Шаяхмет Хұсайынов - 1906 жылы 12 мамырда Ақмола облысында дүниеге келген. Драматург, киносценарийші. Мәскеудегі А.Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетінде оқыған. 1940-1950 жылдары Семей драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий бөлімінің редакторы, Қазақ КСР ҒА өнертану секторының ғылыми қызметкері болып істеген. Оның алғашқы шығармасы 1932 жылы жарық көрген. Содан бастап «Шабуыл», «Орақ», «Шолпан», «Кеше мен бүгін», «Көктем желі», «Есірткен ерке», «Ертіс жағасында», «Біздің Ғани», «Әл-Фараби» атты пьесаларын жазған. Ол өзінің 1942 жылы жарияланған «Алдар Көсе» пьесасында қазақ ауыз әдебиетіндегі аңыздың негізінде, әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрескер, халық кейіпкері - Алдар Көсенің бейнесін жасады. Сонымен қатар В.Абызовпен бірге «Шабандоз қыз», «Біз осында тұрамыз», «Асау Ертіс жағасында» кинофильмдерінің сценарийін жазды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.