2020 жыл. Жүдеу құстар жылы жаққа жетімсірей ұшатын қауыс айы. «Суығы мен ызғарына» құстардан да қатты жүдеген тұрғындарға толы мемлекет – Қазақстан. Көшедегі қайыр тілеп жүрген жалғыз басты ананың ерніндегі әлсіз күбірі – «Мейірім керек, мейірім...» осыдан басқа құлаққа дым естілмейді... Тағы да қалғып бара жатырмын!
Студенттік өмірдің түйінделетін шағы. Ғылыми жұмысқа кімді тақырып етіп алсам деп бас ауырып жүрген кез. Бұл қазақтың қай қырына тісің батып, қай қырынан жаңалық аша аласың, тарихы да, әдебиеті де біртүрлі, аянышты халық қой өзі... Көп кітаптың көгілдір тысына қарап отырып ұйықтап кетіппін... Түсіме Отарбаев кіріпті!
Қошқар мүйізді оюлы шапан киіпті, шашы Жайықтың желімен артына қарай қайырылып, жүзі күлімсірей, елжірей кіріп келді. Біздің ауылдағы қарапайым үйдің бірі екен деймін. Есіктен еңкейе кірді де, оюлы шапанының қалтасынан бір бейнетаспаны алып: «Қарашы, берді ғой маған, бүгінге дейін жасырып келіп еді, берді, қандай керемет, берді...» деп тебірене сөйлеп, бейнетаспаны маған ұстата берді. Таспаның бетіне шашы Жайықтың желімен артына қарай қайырылып, жүзі күлімсіреп, Атырауына елжірей қарап тұрған сол суреті басылыпты... «Бас» романы кино болып түсірілген болды ғой... Бірақ, онда неге Махамбеттің суреті емес өзінің суреті тұр... Әлде, көптен жасырған көл-көсір мұңға толы тағы бір шығармасы шығар... Не де болса бұл таспаны өзіме сақтап алуым керек деген қастерлі ой... Бойы қандай ұзын, күлгені ме, елжірегені ме бұл, жылы жүз, әйтеуір, нұрлы шырай... Неге тіл қата алмай тұрмын, жағдайын неге сұрамаймын, қолын неге алмаймын, неге тұлғасынан «Жалғыздық» деген сөзді көріп тұрмын, неге өлімнің иісі шығады?!
Тағы да «оянбай» ояндым. Алдымда Отарбаевтың таңдамалы шығармалар жинағы. Шашы Жайықтың желімен артына қарай қайырылып, жүзі күлімсіреп, Атырауына елжірей қарап тұрған сол суреті. Күлімсіреген болдым, өтірік. Түсіме кірген бейнесі өңімде де менімен бірге екен. Кітабының кез-келген бір бетін аштым. «Мона Лиза». Оқып отырып күлдім, жылау қандай қасіретті болса сондай қасіретпен күлдім. Мона Лиза мен Моншақтың жалғыздығы – тұтас Европа мен Қазақияның жалғыздығы. Мона Лиза мен Моншақтың «Сен сиқырсың», «Сен жабайысың» деп шаштасуы – тұтас халықтың үнсіз жүре беретін күресі. «Буынды шөптің үстінде, бұлтты көктің астында сен аман жүрші, - дедім сыбырлап. – Мені қойшы...», «Хош, арманым боп табысып, азабым боп ажырасқан Мона Лиза. Кешір, Моншақ!». Кітаптың бетін жаптым. Бұл қаншасыншы рет қайта жапқаным екені есімде жоқ. Маған ұнайтыны оның жалғыздығы, иә, кітаптың, Рахымжанның. Сол жалғыздығы үшін қайталап оқи беремін, дәмі кетпейді, керісінше...
Түсіме кіргені – менің оны жақсы көретінімді білгені ғой деп жорыдым. Ырым ғой. Бірдеңе жазғым келді, құсни сәлем жазғым келді, ғылыми жұмыс ше?
«Рахымжан Отарбаев прозасы». «Сөзің бүтін екен, бала, бірдеме шығар, ең жоғары баға қойдым» деген ұстаздың аяулы лебізімен бұл жұмыс та нүктеге жақын. Қайта оқып қарасам Рахымжанның жалғыздығын жаза алмаппын. Түсінбеймін, неге өзім көре алған жалғыздығын елге көрсетіп жаза алмаймын? Неге тағы көзім ілініп барады?..
Тағы да «Суық пен ызғарға» құстардан да қатты жүдеген тұрғындарға толы мемлекет – Қазақстан. Жоқшылық адамды жауыздыққа апарады. Артық білім де адамды сатқындыққа жетелейді. Осындай адамдардың ішіндегі мен, мен, иә, дәл мен. Көңілсіз ғана үйге қайтып келеді екенмін, автобуспен, үй дегенім – жалдамалы пәтер. Автобуста ине-шаншар жер жоқ. Терезенің сығырайған саңылауынан сыртқа қарап келемін. Көшедегі адамдардың, шырақтардың, үнсіз жатқан қара жолдардың тағдыры бір екен. Көңілсіз, мен сияқты, жоқ мен солар сияқтымын ба?! Үнсіз ойлардың арпалысынан қашып құтыла алмадым. Басыңды қалай бұрсаң да әділетсіздік, мейірімсіздік, опасыздық көресің. Үнтаспадан құлаққа естіліп тұрған әуезді ән де өтірік, алдамшы... Отарбаевты ойладым, жалғыздықты. Адамды жылдар емес, ой қартайтады. Өмір емес, көңіл өлтіреді. Баянсыздық деген жоқ, жалғыздық деген бар, сол жалғыздықтың ішінде біз бармыз, біз қалай бар болсақ солай баянсызбыз. Біз ең ұлы байлықтың руханият екенін ұмытқанбыз, ақшаны жақсы көреміз, жалғыздықты жек көреміз... Автобус тербелісіндегі терең ойлардың күбірі осы. «Жылағым келді, жас таба алмадым...»
Оянғым келмейді. Оянсаң да көретінің осы қоғам, сірә, біздің қоғам түсімізге де әдемі боп кіруден қалған-ау, кейде хор қыздарымен ләззатқа батып жүрген түстер көресің. Сонда осы азап пен қайғыға толы осы өміріңді тозақ шығар деп ойлайсың. Мүмкін, бізді алдан келесі өміріміз, нағыз жұмағымыз күтетін шығар, кім біліпті... Әйтеуір бәрі сол жаққа кетіп жатыр, хабарласпайды, түсіңе кірсе де ештеңе айтпайды, жалғыздығы ғана көрінеді де тұрады бәрінің... Бұл өмірдің жалғыз ғана шындығы болса, ол – махаббат шығар, махаббат азабынан артық бақыт бар ма бұл өмірде?! Сол махаббат азабына алданып жүре тұрсын дейтін шығар олар да! Әлде, өздерінің ғажап мекендерін бізден қызғана ма екен, жоқ әлде олар жалғыздықтың ең шыңырау шыңына шығып, мына әлемнің тұңғиық тылсымдарын көріп, ести ала ма екен?! Жалғыздық, махаббат, бақыт... Ұйқылы-ояу, өң мен түстің арасындағы бейуақ ойлар, меңіреу жанар, мең-зең көңіл, жалыққан сана, жаттанды қоғам, тасбауыр тағдыр, бөтен болған бөтен, жау болған жақын, көп ішіндегі жалғыз, өзіңнің ішіңдегі жалғыздық... Оянғым келмейді...
Рахымжан Отарбаев. Шығармаларын бір жолда түгелімен оқып шыққыңыз келеді. Бірақ мен сізге олай оқудың дұрыс емес екенін ескертемін. Отарбаев шығармаларын дәмін алып оқу керек. Шығарма бойындағы характеристиканы бойыңызға сіңіріп, оқиға желісіндегі кейіпкер образына еніп оқуыңыз керек. Бір сөзбен айтқанда Рахымжан Отарбаев шығармаларын жалғыздықпен оқу керек. Ол жалғыздық махаббаттың немесе жеке адамның жалғыздығы емес, жанның жалғыздығы, өзіңіздің ішіңіздегі Өзіңіздің жалғыздығыңыз. Сосын, Рахымжан Отарбаевты қайталап оқу керек. Бұл сіздің жалғыздыққа оралуыңыз немесе Өзіңізді іздеуіңіз. Шығармадан тек өзіңізді іздеңіз, егер басқа біреуді іздесеңіз, онда пенде болғаныңыз! «Көңілінің кірі бар адамға қағаз-қалам ұстатуға болмайды, себебі ол ақ параққа көңілінің кірін түсіреді...» Бойында пендешілігі бар, адамгершілігі жоқ адамға кітап оқуға болмайды, себебі ол кітап оқыса не кітапты құртады, не өзін-өзі құртады! Сіз жалғыз болсаңыз бақытсыз емессіз, бақытты болсаңыз жалғыз емессіз... Рахымжан Отарбаев шығармаларындағы жалғыздық оқырманның жүрегіне бойламайды, тікелей ішіне, ішкі Меніне бойлайды. Көп оқысаңыз базар жағалауыңыз мүмкін, жібек жіп сатып алуға, асылып өлетін...
Осы бар жоғы белгісіз елдің жоғын жоқтау да қиынның қиыны. Тарихы өтірік, халқының бойындағы тамшы қанына дейін қасірет сіңген, санасы шайқалған, мәңгүрттене бастаған бұ халықтың жоғын жоқтайсың ба, барын түгендейсің бе?! Өзінің басы жоқ тірі адамға өлі Махамбеттің басы туралы қалай сөз қозғайсың?.. Өзі-өзіне келімсек болып отырған елге Мысырды билеген Сұлтан Бейбарысты айтып қайтесің?! Өздері қойылымға айналып, әрбірі әртіс болған бұл адамдарға жазған пьесаңның не керегі бар?! Сенің құшырланып айтқан «Актриса» мен «Амазонка...» туралы әңгімелеріңді бұл жұрт түсінеді дейсің бе?! Тфу деп, сары тісінің арасынан бір түкіріп, қайтадан шақшасына қол салып отыра беретін халық қой бұл... Осыдан кейін «мен жалғыз емеспін, менің халқым бар, елім бар...» деп қалай айтасың? Жалғыз екеніңді жалғыздығыңа көрсетуден ұялып, қысылып өмір сүресің де жүресің. Отарбаевтың сүрген өмірі міне, осы өмір. Оны өмірден безіндерген де біз, оны осы өмірге алғаш ғашық еткен де біз. Адам қасіретке де ғашық болады, егер ол шынымен Адам болса. Рахымжан сол адамның бірі. Бізге, біздің қасіретімізге ғашық болды. Бізге барын арнады. Бізді оған ғашық еткен оның шығармалары. Ал, оның шығармалары біз туралы. Сонда біз айналып келгенде өз қасіретімізге өзіміз ғашық болып, өз жалғыздығымызды өзіміз жырлап жүрген пенделерміз!
Белгісіз бір жыл. Терезеден сыртқа қарап тұрмын. Жүдеу. Көшедегі адамдардың жанарында бір ғана мұң, еріндерінде бір ғана күбір: «Мейірім керек, ел керек, жер керек...» дейді қайталап. Құлаққа басқа ештеңе естілмейді. Ұйықтасам оянғым келмейді, сол үшін ұйықтағым келмейді...
Соңы
Арқалық ӘМӘЛИЯТ