Шалкиіз Тіленшіұлы
Шалкиіз Тіленшіұлы

Шалкиіз Тіленшіұлы (1465–1560 ж. ш.) – жырау, орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Жыраудың әкесі, сахара феодалдарының бірі болса, шешесі Кіші жүздің ұйтқысы болған, орыс деректерінде Сыртқы Орда аталатын ұлыстың әмірі Мұса бидің қызы еді. Ол үш айлығында анасынан айрылып, нағашыларының қолында тәрбиеленді. Шалкиіз жас кезінен-ақ ер жүрек жауынгер әрі талантты жырау ретінде даңққа бөленді. Жігіттік шағы Ноғай Ордасындағы Мұса бидің маңайында өтті. Кейіннен Үлкен Орданың әміршісі Мансұрұлы Темір бидің және ноғайлы Жүсіп бидің төңірегінде, өмірінің соңғы кезін қазақ ханы Хақназар маңында өткізді. Жырау туындылары әсерлі, өткір, аз сөзге көп мағына сыйғызған сұлу сазды көркемдігімен ерекшеленеді. Оның «Асқар, асқар, асқар тау…», «Қоғалы көлдер…», «Арғымақ ару аттар…», «Ор, ор қоян, ор қоян…», т. б. шығармаларында орта ғасырлық қарапайым көшпелілердің өмірі туралы нанымды, моральдық, этикалық түсініктер көрініс тапқан. Ал «Алаштан байтақ озбасы…», «Жапырағы жасыл жаутерек», «Ер шобан», т. б. жырлары ерлік рухқа, асқақ романтикаға толы. Шалкиіздің халық арасына ең көп тараған шығармалары — «Би Темірге айтқаны», «Би Темірді қажы сапарынан тоқтатуға айтқан» толғаулары. Ол ертедегі қазақ поэзиясының өлең өрнегін байытқан ақын. Оның шығармалары 19 ғасырдан бері қарай қағаз бетіне түсе бастады. Қазан төңкерісінен кейін 1875 жылы орыс және қазақ тілдерінде «Императорлық орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімінің жазбалары» жинағында жарияланды. Кейін аталған жинақта, «Астараханский вестник» газетінде, Ы. Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясында» және басқа да жинақтарда, ал кеңес дәуірінде «Ертедегі әдебиет нұсқалары», «Алдаспан», «15–18 ғасырлар қазақ поэзиясы», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарында жарық көрді.



TOP-АВТОР