Құдияр Біләл
Құдияр Біләл

Блялов Худярхан Баязитович  (Құдияр Біләл) - 1959 жылы 19 сәуірде туған. ҚазПИ-дің (АГУ) филология факультетін бітірген. Оның журналистік, жазушылық еңбек жолы республиканың басты газеті – «Егемен Қазақстанда» қалыптасты. Ол осы газетте тапжылмай 10 жыл қызмет атқарды. Бұл жылдар КСРО-ның ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздік алу кезеңімен тура келді. Соған орай Қ.Біләл тәуелсіз елдің тұғыры берік болу жолында қаламымен де, азаматтық болмысымен де халыққа танылып, жеке тұлға ретінде қалыптасты. Оның сол кезде жазған КСРО құрамынан шығу қажеттілігі туралы, сондай-ақ КСРО Президенті М.Горбачевтің солақай саясатын әшкерелеген шығармалары батыл, әрі тосындығымен ерекшеленді. Әсіресе оның М.Горбачевтің Қазақстанның солтүстіктегі бес облысын Ресей құрамына алуды көздеген солақай саясатына қарсы жазылған сатиралық шығармасы жұртты елең еткізді. Қ.Біләл КСРО-ның күні өткенін сол кезде-ақ «Кие» атты хикаятында ашық көрсетті. Қ.Біләл қазақ жазушылары ішінде жаңа стиль қалыптастырған, жаңа жазу үлгісін алып келген, өзіндік жазу мектебін қалыптастырған жазушы. Оның қаламынан туған «Кие», «Ақырзаман», «Шайтанхана» атты кітаптарынан кейін Қ.Біләлға еліктеп жазатын жас жазушылар қалыптаса бастады. Оның үстіне Қ.Біләлдің республикалық әдеби журнал – «Жалынға» біраз жыл бас редактор болып қызмет етуі де оның білікті басшы ретінде танытты. Сол қызметіне орай ол «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері» атағымен марапатталды. Қ.Біләлді оқырман қауым діни тақырыпта жазатын жазушы деп таниды. Оның қаламынан туған «Сопылық сарын» атты кітап қазақ ұлтының дәстүрл дінінің қайта қалыптасуына қызмет атқарып келеді. Ол діни тақырыпта жазатын білікті маман ретінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ақылдастар алқасының мүшесі болып сайланды. Бұл орайда ол жат діни ағымдарға қарсы батыл күрес жүргізіп келеді. Қ.Біләлдің тағы бір қыры – саяси белсенділігі. Ол «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысын, сондай-ақ «Халық рухы» атты партияны құрушы жетекшілердің бірі. Саяси белсенділігі үшін Қ.Біләл «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы» медалімен марапатталған.

TOP-АВТОР