«QALAMGER-ГЕ ҮШ САУАЛ»

Qalamger.kz порталы оқырмандар назарына «Qalamger-ге үш сауал» атты тұрақты айдарын ұсынады. Кезекті әдеби әрі танымдық бағыттағы сауалнамамызды Мархабат Байғұт, Жадыра Шамұратова сынды жазушыларымыз бен ақын Бауыржан Игілікке жолдаған едік. 

 

1. СҮЙІКТІ БЕС КІТАБЫҢЫЗ/ШЫҒАРМАҢЫЗ?

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

Біріншісі – Гюстав Флобердің «Бовари ханымы». Әйел деген ғажайып жаратылыстың ешқашан шешілмес жұмбақтайын махаббатын, еркекке деген ерен терең сүйіспеншілігін Флобердейін бөлекше бейнелеген жазушылар көп емес. «Бовари ханым, ол – менің өзім ғой», – дейді Флоберіңіз. Екіншісі – Сомерсет Моэмнің «Ай мен ақшасы». Қайталап оқимыз. Чарлз Стрикленд – керемет кейіпкер, қиын тағдыр иесі. Суретші. Шығарманың соңында «Не өнер. Не әйел. Таңдауды осылай жасамасақ жөн еді». Деп түйеді. Үшіншісі – Антон Чеховтың әңгімелері. Бұл мәселені мәністемектің қажеті шамалы. Біз түгілім, 2013 жылы әңгімелер жинағы үшін Нобель сыйлығын алған канадалық прозашы Элис Мунроның өзі Чеховты пір тұтатынын жазыпты. «Медицина – моя жена, а литература – любовница» деген Чеховтың өмірдегі «любовницасы» қандай болды екен деп те ойланасыз-ау. Төртіншісі – Бейімбет Майлиннің әңгімелері. Өз тұсындағы өз қазағының өзіндік өмірін қазақы көркемдікпен кейіптеп, өшпес өнеге қалдырғаны үшін. Бесіншісі – Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасы». Заман заңғары Әбіш Кекілбайұлы Шерағаңның шығармасын «Ешқандай әсіре драматизмсіз зұлымдық табиғатын ашқан ізгілікті эпопея» дейді. Иә, новеллалардан нақышталған эпопея. Қазақ новеллистикасындағы Мұртазаның мұнарлы мұнарасы – әлі  зерттеліп, зерделенбеген құпиялы әлем.

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы:

Бес кітап дейсіз бе? Өзіме сыртымнан қарап, кей мініме мысқылдап, оңашада күлу үшін Тұрсынжан Шапайдың «Күлкі және көз жасын», жазушылар мен олардың ұлы шығармаларының қарапайым жұрт байқай бермейтін ерекшеліктеріне үңілетін Амангелді Кеңшілікұлының «Әлем әдебиетінің әңгімелерін» жиі қолға аламын. Сондай ақ, жазу машығымен тәнті ететін Дафна дю Морьенің «Не позже полуночи», он тоғызыншы ғасырдың ғажайып жазушысы, новеллисі Стефан Цвейг новеллаларын психологиялық тереңдікке бойлайтыны және драматизмі үшін жақсы көрем. Ал шаршағанды басу үшін Мария Метлицкаяның кітаптары (мысалы, «На круги своя») бас жағымда тұрады.

 

Бауыржан ИГІЛІК, ақын:

Герман Гессе «Демиан»Кітап бозбала санасының өзгеруін, есейіп келе жатқан сананың кризисі мен құбылуын сәтті суреттеген. Шығарма діни, дүниетанымдық,психологиялық һәм философиялық мазмұнға толы. Әр кейіпкер белгілі бір мінез-құлық ретінде бейнеленеді. Әлемнің екі беті (жақсы-жаман,ақ-қара) Абыл-Қабыл, Иса мен Қарақшы, құдай мен сайтан бейнелерін біріктіруші Абраксас құдай арқылы беріледі. Терең мәнді диалогтер оқырманды ойға қалдырып, кітап аяқталғаннан кейін де біршама толғаныста ұстайды.

Джек Лондон «Мартин Иден»Зерттеушілердің айтуы бойынша кітап автобиографиялық жанрда жазылған. Даңқты жазушы Мартиннің тағдырын айнытпай қайталамаса да, ішкі әлемінде тура сондай мейірімді, сезімтал,қайыспас,арманшыл кейіпкер бар екенін байқаймыз. Шығармада адамдар арасындағы қатынас, қоғам психологиясы дәлме-дәл суреттелген. Осы шығарманы ұнатуымның бір себебі кейіпкер болмысының жаныма жақындығы, ұқсастығы...

Джэром Дэвид Сэлинджер «Над пропастью во ржи» Тәрбие тұрғысынан көптеген сынға ұшыраған бұл туынды америка қоғамының ащы шындығын ашып көрсетеді. Өздерін сапырылған қым-қуыт қоғамда жоғалтып алған адамдар арасында жүріп, бозбала Холден Колфилдтің басынан кешкен хикаялары арқылы қаламгер үлкен мәселелерді көтерген. Адасып кеткен қоғам ішінен ғұмырлық мақсұтын іздеген бозбала сан-қилы ойларға түседі. Кітапта суреттелген проблемалар біздің бүгінгі ортамызда самсап тұр.

Шекспир «Ричард ІІІ»Бұл шығарма біз өмір сүріп отырған жүйенің, жалпы авторитарлы режимнің шығу себебін, салдарын баяндайды. Жеке басқа табынудың соңы қайда апарарын айпарадай анық көрсетеді.

 Джеймс Джойс «Улисс» Ирланд жазушысының жұмбаққа толы модерндік романының қамтитын білім ауқымы өте кең. Леопольд Блум өмірінің бір-ақ күнін суреттейтін туындының бойында қаншама тарихи,әдеби,философиялық меңзеу жиналған. Оқырманды интеллектуалды қырынан дамытатын ғажайып шығарма. Қазақ әдебиетінің барлық классикалық туындыларын сүйіп оқимын!

 

2. СІЗ ҮШІН ӘДЕБИЕТТЕГІ ЕҢ ӘДЕМІ ҮШ ЖҰП?

 

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

Ғабит Мүсірепов пен Рая Мұхамедиярова. Сегіз жылдай ғана бірге ғұмыр кешсе де, қарым-қатынас қиындықтары мен қайшылықтары аз болмаса да, сүйіспеншіліктерінің ақыры аянышты аяқталса да, Ғабеңнің күнделіктерін оқығанда, сөзгер зергердің сезімін зерлеген әдемілікке тәнтісіз... Дулат Исабеков пен Нұрғайша жеңешеміз. Бексұлтан Нұржекеұлы мен Айзаш әпкеміз. Бұл жұптар – елге белгілі, ғажайып, бақытты жұптар. Бір-бірлерін еркелете біледі, еркелей біледі. Биылғы ақпанда «Қазақ әдебиеті» газетінде Дулат ағамыздың Бексұлтан жездеміз туралы ішек-сілеңізді қатыратын жазбасы жарияланды. Сол дүниені оқыған адам бұл жұптардың кейбір жұмбақтарына да қаныға түсер.

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы:

Егер әдебиеттегі әдемі жұптарға келсек, жазушы Әлібек Асқаровтың «Қалжан мен Ләзиза» деген шығармасы бар, онда Қалжан деген қазақ жігіті мен Ләзиза деген ноғай қызының махаббаты, адам баласының ең күшті сезімдері, рух, төзім, ел-жерге, жарға деген махаббат туралы айтылады. Қалжан Кержабағы деген жерде басқарма болып жүргенде  (отызыншы жылдар) оны НКВД алып кетеді, 58-баппен 20 жылға соттап, әуелі азап камерасында қорлап, одан этаппен Печораның суық орманына жібереді, 1942 жылдың жазында штрафбатпен Қалжан майданға кетеді. Қарусыз, дымсыз, өлгені өліп, тірі қалғаны тұтқынға түсіп, концлагерьге айдалады. Артынан американ әскері лагерьді азат етіп, Қалжан тағдырдың айдауымен Францияға барады, жұмыс істеп, сонда бірер жыл тұрады. Бір француз әйелге үйленгенімен бар ойы ел жақта, елін сағынумен, жарын аңсаумен жаны тыншымайды. Сөйтіп Совет одағына оралмақ болады, оны келген бойда шекарада тұтқындап, «сатқын» деп соттайды, он жылға кесіп Магаданға айдайды. Ол жерде алтын шахтасында жұмыс істейді. Сталин өледі, Берия атылған соң барып Қалжан елге оралады. Ал  Ләзиза болса күйеуінің келеріне сенеді, қаншама жақсы азаматтар сөз салғанымен жарына адалдығын сақтап, үмітін өшірмей, сарғая күтеді. Бүгінгі жастар 21 жыл күтеді дегенге сене алмайтын шығар, бірақ, мұндай оқиғалар өмірде болған.

Шарлотта Бронтенің «Джейн Эйрі».  Тумысынан рухани қуаты мол, адал да мейірімді он тоғыз жасар қыз жалданып бала оқытуға келеді де, кішкентай қыздың қамқоршысы Мистер Рочестерге ғашық болады. Бірақ үйлену рәсімі кезінде ер адамның бұрын үйленгені ашылады, Джейн оны кешіреді, бірақ ары қарай онымен бірге болудан бас тартады - оның моральдық принциптері мен сенімі бұған жол бермейді. Джейн кетіп қалады, бірақ Рочестерді ұмыта алмайды; шығарма соңында Рочестер мырза үйі өртеніп, мүгедек, соқыр болып қалады, бірақ Джейннің оған деген сезімі өзгермейді. Ол ғаріп адамды іздеп келеді, екеуі  үйленеді, махаббаттың арқасында Рочестер мырзаның жанары қалпына келе бастайды.

Негізі қазақ әдебиетіндегі қаламгерлердің арасында қосағынан қолдау көрген, шын мәнінде әдемі жұп деуге болатын қаламгерлер аз емес.

 

Бауыржан ИГІЛІК, ақын:

Таласбек Әсемқұлов пен Зира Наурызбаева

Тыныштықбек Әбдікәкімов пен Шағангүл Жанаева. Қалғанын естігеніммен көрген жоқпын...

 

3. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ СІЗДІҢ ҮЗДІК ҚАЛАМГЕРЛЕРІҢІЗ КІМДЕР?

 

 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы:

«Тәуелсіздік тұсында қазақтың көркем әдебиеті көркейіп, кемелденіп кете қоймады, ірі де іргелі туындылар, заманауи зау-заңғар шедеврлер жоқ, жаңа тақырыптар жөнді қозғалмады, замандастар бейнесі жасалмады, жастар еліктейтін ерекше тұлғалы кейіпкерлер қайда?» – дейтіндей көзқарастар көп айтылады. Оқтын-оқтын ортаға салынады. Жиі-жиі жазылады. Ондай-ондай ой-пікірлердің орынды жақтары да, орынсыз жақтары да жоқ емес, әрине. Осыдан жүз-жүз елу жыл бұрынғы өркениетті елдер әдебиеттері де дәл осындай гәптерді қозғаған екен. Қазіргі қазақтың көркем әдебиетінде де күрделі үдерістер жүріп жатыр. Күрмеулі түйіндер аз емес.  Жетістіктер де жоқ емес.

    Үздік қаламгерлерім көп. Менің құрдасым, Түркістан шаһарының түбінде туып-өскен Темірхан Медетбекті алайықшы. Көк түркілер рухын тірілтіп, көкке көтерген туындылары – Тәуелсіздіктің керемет көркем жемістері. Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқарұлы сынды саңлақтардың ізденістері қандай... Тағы бір құрдасым Тынымбай Нұрмағамбетов туралы талай айтып, жазып жүрмін. «Періштелердің өлімі» туындысын былтыр Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссия өткізбей қойса да, Мемлекет басшысы әділдікке жақтасып, алып берді ғой. Рақмет Президентке! Оқырман ретінде үздіктердің үздіктері Әкім Таразиді, Төлен Әбдікұлын, Мұхтар Мағауинді, Дулат Исабековті, Бексұлтан Нұржекеұлын биік бағалаймын. Таразидің «Жазасына», Мұхаңның «Жармағына», Төленнің «Оң қолы» мен «Парасат майданына» қайран қалмайтындар жоқ шығар.    

  Тарихи тақырыптарда да озық, әйел әлеміне терең бойлап, махаббат жыршысы, Мопассанымыз атанған Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай...» романы бүкіл қоғамыңыздың, күллі қазағыңыздың құныға оқып, құлшына тоқып, сана сапасын нығайтар шығарма еді. Рас, 2016 жылы Мемсыйлық берілді. Қорғансыз қазақ қырғыны, яки 1916 жылғы қасіреттен 1986 жылғы тақсіретке дейінгі тағдырыңызды таразылаған теңдессіз туындытұғын. Өкінішке қарай, қоғамыңыз да, қазағыңыз да селт етпеді. Серпілмеді. Жым-жырт, тым-тырыс қала берді. Оқымағанға обал-ақ.

  Әулие жанрымыз – әңгіме, қазақтың көркем әңгімесі әлемдік әйдік деңгейлерге биіктеді деп батыл айта аламыз. Бұл жанрдағы үздіктер жасамыс және орта, жас буындардың баршасында баршылық. Әлемнің әртүрлі елдерінде әңгіме жанрына оқырмандар тарапынан да бөлекше бетбұрыстар байқалады. Ал қайран қазекемнің жастары әлеуметтік желілердің әлеуеттілік, әділеттілік жақтарынан гөрі әулекілік, әсіреңкілік жақтарына еріп, еліріп, клиптік ойлау жүйесіне біржолата беріліп кетіп барады. Шынайы көркем әңгіме жанрының рухани-эстетикалық тағылымдарынан мақұрымданып, мәңгүрттену – қауіпті де қатерлі.

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы:

Оралхан Бөкейдің түгел жинағын қайталап оқудан жалықпаймын.  Жас кезде «Қар қызы» ұнайтын, қазір «Атау керені» биік шығарма деп есептеймін. Ел назар аудармай ма, көп айтылмайды. Рас, Таған маскүнем, жолы болмаған біреу, шығарма соңында Еріктің әйелі Айнаның қайдағы бір маскүнеммен кетіп қалуы да өнеге емес шығар, бірақ, шығармада үлкен ойлар айтылады. Еріктің американ арасымен будандастырып жабайы ара өсіруі – буданнан шыққан жаңа түрдің адамзатқа өте қауіпті екені. Жазушы сол өз заманында қазақ мектептерінің жабылып, қазақтардың балаларын жаппай орыс мектебіне беріп жатқанынан, басқа ұлтпен некелесу белең алғанынан қауіп еткен. Яғни аралас некеден туғандардың ел, жер, тек деген ұғымдардан алыс, өз қағынан жеруі мүмкін деген жазушының топшылауы бар. Бұл шынында да осылай болды. Жазушыны сәуегей демеске амал кем. Орысша тілі шығып, тәрбиеленгендердің қазаққа бүйрегі бұра бермейтінін өзіміз де көріп жүрміз. Бірақ, біз оларға кіріптармыз. Шығармадағы Нұрке кемпір яғни Нюра Фадеевнаның басынан кешкендері, Шолаққолдардың дәурені жүрген заман, ел бастан өткерген қиын-қыстау шақтар туралы, кержақтар туралы деректер өте тамаша баяндалған.  Өмір бойы қазақ болып кеткен Нұрке кемпір өлерінде шоқынып барып иманын үйіреді, кемпірдің көзі жұмылғасын Айна да кетеді. «Неге біз осы» деп басталатын Тағанның әңгімесі маскүнем біреудің көкезу мылжыңы емес, қоғамдағы кереғарлықтарды айту ол заманда оңай емес, ондай шындықты айту үшін не ақыл-есі кем жарымес, не маскүнем болуың керек. Таған бізге, яғни авторға сол үшін керек болғаны анық. Оралхан шығармалары туралы айта бергің келеді, мысалы, «Сайтан көпірдегі» Аспан. Бізге сондай кейіпкерлер керек. Жалғыз өзі Тарбағатай қыстағына бір үйір жылқыны айдап, «Сайтан көпірге» әрең жеткенде қар көшкініне тап болғаны, самырсын құлап, аяғы сынып, бір апта жатқаны, үсіп кеткен аяғы пайдаға аспай, кестіріп, өз қолымен көметіні аңыз сияқты. Прототипі бар Аспан – аңыз адам, өмірдің сан сынағында еңкеймеген, жеңілмеген  қайратты адам. Тынымбай ағамыздың да барлық шығармасын дерлік оқыдым, баяғыда жазылған «Жер иісі» романы да ерекше, жазушы кәнігі күріш өсіруші сияқты, ауылдағы адамдар да сол таныс адамдар. Шығармадағы «Осы балам қазақтың арасына келгенде туған еді, еңкейіп еңбек еткеннен гөрі қыдырғанды, сауықты жақсы көреді» деп қалжыңдайтын кәріске де өкпелемейсің, өкпең не, рахаттанып күліп аласың. Бәрі шынайы. Рахымжан ағамыздың әңгіме-новеллалары да жұтқан сайын мейірің қанатын бұлақ секілді.

 

Бауыржан ИГІЛІК, ақын:

Жазушылардан Тұрысбек Сәукетайды бунтарьлық рухы мен өткір тілі үшін жақсы көремін. Мұхтар Мағауинды терең түркілік танымы мен ұлттық иісі, иілмес қайсар болмыстағы шығармалары үшін жақсы көремін. Таласбек Әсемқұловты энциклопедиялық білімі мен сан-қырлы таланты үшін сүйемін...Ақындардан Тыныштықбекті тәңіртанудың бір биігі деп жақсы көремін, Есенғалиды дәстүрлі поэзияны ғаламдық біліммен тыңайтқаны үшін жақсы көремін, Несіпбек Айтұлының ақындық қуатына таң қаламын, басымды иемін! Бұл тізімді жалғай беруге болады...