  Дүркіреп  ұшқан,  қаңқылдаған қаз даусы алыстай береді).

 

Драманың басында қарт Ананың немересі Айдынға аманаттаған құнды қазынасының бірі осы Калининнің суреті еді. Бұл әкені өлімнен құтқара алмаса да, қыздың сөзін аяқасты етпеген адамдық қасиетке деген құрмет деп білген жөн.

 

*  *  *

Сөз соңында мына бір эпизодқа назар аударуды жөн көрдім:

Бұл сағат – қымбат  қазына. Ол – 1897  жылы  Швейцарияда мұндай маркамен жасалған, ұшты-күйлі жоғалды деп саналып келген 15 сағаттың біреуі... Айдын жас күнінде алтын сағаттың бетін шегемен тырнап, жазу жазады. Содан аздап бүлінген екен. Аукциондағы еркек пен әйел соның кесірінен бағасы төмендейтінін айтады. Бірақ сағаттың тарихын естігенде баға жетпес құнды дүние екеніне көз жеткізеді. Сол тарих алтын сағаттың құнын өсіріп, бағасын арттырады.

Осы тұсқа үңілсек, ата-баба қаны, маңдай тері сіңген тарихқа қолмен сызат түспек емес. Осы шағын ғана көрініс арқылы Рахымжан Отарбаев ұлы даланың ұлы тарихына «тасада тұрып тас атқандардың» кесектерінен титтей де сызат түспейтінін меңзеп отыр.

Ол қандай тарих?

Атадан қалған, аузын үріп, аяғын сыпырған, ақ адал малы үшін, кедей-кепшікке жазда сауын, қыста соғым бергені үшін, жалған жала жабылып түрмеге тоғытылған Дәулет болыстың басынан өткен қанды қасап. Бұл тек Дәулет байдың басындағы дүрбелең бе? Бұл қазақтың басындағы ойран. Қазаққа жасалған қастандық.

Айдынның «Тарих  сатыла  ма?  Ана  аманаты  саудаға  түсе  ме?  Деньги  закончатся,  а  позор  останется,  дорогой!  Бұл  алтын  емес!  (Сағатты  қолына  ұстап)Отбасының  да  емес,  күллі  Отанымыздың  тарихы.  Тағдыры.  Кешкен  ғұмыры,  шеккен   бейнеті.   Жұқа   бағы,   қалың   соры» деген сөзі Рахымжанның өз дауысы болып құлағымда жаңғырып тұр...

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.