(Бір актілі трагикомедия)
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Гүлнәр – 60-тағы әйел
Нұржамал – 60-тағы әйел
1-акт
Бір бөлмелі жұпыны пәтер. Ортада темір төсек тұр. Онда бүк түсіп біреу жатыр. Кенет қаңғыр-құңғыр етіп шелекке шалынып, орта жастағы Гүлнәр кіріп келеді.
Гүлнәр. Ах, антұрған! Мына шелекті кім жолға қойып қойған? Нұржамал! Нұржамал! Осындамысың? Жолға шелекті әдейі тастадың ба? Аяғы сынып, ажалы жетпей өлсін дедің бе мені?
Нұржамал төсектен басын жұлып алады.
Нұржамал. Гулешка, жеттің бе, жаным?
Гүлнәр. Есің дұрыс па, бұл жерде неғып жатырсың? Әрең таптым ғой! Бұл не пәтер?
Нұржамал. Мен енді осында тұрамын.
Гүлнәр. Пәлі... Ақылынан алжасқан болар мына қатын. Өзіңнің үйің қайда?
Нұржамал. Балаларға тастадым.
Гүлнәр. Сосын?
Нұржамал. Осында көшіп алдым.
Гүлнәр. Сатып алдың ба?
Нұржамал. Жоқ, жалға алдым
Гүлнәр. Тәуірлеу пәтер таппадың ба? Ит өлген жерде... Және сиқын қара. Барлығы тозған, біртүрлі иіс шыға ма қалай?
Нұржамал (жан-жағына қабағын шытып қарап). Иә, көгерген бір иіс бар. Сыздан ба деймін.
Гүлнәр. Тәуірлеу пәтер таппадың ба?
Нұржамал. Зейнетақымның жеткені осы болды...
Гүлнәр. Дәурен көмектеспей ме? Және олардан неге кеттің?
Нұржамал. Ой, сұрама...
Жылайды.
Гүлнәр. Дәурен ренжітті ме?
Нұржамал. Дәурен ренжітпейді ғой...
Гүлнәр. Келін бе?
Нұржамал басын изеп, көз жасына тұншығып жылайды.
Гүлнәр. Ах, атаңа нәлет, келсап! Мінезің жұмсақ, басынған екен. Жүр, жылама, әкесін танытайық барып!
Нұржамал. Бармаймын...
Гүлнәр. Қорықпа, өзім жайғаймын бәрін. Көрсетейін мен оған. Сені де сабайтын адам жоқ! Кеше ғана институт бітірген шілтиген боқмұрынға әлің келмеді ме? Сен ынжықсың білдің бе! Мен саған айттым емес пе, «келінді бастан», есіртпе, еркелетпе, құтыртпа деп. Енді неменеге жылайсың? Семіздікті қой ғана көтереді, білдің бе! Қой ғана!
Нұржамал. Айқайламашы.
Гүлнәр. Айқайлама дейді ғой! Өлтірейін бе осы тұрған жеріңде! Өсірдің, жетілдірдің, оқыттың, қатын әпердің! Енді отырысың мынау! Мүк сасыған пәтерде сораңды ағызып! Кәне, тый, көз жасыңды! Тұр, жүр! Сен неменеге кетесің? Олар кетсін пәтерден. Олар жас, жас семья! Оларға үкімет өзі-ақ береді пәтерді.
Нұржамал. Айканы аяймын... Кішкентай ғой әлі. Пәтерден пәтерге көшіп жүргенде ауырып қалса ше.
Гүлнәр. Ал сені олар аяп отыр ма?
Нұржамал. Дәурен әлі білмейді. Жаңа смс жазыпты (телефонын шығарып оқытады). Міне, «мама, қайда кетіп қалдың? Бізді шошытпай қайтып орал. Анар мен Айка жылап отыр» депті.
Гүлнәр. Қалайша? Балаңа айтпай қалай кеттің?
Нұржамал. Олар киноға кеткенде жиналып кетіп қалдым.
Гүлнәр. Неге?
Нұржамал қайта жылай бастайды.
Гүлнәр. Мынаның дені сау ма?
Нұржамал өксігін әрең басады.
Нұржамал. Сені не үшін шақырдым, білесің бе?
Гүлнәр. Жоқ, әрине. Бір тосын сый әзірледі ме деп ойладым. Содан соң салып ұрып жетіп келген түрім. Тіпті түскі асымды ішіп үлгерген жоқпын. Тамақ бар ма?
Нұржамал. Әлі азық-түлік алған жоқпын.
Гүлнәр. Енді қайттік. Жақын маңда кафе-сәпе де жоқ.
Нұржамал. Менде арақ бар. Ішесің бе?
Гүлнәр. Мәәә! Сен қашаннан бері арақ ішетін болғансың? Жалғыз ұлыңның тойын ішімдіксіз өткізіп, бәрімізді қаңтарып қойып ең ғой? Мынау жаңалық қой! Қайсы арағың?
Нұржамал қол сөмкесінен арақ шығарады.
Гүлнәр. Қарным ашып тұр, содан кейін білесің ғой менің қышқылым жоғары, гастритім бар. Аш қарынға арақ ішкізіп өлтірейін деп пе едің? Қалжыңдап отыр екен десем.
Нұржамал.(мұңайып). Қайдағы қалжың... (Кенет серпіліп) Құрбым-ау, сенің көмегің керек болып тұр емес пе...
Гүлнәр (қарны ашып мұңайып). Иә, айта бер.
Нұржамал. Дәуренге мынандай жауап жаздым.
Қол телефонын ашып Гүлнәрға оқытады.
Гүлнәр. «Менде бәрі жақсы. Мен тұрмысқа шықтым». Немене?
Нұржамал. Оқысаңшы әрі қарай.
Гүлнәр. «Менде бәрі жақсы. Мен тұрмысқа шықтым. Сенбі күні біз сендерге қонаққа келеміз. Сонда таныстырамын».
Нұржамал. «Жаңа әкеңмен» деп жазайын дедім де, қойшы это слишком деп ойладым. Дұрыс па?
Гүлнәр. Енді... қайда?
Нұржамал. Не қайда?
Гүлнәр. Жаңа әке... жоқ, ойбай, жаңа күйеуің қайда?
Нұржамал. Жоқ қой. Сені сол үшін шақырдым емес пе!
Гүлнәр. Мен еркек болып киінем бе?
Нұржамал. Жоға, құдай-ау, табайық! Маған күйеу іздеп табайық. Тезірек. Сенбі күні баламның үйіне күйеумен баруым керек.
Гүлнәр. Тұра тұршы. Мейлі, құйшы, мынауыңды. Өлсем өліп-ақ кетейін.
Нұржамал бір жақтан екі стакан алып келіп арақты құяды. Гүлнәр қағып салады. Нұржамал стаканды шұқылап ішпей отыр. Бір уақытта жылай бастайды.
Нұржамал. Енді не істеймін? Олар мені мазақ етіп күлетін болды-ау... Тіпті жындыханаға өткізіп жіберер... Екі күнде күйеуді қайдан табамын?
Гүлнәр. Күйеуден басқа нәрсе айтуың керек еді.
Нұржамал. Мысалы?
Гүлнәр. Шындықты. Шындықты неге айтпайсың?
Нұржамал. Екеуі қырлысады ғой. Ұлымның отбасын бұзғым келмейді.
Гүлнәр. Білмеймін. Интернеттен іздейік.
Нұржамал. Ол қалай?
Гүлнәр. Мені күнде тұра салып интернеттен бай іздейді дейсің бе? Мен қайдан білем! Не деген қатынсың, үйіңде тіске басар қатқан нан да жоқ. Өзіңде ми жоқ. Қайдағы бай? Бір рет болдың ғой байда. Сол жетпеді ме саған!
Нұржамал. Шаптықпашы. Онсыз да басым қатып отыр. Енді көмектессеңші. Сен кішкене пысықтаусың ғой.
Гүлнәр. Күйдіргі! Бар тамақ тауып әкел, тек тамақ үшін көмектесемін.
Нұржамал (қуанып). Қазір. Қазір. Мен тез келемін.
Бір нәрсе етіп тез жиналып, жүгіргендей болып шығып кетеді. Гүлнәр бөлмені әрі-бері кезіп жүреді. Кенет тоқтап, Нұржамалдың стаканындағы арақты да қағып салады. Содан кейін кенет мұңданып, темір төсекке барып отырады.
Гүлнәр. Кезінде неткен әдемі еді. Әдемінің әдемісі, көріктінің көріктісі болатын. Бірақ сорлы аңқау-тұғын. Сол аңқаулығынан маскүнемге жолықты ғой. Әйтпесе үйленбей тұрып-ақ бір сау күні болмайтын. Есі дұрыс қыз маскүнемге жолай ма. Ал Нұржамал жолады. Бала тапты. Өзі өмір бойы архивте істеді. Итең-итең, итең-итең... Алатыны көк тиын. Түгіне жетпейді. Анау маскүнем. Жұмыс істемейді. Дәуренді қалай адам қылды, соған таң қаламын. Қазір де аңқау ғой. Бірақ жас кезіндегі аңқаулығын сипаттауға сөз жетпейді. Мысықты көрсетіп: «Мынаны қарашы, Нұржамал, мынау мысық емес, ит» десең, соған күні бойы таң қалып жүретін. Оның әдемілігін құдай маған берсе ғой, онда мен... Наташа Ростоваға ұқсап балға барушы едім. Содан кейін та-та-та-та-та (вальс ырғағына салып билей бастайды, музыка пайда болады)... Рақмет, сударь. Жоқ, сударь. Жарайды, сударь. Сөмкемді көтерсеңіз көтеріңіз енді... хи-хи...
Бірақ мен кішкене домалақтаумын және тапалдаумын... сондықтан Ростоваға кішкене келіңкіремеймін... Нұржамал болса, өзінің маскүнемімен жиырма жыл тұрды. Содан соң ол ауырды, сүйрелеп емдеді, ақыры түкке жарамай өліп қалып еді, арулап жерледі. Сөйтіп бүкіл өмірі өтті де кетті.. Енді, міне...
Мында көрші шал-шауқан жоқ па екен, а? (Терезеден басын шығарып айқайлайды). Кто здесь оставил бутылку водки?!! Кто говорю оставил здесь бутылку водки!!! (Терезеден жан-жағына бағдарлап қарайды). Тыныштық. Өстіп айқайласа, шалдар атып-атып шығушы еді ғой...
Шошынып Нұржамал келіп кіреді.
Нұржамал. Гүлнәр, саған не болды? Бір нәрсенің шалығы шалды ма? Мен ғой ол арақты әкелген. Өзің көрдің емес пе... Келші, таңдайыңды көтеріп қояйыншы...
Гүлнәр. Жоға да. Мында шалдар бар ма екен деп тексеріп жатырмын. Не алдың?
Нұржамал. Міне, жұмыртқа, қазір қуырып жіберемін. Қызанақ, қияр. Пицца алдым. Сен пицца жақсы көруші едің ғой.
Гүлнәр. Немене мен туралы өткен шақта айтып қалғансың?
Нұржамал. Дауысың жаман шықты да.
Гүлнәр. Саған бай іздедім, бай іздеп айқайладым.
Нұржамал. Адам күйеуді сөйтіп те іздей ме екен?
Гүлнәр. Барлық мүмкіндікті байқап көруіміз керек.
Нұржамал. Жарайды. Ренжімеші енді. Қазір екеуміз жақсылап тұрып шай ішеміз.
Дастарханды жайлап, екеуі отырады.
Гүлнәр. Есіңде ме... «Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым...»
Екеуі қосылып айтады. Содан соң мұңайып отырып қалады.
Гүлнәр. Мен саған жаңа өтірік айттым.
Нұржамал. Не деп?
Гүлнәр. Интернеттен бай іздемеймін деп.
Нұржамал. Қойшы.
Гүлнәр. Интернеттен бай іздеймін. Іздегенде қандай... Бірақ бір жөні түзу адам кездеспеді. Нешетүрлі адам бар ғой...
Нұржамал. Қойшы.
Гүлнәр. Шын айтамын. Бір жыл бұрын бір кісімен таныстым. Интеллигент. Сондай! Болады ғой бір! Нағыз интеллигент! Үйіне қонаққа шақырады. Жетіп барамын! Жайлап сүт қатып шай береді. «Бір-бірімізді білейік, жақындасуға асықпайық» дейді. Әртүрлі әңгіме айтады. Сирия дей ме, құдай-ау, Путин дей ме... Түк түсінбеймін. Бірақ тамақ істеп апарып беремін, ауруханаға жатып еді, тура бар ғой, қатыны сияқты жүгірдім ғой. Өзім тура әбіржіп кеттім. Аттай бір жыл! Бір жыл кеткен асыл уақытым-ай десеңші...
Нұржамал. Сөйтсе? Өліп қалды ма?
Гүлнәр. Сол өліп қалса дұрыс болар еді. Ана жағы да интеллигент болып шықты. Түсіндің бе? Ана жағы.
Нұржамал (ернін сылп еткізіп). Сен де қатырасың.
Гүлнәр. Сондай жағдай... Басында айтса болады ғой. Сағат алты жарым деп. Адамды жынды қылмай. Саған да сондай біреуді табуға болады.
Нұржамал. Ондайды мен не қыламын?
Гүлнәр. Көрдің бе. Проблема. «Бойында Арыстың, өзіңмен таныстым...».
Кенет Гүлнәр сылқ етіп отырған жерінде құлап түседі.
Нұржамал (түсін күрт суытып). Әп, бәлем! Қалай екен! Берген дәрім енді әсер етті. Мықтысын көрдің бе, малтасын езіп жарты сағат отырды.
Тұра салып Гүлнәрды орындыққа арқанмен байлап тастайды.
Нұржамал. Қолыма түстің... (мазақтап) «Бойында Арыстың өзіңмен таныстым» дейді ғой...
Үстелдің астынан балта алып, Гүлнәрға қарайды.
Нұржамал. Бейшара. Жаным ашиды бір жағынан. Далақ-далақ етіп әрі жүгіреді, бері жүгіреді. «Нұржамал, жиналайық», «Нұржамал, мен көйлек сатып алдым», «Нұржамал, тәтті балмұздақ сататын жер таптым», «Нұржамал, Нұржамал...». Осымен танысқалы естігенім ұрыс. Көрдіңдер ғой, жанымды шығарып, тура бар ғой, жердің астына түсіп кетсем де іздеп табады, кірген тесігімнен шашымнан сүйреп суырып алады. «Нұржамал, жүр, кеттік», «Нұржамал, барып кел, алып кел, шауып кел». Шыдамның да шегі бар, қарағым! Білдің бе! Не байға тимеді, байқұс. Бұны кім алады? Сұрын көріп отырсыздар. Мінезі болса мынау. Жоқ, мен бұны өлтіріп жағын қарыстырмасам, құтылмайды екенмін. Соны түсіндім.
Қолындағы балтасын көтереді.
Нұржамал. Бірақ... бірақ... аяймын... Өмірден не қызық көрді? Әртіс боламын деді. Содан қырыққа келгенше тапсырды ғой актерлыққа. Өтпейді. Өзі су ми. Бір шумақ өлеңді жаттай алмайды. Қазір, супермаркетте еден жуады. Ақшасы жетпейді. Қашан көрсең, ақшасы жоқ, қарны аш. Бірақ жалмаң-жалмаң, Нұржамал, Нұржамал. Жоқ, өлтіріп тастайын. (Өзін-өзі қайрап) Нұржамал, құрбыңа жаның ашыса, қақ маңдайдан пер. Бүйткен өмірі құрысын. Содан соң өзің де у ішіп қата қаласың. Ынжық болма! Давай! (қайта өзгеріп). Жо-жоқ! Қалайша? Ол менің Гүлнәрым ғой! Құрбым, бауырым... Мейлі зейнетақысы түкке жетпесін, мейлі, аш-жалаңаш қалсын, бірақ мына тіршілікке, бір күн тірі жүргенге жететін не бар? Оның өмірін көпсінгенім бе? Маған не болды? Не істесем болады?
Гүлнәр қозғалып, есін жинай бастайды. Нұржамал балтаны қайта көтереді.
Гүлнәр. Нұржамал, Нұржамал...
Нұржамал. Жап аузыңды!
Гүлнәр. Ойбай, саған не болды? Тауып берем, тауып берем. Ант етейін, саған бай тауып бермесем, жер басып жүрмей-ақ қояйын.
Нұржамал. Мен сені ол үшін шақырған жоқпын! Жоспар басқа! Мен сені өлтіремін!
Гүлнәр. Ойбай, енді балталамасаң болмай ма? Өлтірудің амалы көп қой, есің дұрыс па?
Нұржамал. Аузыңды жап! Сен-ақ менің қанымды ішіп біттің! Бүкіл өмірімді құртқан мына сен! Білдің бе! Сен менің ата жауымсың!
Гүлнәр. Мәссаған! Мен сенің өміріңді қайтып құртыппын?
Нұржамал. Менің байым сенің кесіріңнен алқаш болып, ақыры өліп тынды...
Жылайды.
Гүлнәр. Нұржамал! Нұржамал деймін мен саған! Босат мені! Ақылыңнан алжассаң, алжасқан шығарсың, бірақ менде не ақың бар? Жөніңмен жындан! Ненормальная!
Нұржамал. Мен бе ненормальная? Ненормальная ол сенсің! Сен білесің бе маған не істегеніңді? Сен... Сен...
Жүгіріп барып чемоданынан портрет шығарып, теріс қаратып, өзі қарамай портретті Гүлнәрдың бетіне тықпалайды.
Нұржамал. Есіңде ме? Мына адам есіңде ме деймін?
Гүлнәр. Арырақ ұсташы. Иә, Ленин!
Нұржамал (мазақтап қайталап). Иә, Ленин! Арсыз! Барып тұрған арсыздың өзісің сен білдің бе?
Гүлнәр. Мәәә, қатты жынданыпсың. Енді қайттім? Қайдан келіп едім мында. Күл болмасаң, бүл бол деп неге жата бермедім? Ес жоқ. Ес жоқ... Сосын келдім... Демек өзім кінәлімін. Демек өзім...
Нұржамал. Есіңде ме? Сол жылы қазан айында қар жауды... Екеуміз Құрманғазы көшесін бойлап келе жаттық... Күн кенет күрт суытқан...
Гүлнәр. Немене? Не айтып тұрсың?
Нұржамал. Ленинді! Ленинді айтып тұрмын!
Гүлнәр. Немене Ленинді мен өлтіріппін ба?
Нұржамал. Сен! Сенің нағыз өзің!
Гүлнәр.Нұржамал, қолымды шеш, босат. Әйтпесе боқтаймын! Аямай боқтаймын!
Нұржамал. Боқтап көр. Мына балтамен жағыңды айырамын!
Гүлнәр. Ойбай! Құдай-ай! Бұл қорлықты көрсеткенше мені неге бұрын алып кетпедің?
Нұржамал балтасын ала ұмтылады.
Гүлнәр. Жоқ! Стоп! Тек балтамен емес!
Нұржамал. Онда тыңда. Қазан. Алакөлеңке. Кеш батып келеді. Екеуміз Құрманғазы көшесін бойлап келеміз. Шаршағанбыз. Кенет сен өз-өзіңнен... Сонда не айтқаныңды білесің бе?
Гүлнәр. Жоқ. Есімде жоқ.
Нұржамал. Сен маған Ленин мерезбен ауырып өлді дедің... Сондай бір деректі фильм көріпсің?
Гүлнәр. Сөйтсе?
Нұржамал. Сен не? Түсінбедің бе? Сен сол апақ-сапақ, кешқұрым шақта Ленинді өлтіргеніңді сезбедің бе?
Гүлнәр. Жоқ, не могу оказывается. Давай, шап! Мейлі, балта болса, балта болсын. Мұндай сандырақты естіп тірі отыра алмайды екенмін.
Бұлқынады.
Нұржамал (жылайды). Сен менің жүрегімдегі, менің жүрегімдегі Лениннің асыл бейнесін өлтірдің, өшірдің. Салдақы! Содан бері, содан бері... міне... Портретіне қарай алмаймын. Теріс қаратып ұстап жүрмін...
Гүлнәр. Түсіндім. Кешір. Ештен кеш жақсы. Кешірім ет. Ал сенің байыңды қалай өлтіріппін?
Нұржамал (жылап). Қойшы, соны...
Гүлнәр. Жоқ, айт, бәрін айт. Біліп жүрейін. Ол адам кейпіндегі айуан, алқаш, сенің бүкіл өміріңді өксітті. Ана балаңның ынжық, сорлы болып қалғаны да сол азғынның кесірі! Өмір бойы тепкісінде болдыңдар! Ең болмаса о дүниеге бір іс тындырдым деп қайтайын, айт! Айт оны қалай өлтірдім?
Нұржамал (лирикалық күйде). Жарайды. Гүлнәр... Сен есіңде ме, Азаматпен екеуіңді мен таныстырдым ғой. Жігітім деп... Содан сен оны дереу ұнатпадың. Ұнатпағаның соншама, сенің сол күйің маған да өтіп, оған тұрмысқа шығудан бас тарттым.
Гүлнәр (лирикалық күйде) . Ол сол балғын, жас шағынан ішуші еді ғой. Оны қалай ұнатамын, қалай жақсы қабылдаймын?
Нұржамал (лирикалық күйде). Сосын ол мені алып қашты... Сосын Дәурен дүниеге келді... Ал сен, сен болсаң азаннан қара кешке дейін: «кет те кет, таста да таста. Ол оңбаған, ол жексұрын, ол қанішер» деп құлағымның құрыш етін жедің. Ал мен оны жек көрген үстіне жек көре бердім... Ол да сезді ғой... Менің оны жек көретінімді сезді. Содан одан сайын ішті, одан сайын ұрды. Алдымен мені, содан соң Дәуренді... Енді кеттім дей дегенде, бауыры церроз екені анықталды. Қалдым... Қазір ойлаймын... Қазір ойлаймын егер сонда сен мені азғырмағанда жап-жақсы тұрып та кетер ме едік... Барлығы сол, менің оны жек көретінімнен болды ғой. Ал менің оны жек көрген себебім, сен азғырдың. Әйтпесе басында қатты ұнаттым ғой оны мен.
Гүлнәр. Түу! Құдай-ай, жылаттың ғой. Білмеймін. Мен саған жақсы болсын дедім ғой. Енді не істеймін, кеш, кеш мені, Нұржамал!
Нұржамал. Болары болды. Бояуы сіңді. Енді өмірді айналдырып қайталай алмайсың.
Гүлнәр. Қайтаруға болса не істер едік?
Нұржамал. Мен сенімен араласпай кетуші едім.
Гүлнәр. Қойшы? Мені сонша жек көресің бе?
Нұржамал. Иә.
Гүлнәр. Сенбеймін.
Нұржамал. Өзің біл.
Гүлнәр. Білесің бе, менің басыма мынандай ой келді. Сен ғой мені жек көресің. Балталап шауып тастау үшін мында шақырған екенсің. Сен менің жүрегімнің тас-талқанын шығардың, Нұржамал. Бұл дүниеде менің сенен басқа жақыным жоқ қой. Әке менен шешеден жалғызбын. Бала таппадым, байға тимедім. Барым – сенсің. Ал сен былай болып отырсың. Бәлкім, тіршіліктің мен үшін шынымен де мәні жоқ шығар... Сен шынымен Дәурендерден кетіп қалдың ба? Әлде мені алдап шақырып алу үшін ойлап тапқан амалың ба?
Нұржамал. Шын. Ол – шын. Бірақ маған байдың керегі жоқ. Сені өлтіріп, содан кейін өзімді өлтірейін дегенмін.
Гүлнәр. Мәә... (жаман сөз айтады)
Нұржамал. Боқтама!
Гүлнәр. Жарайды, кешірші. Аузымнан шығып кетті. Сен мені тыңда. Мен ақылдымын ғой. Сен мені босат. Мен осы жерден шығып барып банк тонайын. Тонай алсам, ақшалы боламыз. Тонай алмасам, күзетшілер атып тастаса, ол да мақұл. Түбі бір өлім. Түсініп тұрсың ба? Сен, көк тиынсыз, жалдамалы пәтерде тұратын кемпір, кімге керексің? Мына заманның шалдары ақымақ емес! Олар ақылды! Олар бай кемпір іздейді. Ал мен банк тонап келсем, ақшаны бөліп аламыз.
Нұржамал. Бүкіл Еуропаны аралаймыз! Музейлерге барамыз!
Гүлнәр. СПА салон дейсің бе... киімдер! Киімге қарық боламыз!
Нұржамал. Онда мен тура бар ғой, 50 мың теңгеге етік алып киемін.
Гүлнәр. Киесің! Содан кейін қарамай көрсін шалдар! Көздерін шұқып аламыз!
Нұржамал. Алақай! Көздерін шұқып-шұқып аламыз!
Гүлнәр (оған сескеніп қарап). Алла-ай, сен қашан маньяк болып кеткенсің?
Нұржамал (ыңғайсызданып). Енді мына өмір, мына тіршілік...
Гүлнәр. Онда бол, тез, қолымды шеш.
Нұржамал оны босатады. Босатуы мұң екен, Гүлнәр үстелде тұрған балтаны алып оны бастан салып қалады. Нұржамал сылқ құлайды.
Гүлнәр. Мынау өліп қалмасын. Нағыз жаналғыш мен болып жүрмейін түбі.
Тамырын ұстап көреді. Шүберекті сулап басына басады.
Гүлнәр. Енді қайттім? Қой, баласына звондайын, келіп алып кетсін.
Нұржамал (есін жиып). Жоқ, жоқ, звондама! Екі дүниеде құлың болайын тек Дәуренге звондама. Бармаймын. Мен оларға қайтып бармаймын.
Гүлнәр. Саған соншама не істеген?
Нұржамал. Отырсам, опақпын, тұрсам сопақпын, Гүлнәр. Зейнетақым ғана жақсы да өзім жаманмын, Гүлнәр. Бармаймын. Құлың болайын, әрең құтылғанда қайта апара көрме оларға.
Гүлнәр. Енді маған бұрын неге айтпадың бәрін? Маған неге келмедің? Жатақхана демесең, қуықтай тар бір бөлме демесең, саған деген бір орын табылатын еді ғой.
Нұржамал. Сен адам баласы атаулыны жек көресің ғой. Мен былай (ауыр дем алып көрсетеді) дем алсам, жөтелсем, қорқасың ғой...
Гүлнәр. Иә-иә, бірақ... Бірақ мен психиатрға барып емделер едім ғой...
Нұржамал. Олар сені қамап қойса ше?
Гүлнәр. Ол да бар... Енді не істеміз?
Нұржамал. Банкті бірге тонайық, әкесінің...
Гүлнәр. Мейлі. Сөйтейік...
Нұржамал. Тек Қазақстанның банкін емес.
Гүлнәр. Енді?
Нұржамал. Қытайдың банкін тонайық. Әкелерін танытайық сөйтіп...
Гүлнәр. Ал, онда не тұрыс? Барайық та тонайық!
Нұржамал. Ал, Алла, өзің қолда!
Гүлнәр. Бұның енді артық.
Нұржамал. Иә, кешір, кешір, Алла бізді!
Гүлнәр. Тек қана іске сәт дейміз! Іске сәт!
Екеуі өте жігерлі музыка аясында бастарына екі шөлкей киіп, оның сыртынан орамалдарын тағып, қолдарына балта мен балғаны ұстап, ширақ басып шығып кетеді.
Соңы