1995 жылы 11 қаңтар. Алматы қаласы, Достық ықшам ауданы, Ленин көшесі 13/4,
2017 жылы жазылған
(драма)
Қатынасушылар:
Ағайынды үшеу
Ердәулет – отызда
Бақдәулет – жиырма бесте
Сырым – жиырма бірде
Полицей
Екі жүк тасушы
Бірінші бөлім
Оқиға үш ағайындының үйінде – қара шаңырақта өтеді. Сырым мен Бақдәулет үйдің ішінде отырады.
Сырым. Мамам риза болса болды.
Бақдәулет. Негізі елу жастығын әдемілеп, мейрамханада жасап берсек те болар еді. Әттең қолдың келтесі-ай! (Пауза). Мен енді-енді ыңғайланып жатырмын. Бұйыртса жұмыстан көтеретін шығар. (Пауза). Сен студентсің. Ердәулет ағаңның жағдайы анау. Осы таң қалам, үйдің үлкені деген інілерінің жағдайын жасап, бір-бір әулетті ұстап отырушы еді. Біздің Ердәулет... Үйге келіп жүр ме?
Сырым. Иә. Кейде апталап, айлап жоғалып кетеді.
Бақдәулет. Әйел алып, мамамның қолын ыстық суға салып қоятын жөні бар ғой. Сен үйленгенше осында тұрса да болар еді. Жасы отызға келді, жүрісі мынау.
Сырым. Жеңгем екеуіңіз келмейсіздер ме?
Бақдәулет. Ой біз қайда сыямыз? Мамам бар, сен барсың, Ерекең бар... Қабаттасып кетеміз ғой. Әйтпесе квартира тұрғанша, осында-ақ келіп алмаймын ба?
Сырым. Жеңгем қайда? Келмей ме?
Бақдәулет. Жоқ, Сейсенованы қалдырып кеттім. Дүйсеновтар өздері отырсын деп. (Күледі). Ертең ертіп келем ғой. Кіріп қайтамыз. Бүгін жұмыстан шыға салып осында қарай ұштым.
Сырым. Мамам риза болатын шығар.
Бақдәулет. Ердәулетпен неге бірге бармадың?
Сырым. Көкем өзі керек емес деді. Доставканың машинасымен келе саламын, сыймайсың деп айтты.
Бақдәулет. Жоғалды ғой. (Сағатына қарап). Келді ғой деймін ия?
Сырым екеуі шығып кетеді. Қайта кіреді. Сырым ешік ашып, жол ашып жүреді. Бақдәулет пен Ердәулет шифонердің бөлшектерін көтеріп үйге кіріп, қойып жатады. Үшеуі сахнаның сыртынан шифонердің бөлшектерін тасиды. Бақдәулет жейдесін былғап алмайын деп, «аккуратно» қозғалады. Ердәулет болса заттарды үстіне тақап алып, шаң қылады. Оның үстіне киімі де нашарлау. Сырым замануи киінген.
Бақдәулет. Мамам мәз болатын шығар.
Сырым. Ия! Алдында шифонер алу керек еді, мынаның тозығы жетті деп жатқан.
Бақдәулет. Сенің айтқаның дұрыс болды.
Ердәулет. Заттардың бәрі түсті ғой ия?
Сырым. Иә, ештеңе қалған жоқ.
Бақдәулет. Ереке, мама келгенше құрап тастайық.
Ердәулет. Құрайық, құрайық. Сырым сен шай қойып қойсаңшы.
Сырым. Жарайды, көке.
Сырым қызанақ-қияр турап салат жасай бастайды. Бақдәулет пен Ердәулет отырып алып, шруптарын бұрайды.
Бақдәулет. Баға деген шарықтап кетіп барады ғой. А, Ереке? (Пауза). Бірақ басқа елдермен салыстырған бізде бәрі арзан екен. Шүкір, негізі. Халықта ақша бар. Ақша болмаса, көшеде пробка болмас еді. Елдің бәрінде бірден-екіден машина. (Пауза). Осы шифонердің өзі төрт жүз мыңға шығып кетті ия?
Ердәулет. (Күмілжіл). Ия, шамамен сондай.
Бақдәулет. Бірақ төрт жүз мыңың да оңай ақша емес. Төрт-бес айдың зарплатасы ғой. (Пауза). Жүз елу мыңның өзін әрең-әрең жинадым. Квартираң бар, тамағың бар, жолың бар, бала-шаға...
Ердәулет. Айтпақшы, келін қалай?
Бақдәулет. Жақсы шүкір. «Қайынағам қашан абысын әкеледі»,-деп жүр. (Күледі). Келініңе не деп айтып барайын, Ереке?
Ердәулет. Қайынағасы абысын әкеле алмай жатыр ғой сол.
Бақдәулет. Жұмыс жағы не болып жатыр?
Ердәулет. Қазір бос болып қалдым. Бригадир жақында жұмыс шығуы керек деген. Хабарласады.
Бақдәулет. Бір нормально жұмысқа кіріп алсаңшы. Қашанғы құрылыста жүресің.
Ердәулет. Кім маған жұмыс дайындап отыр?
Бақдәулет. Бір таныс кісінің фирмасы бар. Соған водитель керек деп жүр еді. Бір күн істеп екі күн демаласың. Мен сонымен сөйлесейінші.
Олар шифонердің қаңқасын құрап қояды. Жандарына Сырым келеді.
Сырым. Шай дайын.
Бақдәулет. Міне аз қалды. (Пауза). Оқуың қалай, Сырым?
Сырым. Жақсы, көке. Келесі айда шетелге шығамын бұйыртса.
Бақдәулет. Молодец! Оқы! (Пауза). Денсаулығың жақсы ма? Ауырып жүрген жоқсың ба?
Сырым. Бәрі жақсы.
Бақдәулет. Дұрыс! Оқы, оқы, Сырым! Қазір білімді болмасаң, жұмыс табу қиын. Мамандығыңды жақсылап меңгеріп алмасаң, ертең жұмыс таппай құрылыста, охранада тиын-теріп қаласың. (Ердәулет жалт қарайды. Терең күрсінеді де, жұмысын жалғастыра береді). Оқы, інім!
Сырым. Оқып жүрмін, аға!
Бақдәулет. Ақшадан қысылып қалған жоқсың ба?
Сырым. Жоқ, нормально. Алдында біреудің дипломына көмектескенмін. Соның ақшасы ғой.
Бақдәулет. Біздің Сырым жігіт-ей! Жарайсың!
Сырым. Құрауға көмектесейін бе?
Ердәулет. Жоқ, болды. Өзіміз бітіре саламыз. Бір шифонерге үшеуіміз топырлап отырамыз ба?! Оданда сен етті шыж-быж дегізіп, сковородкаға қуырып жіберсеңші. Мамаңның да жұмыстан қарны ашып келеді. Пиязды турап тұрып... Өлтіріп жасайтын едің ғой, Сырым. Сөйтсеңші. Ұрып алайық.
Сырым. Окей, көкесі!
Ердәулет. Торт тамақ болмайды.
Сырым ет турап, тамақ дайындайды. Ердәулеттің телефоны шырылдап ары қарай оңаша шығады.
Ердәулет. (Телефонға). Ия, бәрі ойдағыдай. Алдым. Әңгіме жоқ. Саған да маған да дұрыс болды. (Пауза). Жарайды, хабарласпаймын, басекең сезіктеніп қалмасын. Жақсы, жақсы, хабардамыз.
Ердәулет шифонердің жанына келіп, қайта ісіне кіріседі.
Бақдәулет. Алдағы уақытқа не жоспарың бар, Ереке?
Ердәулет. Білмеймін... Өмір өтіп барады.
Бақдәулет. Үйленіп алсаңшы енді.
Ердәулет. Есі дұрыс қыз қараушы ма еді маған? Не үйім жоқ, не көлігім, не тұрақты жұмысым жоқ?
Бақдәулет. Үй бар ғой. Сырым үйленгенше осында-ақ тұра бер.
Ердәулет. Ол қыздың қалың малы болады, кит-миті бар, тойың болады...
Бақдәулет. Енді осылай жүре беремісің? Қиын болса да, жұрттар үйленіп жатыр ғой.
Ердәулет. Көрерміз. Бірдеңесі болар.
Бақдәулет. Сырым да өсіп қалды. Ертең ол да үйленемін дейді.
Ердәулет. Үйленсін.
Бақдәулет. Бұлай жүргеніңе мамамның жүрегі ауырмайды деймісің? Уайымдайды ғой.
Ердәулет. (Қабағын түйіп). Көп сөйлей бермеші.
Бақдәулет. Мен сөйлемегенде кім сөйлейді? Осыны саған мен айтпағанда кім айтады?
Ердәулет. Сенің маған ақыл айтатын жөнің жоқ.
Бақдәулет. Неге жөнім жоқ? Ініңмін, айтатын жерінде айтамын.
Ердәулет. Інілер ағаларына ақыл үйретпейді.
Бақдәулет. Мен уайымдап айтамын, Ереке. Маған сенің өмірің маңызды болғасын айтамын.
Ердәулет. Уайымдамай-ақ қой.
Бақдәулет. Неге ұрыс шығарып отырсың? Мен жай айтып отырмын ғой.
Ердәулет. Айтпай-ақ қой дедім саған.
Бақдәулет. (Ренжіп). Жарайды, өзің біл!
Ердәулет. Өзім білемін.
Бақдәулет басын шайқайды да, қояды. Сырым оларға жақын келеді.
Сырым. Еті мен пиязын турап қойдым. Жарты сағаттан соң, қуырайын. Бәрібір, мамам бір сағатсыз келмейді. Тамақ суып қалады.
Бақдәулет. Мейлі, мейлі. Сіз айтсаңыз болды ғой, басеке. (Пауза). Бастық болшы, Сырым! Басың істеп тұр. Бұйыртса шетелге барып оқып келесің. Сенің шамаң келеді.
Сырым. Құдай қаласа.
Бақдәулет. Жақсылап киін, жақсы телефон ұста, өзіңді дайында. (Пауза; Сырым үстіне қарайды). Қазіргі жұрттар сыртыңа қарайды. Киімің алба-жұлба, аяқ киімің шаң-шаң болса, қалай болса, солай киінсең, қанша ақылды болсаң да, жұрт сені қабылдамайды екен. «Вид» деген нәрсеге көп көңіл бөл.
Ердәулет Бақдәулетке ала көзімен бір қарайды да, үндемей жұмысын жасай береді.
Бақдәулет. Сырым ауырып зәремізді талай ұшырып еді ғой. А, Ереке? (Ердәулет үндемейді).
Сырым. Қазір жақсы, шүкір.
Бақдәулет. Анау бір дәрігерден соң қойып кетті, иә?
Сырым. (Кідіріп барып). Иә... Басылды ғой.
Бақдәулет. Ерекең екеуің бақыттысыңдар ғой. Папам Ерекеңді жақсы көретін. «Тұңғышым»,-деп. Мамам сені еркелететін: «кенжем»,-деп. Мен әйтеуір екі ортада жүгіріп жүріп өстім. (Күледі).
Ердәулет. (Жұмысын тоқтатып, Бақдәулетке қарайды). Ой, қойшы. Керісінше папам да, мамам да сені жақсы көретін. Маған «үлкенсің ғой», Сырымға «кішісің ғой»,-деп алдап қойып, барлық нәрсені саған әперуші еді ғой. Ақ дегенің алғыс, қара дегенің қарғыс. Сега десең сега, компьютер десең компьютер, DVD-десең, DVD. Сенікі рахат өмір болды ғой. (Күліп).
Сырым. Рас, аға!
Бақдәулет. (Күліп). Расымен, ия? (Пауза). Ерекең екеуіміз төбелесіп қалсақ, Ерекеңді ұрсатын. Сонда бастайтын мен-ей! (Күледі).
Ердәулет. Бұл сұмырай құтылып кететін. Ұрыс еститін мен, соңында жылап қалатын мен.
Бақдәулет. Сен жылаңқы едің ғой. Оның үстіне менен таяқ жеп қалатынсың.
Ердәулет. Сол кезде менің не үшін жылайтынымды сен білмейсің ғой.
Бақдәулет. Ініңнен жеңіліп қалғаныңа жылайсың да. Басқа не болушы еді? (Күледі).
Ердәулет. Жоқ, одан емес. Маған шамаң жетті деп ойлайсың ба? Мен басқа нәрсеге жылайтынмын.
Бақдәулет. Өзің жылаңқы болдың, жылай беретінсің, әншейін.
Ердәулет. Жоқ. (Пауза). Інім неге маған қол көтереді? Мені неге сыйламайды деп жылайтынмын.
Үнсіздік. Ердәулет жұмысына кіріседі.
Бақдәулет. (Қалжыңдап). Інің оңбаған болды, қайтесің?!
Ердәулет. Кейде «әлі де оңбаған ба»,-деп ойлаймын.
Бақдәулет. Қойшы, Ереке. Керісінше інің үнемі сенің қамыңды ойлап жүреді.
Ердәулет. Әй, білмеймін.
Сырым. Еден жуып қоймаймын ба? А, көке? Мамам мәз болып қалсын. Үйге кіріп келгенде тамақ жасаулы, дастарханы жаюлы, едені жуулы, жаңа шифонер ол тұр. Алдынан үш баласы «Туған күніңізбен!» деп күтіп тұрса! Мәз болмай ма?!
Ердәулет. Сөйте ғой.
Сырым шелек пен швабраны алып, еден жуа бастайды.
Бақдәулет. Маған әңгімең бар сияқты ғой.
Ердәулет. Жоқ!
Бақдәулет. Жасырмай айтсаңшы.
Ердәулет. Ештеңе жасырып отырғаным жоқ. (Пауза). Үйлен, үйлен дейсің? Қай ақшама үйленемін? Сенің кредитіңді жауып біткен де жоқпыз.
Бақдәулет. Сенің кредитің дейтіндей сен алған жоқсың ғой, Ердәулет. Неге тиісерге қара таппай отырсың?
Ердәулет. Үйленген – сен, кредит алған – мама. Төлемейсің бе өзің.
Бақдәулет. Төлеймін. Кішкене реттеліп алайын. Үйленгенім кеше ғой. Сенің нең кетіп барады?
Ердәулет. Ештеңкем кетіп бара жатқан жоқ. Үйлен, үйлен деген соң, айтамын. Көріп тұрсың ғой жағдайды.
Бақдәулет. Үйленбесең қой, маған не қыл дейсің?
Ердәулет. Мыжымашы.
Бақдәулет. Ереке, артық кетпей-ақ қояйық.
Ердәулет. Мен жөнсіз сөйлеп отырғаным жоқ.
Олар шифонерді жинап бітеді. Шифонерді шалқасынан жатқызып, аяқтарын сала бастайды.
Бақдәулет. Мынаның бір аяғы жоқ қой. Үш аяқ.
Ердәулет. (Жан-жағын шолып шығады). Болу керек. (Пауза; Екеуі іздейді). Сырым, мынаның аяғын көрмедің бе?
Сырым. Байқамадым, көке. (Сырым да іздеуге кіріседі).
Бақдәулет. Түу, қырсық, қайда енді мұның аяғы. Мамамның да келетін уақыты болып қалды.
Ердәулет. Қайсың қарадыңдар газельді?
Сырым. Мен...
Ердәулет. Ештеңе қалған жоқ дедің ғой.
Сырым. Қалмаған сияқты болған.
Ердәулет. Сияқты болған дегені несі? Алаңғасар болмасаңшы!
Сырым. (Төмен қарап қалады). Жоқ сияқты болған.
Ердәулет. (Ашуланып). Сияқты дегенді айтпашы! Жөндеп қарамайсың ба көзіңді ашып!
Бақдәулет. Даң шығара бермеші!
Ердәулет. Сен сөйлемеші мүлдем!
Бақдәулет. Ереке, қойсаңшы енді!
Ердәулет. (Телефон алып, қоңырау шалады). Тфу, мынау телефонын алмайды енді.
Бақдәулет. Жолда кетіп бара жатқан шығар. Рөлде телефонмен сөйлесуге болмайды.
Ердәулет. Қырсық!
Бақдәулет. Ереке, мүмкін сауда орталығында қалып қойған шығар?
Ердәулет. Жоқ, тексеріп алғанмын.
Бақдәулет. Қалып қоюы да мүмкін ғой. Біле салсаңшы.
Ердәулет. Тексеріп алдым деймін!
Сырым. (Дауысы діріл аралас шығады). Көке, кешіріңізші, менің кінәм!
Бақдәулет. Сырым, онда тұрған ештеңе жоқ. (Пауза). Егер газельде қалып қойса, ертең болсын, бірдеңе қылып алармыз. Ең бастысы сауда орталығына звондап, ескертіп қойшы. Ертең олар: «неге бірден айтпадыңыз» деп қаныңды ішеді.
Ердәулет. Звондамаймын!
Бақдәулет. Әкелші нөмерін өзім-ақ звондайын.
Ердәулет. Қанымды қарайтып жібердің, Бақдәулет!
Бақдәулет. Немене өзіңнен өзің даңылдатып тұрсың! Звондағанда тұрған не бар?
Ердәулет. Не деген заржақ едің!
Бақдәулет. Ердәулет, артық кетпегің! Бағанадан бері «қойшы, қойшы» деп отырдым. Шыдамның да шегі бар.
Ердәулет. Дауысыңды көтермей сөйле! (Екеуі бір-біріне ала көздерімен қарап, бір-біріне жақындайды).
Сырым. (Араша түседі). Қойыңыздар! Мен кінәлімін! Мен өзім тауып әкелемін.
Бақдәулет. Жоқ, Сырым, сен өзіңді кінәлама! Бұған кінәлі – Ердәулет!
Ердәулет. Есірейін депсің! (Екеуі жағаласа кетеді. Сырым қорқып кеткен). Көрсетейін саған!
Сырым. Болды, қойыңыздар! Қазір мамам келсе, жүрегі ауырады ғой.
Бақдәулет. Сен бірдеңені бытқытып жүрсің.
Ердәулет. Не істеппін, айтшы ал?
Сырым. Қойыңыздаршы! Аға! Көке!
Бақдәулет. Артың таза болса, бұлай нөмерге бола шу шығармайтын едің! Неге звондамайсың айтшы ал?
Ердәулет. (Пауза; ашуы басылып кері шегінеді. Үнсіздік). Мен сауда орталығынан алғаным жоқ.
Сырым Ердәулетке қарап қалады.
Бақдәулет. Бәсе, мен білетін Ердәулет бүйректен сирақ шығармаса, Ердәулет бола ма?
Ердәулет. Тіліңмен шағып сөйлемеші! Сол – шифонер ма, сол – шифонер.
Бақдәулет. Бір аяғы жоқ. (Басын шайқайды таңданып).
Үшеуі де отыра кетеді.
Ердәулет. Танысым складтан арзан бағаға шығарып берді. Мен оған бүгін хабарласа алмаймын, бірақ ертең табамын.
Бақдәулет. Әйтеуір бірдеңе ұрынасың да жүресің. (Пауза). Арзанға алсаң, Сырым екеуіміздің қалған ақшамызды бер.
Ердәулет. Ақша жоқ.
Бақдәулет. Қайда?
Ердәулет. Мен қосқан жоқпын.
Бақдәулет. Неге сен қоспайсың?
Ердәулет. Ыңғайы болмады.
Бақдәулет. Әйелімнің киіміне ақша бермей, өзімнің үстіме киім алмай, шай-тамағымнан үнемдеп, аузымнан жырып беремін. Квартира тұрам, тағы. Ал сенің әйелің жоқ, квартирада тұрып жатқан жоқсың, тамақ деп уайымдамайсың, қалай мамамызға жүз елу мың таппай қалдың? Қайда сенің жұмыс істеп тапқан ақшаң?
Ердәулет. Жоқ.
Бақдәулет. Қайда құртып жатырсың?
Ердәулет. Мен саған отчет берейін бе, енді?
Бақдәулет. Тоқташы, студент Сырымның өзі жүз мың қосты ғой. Бір үйдің үлкенісің.
Сырым. (Бақдәулетке). Болды, аға! Қойыңызшы!
Бақдәулет. Жұрттың ағалары бір әулетті алақанында ұстап отыр. Сен жүрсің: біресе анда, біресе мұнда. Не тапқан ақшаңның рәсуасы жоқ.
Ердәулет өзінің бетін алақанымен басып алады. (Жүйкесі шаршағанының ишараты).
Сырым. Сабыр етіңіз, аға...
Бақдәулет. Сырым, айтшы, өзің көріп тұрсың ғой.
Сырым. Көкем кінәлі емес, аға.
Бақдәулет. Мәселе шифонердің бір аяғында емес, ұрланған затты үйге әкеп отыр ғой. Қалай миы жетіп әкелді? Әкеміздің үйі, қара шаңырағымыз. Әкеміздің әруағын сыйламағаның ғой бұл.
Ердәулет. (Шаршаңқы дауыспен). Бақдәулет, қойшы.
Бақдәулет. Сенікі дұрыс па, Ердәулет?
Ердәулет. Өтінемін, қойшы.
Сырым. Аға, сабыр етіңізші.
Бақдәулет. Қайдағы біреулермен араласасың. Фирманың складынан зат ұрлайтын танысты қалай тауып аласың? Неге сен бейшаралардың ортасына үйірсің? Достарыңның бәрі шетінен ұры, шетінен картожник, шетінен алқаш... Бір есі дұрыс, дені сау досың бар ма?
Ердәулет. Кім ұрламай жатыр қазір?
Бақдәулет. Міне, осындай сөзді өмірі жолы болмайтын бейбақтар айтады. (Кекете сөйлеп). Кім ұрламай жатыр деші? Ұрлай берсін! Бірақ сен ұрлама!
Ердәулет. «Квартирамның ақшасын шығара алмай жүрмін, маған-ақ берші жарты бағасына шығарып берейін»,-деді. Өзімде ақша болмаған соң, келістім.
Бақдәулет. Ақшаң жоқ болса, айтпайсың ба бізге? Басқа зат алайық, ренжімеңдер, менде ақшаның ыңғайы болмай тұр деп. Біз саған бөтенбіз бе?
Ердәулет. Сен бөтенсің маған. (Бақдәулет ренжіп басын шайқайды). Сен мені ағаң секілді көрген емессің. Бауырым деп санаған емессің. Үнемі мені кекетіп-мұқатып, ақыл айтып, көсемсіп... (Бақдәулет барып үстелге отырады). Достарды таңдап алыппын ба? Әлде сен ойынқұмарсың, сен алқашсың деп араласпай кетейін бе? Ойынқұмар болса да, оның жақсылығы маған өткен. Тіпті, мен сенен ондай жақсылық көргенім жоқ. Алқаш дейсің? Шешесі қайтыс болып, әкесі басқа әйел алып, хабар-ошарсыз кеткен соң, ешкім іздемеген соң, күйіп ішеді. Адамның жанын түсінесің бе? (Пауза). Сонда өңкей бизнесмен, шенеуніктермен дос болуым керек пе? (Пауза). Мен сен сияқты емеспін. (Пауза). Қызықпаппын да, шынымды айтсам. Костьюм-шалбар киіп, офиста отыруды армандаған жоқпын. (Пауза). Өмірде онсызда басым қатып жүргенде қағаздармен одан әрмен миымды ашытқым келмейді. Оданда қара жұмысым жақсы.
Бақдәулет. Сенің қолыңнан келетіні сол ғой.
Ердәулет. Ия, менің қолымнан келеді.
Бақдәулет. Деңгейің – сондай.
Ердәулет. Сонда офиста отырған адамдар ақылды да, қара жұмыс істейтіндер ақымақ па? (Бақдәулет үндемейді. Ердәулет оған жақындайды). Сен бір универді бітірдім деп өзіңді данышпан санайды екенсің ғой?
Бақдәулет. Кім болсам да, сенен жақсымын.
Ердәулет. Менен нең артық соншалықты?
Бақдәулет. Сен сияқты лағып жүргенім жоқ.
Ердәулет. (Ызалана күледі. Дауысын көтеріп сөйлейді). Мен лағып жүр екенмін?! (Ашуланып шифонерді бір тебеді). Стипендияңнан айырылып қалғанда кім саған ақша берді? (Шифонердің бір полкасын алып лақтырып жібереді. Сырым шошып кетеді).
Сырым. Көке, сабыр! Ашуланбаңызшы!
Бақдәулет. Сындыр! Қират!
Ердәулет. Сырымға операция жасатқанда кім үш жүз мың тауып келді? Сен бе? (Шифонердің екінші полкасын лақтырып жібереді). Мына мебельдің бәрін алған кім? (Шифонердің бір полкасын тағы лақтырады да, диванға барып отыра кетеді). Үйге деп бірдеңе істеп пе едің? Сенікі құры сөз. Тіліңмен орақ орасың.
Бақдәулет. Ердәулет, қой, ұят болады!
Ердәулет. Неге мен сөйлегенде ұят болады екен? Шындық па, шындық! Үндемеген сайын басынайын дедің ғой.
Бақдәулет. Жарайды, сенікі рас. Мен кінәлімін.
Ердәулет. Кімді жынды қылып отырсың? (Жанына жақын келіп, ерегіседі).
Бақдәулет. Болды, сөйлемеймін!
Ердәулет. Сөйлеме! Саған бауыр емес, ақша қымбат. (Пауза). Сол үшін соншама сөз айттың ғой.
Бақдәулет. Мен кеттім онда! (Костьюмін қолына алып, шығуға ыңғайланады).
Сырым. Аға, қазір мамам келеді ғой.
Бақдәулет. Ертең жеңгеңмен соғып кетермін.
Ердәулет. Оған ана емес, қатын қымбат.
Бақдәулет. Ердәулет?! Қойшы, болды!
Ердәулет. (Жанына жетіп барады). Қоймаймын! Сен маған қой деп айтатын кімсің?
Бақдәулет. Кетші ары!
Бақдәулет бұрылып кетіп бара жатқанда Ердәулет оны қолынан жұлқып жіберіп, жұдырығымен соғып қалады.
Ердәулет. Тіліңе ие бол!
Бақдәулет оған қарсы ұмтылады да, екеуі алыса кетеді. Сырым арашалап әлек болады.
Бақдәулет. (Айғайлап). Қой деп айттым саған!
Ердәулет. (Айғайлап). Қоймаймын!
Сырым. Қазір мамам келеді. Сіздерді көрсе, жылайды ғой.
Бақдәулет. Сырым, өзі бастады ғой.
Ердәулет. Сен қанымды ішкен соң, шыдай алмадым.
Олар Сырымды итеріп онан әрмен алыса кетеді. Алысып жатып шифонерді қағып кетеді.
Бақдәулет. Сындыр! Қират!
Ердәулет құлап түседі. Бақдәулет оның үстіне отырып алады. Сырым Бақдәулетті кері тартады.
Ердәулет. Ұр! Ұр ал!
Үнсіздік. Бақдәулет үстінен тұрады. Сырым Ердәулетті қолынан тартып тұрғызады. Ердәулет отырады. Сырым бұрыш жаққа барып отырады.
Бақдәулет. (Шифонердің шашылып жатқан бір полкасын алады). Сен жарты жыл үйде жұмыссыз жатқанда үйді мен асырағанмын. (Полканы тарс еткізіп шифонердің ішіне салады. Екінші полканы барып әкеледі). Талай рет кафеде ішіп, счетін төлей алмай отырғаныңда, мен барып алып кеткенмін! (Екінші полканы шифонерге орналастырады. Үшіншісін алып келеді). Түрмеге түсіп қала жаздағаныңда кім шығарып алды сені?! Кімнің таныстары арқылы шешілді әңгімең? (Пауза). Мені сыйламайтының бар, араласпай-ақ қояйық! Ақыры менің түк пайдам жоқ екен. Бауырыңдай көрмесең... (Пауза). Көрмегенің мен болайын. (Пауза). Кеттім. (Бағдәулет шығуға ыңғайланады).
Ердәулет. Отыр. Кетпейсің ешқайда. Қазір мамам келеді.
Сырым. Мамам ренжіп қалады ғой, аға.
Бақдәулет тоқтап барып, қайта келіп, үнсіз отырады.
Ердәулет. Артық кетіп қалдым, кешір. (Үнсіздік). Айтыңдаршы... Мамам қайсыңа келіп жылады? Ақша жетпей жатыр, Сырым ауырып жатыр, кредитке жетпей жатыр деп, мамам сендерге барып жылады ма? Бақдәулет? Сырым? Мамам оны маған ғана айтады. Сендер мамамның қиналып жылағанын көрдіңдер ме?
Бақдәулет. Сен де кешір, Ереке...
Екінші бөлім
Ердәулет. Ұрып жібергеніме ренжіме. Кеттім деген соң... (Пауза). Кетпесін деп... (Пауза). Рас айтасың. Мен-ақ ұрынамын да жүремін.
Бақдәулет. Аңқаусың сен! Ақкөңілсің.
Ердәулет. Қайтем енді?!
Бақдәулет. Соған жыным ұстайды. Бәрі сені пайдаланып кететініне. Алдап кететініне. Біресе айлығыңды бермей кетеді, біресе қарызыңды қайтармай кетеді, біресе үйіне апарып жұмыс істетіп қояды...
Сырым сол бұрышта бір нүктеге қарап ойланып отырады.
Ердәулет. Не істеймін? Көмектесші деп шақырады. (Пауза). Ақша болмай жатыр, ренжімеші дейді. (Пауза). Өмір өтеді де, кетеді. Бір қағаз үшін олармен қырылысып жүремін бе?
Бақдәулет. Сол қағаз жетпей жатыр ғой өзімізге. Айтпайсың ба: өзіме керек, көмектес десе, қолым тимейді деп.
Ердәулет. Айта алмаймын солай.
Бақдәулет. Жұрттар әйтеуір жер алып, үй салып, жақсы-жақсы машина мініп, балалы-шағалы болып жатады. Бізде бір береке жоқ. Мен ол квартирадамын, сенің жүрісің мынау. Сырымның денсаулығы ол.
Сырым. (Дауысы дірілдеп шығады). Мен кінәлімін...
Бақдәулет. Сырым оны айтайын деген жоқпын. Сенің кінәң жоқ ешқандай.
Сырым. Газельді соңғы рет мен қарадым ғой. Онша мән бермеппін. Ойымның бәрі басқада болып. Соның ішінде кетіп қалған шығар.
Ердәулет. Сен де алақ-жұлақ етіп. Көзіңді ашып қарамайсың ба?
Бақдәулет. Ештеңе етпейді, бірдеңесі болар.
Ердәулет. Сонша шу шығарып...
Сырым. Кешірші, көке.
Бақдәулет. Ештеңе қылмас, табылар. Болмаса жасата салармыз.
Ердәулет. Бәсе, мен бәрін тексеріп алған сияқты едім.
Бақдәулет. Болды, Ереке, Сырымға тиісе берме.
Ердәулет. Тиісіп жатқан жоқпын, тек көзіне қараса болады ғой.
Сырым терең дем алып, басын төмен салбыратып отырады. Жанына Бақдәулет келіп отырады да, оның көзі жасаурағанын байқайды.
Бақдәулет. Қой, жылағаны несі? Үлкен жігітсің ғой.
Ердәулет. Немене қатын құсап ыңырсып отырсың?
Бақдәулет. Ердәулет, қойсаңшы енді.
Ердәулет. Алаңғасар бір жүрген. Бірдеңе айтсаң, ұмытып қалады. Қайта сұрайды.
Сырым үндемей жылап қалады.
Бақдәулет. Қаңқылдап сөйлей бермеші, Ердәулет. Өзі жүрегі әлсіз балаға қайта-қайта ұрсып.
Ердәулет. Шифонердің бір аяғы жоқ. Қазір мамам келеді.
Бақдәулет. (Айғайлап). Табылар. Астына бірдеңе қоя тұрармыз. Не болды сонша? Әлі айтып отырсың, әлі айтып отырсың.
Ердәулет. Айтпағанда, сол үшін осында қырылып жатырмыз ғой.
Бақдәулет. Ол үшін емес, сенің ұрланған зат әкелгенің үшін қырылып жатырмыз.
Ердәулет. Тағы бастайын дедің бе?
Бақдәулет. Айналып келгенде, сенен кіші болса да, Сырым ақша қосты. Өйтіп күңкілдейтін жөнің жоқ сенің.
Ердәулет. Бақдәулет, менің олай жыныма тие берме. Білесің ғой, мен бір ашулансам.
Бақдәулет. Сенің ашуланғаның бар болсын.
Ердәулет. Қой деймін.
Бақдәулет. (Орнынан атып тұрады). Қоймаймын ал! Тиісерге қара таппай отырсың ба?
Ердәулет. (Сабырмен). Боды, Бақдәулет, доғар. Мен қазір ашуланып өз-өзімді ұстай алмай қаламын.
Бақдәулет. Сенің ашуыңды ұрайын. Күшің бізге ғана жетеді. Мықты болсаң, достарың сені пайдаланатын ба еді? Мықты болсаң, жұрттың құлы сияқты жүретін бе едің? А? Сен де менің жыныма тиіп біттің?
Ердәулет басын салбыратып төмен қарап үнсіз тұрады. Үнсіздік. Кенеттен Бақдәулетке атылады. Екеуі жағаласып, құлап, аунап, бір-бірін соққылап жатады. Сырым оларды ажыратып әлек. Үйдің астаң-кестеңі шығады.
Сырым. Болды! Көке, жібер! Аға деймін!
Бақдәулет. Ұр ал, ұр! Сен бейшараның қолынан не келеді?
Ердәулет. (Бақдәулетті ұрғалы жатқанда Сырым қолына жармасып алады). Жібер деймін, Сырым. Қазір сен де таяқ жейсің.
Сырым. (Жыламсырап). Көке, болды! Қой! Мама келеді қазір!
Бақдәулет. Сорлы, інілеріңді ұр. Аяма. Сенің жүрегіңде мейірім жоқ.
Ердәулет. Жап ауызыңды. (Тұншықтырып алады. Сырым оның қолын тартып алады).
Бақдәулет. Бүгіннен бастап менің сендей бауырым жоқ.
Олар арпалысып жатқанда, есіктің қоңырауы шыр етеді.
Сырым. Мама келді әне! (Бақдәулет пен Ердәулет орындарынан атып тұрады. Айғайлап). Қазір, қазір!
Сырым үйді асығыс жинастырып, құлаған нәрселерді орнына қойып жүреді. Бақдәулет пен Ердәулет киімдерін қағып, реттеледі. Бақдәулет есікті ашпақ болып, сахнаның сыртына шығып кетеді де, қолына шифонердің бір таяғын алып оралады. Сырым мен Ердәулет оған қарап қалады.
Бақдәулет. Газельдің ішінде қалып кетіпті. Водитель әкеп берді.
Ердәулетке шифонердің аяғын лақтырып жібереді. Бақдәулет диванға жайғаса кетеді. Қабағы қатулы. Ердәулет ыңғайсызданып тұрып қалады. Сырым үйді жинастырады да, бұрышқа барып отырады. Үнсіздік.
Ердәулет. Кел енді, мына аяғын салып, көтеріп қояйық. Мама келетін уақыт болды. (Бақдәулет үндемей қояды. Үнсіздік). Ренжіме енді. Тұр! Мама келгенде жақсы көңіл-күйде отырайық. (Бақдәулет жауап бермейді. Ердәулеттің басы төмен салбырап қалады). Мейлі, мені ағам, бауырым деп санамай-ақ қой. (Пауза). Бірақ, мен сені інім деп жақсы көремін. (Пауза). Сен үйленем дегенде мамам осында уайымдап қиналған. Қай ақшама той жасаймын, құдалардың алдына не апарамын деп? Сол кезде мама мен бармын ғой. Үйленсін. Бетінен қақпайық. Ел қатарлы жасармыз дегенмін. Маған кредит шықпайды, өзіңізге алыңыз, мен төлеп тұрайын дедім. (Пауза). Осы шифонерге ақша қоса алмай қалған себебім де сол. Кредитке төледім де, дым қалмады. (Пауза). Мен бүйтіп жатырмын, сөйтіп жатырмын деп айта алмаймын, Бақдәулет.
Бақдәулет. Келесі айдан бастап өзім төлеймін.
Ердәулет. Саған міндетсініп айтқаным емес, мен төлей беремін. Сен реттеліп ал.
Бақдәулет. (Орнынан тұрып шифонердің жанына келеді. Ердәулет шифонердің аяғын салып жатады). Бұйыртса, бәрі жақсы болады, Ереке. Осы бір-екі айдың ішінде жұмыстан көтеремін деген бастық.
Ердәулет. Саған жер алып, үй салып алу керек. Жер алсаң, үйді салғанға көмектесем ғой. Бірге істеген жігіттерді шақырамын.
Бақдәулет. Көреміз, Ереке. Мен ипотекаға алсам ба деп жүрмін.
Ердәулет. Ыңғайына қарай көресің ғой! (Пауза). Мама келетін уақыт болды. Тамақ дайындасаңшы, Сырым. (Сырым жауап қатпай басын салбыратып отырады). Ей, Сырым!
Сырым топ етіп етпетінен құлап түседі. Қол-аяғы тартылып, тырысып жатады. Бақдәулет пен Ердәулет оның жанына жетіп барады.
Бақдәулет. (Бетінен шапалақпен ұрады. Шошыған дауыспен). Сырым! Әй, Сырым!
Ердәулет. (Айғайлап). Су! Су!
Бақдәулет. (Жүгіріп су әкеледі де, Сырымның бетіне бүркеді). Көзі айналып барады. Тілін жұтып қоймасын.
Ердәулет. (Қолын сырымның ауызына салып, тілін ұстап алады). Скорый! Скорый шақыр! Тез!
Сырым тырысқандары басылып, көзі жұмылып, өз-өзін тастап жібереді.
Бақдәулет. (Жылап). Сырым! Сырым деймін! (Бетінен шапалақпен ұрады). Кетіп барады.
Ердәулет. (Айғайлайды). Шақырмайсың ба скорыйды? (Бетінен ұрғыштайды). Сырым! (Жылағысы келіп). Сырым!
Бақдәулет. (Дір-дір етіп, қалтасынан телефонын шығарады). Телефоным сынып қалыпты. Әкел өзіңдікін.
Ердәулет. (Мән берместен). Сырым деймін! Піссіміллә!
Бақдәулет. (Сахнаның сыртына жүгіріп шығып, айғайлайды). Көмектесіңдер! Көмектесіңдер!
Ердәулет. (Сырымды диваннан көтеріп алып, сахнаға шығуға беттейді). Есікті аш! Есікті аш!
Сырым селк етіп оянып кетеді.
Ердәулет. Оянды! Оянды! (Қайтадан диванға жатқызады). Су! Су ішесің бе?
Бақдәулет. Сырым есіңді жидың ба? Мені танып тұрсың ба? (Сырым басын изейді. Су береді, бірақ Сырым ішпейді).
Ердәулет. Іш! Іш деймін!
Сырым. Бәрі жақсы, Көке...
Бақдәулет. Скорый шақырамын!
Сырым. Жоқ, керек емес, аға. Бәрі дұрыс.
Бақдәулет. Есті шығардың ғой.
Ердәулет. Жүрегің қысылып тұрған жоқ па?
Сырым. Жоқ, көке, уайымдамаңыз. (Пауза). Папам шақырып жатыр. (Үнсіздік). Папамды сағындым, көке. (Жылайды).
Бақдәулет. (Жыламсырап). Жыламашы...
Ердәулет. Басына барып құран оқытып қайтайық.
Сырым. (Жылап). Папама барғым келеді, көке.
Бақдәулет те шыдамай бетін басып жылап жібереді.
Ердәулет. Қой! Жаман сөз айтпа! Жассың ғой әлі! (Пауза). Қойыңдар, жаман ырым бастамай.
Сырым. (Өксігін баса алмай). Сіздердің бір-біріңізді жағадан алғандарыңызды көргенше, папама кеткенім жақсы...
Бақдәулет. (Еңкілдеп жылайды). Мен кінәлімін!
Ердәулет. (Жыламсырап). Мен сендер үшін өмір сүріп жүрмін ғой, жаным. (Сырымды құшағына алады. Бақдәулетте жақын келеді. Ердәулет оны да құшақтайды).
Бақдәулет. Кешірші, аға!
Ердәулет. Қойыңдар, жыламаңдар! Қазір мама көрсе, жүрегі ауырады.
Көз жастарын сүртіп, тынышталады.
Ердәулет. (Сырымға). Ауырып жүр ме едің?
Сырым. (Жасын сүртіп жатып). Жоқ.
Ердәулет. Ертең мамам жеті шелпек пісірсе, бейіт басына барып, папаға құран бағыштап қайтайық. (Пауза). Жүгір, барып, беті-қолдарыңды жуып алыңдар. Көздерің ісіп кетпесін.
Бақдәулет пен Сырым сахнадан шығып, жуынып келеді. Бақдәулет Сырымды құшақтап алады. Ердәулет сковородкаға ет салып пісіре береді.
Бақдәулет. Сен ауырмашы! (Екеуі диванға келіп отырады). Қазір қалайсың?
Сырым. Жақсы, аға.
Бақдәулет. Папам шақырды ма?
Сырым. Иә, қолын бұлғады.
Бақдәулет. Сен не дедің?
Сырым. Барайын деп жатып, оянып кеттім.
Бақдәулет. Басына бармағалы да, біраз болды ғой. Соған ренжігені шығар. (Пауза). Сен көкеңе ренжімеші. Мен кінәлі. Ол байғұстың миын жеп жіберген менмін. Мені кешірші, Сырым.
Сырым Бақдәулетті құшақтайды.
Бақдәулет. Мен сендерді жақсы көремін!
Ердәулет. (Шифонер жаққа келеді). Тамақ он бес минутта піседі, бұйыртса. Шай қойып қойдым. (Пауза). Бақдәулет, бері келші, мынаны тұрғызып қояйық. Мама келгенде үйдің іші әдемі болып тұрсын.
Бақдәулет жанына барады. Екеулеп шифонерді көтереді де, ыңғайлап қойып, тамсана қарайды.
Ердәулет. Сырым, бері келші. Қарашы! Әдемі иә?
Сырым. Иә!
Бақдәулет. Мамам мәз болатын болды.
Ердәулет. Жақсысын алыппыз. Қарашы қалай керемет үйлесіп тұр.
Бақдәулет. Сенің талғамың жақсы ғой, Ереке.
Ердәулет. Мамаға ұнаса болды.
Сырым. Он-он бес минутта мамам да келеді.
Бақдәулет. Дастарханды жайып жіберіп, тортымен, жеміс жидегімен, салатымен, тамағымен... Әдемі жаңа шифонерімен... Сұп-сұлу үш баласын көріп, мамам қуанатын болды.
Ердәулет. Алдағы сегізінші наурызға кухонный гарнитур алып берсек...
Бақдәулет. Әпереміз, бұйыртса.
Осы уақытта есіктің қоңырауы шыр етеді.
Ердәулет. Әне мама да келді.
Сырым есікті ашуға сахнадан шығады.
Бақдәулет. (Хормен). Туған күніңізбен! Туған күніңізбен!
Ердәулет. (Хормен). Туған күніңізбен! Туған күніңізбен!
Сырым мен бірге Полицей келеді. Ердәулет пен Бақдәулет сөздерінің соңын жұтып қояды. Бірден көңіл күйлері түсіп кетеді.
Полицей. Сәлеметсіздер! Лейтенант Жақсылықов!
Бақдәулет. Ассалаумаалейкүм! Жайшылық па?
Полицей. Шифонерді алып кетейін деп келдік.
Ердәулет. Не үшін?
Полицей. Бұл ұрланған шифонер. Күзетші азамат қоймадан заңсыз шығарып берген. Компания арыз түсірді. Ол азамат қазір уақытша тергеу изоляторында.
Ердәулет. Бермейміз! Біз сатып алдық!
Полицей. Ұрланған зат деп тұрмын сізге! Бермесеңіз күш қолданамыз.
Ердәулет. Маған бәрібір, бірақ шифонерді бермеймін.
Бақдәулет. Ереке, сабыр ет!
Полицей. Сізді сыбайлас деп протокол толтырамын. Оданда, тынышынан-тыныш біз шифонерді алып кетейік. Басыңызға бәле тілеп неғыласыз?
Ердәулет. Қаншама ақша далаға ұшып кете ме?
Полицей. Енді сізге біреу складтан сатып ал деді ме?
Бақдәулет. Ереке, керек емес.
Ердәулет. Тірі тұрып бермеймін.
Полицей. Олай болса, жүріңіз РОВД-ға.
Сырым. Көке, неғыласыз!
Бақдәулет. (Полицейге). Лейтенант мырза, ағамыздың сөзіне мән бермеңіз. Алып кете беріңіз!
Ердәулет. Бақдәулет, бермейміз деймін!
Бақдәулет. Ереке, басқа амал жоқ.
Ердәулет. Ол ақшаны қайтармайды.
Бақдәулет. Қайтеміз енді?! Алып кете берсін.
Полицей екі жігітті шақырады. Екі жігіт келіп, шифонерді көтеріп алып кетеді.
Ердәулет. (Оларға ұмтылады). Жіберме! Бермейміз!
Сырым Ердәулетті ұстап алып жібермей қояды. Бақдәулет Полицейді шығарып салады.
Бақдәулет. Айып етпеңіз, лейтенант мырза.
Полицей. Түсінемін ғой.
Бақдәулет. Ағамның үстінен ешқандай арыз түспеді ме? Бәрі дұрыс па?
Полицей. Бәрі дұрыс, уайымдамаңыз. Күзетші азамат кінәні өз мойынына алды.
Ердәулет. (Айғайлап). Берме деймін!
Сырым. Көке, қойыңызшы!
Бақдәулет. Жақсы, лейтенант мырза.
Полицей. Сау болыңыз!
Полицей кетеді. Бақдәулет келіп диванға отырады. Сырым Ердәулетті жібереді. Үнсіздік. Ердәулет отыра қалып, жерді ұрғыштайды. Ұрып, ұрып, жұдырығын тістелейді. Сырым кеп оны құшақтайды. Бақдәулет те жанына барады.
Сырым. Болды, көке!
Бақдәулет. Сабыр ет, ағасы. (Ердәулет жерді тағы ұрғыштайды). Сен білген жоқсың ғой бұлай боларын. Сабыр, ағасы.
Ердәулет Сырымды құшақтайды.
Сырым. (Жыламсырап). Жыламаңызшы, көке.
Бақдәулет. Садақа! Бізге сен қымбатсың, Ереке! Сен аман болсаң, болды! Әлі талай жиһаз алармыз, Құдай қаласа.
Ердәулет. (Жылап). Аға емес, сорлы болдым ғой, сорлы!
Сырым. Жоқ, көке, мен сізді мақтан тұтамын.
Бақдәулет. Олай демеші, Ереке. Сіздің арқаңызды әйел алып отырмын. Сіз секілді аға жоқ. (Бақдәулет те оны құшақтайды). Жыламашы, Ереке. Сендей бауырым болғанына қуанамын.
Сырым. Сіз болмасаңыз біз не істер едік, көке? Олай демеңізші!
Көз-жастарын тиып, көңіл-күйлері жақсарады.
Бақдәулет. Қой, тұрайық, мама келеді қазір.
Ердәулет. (Көз жасын сүртіп). Сырым тамақ пісті-ау деймін. Қарашы.
Сырым. (Тамақты жеп көреді). Пісіпті! Дастарханды жая беремін.
Бақдәулет. Кел, мен көмектесейін.
Екеуі дастарханды жайып, тамақ түсіріп, тортты шырақтар қойып, Ердәулет беті-қолын жуып келеді.
Ердәулет. Мама келе жатыр. Дайын ба бәрі?
Сырым. Иә, көке!
Бақдәулет. Дайын, дайын!
Ердәулет. Бері келіңдер! Жылағандарыңды білдірмеңдер! Көңіл-күйін түсіріп алмайық!
Бақдәулет. (Ердәулеттің шалбарын қағып, киімінің жағасын түзеп қояды). Келесі айлығымнан саған киім алайық, Ереке.
Сырым торттың шырақтарын жағып, Ердәулеттің қолына ұстатады.
Есіктің қоңырауы шырылдайды.
Бақдәулет. Келді!
Сырым. Есікті мен ашам!
Ердәулет. Жүгір аш!
Сырым сахнадан шығып кетеді де, жүгіріп келеді.
Сырым. Келді!
Үшеуі хормен «Туған күніңізбен! Туған күніңізбен! Туған күніңізбен, анашым! Туған күніңізбен!» деп айтып тұрады.
Шымылдық.