ОРТАҚ ӘҢГІМЕ: ЕЛЕН ӘЛІМЖАН

 

 

 

Айзат: Елен аға, әңгімеміздің басын дәл бүгінгі күнде көңіліміз күпті болып жүрген беймаза күйден бастасақ. Әлемді әбігерге түсіріп жатқан мына коронавирус бәрімізге ауыр тиіп жатыр. Бұл індет бәрімізді есеңгіретіп қана қоймай, сонымен қатар кімнің кім екенін де көрсетіп жатқандай. Осыған қарап, саясы дағдарыстың экономика дағдарысынан да күштірек екенін аңғару аса қиын емес секілді. Сіз кеңес замамнын көрдіңіз, әкеңіз қазан төңкерісінде көрді. Көргеніңіз бен естігеніңіз бар, бұрыңғы мен бүгінгінің хал-ақуалын айтып беріңізші. Біз неден тойынып, неден жерініп жүрміз? Үйқамаудағы адамды қандай ойлар мазалап жүр.

 Елен Әлімжан: Қазақта "көп асқанға бір тосқан" деген сөз бар. Өкінішке орай адамзат осы немесе осы секілді әр халықтың ақыл-нақылдарынан еш қорытынды шығарып көрген емес. Асады, тасады, содан кейін бір зауалға  ұшырайды. Оны дағдарыс деп атайды. Өткенді айт дейсің ғой. Кеңестік экономика жоспарлы  болатын. Ал, капиталистік   экономика - бәсеке. Сол бәсекенің салдарынан тауар көп өңдіріліп, дағдарысқа ұшырайды деп сынайтын кеңестік оқулықтарда. Сөйтсе де, дағдарысқа жиі ұшырайтын экономика ақыры жоспарлы экономканы жеңді. Жеңгенде де быт-шытын шығарып ыдыратып жіберді. Әрине, саясаттың, идеологияның көмегімен. КСРО күшті қаруымен өз экономикасын қорғап қала алмады. Өйткені адамдары сенімінен айырылды. Неге айырылды?

Әуелде коммунистер Құдайды жоққа шығарып, дін өкілдерін қудалады. Ал, бізді Құдайсыз атеист етіп тәрбиеледі. "Молданы қойдай қу камшымен" деп әндеттік. Есесіне комунизмнің орнайтынына сендірді. Комунизімнің басқаша аты – жердегі жұмақ. Біздің ата-бабаларымыз жерұйық деген. Комунистер үш бағдарлама қабылдады.

Біріншісі – патша билігін құлату еді, құлатты. Екіншісі – социализм орнату болатын. Оны да жүзеге асырды. 1961 жылы комунизм орнатамыз деген үшінші бағдарламасын жариялады. Тіпті ол комунизм жиырма жылдан кейін орнайды деп мерзімін де көрсетті. Өкінішке орай сол мерзімде, яғни, сексенінші жылдары тоқырауға ұшырап, ақыры ыдырап тынды.

Біздің ұрпақ солай  коммунистердің мақсатына жете алмағанын көрді. Демек екінші сенімінен айырылды. Қару ең күшті ел бола тұра ыдырап кетуінің бас себебінің  бірі осы сенімінен айырылуы болды.

1995 жылы КСРО – ның жаңа басшысы Михаил Горбачев бір жарым жылда елімізде ғылыми-техникалық төңкеріс жасаймыз деген бағдарлама қабылдады. Әрине, бағдарламаны ол ғалымдардың, мамандардың, саясаткерлердің көмегімен жасады. Солардың өзі сенді ме екен, сол бағдарламаның орындалатынына деп ойлаймын осы күні.

Тәуелсіздік алдық. Нарықтық экономикаға көштік. Біздің елде де бағдарлама жасалды. Тәуелсіз ел орнаттық, елді индустрияландырдық, енді цифрлы экономикаға көшіп, дамудың ең биік сатысына көтерілеміз дедік. Бұл бағдарламаға жұртты жұмылдыру үшін рухани жаңғыру мәселесі көтерілді. 

Енді келіп коронавирус деген індет шығып, сенімімізге тағы селкеу түсті. Біз отыз жылда тек шикізат өндірісін экспорттау мен құрылыс индустриясын ғана дамытыппыз. Еліміз бюджетінің жартысына жуығын қазба байлықтарды сатудан ғана түсіріп келіппіз. Не киім, не бұйым, не озық техника өндіруге ұмтылмаппыз. Ғылымды тұқыртқанымыз сонша оған бюджеттің бір процентіне де жетпейтін қаржы жұмсаймыз. Өзімнің көңіліме күдік кіреді. Мұнайымыздың, басқа да қазба байлықтарымыздың қызығын көріп отырғандар өзге саланы әдейі дамытқысы келмейтін сияқты. Өйткені мұнайдан түскен қаржыларына біз тұтынатын тауарларды импорттап, байлықтарын екі еселей түседі олар.

Біздің ұрпақ ойлайтын. Әкелеріміз Қазан төңкерісін көрді, байларды тәркілеуді басынан өткізді, ашаршылыққа ұрынды, ақыры келіп дүние жүзілік соғысқа кірді. Бұл нәубеттерден ілуде біреуі аман қалды Ал, біз ештеңе көрмей-ақ аман-есен комунизмге жетеміз деп. Сөйтсек әр ұрпақтың тұсында бір зауал бар екен.

Біз алып империяның ыдырағанын, еліміздің тәуелсіздік алғанын көрдік. Ал көретін зауалымыз осы пандемия болмағай. Бұны да басқа елдер қатарлы өткерерміз.Тек баяғы комунизмге жетеміз деген сияқты озық отыз елдің қатарына қосыламыз деген бағдарламамыз не болады? Құр шикізат сатып күмпиюге болмайды екен. Айтпақшы, КСРО-ның құлауының бір себебі сол кезде әлемдік рынокта мұнай бағасының күрт түсіп кетуі болған. Қазір өз басымда сенімнен гөрі күдік басым.

 

Айзат: Өте дұрыс айтасыз, сенетін ешнәрсе қалмай қалды. Елен аға, рухани өзексіздіктің кең масштабта белең алуына ұлттық интеллегенция өкілдерінің басым көпшілігі өз басының қам-қарекет төңірегінде қалуы, мәдениеттің, өнердің дамуына әлеуметтік қайраткерлері бола алмауы да үлкен обьективті себеп емес пе? Меніңше, бола алмауының ар жағында сауатсыздық, рухани даңдарыс жатқан сияқты. Өкінішке қарай, даму тұрғысынан алғанда, қазір ғылымға мән бермегеннің салдарынан артта қалып қойдық. Зерттеуші ғалымдардың ақыл-кеңесіне құлақ түруден гөрі, шенеуніктердің астына көпшік қоюдан қол босамай жатыр емес пе?

 

Елен Әлімжан: Қазақтың ескі зиялыларының тұқымын құртып жіберді. Комунистік билік тап ретінде жойды. Ал, кеңестік билік тәрбиелеген зиялылар үркек болды. Өйткені, олардың да қаймағын қалқып тастап отырды. Тәуелсіз Қазақстанда зиялылар тәрбиелеуден гөрі миллиардерлер тәрбилеу табыстырақ жүрді. Әрі сол миллиардеріміздің көбісі басқа ұлттың өкілдері. Бұндай жағдайда қай зиялы туралы әңгіме қозғауға болады? Луначарский қызыл командирлер курсында екі сағат тоқталмай лекция оқыпты. Сонда бір болашақ командир  «Мен де сіз сияқты білімді болғым келеді, ол үшін не істеуім керек» деп сұрапты. Луначарский ол үшін әкеңнің әкесі оқыған болуы керек деп жауап беріпті. Демек, үшінші оқыған ұрпақ қана зиялы бола алады. Ал біздің жаңа кеңестік зиялылардың ұрпақтарын да  қудалап,  жазалап,  концлагерлерге отырғызып, туған жерінен бездіріп жіберген жоқ па? Қазіргі зиялы деп жүргендеріміз жеті атасынан келе жатқан дүние байлығы да, рухани байлығы да жоқ. Сондықтан жалтақ. Күлшеліге қарап көзін сүзе береді.

            Өйткені ол пәтер алудан бастап, барлық өмірлік мәселелерін өзі шеше алмайды. Баспалар қаламақы беруге қауқарсыз, мемлекет бәрінің бірдей кітабын шығарып, пьесаларын қоя бермейді. Сондықтан көбісі кездесулерде, баспасөзде халықтың қамын жегенсіп сөйлейді де, сол кездесудің артынан ішілген шай үстінде билік иесі мен қалталыларға жағымпазданып басқаша сайрап отырады. Дегенмен ауызды құр шөппен сүртуге болмас. Елім, жерім деп шын еңірейтіндер де бар. Бірақ, оларға баспасөз тие бермейді. Ал, жазушылар, жалпы суреткерлердің барлығының бірдей қоғамдағы кезкелген құбылысқа үн қатуға жаратылысы бейім емес. Одан гөрі өзінің көзқарасын көркем туындысы арқылы жеткізгісі келеді. Өкінішке орай оның еңбектері бұқараға жетпей жатады.

Айзат: Әрине, елім, жерім дейтіндер бар ғой. Бірақ білесіз бе, халықтың ішінен сурылып шыққан сол ұлт перзенттері кейде әлеуметтік желіде айтысып, тартысып, бірінің үстіне бірі күйе жағып жатқандарын көргенде айтарға сөз таппай қалады екенсің. Бүгінгі күнде басты індеттерінің бірі - діннен, тілден безіп, мейірім оты көмескі тартқан, кеудесінен қайырымдылық қарлығашы әлдеқашан ұшып кеткен адамдарды көргенде қорқа түсемін. Білім-ғылымға құштар жастардың болмауы мүмкін емес, бірақ сол азыққа зәру болып жүрген жастарды көре білетін үлкендердің көкірек көзі көмескіленіп, талантты алыстан тани алатын түйсік таным жағы таяз соғулары, мені мұңайта түседі. Болашақты ойласам, менде де күдік басым.

 

Елен Әлімжан: Діннен, тілден безу дегендердің отырықшы елдерге қарағанда     біздің еліміздегі тамыры тереңдеу. Бізді далалы жерлерге, ауылдарға отырықшаландырды. Қалаларымызда негізінен орыс тілділер тұрды. Олардың ортасына ену үшін орысша оқуға мәжбүр болдық. Ал, біздің елімізде мемлекетпен дін дербес. Сондықтан мемлекет діни сауат берумен айналыспайды. Дегенімен, мен бұл екі мәселеде жақсы бет бұрыс бар деп ойлаймын.

Мемлекеттік тілге байланысты мемлекет біраз шара қолданды. Тек жүзеге асыруда шабандық бар. Бәлкім белгілі бір күштердің ықпалымен болып тұрған шабандық. Сен билік басындағылардың балалары мен немерелері қай тілде оқитынын айтшы, мен саған мемлекеттік тілдің тұғырына шын отыратын мезгілін айтайын. Содан соң баяғы тоқсаныншы, екімыңыншы жылдары біз егемен ел болдық деп жаппай той тойлап жатқанда Эстония әр ғылымның саласынан сөздігін жасап жатты. Біз де сол тойларға жұмсаған қаражатымызды осылай сөздіктер жасауға жұмсағанымыз жөн болар ма еді.

Ал, дінге ұмтылыс халықтың өз қалауымен басталды. Құдайды алмастырып тұрған коммунизм де күйреген соң халық босап қалған кеудесін бірдеңемен толтыруы керек еді. Өкініштісі, әркім қолы жеткен жерге немесе қаржыландырған адамдардың қалаған жеріне барып оқыды. Соның салдарынан исламның түрлі ағымдарын алып келді. Енді сол қиын болып тұр.

Жастарға қамқорлық мәселесіне келсек, бізде бәрі бар. Жастардың оқуына жағдай жасалған. Тек өкініштісі, барлық жерге сыбайлас жемқорлық енген. Ізгі ұстаз бен үлгілі шәкірттердің жолын кесе береді. Немесе, таланттарға сұраныс аз. Сұраныс болса, жалақы аз. Соның салдарынан қолы жеткені шет ел асып кетіп те жатыр. Бұның бәрі айналып келгенде сыбайлас жемқорлықтан арылған кезде ғана орнына келеді. 

 

Айзат: Бұл сыбайлас жемқорлықтан арылу мүмкін емес сияқты болып көрінеді. Атын айтқан сайын өршелене түсуде. Мысалы, әр ғасырдың театры өз айналасында болып жатқан өмір құбылыстарынан тыс қалмау керек деп ойлаймын. Сізді мен жазушы-драматург ретінде жақсы білемін деп ойламын. Сіздің барлық пьесаларыңызды оқыдым, онда замандастары тап болған мәселелерді қарастырып бірінде махаббат, отбасы төңірегінде өрбісе, енді бірінде үміт пен күдік, сыбайластық, парақорлық тәрізді үлкен қоғамдық дертке айналған келеңсіз жағдайларды жақсы жаздыңыз. "Бір қазаққа бір қатын?!" деген комедияыңыз Тараз театрында әлі жүріп жатыр. "Тақталас", "Жанұран" сияқты, сын тезіне түскен адамдарды суреттейтін қуатты шығармалар бар десек те, бірақ, көп театрлардың репертуарынан отандық өнімдерді көре бермейміз. Бір нәрсе десең "жоқ қой" деп шыға келеді. Іздеу жағы, келген материалдарды оқу жағы тапшы. ТЕАТР меніңше- қоғамымыздың толғақты жағдайларына дер кезінде үн қосып отырушы, бүгінгі күнгі өте зәру тақырыптардың тамырына қан жүгіртуші емес пе? Сіздің ше қалай? Жалпы театр көрерменге не береді?

 

Елен Әлімжан: Театр ғана емес, барлық өнер өмір құбылыстарынан тыс қалмауы керек. Тіпті тарихи оқиғаны жазып не көрсеткенде де бүгінгі күннің игілігі үшін солай етеді. Әрине, өзінің өзегін өртеген нәрсені драматург қай жанрда немесе қандай ортада бейнелейтіні оның өмір тәжірибесіне байланысты. Мен драматургияға «Екі дүние айрығы» (Жамбыл театры «Жанталас» деген атпен сахналады) деген драмамен келгенмін. Бірақ, сол драмадағы комедиялық эпизодтарымды мақтаушылар көп болды. Сондықтан комедиядан бағымды сынап көргім келді. Алғашқы комедиям «Бір қазаққа-бір қатын?!» күні бүгінге дейін театр репертуарларынан түскен емес. Қазір Түркістан театрында жүріп жатыр деп естідім. Одан кейін өзің атап өткен комедияларды жаздым. Неге? Бұл егемендіктің алғашқы жылдары еді. Қуанышымыз көл көсір. Комедияларыммен сол халқымды күлдіріп, серпілткім келді. Әрине, күлдіре отырып, ойлансын дедім.

Ал, театр репертуарларында отандық өнім аз дегеніңе келсем, оның есеп-қисабын білмеймін. Кеңес үкіметі кезінде мынандай тәртіп бар еді. Облыстық театр жылына бес спектакль шығарады. Оның біреуі - әлемдік классика, екіншісі - орыс классикасы, қалған үшеуі қазақ авторларінікі. Ілуде бір сәтсіздік болмаса, барлығы да стационарда ойналатын. Қазір қандай екенін білмеймін, біздің облыстық театрда әйтеуір премьера ойнағыш. Бірақ сол премьерадан кейін көп спектакльдер мүлдем ойналмайды. Есесіне жаңа премьера ойналады. Бұл премьера дегенің көбейіп кеткен соң театр бұрынғы спектаклінің декорациясын быт-шыт қып бұзып, жаңа қойылымға лайықтайды. Сөйтеді де спектакльдің ғұмыры қысқа болады.

Мен бұрын театрлар аударма пьесаны ұжымның шеберлігін шыңдау үшін алатын шығар деп ойлайтынмын. Оның басқа да себебі бар екен. Классикалық пьесалар көп елдердің театрларында қойылып жатады. Міне, солардың біреуін көшіріп ала салып, өз ауылында талант атанғысы келетіндер де бар екен.

 

Айзат: Айтпаңыз. Мысалы Францияда шетел шығармаларын сахналау үшін ең алдымен тиіс орындардан рұқсат алады деп естідім. Оңды-солды ойларына келгенін істеп жатқандарға қарап бізге де сондай бір орталық керек пе деп ойлаймын. Біз негізі өркениетті елдерден ең керекті тәжірибелерді үйрене алмай жүрміз.

 

Елен Әлімжан: Бауыржан Момышұлының жүз жылдығына арналған театр фестивалінде соған көзім жетті. Мұнда менің «Бауыржан Момышұлы» атты драмамнан басқа қазақ авторларының бірде бірінің конкурсқа қатысқан пьесалары ойналған жоқ. Басқасы түп-түгел соғыс тақырыбына арналған орыс және басқа ел авторларының пьесалары. Мен сонда өзге театрлардан, кинодан талай көрген образдарымды қайталап көрдім. Тіпті декорацияларының өзі айнытпай көшірілген. Демек, шетелді қою шеберлік шыңдау үшін ғана емес, кейбір режиссердің өз талантсыздығын және ізденбейтінін жасыруы да екен. Ал, оны көшіріп алдың деп айыптайтын сыншы да аз.

Тағы бір байқағаным, режиссерлер бүгінгі күннің қаны сорғалап тұрған шындығын жазған қазақ авторларын қоюдан сескенеді. Одан гөрі дәл сол тақырыптағы классиканы қойғанды қолайлы көреді. Мәселен, Гогольдің «Ревизорын» «Пара» деген атпен Әуезов театрында айқайлатып қойған Е.Обаев халықаралық Бішкек театр фестивалінде қазіргі заманның тақырыбын игергені үшін номинациясы бойынша Жамбыл театрына жүлде берілген менің «Жанұранымды» қоймады. Өйткені, мұндағы шындық атамзаманғы орыс қоғамының емес, бүгінгі қазақ қоғамының шындығы. Ал, Обаев ол шындықпен бетпе-бет келгісі келмеді. Бірақ, Гогольді бетке ұстап «көрдіңдер ме, мен пара туралы спектакль қойдым» деп батырсынды.

Режиссерлермен азды-көпті жұыс істегенде тағы бір байқағаным олар да пенде. Драматург көтеріп отырған мәселені тереңдеп біле бермейді. Сондықтан, өзінің оң жанбасына келетін тақырыпты қалайды.

Ал, іздену дегеніңіздің кемшіндеу екені де түсінікті. Пьеса емес, автор таңдайтын аурулары тағы бар. Мәселен, біраз жыл бұрын мен Оралда өткен Махамбет Өтемісұлының мерейтойына арналған театр фестиваліне журналист ретінде бардым. Маған бір ұнағаны жергілікті авторлардың пьесалары бойынша қойылған спектакльдер көп болды. Ал, талқылу үстінде қазылар алқасы оларды ынталандырып бір ауыз сөз айтқан жоқ. Тіпті бір емес, екі бірдей пьесасы сахналанған, сол театрларға ілесіп өзі де фестивальге келген белгілі драматург Иранғайып туралы да жұмған аузын ашпады. Есесіне "басқаларды" ауыздарына қайта-қайта алды.

Бұның бәрі де айналып келгенде қоғамымыздың кемшілігі. Режссерлер де пенде. Мына сыбайлас қоғамда сыбайласпай олар да күн көре алмайды. Соның салдарынан өзіме бір пайдасы тиіп қалар-ау деген авторларды іздейтіндігі де мәжбүрлік.

 

Айзат: Айтуын айтып жатырмыз-ау, соған құлақ асып, ескеріп түзетіп жатқан адамның қарасы кем бе деймін. Ешкім басынан сөз асырғысы келмейді. Жарайды.  Елен аға, 2019 жылы "Анажар" романыңыз жарық көрді. Қазіргі күнде де бір романыңыз аяқталу үстінде. Менің білуімше сіз, басқалар сияқты ашық шайқасқа, арыз-шағымдарға баратын адам емессіз. Тек үстел басында қалам сиясымен үнсіз сырласатын қаламгерсіз. Прозаға кетіп қалуыңызға не түрткі болды?

 

Елен Әлімжан: Алғашқы комедияларым сәтті қойылғаннан кейін театрдың қызығына кіріп кеткенім рас. Оның үстіне қойылған пьесаларға қаламақы төленді. Ал кітапқа төленбеді. Енді төленіп жатыр.

Кейін айтатын ойларым комедия жанрына сыймайтын болған соң драмаға ауыстым. Сөйтіп, «Төле би», «Абылайханның серті», «Бауыржан Момышұлы» және басқа драмалар дүниеге келді. Ара-тұра әңгімелер де жазып тұрдым. Бірақ айтатын ойың қордаланып, күрделіленген сайын бұл жанрлар да тарлық ете бастады. Мәселен, сахнаға бір ғасырды, бүтін дәуірді сыйғызып жіберуге болады. Бірақ, ол ұжымдық өнер. Сүйегі драматургтікі болғанымен еті өзгелердікі. Кейіпкерлеріңнің диалогын ғана бересің. Тіпті монолог айтқызу да қалып бара жатыр. Сондықтан амал жоқ ішкі ойын, күйзелісін, қуанышын актердің үлесіне қалдырасың. Ол сен ойлағандай шығара бермейді. Бұндайда шіркін, романның жөні бөлек. Жасанды сахнаны емес, романда кәдімгі табиғи сөзсарай жасайсың. Сол сарайдың сәулетшісі де, әрлеушісі де бәрі өзің. Қазіргі заманда, әрине, көптомдық романдар оқылмайды. Сондықтан, кейіпкердің жан дүниесін шегініс арқылы ашатын екі жүз-үш жүз беттік шағын романдар жазуға көштім. «Анажар» романындағы оқиғалар өзі ана, әрі жар болуға жаралған жанның ішкі толғаныстары арқылы баяндалатынын өзің де байқаған шығарсың.

Айзат: Байқадым. Анажарды тым «қинап» жіберген сияқтысыз.

 

Елен аға: «Өмір әдебиетке шиыршық атып келуі керек» деп отыратын университетте дәріс оқыған Темірғали Нұртазин ағамыз. Ал, әйгілі музыкант Растропович Шыңғыс Айтматовқа «ішкі тебіреністі тереңдете түссең» деп өтініш айтқан екен.

 

Айзат: Оныңыз рас, Анажар қиналады, тіпті бұл өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол салмақ та болады. Жұрттың бәрінен, оның ішінде ата-анасынан да көңілі қалып, өз көрін өзі қазады. Сол көрді қазу үстінде, одан кейін сіз Анажарға басқа типтегі адамдарды кездестіресіз. Сол адамдар жас әйелдің өмірге деген құштарлығын қайтадан бірте-бірте оятады. Сол адамдардың ішінде мен Америкада жасанды адам жасаумен айналысып жатқан биофизик Ақбикеш бейнесі қызықтырды. Шынында да сондай ғалымдар бар ма?

 Елен аға: Бар болғанда қандай. Ғылыми институттар да, ғалымдар да жеткілікті. Олар құлтемір ғана емес, кәдімгі адам денесін де алмастырумен айналысады. Немесе, жанды бір құтыға салып алып басқа планетаға апарып, жасанды денеге енгізуді ойлайды. Бір сөзбен айтқанда бұның бәрі қиял-ғажайып емес, нақтылы ғылыми жұмыстар.

 Айзат: Жазып жатқан романыңыздан хабардар етпейсіз бе?

 

Елен аға: Үлкен ықыласпен хабардар етемін. «Алтын жүлге жыры» деп аталатын бұл романымның да соңғы нүктесін қойдым. Алла қаласа мерзімдік басылымдарда үзінділері жарияланып қалар. Алтын жүлге жыры деп отырғаным Жаратушының өзінен бастау алатын ізгілік, адамгершілік. Ол күллі жаратылыстың бойында бар. Табиғатта молырақ, ал адамдардың бойында тапшылау. Тапшылау болса да әлемдік тепе-теңдікті сақтап тұрған сол. Өкінішке орай, сол жүлге үзіліп, көміліп те қалып жатады. Ондайда індет, апат, кесапат келеді. Абай сол алтын жүлге жырын үзілдірмей, көмілдірмей жалғады. Сөйтіп, қазаққа лайықтап толық, яғни, кемел адам ілімін жасады. Бірақ, санамызды отарлық, атеистік, тапшылдық идеология әбден улап тастаған біздер әлі сол Абайды толық тани алмай келеміз. Ұлы ақынды зерттеуге алпыс жылын арнаған ғалым Мекемтас Мырзахметұлының өмірі арқылы мен бұл романымда абайтанудың «тар жол, тайғақ кешуін» шамам келгенше көрсеттім.

Ал, енді менің күнделікті өмірге көп араласа бермейтініме келсек, мен журналистиканы кәсіп еткен адаммын. Зейнетке шыққанға дейін күнде шығатын газеттің тауқыметін көрдім. Ал, қазір әр мәселеге бір алаңдай беруге уақытым жоқ. Күніге бір-екі сағат қана жазу үстелінде отыруға қабілетім бар. Журналистикадан босаған уақытымды енді көркем дүниелер жазуға арнасам деймін. Шынымды айтсам, әр нәрсеге белсенділік көрсетіп, шашырай беруді мінезім де көтермейді. Тіпті күнделік те жаза алмадым. Біреуді тарих үшін жамандап, керісінше өзіңді мақтап қалдырғың келгендей болады екен. Бірақ, өзің сияқты келіп әңгіме, сұхбат құрса, кез келген мәселеге өз көзқарасымды білдіруге дайынмын. Өкінішке орай, өзімнің кіші әріптестерімнің өздеріне керегін алып, қалғанын кесіп тастайтыны тағы бар. Сонымен бірге мен облыстық ішкі саясат басқармасының штаттан тыс лекторы ретінде лекция оқуға жиі шығып тұрамын.