Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық драма театры ғасырға жуық тарихында қазақ және әлемдік классикадан бастап бүгінгі заманауи тақырыптарға дейін қамтып, әр кезеңнің дәстүрлі актерлік, режиссерлік мектебін қалыптастырған іргелі өнер ордасы. Театр ұжымы белгілі жазушы Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесі желісімен жазылған «Ай мен Айша» (пьеса авторы: Е. Жуасбек) спектаклімен Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Осы қойылымды сахналаған режиссер, актерлік шығармашылық құрам жайлы түйген ойымызды қағазға түсірдік.
М. Әуезов театры қашан да дара тұлғаларға кенде емес. Талантына табындырған да тамсандырған небір өнер саңлақтары, ұлттық театрымыздың дамуына мол үлес қосты. Ал, осы театрдың жүрегін соқтырып, тамырына ыстық қан жүгіртетін – режиссер десек қателеспейміз. Өзінің талантымен, шеберлігімен елге танылған санаулы суреткерлердің бірі белгілі актер, режиссер, ұлағатты ұстаз – Тұңғышбай Жаманқұлов.
Т.Жаманқұлов – ұлттық сахна өнерінің көкжиегін кеңейтіп әлемдік аренаға шығаруға ат салысқан ерекше дарын иесі. Сондықтан Жаманқұлов сахналаған қойылымдар - ұлт құндылығына айналғанына бүгінгі тарих куә. Ол сахналаған қазіргі ұлттық драматургияның келбетіне айналған Шахимарден Құсайыновтың «Томирис», Қ.Ысқақ, Шахимарден «Қазақтар», Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» туындылары – қазақ рухының хрестоматиясы іспеттес қойылымдар. Аталмыш спектакльдер қара шаңырақ театрында актерлер шоғырын қалыптастырып қана қоймай, кезеңдік құбылысқа айналып, өзіндік өміршең болмыс-бітімімен өрнектелді.
Т.Жаманқұлов режиссерлік жолында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында К.Гоцци «Турандот ханшайым», М.Ғапаров «Тұзды шөл», Шахимарден «Томирис», Қ.Ысқақ, Шахимарден «Қазақтар», Ү.Ғаджыбеков «Аршын мал алан» қойылымдарын сахналады. Араға жылдар салып Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесін белгілі драматург Еркін Жуасбекпен шығармашылық тандем құрып, шығарманың негізгі өзегін сақтап, бүгінгі заманға бейімдеп, тың көзқарас тұрғысынан «Ай мен Айша» пьесасын сахнаға шығарды.
Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» - спектаклі театрдың жаңаша бір бағытта жасалған дүниелерінің бірі. Жазушының ғұмырнамасына негізделіп, репрессия мен соғыстың тауқыметін көрген Айшаның ауыр тағдыры арқылы сол заманның зобалаңы көрсетілетін бұл туындыны сахналау барысында режиссермен бірге пьеса авторы Е.Жуасбек, театрдың қоюшы-суретшісі М.Сапаров, балетмейстер Г.Мұхамеджанова, композитор Ш.Базарқұлова т.б еңбек етті.
Бұл тақырыпқа драматург Еркін Жуасбек жаңа қырынан келді. Автор бұл күнде ұлтымыздың асыл қазынасына айналған Ш.Мұртазаның қаламынан туған туынды болмысын, биіктігі мен тереңдігін сақтап, шығарма мәтінін ықшамдап сахнаға бейімдегені қойылым басталысымен-ақ көрінді. Пьесаның негізгі идеасы қаһармандық пен қатігездік бір-бірін жеңе алмайды, тек әйел ғана әлемді сақтап қала алады деген ойға әкеледі. Сонымен қатар, бұл спектакльде Е.Жуасбек ұсынған ерлік пен сүйіспеншілік, бақыт пен ауыртпашылық, нәзіктік пен қаталдық, қызғаныш пен кеңпейілділік сезімдерін режиссер жаңа ойлармен толықтырғаны байқалады.
Театрдағы кейіпкерлерді сомдаушы, басты тұлға – актер. Осы орайда, аты әлемге әйгілі режиссер В.И.Немирович-Данченко «Театр дегеніміз – ең алдымен актерлік өнер» деп айтқан ойын растай отырып, «Ай мен Айша» спектакліндегі актерлік ойынға аз кем тоқталып кетсек.
Сахналық қойылымның негізгі кілті – Айша болғандықтан, бар күш Айшаның рөліндегі актрисаға түсіп тұрғаны да белгілі. Психологиялық жағынан өте күрделі бұл рольді театрдың белді актриса Дәрия Жүсіп үлкен шеберлікпен орындады. Оның кейіпкері әйел ретінде ғана емес, ақыл-ойдың адамы ретінде де көріне білді. Д.Жүсіптің мінсіз орындауы режиссер қойған талаптың мүддесінен шыға білгені десек артық айтқанымыз болмас. Бұл ретте түр-тұлғасы, дауыс мақамы кейіпкеріне сай келетін актриса Айшаның жан жалғыздығын жақсы ашқан. Сахналық тартымдылығы мол, аурасы жарқын актриса Айшаның, ең бастысы, өмір шыңдаған ақыл-парасат иесі екенін ойын процесінде айқындайды, көрген көрерменін «нағыз ана осындай болады» деген ойға қалдырады. Кейіпкердің ой-өрісі, талғам өлшемі актер ойынында еш боямасыз суреттеліп, Айша жанының жарасын шеберлікпен, суреткерлік саналықпен бейнелейді. Ішкі драмасы жоғары, жан-дүниесі шиыршық атқан, қарама-қайшылық қасиеті, қалың да қою күрделі кейіпкер бейнесі көп дүниені аңғартады.
«Ай мен Айша» спектаклінде психологиялық әдемі ансамбльдік ойын бар. Спектаклдің линиясы мықты, бүкіл жауыздық қимыл-қарекетінің дәлел-дәйегі бар кейіпкер Тасбет. Белгілі актер, сахна шебері Жандарбек Садырбаев жасаған бұл бейне спектакльде де толыққанды шыққан. Спектакль бойы Айшаға қарсы күрескен Тасбеттің бейнесінде зұлымдық психологиясы ашылады. Зұлымдық бейнесін шырқау шегіне жеткізе ойнаған Ж.Садырбаев кейіпкері салған психологиялық, пластикалық өрнегі жоғары кәсібилікті танытады.
«Ай мен Айша» спекталінде актерлердің қай-қайсысы да режиссерлік ортақ идеяға ойнайды. Ол – ізгілік пен зұлымдық, азаматтық пен ездіктің ара салмағын безбендеу, алмағайып замандағы тарихи кейіпкерлердің жанына үңілгені «Ай мен Айша» қойылымының бүгінгі күнмен үндесе қабысқанымен тәнті етеді. Режиссер мен суретші сахна кеңістігін түгел пайдалануға ұмтылған. Бүкіл сахна тыныс алып, бір мезетте бірнеше көрініс қат-қабат көрініс береді. Сценографияда образды шешімдер ұтқыр. Театрдағы жаңа техникалық мүмкіндіктерді барынша қолданған. Сахна шет-шексіз кеңістікті танытады, қойылым соңында құстарды шығару арқылы режиссердің бұл шешімінде де символдық мағына береді. Сахналық костюмдер қойылымдағы әр кейіпкердің заманына лайықтап алынған, ортақ бір стилге бағынады.
Спектакльдің көркем шығуында режиссер мен суретші идеяларының үндестік табуы аса маңызды. Қойылымдағы әр процестің көрерменге ұғынықтылығы мен оқылымының сәтті шығуы - режиссер Т.Жаманқұлов пен суретші М.Сапаровтың соғыстың ауыр кезеңін көп қаузап, көп ізденіп, шығармашылық үндестікке қол жеткізулерінің жемісі. Спектакльдің қоюшы-суретшісі М. Сапаровтың көркемдік қиялынан туған сценографиялық шешім, декорация, костюмдер, жарық беру, режиссер құрған мизансценалар, музыкамен әрлеу секілді компаненттердің барлығы осы идея аясына шоғырланған. Қазіргі уақытта адамзат өркениеті салтанат құрған кезеңде де, Тасбет типтес адамдардың бар екендігі өкініш пен үрей сезімін тудырады. Режиссер өмірдің мұндай трагедиялық болмысын суреткер ретінде айтулы зеректікпен бейнелеуді мақсат тұтқан.
Сахнадағы оқиғаларға орай арнайы жазылған жалынды, кейде мұңлы да нәзік, кейде шығыс сазды әуенімен баурайтын музыка көркем қойылымның бүгінгі ұрпақ үшін танымдық та, тағылымдық та орны ерекше екенін сездіреді.
Қорыта айтқанда, драматургия, режиссура, актерлік ойын, сценографиясы мен музыкасы үндестік тапқан, идеясы терең «Ай мен Айша» театрдың елеулі кезеңдік табысы. Ш. Мұртазаның "Ай мен Айша" драмасы халқымыздың сонау ғасырлар қойнауынан бастау алатын мәдени-рухани өрісімен; отансүйгіштік, елсүйгіштік идеясымен қымбат туынды.
Қолғанат Мұрат
драматург