Әбдінағым Көшер
Әбдінағым Көшер

1952 жылы Түркмен ССР-і, Мары облысы, Көктөбе ауылында дүниеге келген. 1969-жылы ОҚО, Созақ ауданында орта мектепті, 1973-жылы Шымкент пединститутынан ІІІ-курсынан шығып, 1979-жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірді.

Ауыл шаруашылығы, білім, құрылыс, энергетика, коммунальды шаруашылық, жол құрылысы, транспорт, салық, өнеркәсіп салаларында құрылысшы, мұғаллім, спорт инструкторы, бухгалтер, ревизор, бас есепші, бас салық инспекторы, конкурстық басқарушы қызметтерін атқарды. «Ара» журналының, «Оңтүстік Қазақстан», «Шымкент келбеті» газеттерінің штаттан тыс тілшісі болды.

Журналистикамен 1975-жылдан бері, әдебиетпен 1983-жылдан бері айналысып, әдебиеттік тұсауын 1985 жылы «Жалын» журналы кесті. Республикалық «Лениншіл жас», «Соц.Қазақстан» газеттерінде, «Қазақстан әйелдері», «Ара» журналдарында, обылыстық, қалалық, аудандық газеттерде, кейінгі «Алтын Орда», «Сана», «Ақиқат», «Айғақ», «Ар-Дақ», «Халық үні», Саясат-ақпарат» газеттерінде көркем әңгімелері, әзіл-сықақтары, лирикалық өлеңдері, гравюралары, фельетондары, мақалалар мен публицистикалық шығармалары жарық көрді. Қазір «Саясат-ақпарат» газетінің бас редакторының орынбасары.

1993-жылы «Бірі кем дүние» сатиралық повесть пен сықақ әңгімелер жинағы, 2003-жылы «Маұғлы ханзадасы» романы, 2007-жылы «Ей, перзентім, біліп алғын!..» ғибратнамасы, 2012-14 жылдары (екі рет) «Дүрбелең» романы жарық көрді. Бұл «Маұғлы ханзадасы» романының жалғасы, яғни «Мәделіқожа» трилогиясының екінші кітабы. Ал үшінші кітабы – «Үш батыр» романы 2015 жылы баспадан шықты. 2017 жылы «Теріскей терісқақпайлары» кітабы жарық көрді.

2007-жылы Республикалық ақындар конкурс-фестивалінің лауреаты және «Гран-при» иегері. Шымкент қаласының «Құрмет Грамотасымен» наградталған. Бірнеше ғылыми мақалалары жарық көрген. Әйелі, үш ұлы, алты немересі бар. Шымкент қаласында тұрады.

TOP-АВТОР