Ілияс Омаров жайлы бір үзік сыр
Әр заманда халқына қадірлі, айналасына көркем мінезімен абыройлы да сыйлы адамдар болады. Біреу басындағы бақ-дәулетімен, біреу билік-мансабымен, ал енді біреу бойға біткен табиғи дарынымен атақ-даңқа ие болып, қалаулылар қатарына қосылады. Ел аузында аты аңызға айналған аса сыйлы азаматымыздың бірі - мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров еді. Ілияс ағамыздың сан қырлы сипатын ой таразысынан өткізсек, ол кісі аса бір таза, кіршіксіз адамгершілік иесі, халқының қамын ойлап, шексіз сүйіспеншілікке ие болған адам болатын. Тазалықтан, бауырмалдықтан, айнымас мейірімділіктен жаралған ол әділетке, жолдастыққа, достыққа кір жұқтырмайтын. Үлкендер қатарында кіші емес, кішілер қатарында үлкен емес бір жан еді-ау! Әмір ете білмейтін, бұйрыққа сүйене бермейтін ар-ұят адамы үнемі достық пен бауырмалдықты мақсат ете білген. Көңілі сергек, ойы алғыр, ақылгөй дана азаматтың рахаттана күлетін күлкісі де ерекше еді-ау!? Оның жайдары жүзі, жарқыраған кереқарыс маңдайы, нұрлы көзі бар болмысын ашып тұратын, - деп қариялар еске алады. Жуырда Қазақ радиосының алтын қорындағы бұдан он бес жыл бұрын дайындалған бір хабардың үнтаспасын тауып тыңдап көрсек, әр жағынан кеше ғана өмірден өткен жазушы ағамыз Дінаш Нұрмағамбеттің дауысы естіледі, әрі қарай Қазақстанның халық жазушысы Ғафу Қайырбековтың қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың туғанына 80 жыл толуына орай сөйлеген сөзімен жалғасады. Кезінде «Халық кеңесі» газетіне шыққан «Жанымдай жақсы көрген жақсы аға» деген мақаланы Ғафу ағамыз айна-қатесіз үнтаспаға оқып беріпті. Ғафаң Ілияс Омаровты жерлеу рәсіміне қатысқан халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтың тебіреніп, қатты қайғырғаны жайлы былай дейді: «Ілияс егізімнің сыңары еді, мен содан айырылып тұрмын» дегенде Ғабекең теңселіп барып әрең түзелді. Мен мінберден сүйеп түсірдім де көлеңкелі теректің түбіне келіп отырдық. Ғабең «үҺ» деп демін алды,- деп әңгімесін әрі жалғастырады: - Бұл қазақта алтаудың біреуі еді, өзгесін айтуға болмайды, оны ешкім сұрамайды да, - деді. Маған не маңайдағыларға емес, көзге көрінбейтін біреуге айтқандай еді. Сонда мен оның не сөз екенін түсінгем жоқ. Бірақ ойымнан кетпей қойды. Кейін көп уақыт өткенде Ғабеңнің есіне салғанымда анық емес, жай жобалап қана аңғарту ретінде бірер ауыз сөз айтқан: - Сен жұмыртқаны білесің ғой, соның ішіндегі сары уызды білесің. Халықтың өзі бір тұқым болса, соның да уызы болады, ол тұрғанда ештеңе құрымақ емес. Ол уызды аз ғана адамдар құрайды, оны тірі пендеге білдірмейді, оны құдайдан басқа ешкім білетін нәрсе емес. Олар енді ру, туыс, ауыл дегенді білмейді, тек ұлтты ғана біледі, есіңде болсын, бұл өзін-өзі сақтаудың ең жоғарғы түріне жатады, олардың түптілікті тізімі, не есімі болмайды. Бірі өлсе бірі туып алмасып жатады,- деп тұспалдап қана аңғартқан еді және өзіінің де оған қосыла алмайтынын білдірген еді. Мен одан сайын ғажайып жұмбақ ішінде қалғандай болдым. Әлі солаймын, «әне, ұлы адамдар солар» деп Ілекең, Ғабеңдерді еске алған сайын соларды көрген өміріме қанағат етемін». Ғабит Мүсірепов бала кезінен Ілекеңмен бірге өскен, нағашылы -жиенді туыстығы бар болатын. Шындығында да халық бір тұқым болса, Ілияс ағамыз соның уызы, ұйытқысы еді-ау.... Мен Ілияс Омаров жайлы ой толғау үшін арнайы кітапханаға барып көп іздендім. «Аға туралы ақиқат» деген мақаласын оқып көп жағдайға қанық болдым. Сауда комиссарының орынбасары, Қызылжарда обкомның бірінші хатшысы болған кезінде Ілияс Омаров Хамза ағамызға бар жақсылығын аямапты. Мақала соңында автор: «Ілияс Омаров ұлы адам, ол адам жалғыз маған ғана жақсылық істеді ме екен? Жоқ! Ол кісінің қанатының астында қияға құлаш ұрғандар жеткілікті. Жалпақ қазақ еліне жақсылығын былай қойғанда, кіп-кішкентай Қызылжар төңірегінде көрінбей жүрген талай дарындардың бағын ашып, болашағына жол сілтеді. Анау Ахметжан Нұртазин, Зейнел-Ғаби Иманбаев, шешен қызы Раиса Қалиматова бәрі де Ілияс ағаның алдында борышты. Ілияс Омаров тарихи тұлға. Ол атасы Кенесарыдай, ағасы Мағжан Жұмабаевтай «елім» деп еңіреп өткен ер еді», - деген екен. Мен осы бір жолдарды оқи отырып ойға қалдым. Хамза ағамыз бүкпесіз шындықты айтыпты. Жаңағы аты аталған адамдардың ішінде менің әкем Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, 19 кітаптың авторы , балалар жазушысы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың да есімі ерекше аталыпты. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп халқымыз бекер айтпаған ғой. Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрған кезде Сергеев ауданына қарасты Ортақкөл деген ауылдан жас қаламгер шығыпты, хал- жағдайын білейік,- деп іздеп келіп, бір бөлмелі үйде бала-шағасымен тұрып жатқан әкеме: «жазушының жазу, қонақ, ас бөлмелері болу керек» деп ағаштан қиып үй салғызып бергені кісілігі емес пе?! Осыдан кейін әкемнің жылма-жыл кітабының шығуына жәрдем берген Ілияс, Ғабит және Сәбит ағаларымыз екенін қалай айтпасқа?!... Біздің елдің азаматтарына қамқор болып, шығармашылық адамдарының қанаттануына аса қамқорлықпен жанашырлық танытқан «елім, халқым» деп күш-жігерін аямаған асыл адамның өлшеусіз еңбегі ғой бұл... Осы орайда 1968 жылы Қазақтың Абай атындағы опера және балет театрында өткен Ғабит Мүсіреповтың либереттосы бойынша жазылған Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының мыңыншы қойылымында сол кездегі Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың мерекелік баяндамасының мазмұны былай еді: «Біз бүгін туған өнеріміздің өміріндегі ең бір ардақты мерекеге , қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібектің» мыңыншы спектакліне жиналып отырмыз. Осыдан отыз төрт жыл бұрын ғасырлар бойы даланы күңірентіп келген күй мен халқымыз үшін жаңа мазмұнды сипат алып музыкалық опера театрының шымылдығы көтерілді. Қазақтың тұңғыш операсы дүниеге келді. Қазақ халқы ежелден жырлап келген достық пен махаббаттың, ерлік пен ізгіліктің дастанын қазақ көкірегін күмбірлеткен ән-күйді қолдану арқылы операмыз қалыптасты. Қазір қазақ операсы іргелі өнер. Әуелі шымылдығын Қыз Жібек пен Төлеген көтерген сахнаға Ер Тарғын, Абай, Біржан мен Сара, батыр Амангелді, оның батыр ұрпағы Төлеген Тоқтаров шықты. Біздің небір арыс азаматтары өнерімен халқына белгілі болды. Бұл спектакльдер тек қана қазақ сахнасында ғана емес, көршілес республикалар, сондай-ақ Мәскеу сахнасында орындалды. Қазақстан өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі онкүндігінде «Қыз Жібек» операсына керемет қол шапалақтады, халық тік тұрып ризашылықтарын білдіріп жатты. Бұл қазақтың ұлттық өнеріне артқан зор үміті еді. Содан бастап қазақ музыкасы әлемнің талай сахнасын дуылдатты. «Қыз Жібек» өзінің отыз төрт жылдық сахналық өмірінде қазақ өнерінің мақтанышы болды. «Қыз Жібек» тек опера әншілеріне ғана емес, көрермендерге де тәрбиелік мәні бар дүние болды. «Қыз Жібек» операсының отыз төрт жыл ішінде мың рет сахнаға шығуы көрермендердің ыстық ықыласынан десе де болғандай. Бұл ұлттық үлкен мейрам. Осы спектакльдің композиторы Евгений Григорьевич Брусиловскийге, либереттосын жазған Ғабит Мүсіреповқа шын жүрегімізден алғысымызды айтамыз. Қыз Жібек ролін алғаш орындаған халқымыздың сүйікті әншісі Күләш Байсейітова бастаған әншілер қауымына мың алғыс дейміз. Дәл қазір арамызда жоқ аяулы Күләш Байсейітованы, Манарбек Ержановты, Жұмат Шанинды, балетмейстер Александровты, атақты нарком Темірбек Жүргеновты еске алуды борышымыз деп санаймыз». Аса шешендікпен шешіле сөйлеген Ілекеңнің үні саңқылдап, көрерменнің жүрегіне жол тапқаны жайлы кезінде жеке мұрағаттарда да жазылған. Ілияс Омаров алғаш поэзияға көп көңіл бөлген, ол кісі шабыттан туған бірер ауыз өлеңді қағаз бетіне түртіп те қоятын: Сондағы: «Ердің сипаты» деген өлеңінде: Ойы бар найзағайдай жарқылдаған, Жігер бар алып-ұшып қарқындаған. Өмірі от секілді жанған өрлеп, Жүйріктей өрге шапса алқынбаған,- дейді. Осы шумақ Ілекеңнің өз болмысын қағаз бетіне түсіре қойғандай әсерлі. Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың өмір жолына көз жүгіртсек: Ілекең 1912 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Жазыби аулында туған. Ол әкесі Ділімнен тумай жатып жетім қалып, әкесінің ағасы Омардың қолында тәрбиеленеді. Ілияс Омарұлы сол өңірдің ұлағатты ұстазы Бекет Өтетілеуовтың жөн нұсқауымен Қостанайдағы Казкоммунаны бітіреді. Одан соң 1933 жылы Тәшкенттегі Орта Азия Жоспарлау экономикалық институтын үздік бітіріп, Қызылорда қаласындағы сауда техникумының директоры болады. Содан сауда министріне дейін көтеріледі. Ілекең 1945 жылы Қазақ СР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, одан кейін Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы болады. 1955-67 жылдар аралығында Ілияс Омарұлы Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, «Қазақфильм» киностудиясының директоры, Министрлер комитеті кеңесінің аппаратында кеңесші, Жоспарлау комитетінің төрағасының бірінші орынбасары қызметкерін атқарды. 1967 жылдың көктемінен өмірінің соңғы күніне дейін Мәдениет министрі болды. Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ілияс Омаров жиырма жасынан қоғамдық істерге араласты. Есейе келе екі рет министр, екі рет облыстық комитеттің секретары болды», - деп отыратын. Ата-анасынан бала кезінен айрылған Ілияс балалық шағында интернатта тұрып көп қиындық көрді. Талабы таудай бала көп оқыды, әдебиет пен өнерге жаны жақын болды. Ол кісі сауда министрі бола жүріп әдебиет пен өнер туындыларына сын айтты. Қазақ өнерінің гүлденуіне атсалысып Республикалық эстрада-цирк студиясы, «Гүлдер» ансамблі, Қазақ циркінің ашылуына, сондай-ақ «Қыз Жібек» фильмінің өмірге келуіне Ілияс Омаров тікелей басшылық етті. Қостанайдағы балалар және жасөспірімдер сарайы, кезіндегі «Химик» мәдениет сарайы Ілекеңнің тікелей араласуымен ашылды. Ілияс Омаров 1944 жылғы желтоқсанда Алматыда Республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Қазақтың Мемлекеттік Қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның ашылуына атсалысты. Ілекең 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде ұйымдастыру шараларына белсене араласты. Ілияс Омаров 1949 жылы жарық көрген «Қазақ ССР-ы тарихының» толықтырылған екінші басылымына редактор болды. Ермахан Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батыр жайында ақиқаттың айтылуына, Қажым Жұмалиевтың Исатай мен Махамбет жөніндегі құжаттарын бастыруға ұйытқы болды. 1951-52 жылдары «ұлтшылдарды қолдаушы» деген науқаншыл айыппен Орталық комитеттің құрамынан шығарылып, Ілияс Омаров ақталып шықты. Ілияс Омарұлы ақын-жазушылардың дос-жараны ғана емес, өзі де қарымды қаламгер еді. Оның қаламынан «Әдебиет жайлы ойлар»,/1962/, «Оқырман көзімен /1967/, «Серпін», «Шабыт шалқары», «Толғамдар» жинақтарымен қоса Ілияс Омаровтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ілияс Омаров» деген естелік жинақ жарық көрді. Ілияс Омаров үлкен сыншы, жалынды публицист болатын. Уақытының аздығына қарамай бірнеше сын кітаптарын да жазған. Ғабит Мүсіреповтың «Оянған өлке», Леоновтың «Орыс орманы» романдарына алғаш пікір жазған. Ілекең шығарманың әлеуметтік-философиялық ойын ашуға құнды пікір айтатын. Ілияс Омарұлы жаңадан туар бастау бұлағын алыстан көретін көрегендігі бар болжампаз еді. «Кең ойла, кең бол!» деп жиі айтатын. Ілекең аса қарапайым жан еді. «Әуезовтен мықты емеспіз, бірақ ол кісінің өзі де олай дей қоймас еді», - деп сыпайы ғана сілтеу жасайтын. Кейін бір інілері: «Ілеке, жұрт сізді ел ағасы деп сыйлайды. Бәрі дос көреді. Сіздің дұшпандарыңыз бар ма? - дегенде «Менің дұшпаным, жіберген қателерім. Қатемді түзеу дұшпанымды мұқатуым секілді сезім береді», - деп жымиған. Ілияс Омарұлы Қожа Ахмет мавзолейі, Отырар қазбалары, ескі медреселер архитектурасы және тағы басқа тарихи ескерткіштерді сақтауға көп қамқорлық етті. Қоғам қайраткері 1970 жылы шілденің он тоғызында ауыр науқастан қайтыс болды. Ілекеңнің соңғы хаты «Парыз» деген тақырыппен «Қазақ әдебиеті» газетінде басылды. Онда: - Мен туған халқымның мәдениетін жанымдай жақсы көрген адаммын. Халық бар жерде мәдениет бар, мәдениетті ұшқындататын, оны маздататын мәдениетке деген дұрыс көзқарас. Кейінгі кезде қатты ойланып жүргенім - қазақтың ән, өлең мәдениеті болатын. Анау толып жатқан эпос, тарихи дастандарда қаншалықты ірі, оның ішінде қаһарман бейнелер кездеседі. Осының барлығы ән-күйлердің жан тебірентер кейіпкері болмады дегенге сенбеймін. Осы тақырыпқа еңбек жазам деп ем, үлгермей кетіп барам. «Жас келді. Заман өзгерді» демекші, осы тақырып әруақыт есте сақталса, оны орындау келер ұрпақтың борышы!- деп Ілияс Омаров жазып кеткен. Отбасында жұбайы Гүлшат екеуі Энгельсина, Альмира, Диас, Темірлан атты ұл-қыз өсірген Ілияс Омарұлы Мыржақып Дулатпен аталас, әжесі Төлебиге жиен, өзі жиеншар болып келетін. Ілияс ағамыздың ұлы Диас көп жыл бойы Қазақ радиосында спорткомментатор болып жемісті еңбек етті. Жазушы Ғабит Мүсірепов халқымыздың ұйытқысы бола білген Ілияс Омаров жайлы: «қазақтағы алтаудың бірі еді» деп егіле күрсінгені бекер емес. Бүгінде көз көргендердің «шіркін, министр Ілияс Омаровты айтсайшы! Қазақ мәдениетіне Темірбек Жүргеновтен кейін дәл сондай жақсылық жасаған адам некен-саяқ», - деп еске алатын кездері де жиі кездеседі. Ілияс Омаров қандай мақсатқа ие болса да жаратылысы, жан-дүниесі, жүрек лүпілі «қазағым, қайран халқым» деп соққаны рас. Ілияс Омаров алыптар легінен орын алған асыл тұлға. Жан-жағына нұр төгіп тұратын ғарыш шырақтарының біріндей қасиет дарыған Ілияс Омарұлы ғажайып дана адам еді. Ол ашық дауысымен баппен шегелей сөйлейтін, сөйлегенде алдына жан салмайтын шешен болған деседі. Ілияс Омарұлы халқы құрмет тұтып өткен арқасүйер асқар таудай азамат еді, маңдайға сирек біткен қоғам және мәдениет қайраткері болатын. Ол кісінің жібек мінезі, майда сөзі, жұмсақ дауысы, ағалық ақыл-кеңесі жайлы көзкөрген үлкендер жиі еске алады. Өз кезінде ақиық ақынымыз Қасым Аманжолов: Омарұлы Ілияс сіз екенсіз, Ойланарсыз, толғанып іс істерсіз, Күйсіз өмір секілді өлеңім бар, Кей жерлерін өзіңіз түзетерсіз Жасап көрген емеспін сөз саудасын, Тебіренгеннен тереңнен шығар дауысым, Туған елі өлеңнен құя салған, Алдыңызда отырған мынау Қасым, - деп жеті ауыз жыр арнапты, осыдан кейін Ілияс Омаров сол кездегі қалалық Кеңестер төрағасы Ғафиз Айбасовқа бұйырып, Қасымға үй бергізіпті. Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды,- деп отты жырларын көпшілікке жария еткен Қасымға үй берілгенде қуанышында шек болмапты. «Жақсыдан шарапат» деген осы да. Адам баласын алалай білмейтін нағыз азамат, барлық ұлтқа бауырмал, жаны жайсаң, жүрегі жомарт, қандай жағдайда да байсалды қалпынан айнымайтын аса сабырлы асыл жан еді Ілияс! Өмірінің соңғы кезінде көңілін сұрап барған адамдарға өзінің дағдылы әдетінен жаңылмай «әр адамда сүйекпен кететін бір-бір сірнікті ауруы болады, ондай ауру аңшының иті сияқты, кет десе де кетпей, аяққа оралып қыңсылап тығыла түсетін бір пәле» деп жауап беретін. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген екен Бұхар жырау. Ілияс Омаров көнекөз қариялар айтатын «ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда ғана боларсың елге нұсқа»- дейтін ата сөзін ту еткен арманы алыс, мақсаты асқақ мемлекет қайраткері, дарынды қоғамтанушы, әдебиет, өнер зерттеушісі, ақылды аға, қамқоршы ұстаз еді. Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың есімі мәңгілік ел есінде...
Алтын Иманбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі.