1. 1977 жылы жазушы Стивен Кингтің «Rage» романы баспадан шығады. Алайда шыққанына көп уақыт өтпестен сол жылдары мектептерде оқ атылып, бірнеше рет атыс болады. Енді атыс пен кітаптың не қатысы бар дейсіз ғой?! Стивен Кинг бұл романда мектепке тапанша алып келген сотқар оқушы жайлы жазған. Әрине, қылмысқа дәл оның шығармасы себепші болды деген нақты дерек жоқ. Бірақ сонда да Стивен Кинг аталмыш қылмыстарға өзінің еңбегі түрткі болды деп санаған. Сондықтан бұл еңбегін бұдан былай баспадан басылып шықпауын талап еткен. Кинг кітабы жайлы «менің ойымша бұл адамдарға зиянын тигізіп, істеген істері үшін жауапкершілікке тартылуға әкеп соқтырады» деп түсіндіреді.
2. Жазушы Агата Кристи өзінің детектив кейіпкері Эркуль Пуаро (Hercule Poirot) жайлы 33 роман 56 әңгіме жазған. Назар салсақ, Агата Кристи шығармаларының басым бөлігін бір кейіпкерге арнағандығын байқаймыз. Осы жерде бір қызығы жазушы өзінің басты кейіпкері Эркуль Пуароны су қаны сүймеген. Сондықтан да оны барынша жаман жағынан көрсетуге тырысқан. Тіпті кейіпкерін «жиіркенішті, қоқиған, шаршататын, өзімшіл кішкентай ақымақ» деп сипаттаған. Алайда соған қарамастан бұл еңбек оқырманның сұранысына ие болып, Эркуль Пуаро ойдан шығарылған кейіпкер болса да, ол жайлы телесериалдар түсіріліп, театрларда қойылымдар қойылған. Ал Агатаның өзі болса Пуаро жайлы жазуды тоқтатып оның орнына Ариадна Оливер атты тағы бір кейіпкерді ойдан шығарып, одан әрі тек осы кейіпкері жайлы жазған.
3. Артур Конан Доил әйгілі детектив Шерлок Холмстың авторы. Ол бұл кейіпкері жайлы 56 әңгіме 4 роман жазған. Шерлок Холмс жайлы алғашқы әңгімесі 1891 жылы Strand атты журналға шығады. Жазушы сол кезден бастап өз кейіпкері детектив жайлы тоқтамастан екі жыл бойы жазады да, соңында бұл детективтің өлімімен аяқтауды құп көреді. Тіпті бұдан былай Шерлок Холмс жайлы енді ешқашан жазбауға бел байлайды. Артур Конан Доилдың ойында алдағы уақытта тарихи романдар жазып, өзін әдебиеттегі салмақты тақырыптар жайлы қалам тербейтін жазушы ретінде танытпақ болған. Осы ойын іске асыру үшін тарихи шығармалар да жазады. Алайда оның тарихи шығармалары жұрттың қызығушылығын тудырмайды. Керісінше халық Шерлок Холмс жайлы жазуын жалғастыруын талап етеді. Шерлок Холмсты оқырман жақсы көргенімен автор Артур оны ұнатпады. Өз кейіпкері Шерлок Холмс Артурдың тарихи романдар жазып өзін осы бағытта танытуына кедергі жасады.
4. Алан Александр Милн «Винни Пухтың» авторы. Ол «Винни Пух» жайлы қатарынан төрт кітапты жарыққа шығарады. Төртеуі де жұрттың қызығушылығын оятып, оқырманның көңілінен шығады. Осы шығармасы арқылы Алан Милннің аты жер жарады. Алайда халық қаламгердің тек «Винни Пух» шығармасын ғана оқиды да, басқа туындыларына қызықпайды. Әдебиеттегі бір кейіпкерінің кесірінен өзінің басқа жұмыстары мүлде еленбегенін көрген Алан Милн «Винни Пухты» жазғанына өкінген. Ең қызығы, Алан Милн балалар әдебиеті бағытында өшпестией із қалдырғанмен, алайда «Винни Пух» шығармасы дүркіреп тұрған кезде кішкентай ұлына әкелік мейірім көрсетуге уақыты болмаған екен. Сондықтан да ұлы есейген соң араларында салқындық болған.
5. Жазушы Франц Кафка көзі тірісінде шағын ғана шығармасын жарыққа шығарып, қалғандарына көңілі толмай 90% өзі өртеген. Тіпті о дүниеге аттанар алдында жан досына артында қалған еңбектерін де жағып жіберуін айтып хат қалдырған. Алайда әдебиеттегі әрі өмірдегі досы Макс Брод оны өртемей керісінше тез арада баспагерлермен сөйлесіп, екі ай ішінде үш романын басып шығарған. Кафка тірі кезінде еленбесе де, қайтыс болған соң оның еңбектері еленіп, өзі әйгілі жазушылардың бірі болып қалды. Кім біледі, егер ол тірі болса өзінің рұқсатынсыз еңбектерін жариялап жіберген досына ренжір ме еді?!