«QALAMGER-ГЕ ҮШ САУАЛ»: Қасымхан Бегманов. Батырболат Айтболатұлы. Алишер Рахат. Мерей Қарт

«QALAMGER-ГЕ ҮШ САУАЛ»:

Сүйікті бес кітабыңыз/шығармаңыз?

Сіз үшін әдебиеттегі ең әдемі үш жұп?

 Қазіргі қазақ әдебиетіндегі сіздің үздік қаламгерлеріңіз кімдер?

 

СҮЙІКТІ БЕС КІТАБЫҢЫЗ/ШЫҒАРМАҢЫЗ?

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын:

 Иван Бунин әңгімелері

Сергей Есенин өлеңдері

Лев Толстой "Анна Каренина"

Жан Кокто "Человеческий голос". Монопьесасы.

Мұстафа Шоқайдың мақалалары.

Үнемі қайталап оқудан жалықпаймын. Әлем классикасы түгел менің кітапханамда бар десем болады. Бұл кітаптарды ұзақ жылдар жинағанмын. Буниннің шығармаларындағы мұң, сағыныш, Есениннің өлеңдеріндегі ащы шындық, сырлы саз, асқақ рух, Лев Толстойдың "Анна Каренинасындағы" махаббат пен құштарлық, аянышты тағдыр, өмірдің мағынасы жайлы жан тебірентерлік сезімдер, Жан Коктоның "Адам дауысы" монопьессасындағы ерінен ажырасып кеткен әйелдің жан азабы, махаббат жолындағы жанқиярлық қадамы, елеске айналған ерімен сырласуы, Мұстафа Шоқайдың мақалаларындағы күрескерлік рух, түрікшілдік идеясы, ел мен жерге деген шексіз перзенттік махаббаты мені қайран қалдырады.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ, ақын:

Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романы. Тарихи-көркем романның тек Мағауин қаламына тәні үздік үлгісі деп санаймын. Сыпыра баяндауға құрылған қатардағы қарабайыр көп романның бірі емес, оқырманға берері көп, талғамын биіктететін, тіл қоржынын керемет байытатын, әсері күшті бірегей туынды ғой.  

 Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі. Тілі, көркемдігі, драмасы, әлеуметтік мәні – барлық жағынан әңгіме жанрының классикалық-хрестоматиялық үлгісі деп бағалаймын. 

Есенғали Раушановтың «Қара бауыр қасқалдақ» жинағы. Есағаңның жырлары талғампаз оқырманға онсыз да жақсы белгілі ғой. Қазіргі қазақ поэзиясының көзі тірі классигінің бұл кітабында (соңғы жылдарда жазғандарын айтпағанда) ақынның барлық дерлік өлеңдері топтастырылған десе болады. Бір кезде өрімдей бізді іздеп тауып, арнайы шақырып алып, шынайы ағалық қамқорлығын көрсете отырып, өз қолымен, қолтаңбасымен алғаш тарту еткен кітабы болғандықтан да ерекше ыстық дүние маған.

 Тыныштықбек Әбдікәкімовтің алғашқы «Ақшам хаттары» жинағы. Кезінде поэзиямызда жасынның жарқ еткеніндей жарқын оқиға, құбылыс болған осы шап-шағын жинақтан Тыныштықбек шайырдың бүкіл әлеуеті танылатын сияқты. Жаңашылдығымен, тосын тәсілдерімен, ойының еркіндігімен, басқа да бірегей қырларымен тәнті ететін, әсері ұмытылмайтын кітап мен үшін.  

Қайрат Жолдыбайұлының «Имани гүлі». Бұл кітап әдеби-көркем шығарма емес, сонда да болса, «сүйікті кітабыңыз» деген сауалға орай осы топқа қостым. Өмірдің рухани-дүниеауи түрлі мәселелеріне діни тұрғыдан тұшымды, нақты, көкейге қонымды жауап берілген танымдық туынды екені тәнті қылады. Жиі оралып, қайта қарап отыратын кітабымның бірі.

 

АЛИШЕР РАХАТ, жазушы:

Альбер Камюдың «Бөгдесі» - адам жалғыздығының түпсіз тұңғиығын ұғындырған шығарма.

Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романы. Миф пен өмірді астастырып, адамнан аңыз кейіпкер жасай алғаны үшін ұнайды.

Акутагава Рюноскэнің әңгімелерін жақсы көремін. Мәнсіздікке берілу мен мән үшін күресуді көремін.

Кадзуо Исигуроның «Остаток дня» («Күнімнің қалған бөлігі»)  романын оқыған едім, жақында. Ағылшын мәдениетіне, лордтардың өміріне тамсанып отырдым.

Антон Чехов әңгімелерінде адам жанының нәзіктігін дөп басатынымен ұнайды.

 

Мерей ҚАРТ, ақын:

Көркем шығарманы оқу әуестіктен басталып әдетке айналады. Міндет жүктелмеген жерде еркіндік болады. Қызығушылық пен талғам тартысқа түседі. Оқырман және уақыт кез-келген шығарманың шыңы мен шыңырауын анықтап береді. Сүйікті бес кітапті атау оңай және қиын да. Алғаш сүйген махаббатыңдай әсер қалдырып, ара-кідік қайтара іздеп, немесе сағынып, қайта бір оқығың келетін шығармалар қаншама. Оның бәрін сүйдім деп айта беретін жүрек қайда?! Көркем шығармалардың көбі көңілде қалады. Бір-бірінен бөле жармаймын.

Біздегі жазба әдебиеті қалыптса бастағалы бірнеше толқын ауысып, тыңға түрен салып, тұнып тұрған ауыз әдебиеті бұр-бұрқ қайнап, соны шығармалар халықпен қауыша бастады. Соның алғы шебіндегі алыптардың рухани алпауыт күші, терең иірімдері түбіне тарта түседі. Қазақ әдебиетіне ден қойып, қадам басқан жан – Абайдан аттап кете алмайды. Әлемдік деңгейде ой айтқан ғұламаның аса қуатты поэзиясы мен парасатына бас имеу мүмкін емес. Қалай сүймейсің?!

М.Мағауинің де тарихи шығармаларының тілі, көркемдігі, құндылығы қай дәуірде болсын маңызын жоймайды. Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы таптырмас зүбәржаттай.  М.Әуезов, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов сынды саңлақтардың шығармаларына деген құрметім  асыл анама жасаған тағзыммен бірдей.  Мен үшін алғашқы бестік осылай басталады.

 

СІЗ ҮШІН ӘДЕБИЕТТЕГІ ЕҢ ӘДЕМІ ҮШ ЖҰП?

 

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын:

Ахмет Байтұрсынов пен Бадрисафа шешеміз

 Сәбит Мұқанов пен Мариям Қожахметқызы апамыз

 Қасым Аманжолов пен Сақыпжамал апамыз

Әзілхан Нұршайықов пен Қалима Қалиакпарқызы апамызды ерекше атар едім.

Ұрпаққа үлгі болған, қай ғасырда да көрсетуден ұялмайтын жарасымды жұптар деп есептеймін. Сақыпжамал, Мариям, Қалима апаларды өз көзіммен көрдім. Ғафу Қайырбеков ақын Серік Тұрғынбеков екеумізді Қасымның үйіне ертіп барып Сақыпжамал шешеміздің қолынан дәм татып едік. Сақыпжамал шешеміз аққұба келген, сүйкімді, өте мейрімді кісі болып есімде қапты. Қайран Қасым ақынның "Бір өзіңде екі адамның аты бар"- деп жырға қосатын апамыздың әңгімесін тыңдаған едік. Ғафекең сол дастархан басында Қасымның "Дариға сол қызынан" бастап әнге басып еді. Арада көп жыл өткенде Қасым Аманжоловтың республикалық мүшәйрасында бас бәйге жеңіп алып, Дариға Қасымқызы Аманжолова апамыз үйіне шақырып дастархан жайғанда, ақын Жүрсін Ерманов екеуміз бірге сол дастарханнан дәм татып едік. Сырбай ағамыздың үйіндегі Күлжамал апамыз, Қалижан ағамыздың үйіндегі Зайдахан апамыз, Ғафу ағамыздың үйіндегі Бәдеш Хамзина апамыз болды. Сол дастарханда Сәбит Мұқановтың үйіндегі Мәриям апамызда болған еді. Небір естеліктер айтылып еді. Ақын-жазушыларға жұбайларының өз ауыздарынан айтылған  естеліктерді тыңдауда бір бақыт. Мен сол мүшәйрадан жеңіп алған көлікпен Мәриям апамыздан бастап сол кісілерді үйлеріне апарып салғанмын. Көп әңгімелер тыңдап едім. Керемет асыл аналар еді. Дүниеден өтіп кеткендерінің жандары жәннатта болсын. Есімнен шықпайды.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ, ақын:

Мұхтар Мағауин мен Бақытжамал жеңгей.

Тұрсынжан Шапай мен Назгүл жеңешем.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Шаған жеңеше.

  Р.S. Осы үш қаламгер мен олардың бабын тауып, шығармашылығына мүмкіндігінше жағдай жасап, қапысыз қолдау көрсетіп, ағаларыма ақ-адал жар болып келе жатқан үш жеңгей сыйласқан осы үш шаңырақ ойыма алдымен оралды. Жазушылар әулеті арасында мұндай жарасымды жұптар, шүкір, аз емес шығар деймін...

 

Алишер РАХАТ, жазушы:

Шынымды айтсам, біле бермейді екенмін.

 

Мерей ҚАРТ, ақын:

Драматургиялық шығармадағы жарасымды жұптар немесе естелік кітаптардағы ғашықтар, көркем кинолардан көріп жүрген аяулы жандарға әрине сүйсінесің. Бірақ көзбен көріп жүрген, жүрекпен сезіп жүрген жұптар жайлы айту әлде қайда шынайы және әділ. Ең әдемі, ең жарасымды жұпты алыстан іздемейміз. Қасымызда жүр.  Тыныштықбек Әбдікәкімұлы және Шағангүл Алдамжарқызы.  Ойшыл ақын ағамыздың жары да парасатты ұстаз, зерделі ғалым, ең бастысы әдебиетті жан-тәнімен сүйетін адам.  «Керуен бастар жігіттің нары өзіне лайық,  адам болар жігіттің жары өзіне лайық» халық даналығын осы кісілерге қарта айтса да болады. Тыныш ағамыз аяулы жарына арнаған бір топ өлеңі қандай, өмірлері де сондай. Еш боямасыз екенін көзіміз көріп жүр. Інкәрлік, құштарлық сияқты аяулы сезімдер жырға айналып жатқанын жиі сеземіз. Кейінгі буынға үлгі екенін әдебиет айдынындағы жастардан да үнемі естиміз. Шағангүл анамыздың «Қара өлеңнің келінімін» деген сөзінің өзі талай дүниені аңғартады. Екінің бірі жүрегі дауалап немесе әдебиет алаңына терін тамшылатпай айта алмайды ұлы сөз!  Сондықтан мәңгі ғашық адамдарға жұптарыңыз жарасып, әдебиет айдынында қатар жүзіп, құдыретті поэзия көгінде қатар самғаңыздар демекпіз.

 

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СІЗДІҢ ҮЗДІК ҚАЛАМГЕРЛЕРІҢІЗ КІМДЕР?

 

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын:

Негізі қазақ ақын-жазушыларындағы классиктер түгел ұнайды. Абай, Махамбет, Әуезов, Жүсіпбек, Мағжан, Қасым, Бердібек Соқпақбаев, Мұхтар Мағауин, Тынымбай Нұрмағамбетов, Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратов, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Өтежан, Фариза, Жұматай, Кеңшілік, Дәуітәлі...Жақында Думан Рамазанның еңбектерін оқыдым. Сондай-ақ, Дәурен Қуат мықты жазушылардың бірі. Ал, ақындардан жуырда Заида Елғондинованың, Серік Ақсұңқарұлының, Ғалым Жайлыбайдың, Бауыржан Бабажанұлының, Талғат Ешенұлының, Әйгерім Тұрлыбаеваның, Қуат Дәуренұлының, Дәурен Тілеуханның топтама өлеңдерін оқыдым.

 

Алишер РАХАТ, жазушы:

Жас жазушылардан әзірге айту қиын. Орта буыннан Тоқтарәлі Таңжарық, Қанат Тілеухан. Себебі осы авторлардан шынайылық байқаймын.

 

Батырболат АЙТБОЛАТҰЛЫ, ақын:

Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков, Темірхан Медетбек, Есенғали Раушанов. Бар ғой!.. 

...Ал себебін талғамы жоғары, танымы терең, талабы биік сұңғыла   оқырманның бәрі де білсе керек. Бұл кісілерді классик деңгейіне жетіп, сол биігінен төмендемеген, бабын бермеген, қаламының қадірін қашырмаған нағыз қаламдоздар деп санаймын.

 

Мерей ҚАРТ, ақын:

Қазақ фольклорынан бастап тәуелсіздік кезеңіне дейінгі аралықта қаншама эволюциялық процесс өтті. Үздіктердің қатары молайды. Заман мен адам шығарама құндылықтарын екшеді. Әдебиет кеңістігінде кеңінен көсілген талай тұлғалар өтті. Қазақ әдебиетіне көптеген үздік қаламгерлер келді. Алғы  шебіндегі алыптарды жоғарыда атап өттім.  Енді ел  ішіндегі үздіктерді әлем мойындауы үшін қызмет жасауымыз қажет деп ойлаймын.