Мағира Қожахметова. МЕН, ИМАНЖҮСІП! (Тарихи монодрама)

 (Заманы жоқ батырлық)

 

Оқиға 1931 -1880 жылдары Қазақстанның солтүстік, оңтүстік, шығыс және Сыр өңірінде өтеді. 

 Қатысушылар:

Иманжүсіп (1863-1931) – ақын, батыр, сазгер

Дауыстар, көлеңкелер

Иманжүсіптің «Сарымойын» әні

 

Спектакль батқан күнмен басталып, кері қарай батыстан шығысқа жылжи-жылжи талтүс сәтімен аяқталады. Яғни оқиға көріністері аяғынан ортасына қарай дамиды. Кейіпкердің 60 жастан асқан түр тұлғасы көрініс сайын жасарғандай әсер етіп, жас жігіт кейпіне енеді. Мұның бәрі ұясына кірген күннің қайтадан қылтиып кері жылжып жарқырауы барысында жалғасады. Драманың өнбойы Иманжүсіптің «Сарымойын» әнінің сазы бірде баяу, бірде екпіндей естіліп, сөздері айтылмайды, тек қана әуені.

Портрет – бейнелер ілінген. Олар қаз-қатар емес, аттары аталғанда, кеңістік қойнауынан қылаң береді жақындағандай. (Тұрғанбай датқа, Құтпан Дайрабаев, Сәкен Сейфуллин, т.б.). Жоғарыдан жарқыраған күн. Бірте-бірте батысқа жылжып барады. Күннің сәулесі сахна ортасында дөңгеленген шеңберге түсіп, сан құбылады да төңірек біркелкі қоңырқай тартады.

Бірінші көрініс

Үкім оқылады:

- 1931 жылдың үшінші айының екінші күні. Иманжүсіп Құтпанов Мойынқұмда 1929-1930 жылдары Совет үкіметіне қарсы көтеріліс ұйымдастырғаны; банданың басшысы болғаны; жан-жақты мәліметтер жинағаны; шайкаға мылтық сатқаны үшін ату жазасына кесілсін. (Алыстан талып естілгендей «ату жазасына кесілсін» деген сөз жалғаса береді: Орынбай Әуесбеков ату жазасына кесілсін. Құрманәлі Аққозиев ату жазасына кесілсін...

Тарс етіп оқ атылғанда, ор - шеңберге Иманжүсіп гүрс етіп құлайды. Күн ұясына кіріп, айнала қап-қараңғы. Тып-тыныш.

Иманжүсіптің сыбырлаған үні:

«Қыран едім, қор болдым торға түсіп, Аспаныма шығармын бір күн ұшып. Бар қатыны қазақтың ұл туса да, бірі де бола алмайды Иманжүсіп».

 

Екінші көрініс

 

Батқан күн кері жылжып, жарық шеңбер ішінде тергеушінің сұрақтарына жауап беріп отырған Иманжүсіпке түседі. Тергеуші жақтан тек қана сұрақтар естіледі:

-Қылмысыңды мойындайсың ба? Тіпті мойындамасаң да дәлел жетерлік.

Иманжүсіп жалғыз. Қажып шаршаған, жүдеген. Дауысы ақырын, бірақ анық.

Иманжүсіп. Арыстан едім айбатты. Айым сөніп, күн батты. Патшасы едім әділдіктің, адалдықтың. Қақпанына түстім тиянақсыз билік – қаталдықтың. Халқымды сүйреп едім өрге. Сүмелектер сүйреп тықты көрге. Қиянаттан қорғап едім талайды. Қазір бәрі жау деп маған қарайды. Таймап едім тура жолдан. Қалайша енді ажалым болар қолдан. Асырмап едім басымнан сөз. Шарасызбын – жендеттердің азабына төз. Таптатпап едім намысымды. Байлап, матап, сағым сынды. Қол созып едім әлсізге. Саналыпты мұным жөнсізге. Құтқарып едім ел-жұртымды аштықтан. Жығылдым, тұрмастай енді қастықтан. Жұбатып едім кезінде көп жылағанды. Құтқарар кім бар, қарай-қарай көзім талды. Асырап едім талай жетім, жесірді. Кім болжапты мынадай сұмдық кесірді. Дәм, тұзымның таусылғаны ма? Үзілгені ме үміттің осылай? Балаларым қалып барады артымда...

Басын көтеруге тырысады. Жан-жағына аласұра қарайды. Қатты дауыстап:

«Енді бәрің тарап кетпей бірге болыңдар, Дәулетхан, Сейітхан! Нұрханды оқытыңдар», Нұрханды...(сыбырлап) Дүниенің кілті оқуда, білімде деп еді Сәкен...

 

Үшінші көрініс

 

Күн сәл жарқырағанда, мұнтаздай таза, сәнді киінген Иманжүсіп ортада. Оң жақ төрде Сәкеннің портрет-бейнесі.

Иманжүсіп. Қасымызда Мұқажан, Әшірбек, Жұмабай деген жігіттер бар, Сәкенмен өткізген думанға толы сапар ертегідей еді. Алпысты алқымдап, өлеңнен де, өр мінезден де тиылған шақ. Ән, домбыра, жақсы ат, жүйрік ит, қыран құс – жан серігім, ермегім, бірақ бұрынғы екпін жоқ. Көңіл күй де, сезім де, ықылас, ынта да жоқ. (Сәкеннің бейнесіне бұрылып) Соның бәрін Сәкен, сен қайтардың маған. Тынысымды кеңейттің. Көзімді аштың. Тұманды сейілттің. Жоғалтқанымды таптым. Адамзаттың өзімдей  сен де бір асылы екенін ұқтым. Жаяу Мұса, Қажымұқан, Балуан Шолақтан кейін жаныма жалау болған саңлағым. Бір-бірімізді қуанышқа бөледік, қадірімізді асырдық. Сән, салтанатыңнан, әрекетіңнен заманның ағымын түсінгендей едім, не боп кетті бұ дүние?! Мадақтаған үкіметің неліктен өзіңдей құшағын жаяр емес? Ес білгелі бай, манаптың озбырлығын талқандаумен келе жатқан мені қалайша солардың қатарына қосады? Үйір-үйір жылқы, мал, мүлкің де қылмыс па? Қайдасың Сәкен? Не айтасың? Кәмпескелеу тізіміне іліндік. Амалсыздан Мойынқұмға көштік. Өзегі талған, аштықтан бұратылғандармен барымызбен бөлісіп таратып бердік. Түк те қалмады. Жайқалып өскен жауқазындарым Гүлхадиша, Гүлзағипа, Гүлбибімнен айырылдым. Ұлдарым жүр Қосқұдықта жан бағып. Басар жер, паналар сая қалмады. Бала-шағамды, ағайын-туғанымды алып кетемін Ауғанстанға. Өз халқын қынадай қырған мына билігіңнің кешегі орыс патшасының зұлматынан қай жері артық?

Төртінші көрініс

 

Күн нұры бұрынғыдан да гөрі жарқырап шыққанда, Сыр өңірінің тамылжыған бір көрінісі.

Дауыстар:

-Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді!

-Тұрғанбай датқаның немересі екен Иманжүсіп!

 -Енді есін жиятын шығар қазақ!

 

Әнімен шырқалады:

«Ассалаумағалейкум! Иманжүсіп,

Жібердік өлшеп үлгі, сырттан пішіп.

Бабаңнан қазылған жол, қалған өрнек,

Қағазға алдыңызда тұрған түсіп.

Сәлем айт Ақшабайға, Шоңайменен,

Зат емес сіздер шыққан оңай жерден.

Бабаңнан қалған өрнек пішкен үлгі.

Сіздерге өлшеп көрсек қолай келген.

... Жеті ата Шашты Қыпшақ бөлінеді,

Бәрі де сырда түгел көрінеді.

Айдарғазы және де Малай, Құтым,

Байсары, Бошай, Шағыр, Шегір еді.

Тұрғанбай сол Шаштының Құтымынан,

Сен соның Иманжүсіп тұқымынан...»

Иманжүсіп. Осы хатты Сырдағы ағайындар атақты ақын Мансұр Бекежановқа жаздыртып, біздерді – Тұрғанбай датқаның ұрпақтарын шақыртқанда, мен Бұғылы, Тағылыда ит жүгіртіп, құс салып, бір шыққанда, 30-40 түлкіні баптаған бүркітіме алдыртып, астымда сәйгүлігім, соңымда алғыр тазы, халқымның құрметіне бөлене ән шырқап, сайран салған бір дәурен еді! Ұлы атам Тұрғанбай датқаны осыдан жүз жыл бұрын Қоқан ханы адам сенгісіз азаппен өлтірткенде, «кегімді алатын бір ұл туар Қыпшақтан, тегін жібермес қанымды» деген аманаты жүрегімнен кеткен емес. Бұхардың әмірін амалын тауып, кек алуды ұйғардым. Сөйтсем, хан да, әмір де жоқ, заман өзгерген. Көп жыл айдауда, түрмеге қамалып, хабарсыз қалыппын.

 

Бесінші көрініс

 

Күн сәулесі тар қапаста жатқан, есі кіресілі-шығасылы Иманжүсіпке түседі. Байлап матаулы таңуы әрең шешіліп, тор ішінде жолбарыстай тулайды.

Дауыстар:

- Генерал-губернатор да, ішкі істер министрлігіне де білдірмейік.

 -Иә, иә, олардың бұны қорғап, ақ, қарасын айырар шамасы жоқ, соғыс, төңкеріс,  аласапыран...

- Иманжүсіпті әкесімен, ағайын-туған, бала-шағасымен Жетісуға жер аударайық.

- Одан әрі қайтып келмейтіндей жаһаннамның тозағына...

Иманжүсіп. Өкініштен өртендім, қапыда қалып. Аштықтан, соққыдан, опасыздықтан «мен болдым осы күнде тірі ғарып. Шарасыздықтан жатырмын күйіп-жанып. Дұшпаннан кек алмадым сайран салып, Теңбілкөк пен Ақсауыт үйде қалып».

         Байланғанын быт-шыт қып, ұшып тұрады алға қарай ентелеп.

Иманжүсіп. Ғұмыры от пен оқтың арасында өткен әкем Құтпан кешегі қандай еді. Түркістанда туып, Арқада өскен. Дайрабайдың Құтпаны, Тұрғанбай датқаның Баймырзасы, Кенесары ханның сарбазы! Бәрі бір өзі! Азаттықты аңсаған батырлардың көзі. Асаудың құлағында ойнаттың, жан, жануар, аң, құстың тілін үйреттің, саятшылықтың қызығына, құпиясына бойлаттың, тереңге сүңгіттің, биікке самғаттың. Аңыз еді өмірің. Дайрабай әкең Кенесары жорығында қаза тапты. Хан туы жығылып, құрсаудан әрең құтылдың. Ертіске жетіп паналадың. Қолың тигеннің бәрі құт, береке. Тасың өрге домалады. Ақшабай, Шоңай, Бәтіш, мен келдім дүниеге. Ежелден дәмін татып, аунап-қунаған еліңе - Есілге көштің. Дәулетіміз тасыды. Тұлпар да, сұңқар да бізде. Құмай жүгіртіп, құс салдық. Бәйгеден атымыз озды. Қызғаныштан би, болыстың жүйкесі тозды. Жау жағадан алды, дос етектен тартты. Бірге айқастық, қатар шайқастық, бетімнен қақпадың, меселімді қайтармадың. Даңқымыз асты, көбейтіп қасты. Отырмыз енді тоқтата алмай көзден аққан жасты. Айдалып бара жатқанда, тар жолда үзілді демің, рухың ұшты аспанға. Үнсіз демеп: жасқанба балам, жасыма, арманым жоқ, кетсем  деп сендердің алдарыңда. Кенесарының жетем басына. Аталарың да соның қасында. Батырлардың ізін жалғап, асқақтат даңқын ғасырлардан ғасырға. (Сәл кідіріп, сөзін жалғастырады). «Болғанда әкем Құтпан, ағам – Шоңай, Адамзатта ұл тумас мендей құмай!».

         «Сарымойын» әнінің ең бір шырқауға шығандаған тұсы. Оркестрдің орындауында бірнеше буыны асқақтап барып тоқтайды. Шеңбер-тор алыстай береді. Иманжүсіп алдыңғы жаққа шығады.

 Иманжүсіп. Омбының мына генерал-губернаторының жүзі жылы ма, қалай өзі... Тілмаш керек емес деп, орысша сөйлегеніме риза болды ма екен әлде.

 Сұрақтар сырт жақтан қойылады.

-Осы төңіректе бір жылқысын немесе басқа бір малын Құтпанов ұрламаған бір де бір адам жоқ дейді, бұған не айтасың?

Иманжүсіп. Ұрлық жасайтындай басыма не күн туыпты. Әкем мен ағаларым дәулетті. Үш жүзден астам жылқымыз бар. Ешкімді жылатпадым. Мұның бәрі орыс, қазақ байларының ойлап тапқан бәлесі. «Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ». «Жабылып тұр ұлықтан жала маған, көре алмаған көп дұшпан табалаған».

-Болыстық старшынға қарсы топ, шапқыншы, тонаушы шайка құрыпсыз. Губерниялық мекеме жайында теріс пиғыл таратып жүрген көрінесіз.

Иманжүсіп. Дәйегі жоқ бәрі бос сөз. «Тумай жатып өш болды маған болыс. Аударылды сол үшін талай қоныс. Сатырлатып сабаушы ем, шеттерінен, мынау ояз, демеуші ем, мынау болыс!». 

Дауыс:

«- Құтпановтың көзі, құлағы әр ауылда, әр селода, әр қалада бар. Оның қазақтан да, орыстан да досы көп. Оның тірегі күшті. Ол ешкімнен қорықпайды. Оған тек патша әкімшілігінің, Сіздің, аса мәртебелі генерал мырза өзіңіздің болмаса, басқа ешкімнің тісі батпайды».

Сахна сыртынан айтылған сөз барысында ортада Иманжүсіп түрлі қимылдар жасайды. Мылтығы, т.б. қаруы бойында, буынған қамар белбеуінің бір жағында қанжар, екінші жағында қыстырылған алтыатар. Қолындағы дойыр қамшысын тартып-тартып қалғанда, зу-зу үні естіліп тұрады.

Жоғарыда бүркіттің сұлбасы. Төменге құлдилай көкжал қасқырдың үстіне төнеді. Сол жаққа асыққан Иманжүсіп.

Күннің жарығы әйелдің сол жақта ілінген портрет-бейнесіне түсіп, дауысы естіледі:

«-Аса мәртебелі ішкі істер министрі тақсырға Ақмола оязы, Ақмола болысының қазағы Иманжүсіп Құтпанұлының қатыны Бәтима Құтпанова-Түктібаевадан арыз. Ол тағдырдың тәлкегіне түсіп, қаулаған өсектің, барып тұрған бас араздықтың тәлкегіне түсіп отыр. Ақмоланың ояз бастығы мен болыстық старшын Иманжүсіп Құтпанұлының қылмысы туралы жөнді тіркеу болған жоқ. Сот қарап үкім шығарған жоқ.

Менің Сізден аса жоғары мәртебелі министр тақсыр, өтінейін дегенім мынау еді. Менің байым Иманжүсіп Құтпан ұлын Итжеккенге айдамай, осы төңіректегі ояздардың біріне жер аударсаңыз. Полицияның бақылауымен әйелін бірге ертіп әкетуге, аздаған мал-мүлік алуға рұқсат беріп, ерікті түрде жер аударсаңыз...»

Күннің сәулесі Иманжүсіпке түседі.

Иманжүсіп. Жақсылықты осы генерал-губернатордан көрдік. Өскеменге жер аударғанда, жанымда Бәтима, бес жыл бойы еркін жүрдік. Орысы, татары, қазағы бар, дәмдес болып, көмектерін аямады. Бұған мұқтаж болмасам да көңілдерін қимадым. Елге жеткенше ұзақ жүрдік.

 

Алтыншы көрініс

 

Дауыстар:

- Иманжүсіп бостандықта.

– Қайтадан түрмеге тығу керек.

-  Қоянды жәрмеңкесінде жүр.

– Айдаудан қашып шығыпты деп таратыңдар.

– Райымжанға тез хабар беріңдер...

Иманжүсіп. Апа! Апам қайда?

Жарық қарт әйелдің портрет-бейнесіне түсіп, анасы Үміштің (Ұрқия) үздіккен үні естіледі:

-Құлыным! Иманжаным! Жүсібім! Бітімі бөлек арысым! Пәле, жала, тіл, көзден сақта деп жалындым. Ит, құстың, жан, жануардың сырын білгенде, заманыңның қыр, сырын таппадың-ау, айым, күнім, жарығым! Асауды тырп еткізбей құлағында ойнағаның, бүркітті баптап, көкжалға салғаның, палуандармен күресіп, жамбасың жерге тимегенің, ән-жырыңмен, домбыраңмен топ жарғаның, бір басыңда мың сан өнер – болды-ау өзіңе қатер. Көз ашпадың-ау жаладан. Сая таппай шексіз мына даладан. Бір көрсем, шіркін... Мен жатырмын құса болып наладан. Айналдым сендей баладан, ерекше туған данадан... Иманжаным...

Иманжүсіп. Көзім жасы көл болды, еңіредім. Жанашырым жан апам өзің едің. Ес білгеннен айқасып жауыздармен, осы ма уайымға батырып сені жан апа, жеткен жерім. «Зая кетті дұшпанға қылған ерлік, жасап едім жасымда көп есерлік». Кешір, апа! Зарыққанда жаныңнан табылмадым, бір уыс топырақ та сала алмадым.

 

Жетінші көрініс

Дауыстар:

- Бермейміз жерімізді.

–Көшпейміз ешқайда.

– Өлтірді-ау...

– Бәріне кінәлі Иманжүсіп. Орыс пен қазақты бір-біріне айдап салды.

 – Ақ патшаның, генерал-губернатордың  сыртынан айтпағаны жоқ. Ұлыққа бағынбады.

– Жылқы ұрлап сатты.

Күн тас төбеде. Тар қапаста Иманжүсіп жатыр. Тұрайын десе, тұра алмайды. Аяқ, қолдары кісендеулі.

Иманжүсіп (Даусы әрең естіледі). Бір жыл өтті, күнде осылай. Дүре жемеген бір күнім жоқ. Таңертең бір, кешке бір жауапқа шақырып, сабап-сабап, әкеліп тастайды. Ағайындар жіберген тамақтың тәтті-дәмдісін абақтының өз адамдары жеп қояды, тек сілімтірі ғана жетеді. «Қоңырсиды деп ішпеуші ем қойдың сүтін, түрменің қара наны балдай болған...»

Сөздерін аяқтауға шамасы жетпей сыбырлап үнсіз  сылқ етіп аударылып түседі.

Жарық әйелдің портрет-бейнесіне түсіп,  тіл қатады.

«-Мен, Зейнеп Иманжүсіп қатыны Құтпанова. Жазықсыздан жазықсыз абақтыда азап шегіп, қорлық көріп жатқан байымды Иманжүсіп Құтпанұлын абақтыдан босаттырып, үйге қайтарттырсаңыз екен. Талауға түскен малымызды қайтартсаңыз екен. Өзіміздің бұрынғы қонысымызға қайта көшіп баруымызға рұқсат етсеңіз екен, аса ұлығ мәртебелі, биік дәрежелі генерал-губернатор... Иманжүсіп қамалған соң біздің көрмеген қорлығымыз жоқ. Жасы тоқсанға таяған атамызды сақалынан, сексенге келген енемізді  шашынан жұлып сабағанда, тек жанымыз ғана шықпады, құр сүлдеріміз қалды. Бірақ қолдан келері жоқ, көне бердік. Ақырында жаяулап, жалпылап, шама келгенше, Күйгенжардан Қарасуға көштік. Мұнда не тамақ жоқ, не баспана жоқ, алғашқы кезде қатты жүдедік. Қартайған атай әрі таяқтан, әрі аштықтан, оның үстіне суық тиіп ауырып қалып еді, әлі бас көтерген жоқ, төсекте жатыр. Әйтеуір жанашыр ағайын көп екен, оларды бұрын кім білген, солар біреуі тамақ әкеп ішкізіп, есімізді жинадық, енді біреулері жұртта қалған үзік-туырлықты, әбдіре-сандықты, екі аяқ арба сияқтыларды жеткізіп, баспана жасап алдық. Қылышын сүйретіп қыс жақындап қалғанда зәреміз тіпті қалған жоқ, далада қатып қаламыз-ау деп қорықтық. Сөйтіп отырғанда жанашыр ағайындардың біреуі келіп, көшіріп әкетті де, үйінің бір бұрышын босатып берді. Әзір сонда тұрып жатырмыз. Алдағы күніміз қандай болатынын бір құдайдан басқа ешкім білмейді».

Осы сөздер айтылып жатқанда, Иманжүсіп құрсаудан босап, ортаға шығады.

Иманжүсіп. Зейнептің арызына ден қойған генерал-губернатордың босатылсын деген бұйрығы сақтап қалды өмірімізді. Бірақ жаным да тәнім де тозып, әрең қатарға қосылдым. Байлап қойып сабағаны, есімнен тандырып қорлағанынан өлімші, құр сүлдерім қалған.

Дауыстар:

- Есіңді жый!

– Иманжүсіп жатып қалыпты дегенді естімейік.

– Дұшпаныңды төбеңе секіртпе.

– Ақшабай, Шоңай ағаларың тұрғанда сескенбе!

- Біз, Қаратай мен Жексен, кегіңді қайтарамыз!

– Атқа қон! Міне, Теңбілкөгің! Қайтар кешегі сән, салтанатыңды.

– Дүбірлет далаңды! Қыраныңды ұшыр аспанға! Қиқуға сал, арында, асқақта!

– Сенің емің ән, домбыра, Шырқа, безілдет!

Күн сәулесі Иманжүсіптің келбетін нұрландырып тұр. Қару-жарақ асынған. Көңілді.

Иманжүсіп. Не істесем де елім үшін! Ән шырқадым, өлең шығардым, домбыра тарттым. Мықтының еншісінде кеткен әлсіздің есесін қайтардым. Менменсігеннің көңілін бастым. Адалдықтың, адамгершіліктің айбынын асырдым. Жауларыма арыстандай атылдым. Жігіттерді сүйгеніне қостым, жаныма ергендеріне олжа салып, «бір түнде сегіз қызды алып қашып». Мейірім төктім. Шуақ шаштым. Ешкімнің аттамадым ала жібін. Бабамның жалғастырдым дара ізін. Құстай ұштым бағындырып мұзарттардың шыңын, құзын. Қане, келіңдер, кімнің нендей мұңы, зары, өкініші, өтініші бар? Қайдан, неден, кімнен болды зорлық-зомбылық? Кім аш, кім жалаңаш? Түйткілдеріңнің түйінін шешемін. Жемқорлықпен халқын тұншықтырған, жерін, елін тонаған, асылын, ақынын, батырын қорлаған биліктің түбіне жетемін! «Құдай берген қуатым бойға сыймай, жұдырықтай басымды» сендер үшін «отқа салып», жанымды пида етемін. (Жан-жағына қарап). Болыстың поштабайы, қойдай байлап сабап едім, тірісің бе...

«Жалғыз үй естек едің Рахымжан. Аузыңнан ағып тұр ғой қып-қызыл қан. Ойда – орыс, қырда – қыпшақ малын жедің, тәккапбар, қызыл ауыз, ай, антұрған. Бейнетқорды жылатып көрген жоқ ем, Рахымжанның бір көріп, басын алсам».

Ал, сендер ше, қарашекпендер, «аузы түкті кәпірдің талайларын, бақыртып сабаушы ем лақтайын». Соған қарамастан орыс деп бөлмедім, дәм, тұзыммен бөлістім.

Дауыс:

- Иә, иә, естігенбіз. Біз жақында көшіп келіп едік. Күнде қуып, қайда барып паналайтынымызды білмейміз. Болыстың жері, көшіңдер, кетіңдер деп, зәре-құтымыз қалмады. Қыс та жақын. Не істейміз!

Иманжүсіп қалтасынан судыратып қағаз алып жаза бастайды.

Иманжүсіп.  Осында қалыңдар. Баспана салыңдар. (Қағазға қарап). Иә, Шортанды көлінің тұсындағы мына жерді Райымхан Жылқыбаевтың иемденгені рас. Бұдан былай Ресейден көшіп келген қарашекпендерге тиесілі, яғни сендерге. Қорықпаңдар. Тексерсе осыны көрсетіңдер, қағазда патшаның екі басты самұрығы тұр. Енді ешкім де тиіспейді.

Дауыстар:

- Рахмет, тақсыр!

– Мәртебеңіз өссін!

– Жаныңыз жамандық көрмесін.

– Қамқорлығыңызды ұмытпаймыз ешқашан.

Иманжүсіп. Мұны уақыт көрсетер. Ес жиып, етек жауып, тамақтарың тойған соң, кім білсін, ұмытуларың да мүмкін, құтырып кетпейтін шығарсыңдар... Жалаң аяқ, жалаң бұт, арып ашып келіп, қазақтың жерінен сая тапқандарыңды кейінгі ұрпақтарың мына өздеріңдей қадірлей ме, жоқ па, әй, қайдам...

Дегенмен Райымханның үйінен патшаның самұрық белгісі басылған мына қағаздар мен мөрін алып кеткенімнің пайдасын орыс та, қазақ та көріп жатыр. Оған да қанша жыл...

Алға адымдайды. Қолындағы қағаздарды аударып-төңкеріп, қалтасына салады.

Иманжүсіп. Өзің құрған қақпаныңа өзіңді түсірдім Райымхан. Қонаққа шақырып ішкізіп, жегізіп, ұстатып жіберемін дедің ғой. Сыртта торуылдаған солдаттар да қонағың ба? Тырп еткізбеймін. Алдыма түс, қане!

Теріс бұрылып, түрлі қимылдар жасайды.

Дауыстар:

- Өлтіре көрме, Иманжан. Не бұйырсаң да істеймін.

– Бәрің тараңдар! Біз татуластық.

Иманжүсіп. Тез! Қағазыңа жаз: Иманжүсіптің еш кінәсі жоқ, оған ешкім тиіспесін. Еркін жүріп тұрсын. Патша әкімшілігінің,болыснайдың алдында айыпсыз. Мөріңді басып қой да маған бер. Анау қағаздарыңды да әкел патшаның самұрық суреті басылған.

Мөр мен қағаздарды алып көрсетеді.

Иманжүсіп. Ұстауға жеңіл, бірақ күн өткен сайын салмағы зілдей. Райымхан, Шолақ ояз, Пересыпкин – бәрінің саған қарсы шабуылы үдеп барады.

Дауыстар:

- Қайда барса да серіктерін ертіп жүреді.

– Тосайық.

– Бәрібір ол ұстатпайды.

–Ұстасақ та қолдары темірдей, тіпті саусағына шейін ұстағанын тесіп жібереді. Бойы екі метрден асады, әліміз жетпейді.

– Әне, әне, дәл қазір жалғыз екен.

– Астындағы атын көздеп атыңдар.

– Түстің бе қолға...

Күннің көзі аттан ұшып құлаған, жерге гүрс еткен Иманжүсіпке түседі.

Иманжүсіп. Қап, әттеген-ай, қапыда қалдым-ау.

Қап-қараңғы. Иманжүсіптің көлеңкесі. Бойы тіп-тік. Жан-жақтан оған сермелген қолдардың сұлбасы. Кенеттен күн жарқырап, Иманжүсіп шарт қимылдайды.

Иманжүсіп. Атымды өлтірдіңдер. Көкмойынның шылбырымен екеуіңді қосақтап, ағашқа таңып, көйлектеріңді ауыздарыңа тығып кетемін. Таланыңдар шыбын, шіркей, масаға.

Орманның шуылы, жапырақтардың сыбдыры, масаның ызыңы естіледі.

Дауыстар:

- Енді не істейміз?

– Әбден масқарамыз шықты.

– Көрген қорлығымызды ел естімесін.

– Иманжүсіптің даңқы асып барады.

– Орыс та, қазақ та қолдайды оны.

– Ешкімнен қорықпайды.

– Тіпті ақ патшаны да мойындамайды.

– Аты аңызға айналды, не істесе де нағыз жігіт екен, батыр деп сүйсінеді бәрі.

– Күлкіге, мазаққа қалдық.

– Көшіріп жіберу керек.

– Патшаның бұйрығы бар деп, анау қарашекпендерге Құтпановтардың жерін тартып әперейік.

– Міне, табылған ақыл.

– Бір-бірімен қырқыстырып, өрем қаптырайық.

– Сонда айыпкер Иманжүсіп боп шығады.

 – Ебін тауып атып тастайық.

 – Жо-жоқ. Заңмен жазалансын.

– Мұндағылардың шамасы жетпейді. Генерал-губернатор болмаса.

– Жарымхан бар емес пе, орысша оқыған, Омбыға барып, тілін тапсын...

Қардай бораған сөздер жоғарыдан атқылаған оқтай әсер етіп, Иманжүсіп сахнада әрлі-берлі жүреді. Қамшысын жан-жаққа сілтеп шыр айналады. Бір кезде кілт тоқтап, қамшысын екі бүктейді.

Иманжүсіп. «Дұшпаным көп сыртымнан қамалаған, соңымнан иттей шулап абалаған». Солардың бірі, әне, Жарымхан. (Алысқа көз тігеді). Шолақ ояз бен інісі Райымханның аманатын арқалап барады. Жала жауып, тағы да мені түрмеге тықпақ.

Асқан сақтықпен сахна түкпіріне қарай жүреді. Соғылған дүренің дыбысы естіледі.

Күн шуағы бері бұрылған Иманжүсіпке түседі.

Иманжүсіп (Қолында ер адамның киімдері). Айдалада тыр жалаңаш қалдырдым Жарымханды (киімдерді лақтырып жібереді). Қасында жандайшаптары бар, тырп еткізбедім, бірақ тиіскен жоқпын.

 

Сегізінші көрініс

 

Дауыстар:

 - Итжеккенге айдалады.

– Үйі, мал, мүлкі өртенеді.

– Зеңбірек алдыртамыз.

– Бүкіл туыстарын қамаймыз, сонда еріксіз өзі келеді.

– Таптым амалын. Жақында ғана болыс болған Мәтінің Шәрібі ше? Иманжүсіптің досы, бір-біріне тұлпар, қыранды сыйға тартып, ант-су ішіскен деседі. Ұстап бермесе, болыстықпен қоштасады.

«Сарымойын» әнінің бір үзігі.

Сахнада Иманжүсіп. Әдеттегідей қару-жарағын асынбаған, қамшысы да жоқ.

Иманжүсіп. Сілетінің бойында аң, құстың қызығына тоймай Дәулетхан мен Тұрсынбайға тазыға қоян алдыртуды, қаршығаға құс ілдіртуді үйретіп, үйрек, қаз, дуадаққа толды қанжығамыз. Енді міне, Шәріптің үйіне келе жатырмыз. Төрт күннен бері осында қонақпыз.

«Сарымойын» әнінің бір буыны биікке шарықтайды.

Иманжүсіп (мазасызданып, селк етеді). Жо-жоқ, қастық істей қоймас Шәріп. (Өз бойын өзі тінткілей, қаруын іздегендей белбеуін ұстайды).

Кенеттен қараңғылық құшағында көрінбей қалады. Ән ырғағы кульминациялық күшіне еніп, төңірегін тас-талқан қылатындай. Аяусыз соққы, дүре дыбыстары естіліп тұрады. Күн жарқ етіп шыққанда, байлап-маталған Иманжүсіп.

Иманжүсіп. Балаларыма тиіспендер. Не істесеңдер де, міне, мен дайынмын. (Әлсіз, қимылсыз). Досым Шәріп, болыс Шәріп. Тұрсың-ау сығалап, түрім мынау! Байлап-матап, дүрелеп, естен танып. «Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай», тірі өлікке айналдың бұдан былай. Бала-шаға, жан апам қалмаса екен артымда жылай-жылай. Қажысам да дос, дұшпанның қылығынан құлай-құлай, оттай жанам жаратқаннан күш сұрай-сұрай. Найзағайдай жарқыраймын. Жасындай шатырлаймын, өртеймін. Нөсердей төгемін. Желдей есемін. Дауылдай соғамын. Тас-талқан етем басымды дауға қалдырған, сән-салтанатымды тонаған, іріп шіріген мына қоғамын.

«Сарымойынның» ең шарықтау буындары сәл саябырлап, күн сәулесі әйелдің портрет-бейнесіне түседі.

Дауысы:

 «- Жылқыбаев мырза ояз бастығымен тамыр-таныс, табақтас болғандықтан, соған арқа сүйеп, менің байыма жаппаған жаласы жоқ. ...Иманжүсіп қамалған соң, біздің көрмеген қорлығымыз жоқ. ...Малымызда иелік жоқ. Болыстың жіберген адамдары шауып келеді де, осыдан қазы шығар-ау деген ту биені, құр атты іліп алып жүре береді. ...Иманжүсіптің екі ағасы - Ақшабай мен Шоңай, ниеттес серіктері – Қаратай, Жексен далаға шығып, көзге көрінуден қалды. Қолдарына түссе дүрелейді. ...Жаз бойы зәре жоқ. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрген емеспіз. Ішкен-жегеніміз тамағымызға қырық түйіледі...»

Бұл сәтте сахнада жылқының кісінегені, аттардың дүбірі мен  ән әуені қатар баяу естіледі.

Ортада Иманжүсіп. Түрі әлдеқайда жас.

Иманжүсіп. (Сол жаққа бұрылып). Райымханды болыстықтан түсіреміз деп, игі жақсылар келіп тұрсыңдар. Маған мұның түк қажеті жоқ. Бүркітімді баптап, сәйгүлігімді бәйгеге қосып, ит жүгіртіп, ен далада сайран салсам, бойыма сыймаған қуатпен палуандармен белдесіп, жеңістен жеңіске жетіп, әнімді шырқап, домбырамды бебеулетіп, осылай жүргенім жақсы. Ренжімеңіздер, титтей ықыласым жоқ болыс болуға.

Дауыстар:

 - Мұның қалай? Көптің мұңын, мұқтажын жоқтап түгендейтінің үшін өтініп тұрмыз ғой.

– Бір болыстың емес, мың болыстың атқара алмайтынын істеп жүрсің.

– Елің, жұртың әлпештеп отыр өзіңді.

– Орысша сөйлегенде, орыстың өзін жаңылдырасың.

– Азамат деп келіп тұрмыз саған.

– Сүйенішіміз, тірегіміз бір өзің!

Иманжүсіп. Ойпырай, қоймадыңдар ғой, келісейін. Шолақ ояз да, Райымхан да небір құйтырқыға барады, сайлатпайды мені. Түбі жамандыққа апармаса жарар еді. Көріңдер, өздерің біліңдер.

Күн сәулесі әйелдің портрет-бейнесіне түседі.

Дауысы:

«-...Старшын сайлаймыз, тасымызды саған саламыз деп, менің байым Иманжүсіп Құтпанұлын шарға түсіруге көндірді. Бірақ бұған Ақмола оязының бастығы мен бұрынғы болыснай старшын Жылқыбаев мырза екеуі мейлінше қарсы болыпты. Бұл адам Ақмола оязының жергілікті тұрғыны емес, жақында көшіп келген кірме, мұның шарға түсуге правосы жоқ деп шығарып тастайды. Сөйтіп Жылқыбаев мырза шарға жалғыз өзі түсіпті де, болыснай старшын боп қайта сайланыпты. Оған менің байым Иманжүсіп Құтпанов ренжіген де жоқ, баяғысынша құсын салып, итін жүгіртіп жүре берді.

Бірақ сайлау өткен соң Жылқыбаев мырза сайлау кезіндегі шығынымды өтеңдер деп жан-жаққа кісі аттандырыпты. Бір топ адам біздің үйге де келді. Олар менің байым Иманжүсіп Құтпанұлына болыстық старшынның ана жылғы Құланөтпес – Терісаққан бойында өткен аста бәйгеден келген Ақсұр атын берсін деген бұйрығын әкеліпті. Менің байым атын бермегені былай тұрсын, келген адамдардың ішінен болыстың немере інісі қыр көрсете сөйлеген екен, оны сабап жіберіпті. Пәле осыдан басталды. Ақсұр ат ақырында біздің айналамызға ұшық болып тиді».

Осы сөздердің аясында жылқының кісінегені, құстың сайрағаны, қыранның саңқылдағаны, т.б. естіліп тұрады.

 

Тоғызыншы көрініс

 

Жарқыраған кү шығысқа қарай жылжып барады. «Сарымойын» әнінің бірер нотасы жалғасады. Иманжүсіп ұлдарына асауды үйретудің амалдарын көрсеткендей әрекеттер жасайды.

Иманжүсіп. (Оң жаққа ентелей қарап). Қане, қане. Құрықтың қажеті жоқ, сал мойнына қыл арқанды. Байқа, жұлып әкетпесін. (Асаудың шыңғырып тулағаны естіледі). Ал, сен екі құлағынан бұрап тұрып басын ұста. Тез, тез! Босат арқанды. (Бері бұрылып) Осы жасымда аттан жығылып көрмеппін. Тай, құнан үйретуде жан салмадым алдыма. Арқасына жабысып қалатынмын, қанша мөңкігенімен, асаудың екі қолтығына аяқтарымды сап еткізіп міз бақпайтынмын. Жылқы мінезін сезіну дегенің, ой-һой, шіркін, ғажап қой, ғажап! Арынын басып, талай тарпаңды тулаттық қой.

-Жарысасың ба? – деді бірде Кубрин досым, Америкадан қыруар алтынға сатып әкелген мәшинесін көрсетіп. Гүр еткізіп, төңіректі бір айналып шыққан мәшине қайран қалдырды.

– Міне, нағыз жүйрік! – деді ол. – Ұшқан құсқа, шапқан атқа жеткізбейді.

 – Менің сәйгүліктерімнен де жүйрік пе?- деймін таңырқап. Не керек, Ерейменге апаратын үлкен жолға шықтық.

Көкмойын мәшинеге жақындауға  батпайды осқырынып. Шопырымен бірге Кубрин жайғасты мәшинесіне. Үркектеген Көкмойыным әп-сәтте ниетімді түсініп, ұша жөнелдік. Мәшине шаңымыздың астында қалды қақалып-шашалып. «Мұны ешкімге айта көрме» деді.

– Олай болса қуатын тексерсек қайтеді?-дедім.

Мәшиненің дүрілі, келіп тоқтағаны естіледі. Иманжүсіп лақтырылған арқанның бір ұшын мәшиненің артқы сырғасына ілгендей әрекет жасап, арқанды орай екі ұшын қолдарымен ұстап, тартып тұрады. Мәшинеге от алдыртқан гүріл естіледі. (Бәлкім мәшине сұлбасының көрінуі мүмкін. Осы көріністерді нақты көрсетуге де болады...). Дүр-дүр еткен гүрілі құлақ жарады, артқы екі дөңгелегі бір орында шыр айналып тұрады.

Дауыстар:

- Көбіреннің елу өгізге әкелген мәшинесін Иманжүсіптің Көкмойыны көтеріп әкетіпті.

– Жүйрігі де, қыраны да, тазысы да, өзі де отқа салсаң күймейді, суға лақтырсаң батпайды.

– Бұған енді не істейміз? Атақ, абыройымен, өрлігімен таптап кетті бізді.

– Әуселесін көкпарда көрейік, құнан өгізді қалай көтеріп әкетер екен?

Сахна у-шу, «көкпар, көкпар...» деген дауыстар, аттардың дүбірі. Иманжүсіптің шауып бара жатқандай сұлбасы жарқ-жұрқ сәуле арқылы көрінеді.

Күн сәулесі Иманжүсіпте, лақтыра салған құнан өгіз салмағының гүрс еткені естіледі.

Иманжүсіп. Кім қалай түсінсе, олай түсінсін, Райымханның көкпарға тіккен өгізін (білегін сыбанып) тоқалының үйінің алдына лақтырып кеттім. «Талай көрдім қызығын қуат-күштің, есебі жоқ басымнан өткен істің». Мін тауып, айып таққыштар Қажымұқан, Балуан Шолаққа қарсы қойғысы келеді мені. Осындайда Жаяу Мұса ағамды сағынамын. Құдайдың берген қарым, қабілетіме күмәнданушылар көбейді. «Шешендік, батырлығым зая» болар ма екен. «Болмаңыздар, жігіттер, құдай қасы, Заманы жоқ батырлық жанның қасы. Адам басы алланың добы деген, Не көрмейді ат пенен адам басы».

 

Пауза

 

Күн жарығы Кенесарының ілінген портрет-бейнесіне түседі. Жәрмеңкенің гу-гуі естілгендей. Тұс-тұстан көлеңкелер көбейіп, оң және сол жақтан оқтар атылады.

Дауыстар:

- Қане, қайсымыз атып түсірер екенбіз.

– Мұның жансыз бейнесі де қауіпті.

– Қайдағыны айтпашы, Абылай ма, Кенесары, Наурызбай ма, елінен де, есімдерінен де қасиет кеткелі қашан.

Кенесарының портрет-бейнесі қисайып барады.

Дауыс:

-  Енді Қоянды жәрмеңкесінің мерейін тасытқан анау қазақтардың үні мүлдем өшеді.

Портрет төңкеріліп түскенде, Иманжүсіп жүгіре басып, қағып алады да орнына қояды.

Иманжүсіп (бері бұрылғанда, сумаңдаған екі көлеңке бір-бірімен соқтығысып, бақырған дауыстары құлақ жарып, күн жарығы Кенесарының портрет-бейнесін жарқыратып жібереді). Кімсіңдер?  Хан Кенені кім деп сендер жүрсіңдер? Атағынан, даңқынан үркіп, көлеңкесімен арпалысқан сорлылар. Жансыз мына суретінен жанды денелерің дір-дір. Бабаларым, батырларым - есімдері ұраным, әлі де талай бүрсеңдетер, тыныстарың тұншығып, жүректерің дүрсілдер. Рухы олардың мәңгілік! Оның, менің, сенің (көпшілікке бұрылып) бәріңнің де бойларыңда – ойыңда.

Сыртта қарт кісінің жоқтаған дауысы естіледі:

- Арысым, азаматым! Сұрауы жоқ, құны жоқ, осылай кете барғаның ба? Тектен текке айыптап өлтірді, енді не істейміз, әділдік қайда?

 -  Өздерің өш алыңдар, шамаларың жетсе. Ержүрек, батыр емессіңдер ме...

Иманжүсіп. Шегініңдер, жол беріңдер! (қамшысын сілтеп қалғанда, зорайған көлеңке сұлап түседі гүрс етіп). Бізді мысқылдайтындай сен кімсің?  Таптатпаймын намысын қазақтың! Тоқтатыңдар! Әйтпесе жөнелтемін түбіне тозақтың. Алда-жалда қайталасаң мұныңды, айналамын себебіне сен көретін небір сұмдық азаптың.

Дауыс:

- Ұстаңдар, жандармның өзін сұлатып салған кім ол, жалт етті де жоқ болды. Қайда, тез тауып әкеліңдер. Аспаннан түсті ме, жерастынан шықты ма? Не қылған сиқыр бұл? Жын ба, пері ме... кімсің, қайдасың?

Күн тастөбеден жарқырап, сәулесі Иманжүсіпке түседі.

Иманжүсіп.(Бес қаруын асынған). Мұндамын. Барлық жердемін. Оңтүстікте, солтүстікте, батыста, шығыстамын. Жауыздың жағасындамын, озбырдың омырауындамын. Сатқынның сазайын тартқызамын. Әлсіздің есесін, күштінің меселін қайтарамын. Қанішерді қан қақсатамын. Жемсауы толмайтын жемқорды құртамын. Парақордың түбіне жетемін. Мен жүрген жер қайырым да мейірім, адалдықтың, әділеттің алтын ұясымын. Залымдарды шаң қаптырып, қанша қуса да жеткізбейтін, қыранның мекендейтін қиясымын. Қамыққан, зарығып ашынғандар ниетін маған бұрар. Сөйтіп қой үстіне бозторғай ұялаған заман туар. (Әндете ыңылдап) «Қараөткелдің бауырында қалың шұбар,Көкмойынға үкілеп тақтым тұмар. Бір түстеніп аттанған ауылымның, Қыздары болушы еді маған құмар». (Жігерленіп). «Мен қалайша жалғанда тұрақтайын, Өрт тиіп лаулап жанған құрақтаймын».

Сахна сыртынан сарт-сұрт төбелес, дауыс: - Иманжан, сен осы жерде тұра тұр. Кіріспе, біреуінің сойылынан мерт боларсың.

Күн нұры шауып келе жатқандай кейіптегі Иманжүсіпке түсіп, ортаға беттейді.

Иманжүсіп. Қалай шыдайын? Орталарына ұшып жеткенімде, тым-тырақай тұра қашты шетінен. Мен емес, ағаларыма жабылғандар мерт бола жаздады. Қызық, бір өзім мың жігітке айналып кеттім.

Дауыстар:

- Иманжүсіптің аты бәйгеден озды!

- Әне, әне, Алақұйыны мәреден бірінші боп өтті!

– Палуандардың бәрін жеңді!

– Өнеріне көңіліміз толды!

- Иманжүсіпті көргіміз келеді. Өзі сері, өзі әнші, өзі балуан, өзі батыр! Танысқымыз келеді!

Иманжүсіп (жоғарыдағы сөздер айтылып жатқанда, асықпай сәнді киініп, қару-жарағын асынып, ортаға шығады). Танысайық. Міне, мен, Иманжүсіп. Өзегім - өрт, лапылдап жанып, сөніп, кейде күйіп. Ар, ұят, намыс үшін шүберекке жаным түйіп; Жүрегім – жыр, тасқындап ағыл, тегіл арнасынан асып төгіп; Кеудем - әуен, шығандап шырқауға шалқи есіп, самғайды тау, тасыңды шұрқ-шұрқ тесіп; Бойым – қуат, сұсымен пенделердің мысын басып, жанартаудай күші тасып. Құдай берген қасиеттің осындай арқасында көрмес-ау сірә де жүзім жасып; Түр, келбетім айналаға нұрын шашып, магниттей тартады – бір көргеннен қыздар ғашық; Көңілім – көл, достарым ішінде еркін жүзіп, қадірімді асырып жүрер тізіп; Құшағым – кең, жақсы көрем қазақтың бар баласын, данасын да, ақылы кем шаласын. Бірін бірі қолдаса деп, сыртқа теппей әлсізін, бәріңді мен бауырыма басамын; Ойым – түпсіз, телегей-теңіз, сүңгіңіз. Тереңінен інжу, маржан іліңіз; Қайсібірін айтайын, өміріммен- өнеріммен өрге жүзіп келемін мен, Иманжүсіп!

Танысайық. Міне, мен, Иманжүсіп...

Күн сахна ортасынан жарқырап шыға келеді. Талтүс.

(«Сарымойын» әнінің әуені шарықтайды).

Тып-тыныш. Үнсіздік.

Мәтін оқылады:

1960 жылдың 25 ақпанында Жамбыл облыстық сотының шешімімен Иманжүсіп Құтпанұлы ақталғанымен, оның ісімен танысуға отыз жылдан кейін ғана рұқсат берілді. 1992  жылдың маусым айында заңды жолмен толықтай ақталды.

(«Сарымойын» әнінің ырғағы мейлінше ақырын).

 Соңы 

Пайдаланылған әдебиет:

Ақышев Зейтін. Иманжүсіп. Роман. Түзетіліп, толықтырылып екінші басылуы. Алматы, «Жібек жолы» баспа үйі, 2003 ж.

Қазаққа аты мәшһүр Иманжүсіп: Шығармалары, өмірбаян деректері, естеліктер. Құрастырушылар: Раушан Көшенова, Қуанышбай Құрманғалиев. – Алматы, «Білім» баспасы, 2013 ж.

Пьесада Иманжүсіптің өлеңдерінен, Ақмола уезі бастығының генерал-губернатор атына (1898 ж.) Иманжүсіп Құтпановтың үстінен ұйымдастырған рапортынан және  әр жылдары батырдың әйелдері Бәтима Құтпанова-Түктібаеваның Ішкі істер министріне,  Зейнеп Бұланбайқызы Құтпанованың  Омбының генерал-губернаторына жазған арыздарынан алынған сөздер тырнақшаға алынып берілді.