«QALAMGER-ГЕ ҮШ САУАЛ»: Айгүл Кемелбаева. Арман Әділбек. Мұрат Қолғанат. Еділбек Дүйсен

Qalamger.kz әдеби-танымдық порталы ақын-жазушылардан сүйікті кітаптары және әдебиеттегі үлгілі жұптар әрі үздік қаламгерлерді білу мақсатында сауалнама алған болатын. Төменде сауалнамаға қатысқан ақын-жазушылардың жауабын ұсынып отырмыз.

 

СҮЙІКТІ БЕС КІТАБЫҢЫЗ/ШЫҒАРМАҢЫЗ?

 

АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:

Менде сүйікті кітаптар шеруі түнгі аспандағы жаһұт жұлдыздардай, Эдем бағындағы жүзім  шоқтарындай, Жібек Жолында өтіп кеткен елес керуендер тәрізді қисапсыз. Көрген-білгенім солар. Қолыма шам ұстап өмір-бақи іздеп-баққаным солар. Ежелгі Грекияда адамдар санау үшін екі қолының саусақтарын пайдаланған екен. Демек, оларды атап-түстеуге он саусағым жетпейді. 

Мен автормын, құдайға шүкір, дара шығармашылығым бар, жазуым - өмір салтым. Әдеби мұраға келгенде: «Шіркін, осы дүниені мен жазсам ғой!» деп айрықша сүйсініп қабылдайтын небір жауһар туындылар бар. Солардың тек бесеуін атайын:

1. Ақын болсам, Абайдың «Жаздыгүн шілде болғанда» атты табиғат лирикасына өлердей құлар едім. Жыл маусымымен жадырай жаны кірген мамыражай сұлу тіршіліктің тізбектеле суреттелген біртұтас көрінісін Абай көкте қанатын жая қалықтаған қырандай қалт жібермей, қуатты жырмен бір лекте, бір деммен үзбей көрсетіп келеді де, соңын сылқ еткізіп, прозалық элементпен аяқтайтыны несі?! Өлеңді соңғы шумақ тас түйіндейді: «Өткен күннің бәрі ұмыт, / Қолдан келер қайрат жоқ, / Бағанағы байғұс шал / Ауылда тұрып күледі, / Қошамет қылып қарқылдап». Әйткенмен дәурені өткен ақ көйлекті, таяқты ақсақалды сырт Шыңғыстау Бақанасқа көшіп қонған тобықтының бір шалы деп ойлау таяздық етеді. Расында бұл күллі адамзаттың образы. Бұл процесті Абай қалт жіберсін бе: «Кезекпенен өлінер, / Баяғыдай көрінер». Өмір өткінші, адам ажалды жаралған. Әулие Абай дүние жалған, ғұмыр бес күндік деген ұлттық дүниетанымды өмірсүйгіш сенімге қылдай қиянат жасамай-ақ, түк түңілдірмей, иррациональды, бейсаналы көркем суреттейді. Адам баласына осынша ырзықты бұйыртқан жомарт Аллаға ризашылық сарыны күшті. Кең дала, көш салтанаты, жасыл жайлау, біздің елдің полигонға дейінгі керім табиғаты. Сағыныш тудырады.

2. Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен кедей баласы» атты әңгімесі. Ұлттың ардақты ұстазы, баласына өлеңмен өсиет жазса, онысы түп негізінде күллі алаш баласына арналған Балғожа бидің немересі Ыбырай Алтынсариннің әңгімелерінің  ағартушылық уағыздан бір бөлек қасиеті, нағыз классика, стилі анық, тілі көркем, боямасыз суреткерлік, ғажап тазалық, кісілік дархан мейірім бар.

3. Иван Сергеевич Тургеневтың «Муму» атты әңгімесі. Крепостнойлық меңіреу қоғамды, адам баласын басыбайлы құлдануды, оған адам рухының шыдас бермес азат, ұлы қасиетін қандай керемет бере алған. Жасандылықтан ада реализм.

4. Эдгар Аллан По.«Низвержение в Мальстрем» атты сұрапыл әңгімесі. Онда көк теңіздің буырқанған жойқын стихиясын әр тамшысына дейін микроскоппен көргендей поэтикалық суреттеу күшті. Табиғатпен арпалысқа түскен адам баласының қайсар рухы бар. Жалынан сипатпас жабайы әрі тылсым готикалық проза.

5. Марк Твен. Том Сойер мен Гек Финн атты екі балақайдың бастан кешкен қызық оқиғалары қанша оқысам жалықтырмайды. Нағыз әдебиет деген осы. Балалар әдебиетіне, ересектер әдебиетіне күндей ортақ ұлы туынды.

 

ҚОЛҒАНАТ МҰРАТ, драматург:

Бұл сұраққа мына авторлардың шығармалары деп айтып кетудің өзі мен үшін қиындау болып тұр. Себебі әр шығарманы оқыған сайын автордың жан-әлеміне үңілесің, кейіпкер жасау барысындағы тәсілдеріне сүйсінесің, өзіңе жаңа кеңістік ашылады. Өзіндік бір катарсиске түсесің. Әрине бұл жерде әлемдік әдебиетке жаңа бағыт әкеліп төңкеріс жасаған көптеген  авторларды тізіп шығуға болар еді. Тіпті адамзат ғұмырындағы үздік жүз авторды тізіп шығуға да болар еді.     Жалпы әдебиет дегеннің өзі түпсіз терең тұңғиық мұхит қой. Сол мұхитта маған бағыт көрсетіп айсберг болып тұрған авторлардың бес шығармасы, олар: Антон Чеховтың «Шағала» пьесасы және әңгімелері , Фёдор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романы, Кобо Абэнің «Бөтен бет» романы, Мориса Метерлинктің «Пеллеас және Мелизанда» пьесасы, Дулат Исабековтің «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесі үздік шығармалар.

 

АРМАН ӘДІЛБЕК, ақын:

Бірінші, “Ер Төстік”. Әлі күнге дейін қайталам оқимын, тыңдаймын. Маған ол ертегі болып сезілуден қалған. Онда магия бар шығар. Оны білмеймін. Бір білерім, “Ер Төстікті” тудырған қазақтың күш-жігері Ер Төстіктің бойында, жолында жасырынып жатқандай сезіледі. Элиотты жақсы көрудің бір ғана себебі болуы мүмкін емес қой, ал соның бірі осы еді. “Ер Төстікті” оқып өзіме оралып отырам. Платоннан қалған үш сұрақтың жауабын іздеймін.

Екінші, “Мың бір түн”. Тұңғыш рет кіші әкемнің қолынан көргенмін. Оқыдым. Ол кезде он екі-он үш жас шамасында шығармын. Кіші әкемді көке деуші едім.  Көңілімді қимай қолыма ұстатты.  Өзі де біреуден жаңа алған екен. Шыға алмай қалдым. Содан әкеме қалған томдарын тапқызып жүріп әзерге тыныс таптым. Ондағы сұлулық, о ндағы кісінің ойына кіріп-шықпас ғажайып мұғжизалар, бақтар, шаһарлар,сыйқыршылар, дертке күйген мәжнүндер, сұлулар маған қиял сыйлады. Мусаның сандығы іспеттес дүние болды. Әр жолы ашылғанда, маған жаңадан дем салып отырды. Кейбіреулердің оны бала оқуға болмайтын кітап дейтінін білемін. Бірақ, Буддизімде “кісі нені іздесе,соны табады, қайдан да, қашан да” дейтін тәмсіл бар. Мен оның айтылмыш жамандығын Борхестің” Мың бір түнін” оқығаннан әлде қайда кейін сезіндім.

Үшінші, Қытайдың он алтыншы ғасырда жазылған ескі классикалық романы “ Батыс сапарнамасы”. Тұңғыш оқыған романым да сол. Қытай-үнді мифтері мен қытайдың таң империясы тұмындағы Индияға барған бұддисті Чуан Заңның өмірін қюластырып жазылған таңғажайып шығарма. Онда қытайдың да, Буддизмнің де біткен құдайлары жүреді. Соның бәрі бір еркіндік сүйген тас маймылдың алдында тәлкек болады. Ешқандай діни, саяси реңі жоқ. Кәрі де, жас та құшырлана оқитын дүние. Сол романнан кейін кітап оқуды үйрене бастаппын. Онан бұрын анадан-мынадан ертегі оқып жүрген болатынмын.

Төртінші, “Улисс”. Үзіп-жұлып бір жылдай оқыдым. Джойс жүрек қанын сарқа жазған шығар, мен байқұс жүрек қаным сарқыла оқыдым. Тынымсыз материал ақтарып отырып, онымен қоса әлденеше дүние оқып тастаппын. Кірпіштің қалыңдығындай нән романда тек бір-ақ күн сөз болады. Бірақ, бұл бір-ақ күнге Джойс нені сыйдыра алмаған дейсіз. Стильдің құдіретін шындап сезіндірген шығарма осы болды-ау деймін. Кезінде Айтматовтың “Ғасырдан да ұзақ күнін” оқып, бір-ақ күнді сонша шимайлауға да болады екен ғой деп таңданғам. Сөйтсем, артық айтсам аруақ кешірсін, Айтматовтың мықты шығармаларының қатарына кіре қоюы екіталай секілді. Ал, “Улиссті” және бірнеше рет қайталап оқитыныма күманім жоқ.

Бесінші, Достоевскийдің “Ағайынды Карамазовтары”. Жалпы, Достоевский шығармаларының бәрі де соншама ұнайды. Дегенмен, “ Сегіз қызым бір төбе, Кенжекейім бір төбе” дегендей бұл роман, шынымен де, бір төбе. Муракамидің: «арманым “Ағайынды Карамазовтар” секілді роман жазу» дейтін сөзі бар екен. Бізде ғой ондай арман неғылсын. Көп жағдайда ауыл, ондағы Карамазовтар еске түсетіні бар. Ал, оларды Достоевскийдің шығармасынан оқу өзгеше қызықты да, қамырықты күй.

 

ЕДІЛБЕК ДҮЙСЕН, ақын:

Мен бұл сұраққа осы кезге дейін мүлдем ойланып көрмеппін. Менің жан-тәніммен жақсы көретін, апта сайын парақтап, шаңын сүртіп отыратын кітаптарым жетерлік. Бұл кітаптардың бірсыпырасын өзге де оқырмандар дәл мен секілді көзінің қарашығындай сақтап жүргеніне шәк келтірмеймін. Дегенмен, нақты бесеу деген соң, бес кітаптың тізімін былай қалыптастырған болар едім. Және бұларды неге сүйікті кітаптарымның қатарына жатқызғанымның себебін ешқашан ашып айтпаған болар едім.

1) Бодлердің «Зұлымдық гүлдері»

2) Кафканың «Құбылуы»

3) Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығы»

4) Рушдидің «Әзәзілдің әуендері»

5) Қазақшадан қосып қояйын. Таласбектің «Талтүсі»

 

СІЗ ҮШІН ӘДЕБИЕТТЕГІ ЕҢ ӘДЕМІ ҮШ ЖҰП?

 

АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:

Бұл туралы ойламаппын. Жазушылық жалғыздықтан өседі. Дүниедегі ең тәуелсіз мамандық, өз еркің өзіңде, өзің би, өзің қожа, өзің патша, өзің құл дегендейін.Қоғам оған фон ретінде керек, адамзат кейіпкер. Жазушылықта құдайшылдық сана басым болуы оның белгілі бір мистикалық тартылысқа, көзге көрінбейтін орасан зор қуат көзіне тәуелдігінен тумақ, былайша, дарын қуатын құпиялы жалға алуды түйсіне білу. Шығармашылық құрылымы – жалғызбасты адамның жаратылыс ерекшелігі. Сондықтан аққан жұлдыздай жарқ еткен, жас кетсе де ақындық мектебін қалыптастырып, тірісінде пірге айналған Төлегендей шынайы ақынға жар болған Үрниса, сүйгеніне тағдыр қосқан отбасылық бақыт екінің біріне бұйыра бермейді. Мүмкін, бәрі адамның тілеуіне, ниетіне беріледі. 

Дмитрий Мережковский-Зинаида Гиппиус, Жан Поль Сартр-Симона де Бовуар. Оларда махаббаттан ғөрі өзгеше жолдастық сезім басым тұрғандай сезіледі.Қазіргі қазақ әдебиетінде ең әдемі шығармашылық жұп – техникалық маман бола тұра күйшілік өнері айқын Ғабдырахым аға мен Ақұштап ақын деп ойлаймын. Қазақтың қалам ұстаған кейінгі буын қыздарына Ақұштап апамның өнегесі үлгі боларлық. Әрине, отбасында береке тұнған замандас ақын-жазушылар аз емес. Әрбір табысты ер-азаматтың артында мықты әйел тұрады деген қағида шындық. Бір үйдегі қос ақын Марфуға Бектемірова-Есенгелді Сүйінов жарасымды жұп болғанын - Марфуға марқұмның артында нағыз жоқтаушысы болып сүйген жары Есенгелді жүргенін көзіміз көріп отыр.

 

ҚОЛҒАНАТ МҰРАТ, драматург:

Мен үшін әдебиеттегі ең жарасымды жұп деп тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да бір-біріне деген адалдықтарын ғұмырының соңына дейін сатпаған жұптарды ең әдемі жұп дер едім. Бірінші кезекте ол Мағжан мен Злиха. Мағжан 20 жасынан қудаланып азғантай ғана өмірінде телегей теңіз шығарма жазып бәріне үлгеріп кетті. Азаматтың басына іс түскен кезде басын бәйгеге тігіп, өмірінің аяғына дейін Мағжан деп өткен ғазиз жан ол Злиха. Екінші үндістан ұлт-азаттық қозғалысының қайраткері Мохандас Ганди және әйелі Кастурбай Ганди. Халық алдында сөйлеген сөздері мен наразылықтары үшін Ганди мен әйелі бірнеше рет қамауға алынып, бас бостандығынан айырылса да ұлтының тәуелсіздігі, азаттығы үшін бейбітшілік идеасынан бас тартпады. Үшінші жарасымды жұп деп «Магия реализмі» атты әдеби бағыттың негізін салушы,  оның шығармашылығы мен өмірі аңыз бен жұмбаққа толы тылсым жазушы Габриэль Гарсиа Маркес пен жұбайы Мерседес Барча. Жазушы «Жүз жылдық жалғыздық» романын жылдар бойы жазу барысында ешқандай жерде жұмыс істемей күні-түні жазу үстелінде отырған кезде оған сеніп, өзінің арманынан бас тартып,  үйінің бар тіршілігін өз мойнына алған оның жары Мерседес Барчаны лайықты деп ойлаймын. 

 

АРМАН ӘДІЛБЕК, ақын:

Вивьенн Хей-Вуд пен Бертран Рассел.

Жан-Поль Сартр мен Симона де Бовуар.

Чи Мін Чиң мен Фан Жин Лиянь.

 

ЕДІЛБЕК ДҮЙСЕН, ақын:

Бұл сұрақ  қаламгер мен оның жары туралы болатын болса, сөзсіз, алдымен әкем мен анамды айтқан болар едім. Иә, кәдімгі Медет пен Жадыра. Төлеген мен Үрниса деген секілді. Ал, мұндай жұптың тізімін үшке толтыру міндет емес шығар. Маған осылай әдемі.

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СІЗДІҢ ҮЗДІК ҚАЛАМГЕРЛЕРІҢІЗ КІМДЕР?

 

 

АЙГҮЛ КЕМЕЛБАЕВА, жазушы:

Мен қазақ әдебиетіне қатысты әдебиеттанудан тұлғалық-портреттік серияны көп жаздым. Енді мүлдем басқа арнаға түсу ойым бар. Ақын-жазушылардың жеке шығармашылықтарын мұқият талдадым. Оны қайталамай-ақ қояйын.

Аттары көп аталмай елеусіздеу жүретін, жан дүниесіне өлермендік, аламандық, тәкәппарсу, құбылу, өтірік жат жазушылар бар. Суреткерлік, шынайылық прозаның ең басты қасиеті болса, творчестводан сол қасиет көрінері анық. Сол кісілерді құрметтеймін.

Кейінгі уақытта оқыған кітаптардан Егеухан Мұқамәдиқызы, Тұрысбек Сәукетай, Серік Асылбекұлы, Жанболат Башар, Қуаныш Жиенбай, Құлтөлеу Мұқаш, Жүсіпбек Қорғасбек, Нұрлыбек Саматұлы, Мира Шүйіншәлиева, Мұнайдар Балмолда, Нұржан Қуантайұлының прозасы ұнайды. Ықылас Ожайдың танымдық эсселері мықты. Сәуле Досжанның прозаға ерекше екпінмен кіріскені айтарлықтай құбылыс. Проза жанрында әйелдердің үлес салмағы артқанын білдіреді. Кітаптардың таралымы аздығы авторларды танытпайды. Табиғи дарынымен, рухани ізденуімен бұза-жарып шыққандарды ерте ме, кеш пе, жұрт бәрібір оқиды. Жастар оңай атақ-даңқты аңсамай, мұратына адал жүрегімен айқын жетуді қаперде ұстауы керек, үлкен әдебиетте басқа жол жоқ. Кейінгі жастардан прозада Есболат Айдабосын, Қуат Қиықбай, Бақытгүл Сәрмек, поэзияда Роза Сейілхан, Динара Мәліктің өз қолтаңбасы бары ұнамды.  

 

ҚОЛҒАНАТ МҰРАТ, драматург:

Халық ауыз әдебиетінен бастап  жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейігі ұлттың руханиятына қызмет еткен ұлы тұлғалармыз туралы  көзқарақты  оқырман біліп отыр. Жыл сайын дәріптеліп насихатталып жатыр. Шығармалары халық аузында. Үздік қаламгерлер әрине көп. Құдайға шүкір. Бірақ үздік дегенің өзі салыстырмалы дүние ғана болғандықтан мен осы соңғы бес жылдықта қазақ әдебиетінде кітаптары жарық көріп, театрларда шығармалары жиі қойылып үздіксіз еңбек етіп  жатқан  авторларға тоқталғым келіп отыр. Олар: Сая Қасымбек, Роза Мұқанова, Мадина Омарова, Бақыт Беделхан, Ырысбек Дәбей, Әлібек Байбол, Алишер Рахаттың шығармаларын  жоғары бағалаймын.

 

 

АРМАН ӘДІЛБЕК, ақын:

Бұл араға да сан белгілеу қажет-ақ еді. Жарайды, Ақсақалдар мен әжелерді ғой атамай-ақ қояйын. Олар онсыз да біздің жүректе алтын әріппен айқышталған. Төрт болсын.

Бірінші, Ардақ Нұрғазы. Ол кісіні қай жағынан болсын ұстаз ретінде қараймын. Әрине,шығармашылығы бөлек. Бір басында ақындық,жазушылық,сыншылық тоғысқан. Іздеп оқимын.

Екінші, Дидар Амантай. Бастан жаңалықтың жаршысы боп әдебиетке келген қаламгер. Қарқаралы десе менің ойыма бірден Мәди мен Дидар Амантай түседі. “Гүлдер мен кітаптардің” әсері ұмытылмақ емес.

Үшінші, Дәурен Қуат. “Мүйіз тарағымен”, “Тас моншасымен” жадымызда жатталған. Бұрынғы мен кейінгінің алтын жалғауы іспеттес жазушы.

Төртінші, Ырысбек Дәбей. “Қоңыз” секілді романды сол кісі ғана жазды. Қалай болмасын, Жаңаөзен жайлы роман жазу бүгінде басқаша әңгіме  ғой.

 

ЕДІЛБЕК ДҮЙСЕН, ақын:

Мен бұл қатарға бірнеше ақын-жазушыны қоя аламын. Әрі-беріден соң бұл түкке тұрмайтындай өте оңай дүние. Бұл қаламгерлердің бірсыпарасымен таныспын. Сұхбаттас, табақтас болдым дегендей. Мұны неге айтып отырмын. Тізімді адамгершілікті айналып өтіп, таза шығармаышылық тұрғысынан жасағым келеді. Оқырманға да осыны назарда ұстауды сұраймын.

Қазіргі қазақ әдебиеітндегі үздік қаламгерлер деп Мұхтар Мағауинді, Төлен Әбдікті, Дулат Исабекті, Несіпбек Дәутайды, Тынымбай Нұрмағанбетті, Тыныштықбек Әбдікәкімұлын, Светқали Нұржанды, Мейірхан Ақдәулет пен Гүлнар Салықбайды, Жанна Елеусіз бен Ерлан Жүністі атаған болар едім.