ҰЛЖАН ӘДІЛОВА.ФАРИЗА САХНАҒА «ОРАЛҒАН» КҮН

 

М.Ауезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық Драма театры үшін «Жыл жаңалығы» болған «Фариза» қойылымы — қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі тамырлас ұғымдардың басы біріккен үлкен жоба болды деседі білетіндер. Жоқ дейді ішкі үн, бұл — Фаризаның ақын, азамат ретіндегі статусын адам деңгейіне бір түсіріп, бір көтерген нағыз сезімнің туындысы. Адам бола алудың өзі бір қасірет болғанда, әйел бола алуың, қала берді ақын-әйел болуың — бұл Фаризаның, фаризалардың қасіреті де, құдіреті екен. Соның дәлелі болса керек, төрт қабатты театр залында ине шаншар орын қалмаған: бірі тізерлеп, бірі жантайып, бірі тікесінен тік тұрып ақынмен бірге үнсіз қамықты.

Театр әртістерінің ақын жанының қыртыс-қыртысына үңіліп, тереңде бұғып қалған нәзік сезімдерін трагедиялық нақышпен орындап беруінде бір сыр болған да шығар — Фаризаны іздеген жүректер қос жанарын кәрі сахнаға аманаттапты.

Ақын өлмейді деу бекер екен — ақын тірілуі де бек мүмкін.

 

 

Фаризаның табиғатымен таныс көрермендер сахна төрінде бұлқынып жатқан әртістен көп нәрсені күткен болар. Әйткенмен, автор Фаризаны тым сезімтал, күйреуік бейне ретінде жеткізгендіктен көпшілік жұрттың таңданысы оянбай қалды деп айта алмаймыз.

Әділіне жүгінсек, ішіндегі шер-мұңын тек өлеңіне ғана сыйғыза алған Фариза – өзіндегі өнерге кейіс білдірмей тұра алған жоқ. Атақ жолын «бақыт» деп түсінген тоғышарлар үшін Фариза – маңдайы көкке жетіп, тасқындап жүрген әйел ғана еді. Көзінше қошемет көрсетіп, ізін суытпай жатып-ақ күңкілдеуге көшетін «серіктестері» ақынның жанын ұғып, шығармашылығына шын үңілді ме, сірә! Олар да даңқ қамытының тым ауыр екендігін білді ме екен?! Дәл сол «бақыттың» ақынды жалғызсырататынын түсіне алды ма екен? Білмейміз. Білеріміз....беймәлім.

 

 

Міне, сахна Фаризасын екіге бөліп жіберген осы жәйт болар деп шамалап отырмыз. Бір жағында, атақ-абыройға бөленген ақындық даңғыл жол жатса, екінші тарапынан әйелдік бақыт, нәзік жол жайрап тұр екен. Бірақ, Фариза өз тағдырын бұдан көп бұрын-ақ жазып тастапты да, ендігі өкініш оған дауа бола алмайды екен.

Автордың ақынды жалғызсыратқан қоғамдық пікірге құлақ салып,  сахнада серуен құрған «сұрғылт бейнелерді» өзіміз (яки көрермен) деп қабылдауға итермелей түскені – әрбіріміздің ішімізді жегідей жеген сұрақтарға дауа табуға мұрсат бергендей көрінгені бар. Әсіресе, сахна төрінен салтанат құрған «үнсіздік» минуттары — әрқайсымыздың әртіс екендігімізді еске салғандай болды. Көз қозғалысы мен ой желісінің үзіліп, авторлық идеядан алшақтап, өз көкірегіміздегі үнмен Фариза арқылы тілдесу, бұл – теңдесі жоқ шығармашылық жетістік деп нығырлап айтқан болар едік.

 

 

Қайтадан сахнаға оралсақ, ақын өміріндегі елеулі орынға ие болған Мұқағали бейнесі көпшілігіміздің ішімізде түйнек боп жатқан сұрақтың жауабын бере алған жоқ. Керісінше, Мұқаңның романтикалық образын қоюлата түсті, әсте, «Есті Фаризаға» қарама-қайшы келген кейіпкер болмаса.

Авторлық идеяға тосқауыл жоқ болғандықтан, көрермен көзіне тым жылауық боп басылған Фаризаның мұңды бейнесі көпшілігіміздің ұғымымызда жүрген Фариза бейнесінің күл-паршасын шығарды.  Оның қоғамдық есте сақталған қатал бейнесі мен қатқыл үні — әйгілі «Фаусттағы» Мефистофель образымен астарласып, даңқ жолына өмірін арнаған бейне ретінде көрініс берді.

 

 

Бірақ бұлайша үстірт үкім шығару — ақын өлеңдеріндегі «ешкім де түсініп болмайды» дейтін күмәннің салмағын еселемесе, азайтпайды. Оған себеп те жоқ емес. Жанынан туып жатқан өлеңдерін сөгітіп жібергенде, алқалай отырған көпшіліктің жанарынан таңдану мен жатырқауды қатар көреді, сөйте тұра марапаттауға үнсіз көнеді — еш уанбайды. Сондай бір тұста: «Браво! Браво!» дейді кәрі сахна. Көрермен жан-жағына алақ-жұлақ қарап, сахна әртісіндей қол шапалақтауым керек пе деп тосылады. Бірақ, көрерменнің басым бөлігі ауыр бір күрсінеді. «Иә, әртістер тамаша ойнап жатыр, ал біз ше дейді көрермен, — біз де жақсы ойнаппыз-ау!» дейді көзіндегі күнәні тұмшалай алмай. Әсіресе, алдыңғы жақтан таласа-тармаса орын алған, шашы ағарып, тістері кетік болған кәрі буынның: «Фаризаны көзі тірісінде көріп ек, енді бізден асып режиссер не біле қойыпты» дегені бардай жүректері шым ете түседі.

 

 

Бұл, әрине, субъективті сезіну болғандықтан, көпке топырақ шашу ниетінде жазылып жатқан жоқ. Тек сахна қозғалысында осындай кілтипан жасырынып жатқандай көрінген соң, жүрек сүзгісінен өткізіп, еріксіз ой құдығында көмілдік.

Әгәраки, әртіс пен автордың таразысынан алшақтап кетіп жатсақ, сөзіміздің бір ұшын Фаризаның өзіне ұстатқан болар едік:

 Жұрт мені қатал дейді

Найзағайдай мінезі шатырлаған,

Біреулері айтады ақыл маған:

Өркөкірек,тəкаппар,менсінбеген...

Ұнатпайды дəл мұндай ақынды адам

(одан сайын мен шіркін қатуланам).

Біреулер қиялдайды:

Мұндай адам ешкімді сүйе алмайды;

Өтірік өлең жазады толықсыған,

Қайдан ғана бал сезім таныс бұған?

(Түсініксіз қалпыммен байғұстарды

Ойларымен өздерін алыстырам).

Біреудің жаны ашиды:

Ол ақын ғой өзгеше,дара сыйлы,

Ал ақындар сезеді барлығын да,

Ақылды да болады,данасиды.

Жастар жара түспеген жанына əлі

Түсінгендей жанымды табынады:

Менің асқақ əн мұңды жырларымды

Іздеуі хақ солардың,сағынары...

Мен кешпеген дүние жоқ екенін

Сезеді олар,сезеді бəрі-бəрі.

Мен солай көрінемін,

Жер секілді құбылтқан өмір өңін,

Міз бақпайтын адамдай жүре берем,

Күйіп-жанып жатса да төңірегім.

Білмейді жұрт(білмесін көңіл емін)

Менің барлық бал қылық,нəзіктігім

Сенің ғана алдыңда төгілерін.

 Міне, ақынның бар болмысы осындай болатын. Осындай болып қалады да екен.