Ақтамберді жырау
Ақтамберді жырау

Ақтамберді жырау (1675-1768 ж.ж.) – Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Қаратауда туған, 1768 жылы Семей облысының Абай ауданындағы Жүрекжота деген жерде қайтыс болған. Жорық жырауы, әскербасы, қоғам қайраткері.


Қазақ халқы басынан кешірген ұлы күйзелістер кезінде өмір сүрген Ақтамберді 17 жасынан бастап қалмақтармен, Орта Азия билеушілерімен болған шайқастарға қатысады. Бұл соғыстарда ол батылдығымен ерекшеленеді, кейінірек әскербасылық қабілетімен де көзе түседі. Талай-талай ұрыстарда ысылып, батыр атанған Ақтамберді жырау тарихқа «Ұлы апат жылдары» болып енген оқиғалардың ішінде жүрді. Жоңғарларға қарсы ұлт-азаттық күресін ұйымдастырушылардың бірі болды.


Жоңғар мемлекетін талқандап, Қазақстанның шығыс өңірін жау қолынан босатқаннан кейін, Ақтамберді жырау қазақтарды ежелгі ата-бабалары өмір сүрген қоныстарына орналастыруға белсене атсалысты.


Ақтамберді өз қарамағындағы қазақ руларын отырықшылыққа үйретуге тырысты. Бұл бағытта арық қазуды, бөген салуды ұйымдастырып, қазақтарды егін шаруашылығына үйретуді қолға алады.


Ақтамберді жырау туындылары негізінен нақыл-өсиет түрінде келеді. Олардан көшпелі қазақ халқының ой-арманын, мақсат-мүдделерін білуге болады. Көшпенділердің өміріндегі үй жануарлары, әсіресе жылқының орны мен рөлі туралы ой -толғаулары өзгелерден биік туады. Ол жылқы малын «ер қанаты» дей келе, оны жауға қарсы шапқан батырдың серігі ретінде суреттейді.


Ақтамберді жырларының арқауы батырлыққа үндеу, жауға қарсы соғысқа жігерлендіру болып табылады. Ол жоңғарлардың билігінде қалған қазақ далаларын азат етуді, қазақ халқының өрлеуін, жоңғар басқыншыларын толығымен жеңуді армандайды. Көптеген өлеңдерде қазақ халқын жауға қарсы жан аямай күресуге шақырады. Ақтамберді жыраудың сұрапыл соғыстар кезінде туындаған өлеңдері XVIIIғасырдағы қазақтардың жауынгерлік өр рухын дәріптейді.




TOP-АВТОР