Эрнест Хемингуэй
Эрнест Хемингуэй

Эрнест Миллер Хемингуэй 1899 жылы 21 шілде күні АҚШ-тың Иллинойс штатындағы Оук-Парк қалашығында дүниеге келген. Американдық жазушы, журналист, 1954 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты.
Дәрігер отбасында туған. Жазушының алғашқы кітабы «Біздің дәуірде» деген атпен 1925 жылы жарық көрді. Оның есімін әлемге танытқан «Қош бол, қару» романы болды. Хемингуэй 20 ғасырдың 30-шы жылдары «Бұқа мүйізі», «Фрэнсис Макомбердің қысқа бақыты», «Килиманджаро қары», т.б. туындыларын және қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды сынға алатын «Бар мен жоқ» романын жазды. Испан дәуірі жазушы шығармашылығының өрлеу кезеңі болды. Бұл тұста оның көптеген очерктері, репортаждары, «Бесінші колонна» пьесасы, «Қоңырау кімге соғылады» романы жарық көрді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі біршама іркілістен кейін ол «Шал мен теңіз», т.б. туындыларымен қайтадан даңқ тұғырына көтерілді.
Әкесi Кларенс Эдмонт – дәрiгер, ал шешесi Грейс Холл бүкiл ғұмырын бала тәрбиелеуге арнаған жан едi. Эр­несттiң келешекте әлем таныған жазушы болуына әкесi тiкелей әсер еттi. Бала күнiнен оны кiтап оқуға, табиғатты сүюге, аңшылыққа, балық аулауға баулыған да әкесi едi. Араға көп жыл салып, бала Хемингуэй кiшкентай күнiнде алған әсерлерiн өз шығармаларына арқау еттi. Эрнест спорт десе iшер асын жерге қоятын, әсiресе, ол бокс пен футболдың жанкүйерi ғана болмай, спорттың осы түрiн өзi де жетiк игере бiлдi.
Мектеп қабырғасында жүрiп оқушылар газетiн шығаруы Э.Хемингуэйдiң әдебиетке барар ал­ғаш­қы баспалдағы iспеттi едi. Мектеп газетiндегi “Байшыкеш­тердiң өмiрiнен” атты мақаласы оны Оук-Паркке танымал еттi. Алғашқы әңгi­мелерi “Тарихи орын” деп аталатын мектеп журналында 1916 жылы жарық көрдi. Осы жылдың жазында Эрнест ата-анасының қарсылығына қарамастан, достарымен саяхатқа кетедi. Солтүстiк Мичиганда өткiзген сол саяхатынан ол үйiне үлкен әсермен оралады. Кейiнiрек Э.Хемингуэй осы сапары жө­нiн­де көптеген әңгiмелер жазды.
Эрнест мектеп бiтiрген соң ата-анасы оны университетке оқуға жiбермек болды. Бiрақ Эрнест Канзас-Сити қаласындағы “Star” газетiне жұмысқа тұрады. Осы газетте репортер қызметiн атқарған ол қылмыс әлемiндегi небiр жантүр­шiгерлiк оқиғалармен кеңiрек танысады. Жезөкшелермен қақтығыс, қандықол қарақшының ұсталуы, түрлi апат орындарын өз көзiмен көруi болашақ жазушыны шыңдай түстi. 1926 жылы жарық көрген “Фиеста” әңгiмесi Эрнест Хе­миин­гуэйдiң жұлдызды дүниесi болды. 1920 жылдары Франция мен Испанияда өмiр сүрген жастардың “тамырынан ажырауы” туралы көркем суреттелген бұл шығарма жазушының оқырманын арттырды.
1927 жылы оның “Сүрбойдақтар”, ал 1933 жылы “Жеңiм­паз құр қол қайтты” деген әңгiмелер жинағы шықты. Осы кiтаптары Хемингуэйдi қысқа әңгiмелердiң үздiк шеберi атандырды. Ал жазушының 1929 жылы шыққан “Қош бол, майдан” романы (Мұны қазақшаға жазушы Құрманғазы Қараманұлы аударды – ред.) Э.Хе­мингуэйдi бүкiл әлемге танытты. Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi Америкадағы экономикалық қаржылық дағдарысқа қарамастан, кiтапты дүкен сөрелерiнен табу мүмкiн емес едi.
1930 жылы Испанияда болған азаматтық соғыс­қа жазушы қатты опынды. Тiптi, Эрнест генерал Франкомен күрескен республикашылдарға көмек қолын созып, қаржылай көмек те бередi. Өз өмiрiнде бiрнеше соғыстың куәсi болған жазушының шығармалары көбiне әдiлдiк, азаттық тақырыптарына арналды. 1954 жылы ұлы жазушы өзiнiң “Шал мен теңiз” атты ұлы шығармасы үшiн Нобель сыйлығына ие болды.
Өз заманының заңғар жазушысы Эрнест Хемингуэй аянышты жағдайда қайтыс болды. Қант диабетi, жоғары қан қысымы сияқты дерттерi бар жазушыны достары жүйке ауруларын емдейтiн ауруханаға жатқызады. Эрнесттiң қарсылығына қарамастан дәрiгерлер оған күштеп ем қолдана бастайды. Денсаулығы да әлсiреген, түпсiз ойлар да әбден қажытқан қайран жазушы 1961 жылы 2 шiлдеде өзiне қол жұмсайды. Артына бiр жапырақ хат қалдырмастан, өзiн-өзi атып тастаған жазушының өлiмiнiң сыры күнi бүгiнге дейiн жұмбақ.

TOP-АВТОР