«ДАУЫС»

Тас көшеге табанмен сына қағып,*

Қайда асығып барады мына халық?!

Абыр-сабыр ағылған адамдарға,

Айғай салғым келеді тұра қалып... 

Иә, айғай салғың келеді... Айғай салғың келеді, бірақ дауысың шықпайды. Шығады кейде... Айқайлап, алқынып жатып оянасың ұйқыңнан...Сосын қайта тұрмыстың ұйқысына кетесің балдай батып... Біздің тамақ қарлыққыш, біздің тіліміз тұтқырланғыш, біздің жағымыз қарысқыш. Өзекті жайлап алған қорқыныш, қорқыныш деймін-ау, қоп-қошқыл ордалы қорқыныштың үңірейген ұясы – ұлы үрей біздің миымыздан бастап жұлын-жүйе, қара тырнағымызға дейін сал етіп тастаған... Тіпті, біздің көлеңкеміздің өзінен сол үрейдің күлімсі иісі мүңкіп тұрады. Бәрін білеміз ғой, білгіміз келмейді, бірақ... Қауындай ырсиып жарылып кеткен болмысымыздың ортасында жетімек жүрегіңді суып кеткен құшағыңа қысып алып, қыстыға жылап алғың келіп отырады, қайтеміз енді?! Арагідік жанынан безген біреу айқай салса, мейіріміз қанып қалады, оның дауысы өшсе табалауға тағы бейілміз. Біздің дауыстық оркестрімізді басқаратын «дирижер» әрбір «аспапты» өзі күйлеген, енді өзі билейді. «Гүлдей-гүлдей күн жаңа-ай, күнде қызық думан-ай, Бипыл-бипыл, бипыл-ай, тартшы құрбым бір күй-ай».Тартамыз партитура бойынша, әйтпесе...Әйтпесе жаназа күйі...Моцарт...Қой, қорқынышты!

Бұл ойлар менің ойым емес. Бұл ойларды менің басыма қыздырған май құсатып құя салған Гаухар. Гаухар Адай! Қоғамның қара дауылынан қалжырап, ығып келіп, театрға кіріп кеткенмін өткенде. Ермек Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры» пьесасын «Дауыс немесе Дау іс» деген атпен сахналап жатқан «Дариға-ай» жастар театры, дарынды режиссер Гаухар Адай. Трансқа кіргелі отырған Тибеттік монахтар құсап, жайланып отырып алып, ашқарақ көздеріммен әр қимылды аңдып, даңғазадан дәлдүріш болған құлағымды әр дыбысқа тосып отырмын. Басталды... Сіздер мені қазір әдемі бір қойылымның сюжетін айтатын шығар деп отырған боларсыздар? Жоқ олай емес... Сюжет жоқ әрі бар! «Өткеретін өмірің – көрер түсің, Жорылмайтын көзіңнің тірісінде» деген Тыныштықбектің жолдары тура келетіндей. Түс көргендей болдық...Залдан есеңгіреп шығып, жорыдық, қорыттық. Осы спектакльді күнде көріп жүрмін ғой, бірақ сахнадан емес, қоғамнан! Әлдебір «данышпандардың» орнатып берген шаблондарымен ойланатын пенделер, Ақымақтыққа келгенде бірігіп кететін «ұжымдық надандық», жоғарыға жәутеңдеген мүләйімсу, сасыған сананың жасап алған адамдар иерархиясы, жалпыхалықтық үрейдің арқасында тұрған «мәдени құлиеленушілік», кеңселік «төртбұрыш ойлау жүйесі» ешқайда апармайтын қызметтік баспалдақ, өзгенің қайғысына қарап өзінің қалтылдаған түрлігін тәубемен үшкіру сияқты мінездердің ойынын күнде көремін ғой расында... Дегенмен соның бәрін ойлай келе, «жындымын ба?» деп күдіктене қалушы ем. Жынды емес екенмін, тіпті жынды болғанның өзінде жалғыз емес екенмін. Қойылым атын «Дауыс» деп қойғанына таң қалдым. Тура табылған атау! Қойылым соңында ішіңе шор боп қатқан шеріңді айқайлап-айқайлап шығарып тастағандай жеңілдеп қалдым! Менің дауысым шықты, мен сияқты бірталай адамның дауысы шықты! Біз пақырға ол да – алданыш! Жалғыз көзі адырайған қап-қара түнде қарауытып үйге қайтып барамын, Әлдебір өлең жолдарын айтып барамын:

...алты жарым ақ терек ауырғандай сүзекпен...**

Жүз терезе – жалғыз үй, елу кемпір күзеткен.

Қалғандары – жұмыста... кезегінде тамақтың. Бір,

екі, үш... сәрсенбі...

Шарапхана.

Абақты...

...Қырсық көше...

Сигнал... Гуіл...

Ызың...

Жаңғырық...

Қара мұзда толғақты мысық отыр мәңгіріп.

Мияуы оның сөндірер Басыңдағы қиялды.

Бір, екі, үш...

...күреп жүр құрғақ жөтел үй алдын.

Жарнамалар...

Төртеуі – уәдесі сайлаудың.

Бесіншісі – қаулысы, иландырмай қоймаудың.

Келесі айда – мереке.

Қызарыңқы жалаулар... Бір, екі, үш...

Ком-му-ни-зм-ге дейін санау бар...

 

Бауыржан Игілік

Семей қаласы