Qalamger.kz порталы жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби апталығын бастайды. Алдымен оқырман назарына «Рахымжанның көз жасы» кітабының авторы, әдебиет сыншысы Анар Қабылқақпен жасаған қысқаша сұхбатымызды ұсынамыз.
– Арамызда аман жүрсе, 19 қазан күні аяулы Рахымжан ағамыз киелі 63 жасына аяқ басар еді. Өзі асыға күткен осы айтулы күн қалай аталып өтілмек?
– Алдымен, ақпараттық қолдау көрсетіп отырғандарыңыз үшін «Qalamger. kz» порталына рахмет айтқым келеді. Рас, бұл күнді аяулы Рахымжан ағамыз асыға күткен екен. Өткізілуі жоспарланып отырған бүкіл іс-шараның тізімін өз қолымен жасап кетіпті. «Сары айғырдың үйірі суғарылмай қалмасын» деп, әдебиетте жүрген талантты жастарға үнемі қолдау білдіріп отыратын Рахаң, арамыздан асығып кетіп қалмағанда, жас әдебиетшілерге арналған «Шығармашылық үйінің» тұсаукесерін де осы жолы жасамақшы екен. Егер Рахымжан ағаның бұл идеясы жүзеге асқанда, лықсып кеп тұрған дүниесін жазуға жағдайы болмай, оңаша тыныш жай іздегендер арманына қол жеткізген болар ма еді! Жоспарлары жазылған қағаздың бас жағына «Керемет күн!» деп жазып қойған екен. Мұны маған Сәуле жеңгеміз айтты. Қарашаңырақ отбасы Рахымжан ағаның бұл жоспарын қолдарынан келгенше болашақта жүзеге асырамыз деп отыр. Жақында ғана «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» құрылды. Ресейдегі Қазақстан елшілігі қолдауымен Мәскеудің «Восточный экспресс» баспасынан екі бірдей кітабы жарық көріп, олардың тұсаукесері сол жақта өткізілді. Ресейдің әдебиет сыншылары қазірдің өзінде Рахаң кітаптары туралы жарыса пікір жазуда. Бұл бізді қуантады. 18 қазан күні Ұлттық Академиялық кітапханада да «И был я подобием твоим» және «Плач Чингиз хана» кітаптарының тұсаукесері өткізілмек. Өзіңіз түсініп отырған шығарсыз, мен Рахаңның орыс тіліне аударылған «Бас», «Шыңғыс ханның көз жасы» кітаптары туралы айтып отырмын. «Бас» романы жеке кітап болып Қазақстанда әлі баспа бетін көрмеген, тек шетелдерде шықты. Бірақ жақын арада бұл романды белгілі баспагер Алмаз Шәйкен өзінің «Қазына» баспасынан шығармақ. Біз бір ай бойы Рахаң шығармашылығын үш тілде насихаттаймыз. Бұл үлкен шара 18-21 қараша аралығында Атырау қаласында өткізілетін «Рахымжан Отарбаевтың республикалық театр фестивалімен» аяқталады.
– Бұл іс-шараны ұйымдастырып отырған кімдер?
– Жазушының аяулы жары Сәуле Отарбаева басқаратын «Отарбаев Руханият қоры» – барлық идея мен ұсыныстардың көзі сол кісілерден шығып отыр. Сенесіз бе, Рахаң шығармашылығына бас иетін, күш-жігері мен интеллектуалды потенциалы айрықша талантты һәм іскер жастардың барлығы бұл идеяны бірден қолдай жөнелді. Себебі, Рахаң талантын әдебиет пен өнерді терең түсінетін кез келген жан мойындайды ғой?!
Рахымжан аға тек жазуды білген жоқ, ол нарықтық әдебиеттің жолдарын зерттеп, соған алғаш жол салған адам. Ағаның ұлы Ермерей өз сұхбатында айтты емес пе: «Шығармашылығының насихаты үшін барлық шаруасын жиып-теріп қойып кірісті. Шетел тілдеріне аударылуына мықтап күш салды. Алыс-жақын шетелдердегі әріптестерімен керемет достық және әріптестік байланыс орнатып, соның нәтижесінде әкемнің шығармалары қаншама тілдерге аударылды», - деп. Рахымжан аға, шынында да, үкіметке қарап алақан жайып отырған жоқ, өзіне өзі әдеби агент болды. Сол кісіден жолын үйреніп, шетелдегі байланыстарымен қарым-қатынасты кейін біз жалғастырып әкеткеніміз рас, қазірдің өзінде олардан көп нәрсе үйреніп, оны осындай қызықты істе жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жолы «Рахымжан Отарбаев Руханият қорымен» бірлесіп, «Literhouse» әдеби әріптестігі де Рахымжан Отарбаев шығармашылығын дәріптемек. «Ұлт. kz», «Madeniportal.kz», «Qalamger.kz» сынды еліміздің алдыңғы қатарлы порталдары ақпараттық қолдау көрсетпек. Егер бізбен жұмыс істеймін деген талантты, іскер жастар болса, қуана байланыс орнатамыз.
– Тәуелсіз әдебиеттің алдыңғы толқыны саналатын жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармаларының алар орны ерекше екені рас. Алыс-жақын шетел де мойындап жатыр, оны соңғы кезде интернет бетінде шығып жатқан пікірлерден көруге болады. Солардың бірінде «Юность» журналының редакторы Валерий Дударев: «Рахымжан Отарбаевтың өзі – үлкен әдебиет. Оның әңгімелерін жай ғана оқу мүмкін емес, біраз аялдап, кідіруің керек. Ой елегінен өткізіп, ойлануың керек», - деген пікір айтқан екен. Қазақ әдебиеті әлемге танылғаны әрине, жақсы! Жалпы, қазір әдебиетке, руханиятқа бет бұрылып жатыр ғой. Әдебиет нарығы заңдылығына сай бір жүйе құрылып, бұл салада өзгеріс болса, әдебиетіміз де жаңаша дамитын ба еді?
– Барлық нәрсе өзімізге байланысты. Әрқайсымыз Рахымжан аға сияқты қажыр-қайратпен, ізгі жүрекпен жұмыс істесек, неге болмасын? Жалпы, бір-бірімізге жанашыр болуымыз керек. Өз басым ешкімді бөліп-жармай, әр талант иесін қолдауға әзірмін. Маған ғажайып шығарма керек. Қойылатын талап біреу, ол – Рахаң биігіне жетуге тырысу я асып түсу. Ондай шығарма болса, насихаттауға дайынмын. Мықты деген әдеби сыншылармен байланыс орнатып жатырмыз. Олар тек өз елімізден емес. Бұл іске «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қоры» қолдау білдіріп отыр.
«Құдай басқа сана берді,
Қолға қалам берді!
Тілге бояу берді,
Жалбыратып шаш берді!
Жарқыратып маңдай берді,
Өздеріңіздей дос-жаран берді!» - деген Рахаңның ғаламдай кең жүрегіне өзі сонша сүйген қазағы ғана емес, бүкіл адамзат сыйып кететін еді ғой!
Рахымжанның әдеби мұрасымен біз әлі әлемге мақтанатын боламыз!
– Сұхбатыңызға рахмет!
«Qalamger.kz» порталы