«ОТАРБАЕВ БОМБАСЫ»

 

Сонау жылдары біз Алтайда, мектепте оқып жүрген кезден қазақтың классик жазушыларымен қатар, Рахымжан Отарбаев есімі де таныс еді.  «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры» т.б. шығармалары өзге ақын-жазушылардың кітаптарымен қоса шекарадан тамтұмдап өткен қазақтардың жол сөмкесімен келіп, әр тарапқа шарлап кететін.

 

Ол жылдардағы студенттердің көркем әдебиетке деген шөлі, құштарлығы орасан еді. Көбейтіп басатын құрлғылар жоқтың қасы немесе енді шыға бастаған кез. Қазақстандық қаламгерлердің шүйгін шығармаларына сусаған жастар ерінбей-жалықпай, өздері қызыққан дүниелерді арнайы дәптерге көшіріп алатын да, құрандай сақтайтын. Оны «киіз кітап» деп атайтын. Мұқағали мен Тұманбайдың, Мұхтар Шахановтың, Ұлықбек Есдәулет пен Жұматай Жақыпбайдың өлеңдері, Оралхан Бөкейдің, Тынымбайдың, Рахымжан Отарбайевтың, Марат Қабанбайдың, басқа да мықтылардың шығармалары сол «киіз кітаптар» арқылы әр қалалардағы студент жатақханаларын шарлап жүретін.

 

Бертін келе Бейжің мен Шинжияңдағы қазақ баспалары ұлы классиктердің үздік шығармаларын лек-легімен басып шығара бастады. Қалада оқып жатқан біздер, ай соңында үй жақтан келген ақшаны почтадан шығарып ала сала кітапханаға жүгіретін едік...

 

Екі мыңыншы жылдардан кейінгі Қытайдағы баспа ісінің қарқынды дамуы – сол жақтағы қазақтар үшін аса пайдалы болды. Іздегеніңді табасың, қалағаныңды аласың дегендей. 2008 жылы Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан Отарбаевтың «Соғыстың соңғы бомбасы» деген кітабы жарық көрді. Баспадан шыға дерлік сатылып кетті. Аз ғана уақыт ішінде оқырман жүрегін жаулаған шығармалары жаппай жұрт назарына «Отарбаев Бомбасы» деген атқа ие болды. Ол жақтағы «Сен қазақ», «Күлтегін», «Бозбала», «Куә бол» деген сияқты қазақтілді интернет сайттар арқылы Отарбаев дауылын сезіп отырдық. Жас та, кәрі де Рахымжан ағаның қаламынан туған көркем дүниелерді тамсана оқыды. Осы жақта шыққан әр жаңа туындылары жоғарыда айтылған сайттар арқылы ой мен қырды, қала мен даланы махаббат бесігіне, ізгілік жөргегіне бөледі.

 

 

Бұдан тыс, қытай тіліне аударылып басылып шыққан кітаптары Бейжің мен Шаңхайдағы, өзге де ірі орталық шаһарлардағы қытай жазушылары мен тарихшыларының назарын аударғаны бөлек әңгіме...

 

Көрші елдердің психологиясын, мінезін бақылау үшін сол елдің әдебиеті мен тарихын зерттейтін қытайлар – Отарбаевтың асқақ намысты һәм жанкешті кейіпкерлері арқылы Ұлы далада өмір сүрып жатқан халықтың, кезінде өздерін билеген көшпенділердің тұқымы мына біздер туралы қандай пайым-түсінікке келгені әрине, маған аян.

 

Алтай мен Ақсай арасындағы байтақ жерде ғұмыр кешіп, ғасырлар бойғы дәстүрі мен салтын ұстанып, тіліне ақау түсірмей келе жатқан екі миллионға жуық қазақтың көзі ашық қауымы арасында «Отарбаев бомбасы» аталып кеткен Рахымжан аға шығармаларының заманалар жауыны өшіре алмас жалыны әлі де сәулесін шаша бермек.

 

Батыс Түркі қағанатының ордасы тігіліп, тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен Алтай мен Тарбағатай, һәм Іле бетіндегі әр қазақтың шаңырағында Отарбаев «бомбасы» бар, қазір...

 

 

Ұларбек Дәлейұлы, ақын.

«Төлеген Айбергенов» атындағы сыйлықтың иегері.