Хасен Марал
Хасен Марал

ӨМІРБАЯН


Марал Хасен, 1945 жылы 4 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы № 4 Атасу ауылында колхозшылар отбасында дүниеге келген. 

1961 жылы Жаңаарқа ауданының орталығындағы № 1 қазақ орта мектебін алтын медальмен тәмамдаған. 

Мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде ол «Қазақстан пионері» мен «Білім және еңбек» басылымдарымен қарым-қатынаста болып, мақала, аударма, кроссвордтар жіберіп тұрған. Әдебиет әлеміне ерте араласып, соның нәтижесі ретінде 1965 жылы «Ара» («Шмель») журналы ұйымдастырған конкурста озып келіп, атақты Оспанхан Әубәкіровпен үзеңгі қағысып, бірінші орынды бөліскен.

Журналистік еңбек жолын 1963 жылғы 8 ақпанда Жаңаарқа аудандық газетіне корректор болып бастап, түрлі сатылардан өткен соң, бір жылдың ішінде – 19 жасында коммунистік партияның қатарына өткізіліп, партияның номенклатурасындағы газеттің жауапты хатшылық лауазымына тағайындалған. 

1973 жылы Жезқазған облысы ашылғанға дейін екі тілде шығатын аудандық екі газеттің жауапты хатшысы ретінде барлық жүгін көтерумен, газеттің макетін жасау бойынша өткізіліп тұратын жарыстардың алдыңғы орнында жүргенде, облыстық газетке жауапты хатшының орынбасарлығына шақырылды. Одан 1974 жылы Ақадыр ауданы құрылғанда онда да екі тілдегі аудандық екі газетті ашу жүктелді. Сол жерде табан аудармай 14 жыл редактор болып, жаңа ауданның іргесін қалау үшін райкомның бюро мүшелігімен қатар бірнеше қоғамдық жұмыстарды қоса атқарды. 1989 жылы Қарағанды қаласындағы «Орталық Қазақстан» газетіне орналасты. Алғашқыда Нұра ауданы бойынша меншікті тілшіліктен бастап, облыстық партия комитетінің баспасөз секторының меңгерушілігіне дейін көтерілді. Партия тараған кезде мәслихаттың маманы болып, кейін қайтадан газетке оралды. «Орталық Қазақстан» газетінің саяси шолушысы, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін де атқарды. 

Одақ тарамай тұрған 1981 жылдан бері КСРО Журналистер одағының мүшесі болған, кейін Қазақстан Журналистер одағының мүшесі болып 2011 жылы қайта тіркелді. Марал журналистиканың барлық жанрына қалам тербегендіктен 2009 жылы жас журналистерге көмегі болса деген ниетпен публицистика, очерк, сатира, фельетон, сұхбат, репортаж, радиошолу, саяси тақырып және т.б. жанрлардан үлгі ретіндегі бірді-екілі материалдарының басын қосып «Жүрек қанын сия қылған...» деген жазбаларын кітап етіп өз қаражатына шығарып, көпшілікке тегін таратып жіберді. 

 Кейінгі кезде көркем аудармамен айналысып, «Азия Транзит» әдеби альманағымен, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасының тапсырысы бойынша «Классикалық хикаяттар» сериясымен шыққан төрт кітаптың аудармашысы болып, әрі әдеби-көркем және публицистикалық «Әлем әдебиеті» мен «Литературыный Казахстан» журналдарымен, «Аударма» баспасымен шығармашылық байланыста болды. 

М. Хасеннің авторлығымен 2009 ж. «Жүрек қанын сия қылған...», 2011 ж. «Аудармалар», 2012 ж. «Сынын бермес сырлы сөз», 2014 ж. «Мазасыз күндер» кітаптары шыққан. Оның бер жағында тек бір-екі жерде ғана құрастырушылар ретінде көрінгенімен аты-жөні келтірілмей-ақ, Жайық аға Бектуровтың, Евней Букетовтың, Мәлік Имашевтың қолжазбаларын баспаға дайындап беріп отырды. Ресей криминалисі, Ресей ҒА-ның бас ғылыми қызметкері А.В. Наумовтың «Қылмыстық құқық» ғылыми монографиясының аудармасын редакциялап, басылып шығуына атсалысты. Ал толықтай өзі аударған кітаптардың тізімі қоса беріліп отыр. Осылардың ішінде шоқтығы биік он төрт Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармалары енген «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін...» деген жинағы 2015 жылы шықты. Ол кітапқа І том деген белгі соғып, қазір ұзын саны 114-ке жеткен лауреаттарды осы айдармен қазақ оқырмандарына ұсына бермекші болған. ІІ томға арнап Светлана Алексиевичтің «У войны не женское лицо» деген кітабы аударылып тұр. Оның бір парасын 05.ХІ. 2015 ж. «Жас Алаш» басып шығарды. 

Кейінгі кезде жеке тапсырыстармен кітап құрастыру, редакциялап, баспаға дайындап беру, аударма жасау жұмыстарымен айналысты.



МАРАЛ ХАСЕННІҢ ОРЫС ТІЛІНЕН ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРҒАН КІТАПТАРЫ


1. Тұрсын Икрамұлы Сұлтанов, ЛМУ профессоры, «Ақ киізге көтерілгендер. Қазақ даласының хандары», (ғылыми жұмыс) «Астана Даму-21» ЖШС, 2007.

2. Әлемдік әлеуметтану антологиясы, 4 - бөлім, Х, ХІ, ХХІ, ХХІІ тараулары, 7-ші том, «Қазақстан» баспа үйі», 2003.

3. Муаммар Каддафи, «Жасыл кітап», Қарағанды қ., «Азия Транзит», 2000.

4. В.К. фон-Герн, «Характер и нравы казахов» (этнографиялық жазбалар), Қарағанды қ., «Азия Транзит», 2002. 

5. Е.А. Букетов, академик, «Святое дело Чокана» (эссе), Қарағанды, ОПО «Полиграфия», 144 б., 1995.

6. А. Абдакимов, к.и.н., проф. «История Казахстана» (Оқу құралы, 404 бет), «Жаңа-Арқа» баспа-полиграфия кәсіпорны, Ақмола, 1997.

7. Реваз Махатадзе, «Қазақстан аспаны аясында» (роман, 360 бет.), Қарағанды, «Болашақ-Баспа» РББ, 2008.

8. Р. Нарайан, «Мальгудиге лайықты жолбарыс»; К. Чандар, «Менің естеліктерімнің шынарлары», «Әлем әдебиеті кітапханасы» сериясы, «Аударма» баспасы, 273 бет, 2009 ж.

9. Пауло КОЭЛЬО, «Алхимик», «Жүрек қанын сия қылған» жинағына енген, Қарағанды, «Гласир» ЖШС баспасы, 2009 ж.

9. Біртуар (Е.АБукетов туралы естеліктерді құрастырушы), Алматы, «Білім» баспасы, 2012 ж. 

10. «Ықшамдалған классика»:

1. Чарльз ДИККЕНС, ДЭВИД КОППЕРФИЛЬД;

2. Редьярд КИПЛИНГ, ЖУНГЛИ КІТАБЫ; 

3. Марк ТВЕН, ТОМ СОЙЕРДІҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ІСТЕРІ

4. Виктор ГЮГО, НОТР-ДАМ СОБОРЫНЫҢ ҚҰНЫСЫ

«Фолиант» баспасы, 2013 ж.

11. Б.Ғ. Нұржанов, «Модернизм. Постмодернизм. Мәдениет» (монография), Қарағанды, «TENGRI Ltd» баспасы, 326 бет, 2013 ж. 

12. Ю. Поляков, Күнаһарлар заңғары, Алматы, «Жібек жолы», 2014 ж.

13. Б. Қанапиянов, «Семейная сага»,«Удар вне ринга» және т.б., 2014 ж.

14. Александр Зиновьев, «Жол айрығы», постсоветизм, 19.08.2011. 

15. Светлана Алексиевич, «У войны не женское лицо», 2015-16 жж.


ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ОРЫСШАҒА АУДАРҒАН ДҮНИЕЛЕРІ:


1. М. Сембай, Е. Лұқпан, «Жауынгер қыздар», 1995 ж.

2. С. Жанысбай, «Өкініш», 1997 ж.

3. Киносценарий для КарТВ, «Мәдени мұра», май 2009 ж.

4. Асқар Алтай, «Көзжендет», 2011 ж.

5. Думан Рамазан, әңгімелер (4 әңгіме), 2012 ж. 

6. Д. Рамазан, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмалары, 2015 ж. 

7. Сая Қасымбек, «Кім кінәлі?» және т.б. пьесалар, 2015 ж. 

8. Нұрша Какенов, «Сказания Аргун-хассақов», «Чудеса Баянаула», 2016. 


Әлем әдебиетінің жауһарлары мына кітаптарына енген:


1. Жүрек қанын сия қылған...     

2. Аудармалар    

3. Сынын бермес сырлы сөз 

4. Мазасыз күндер 

5. Нобель сыйлығының лауреаттары



TOP-АВТОР