Уильям Теккерей (William Makepeace Thackeray, 1811-1864) ағылшын әдебиетіндегі «Мансапқорлар жәрмеңкесі», «Генри Эсмонд», «Ньюком» атты реалистік романдардың авторы.
Теккерей – ағылшынның ірі реалист жазушыларының бірі, Диккенстің замандасы. Ол Индияның Калькутта қаласында 1811 жылы дүниеге келді. Оның әкесі Ост-Индия компаниясының қызметкері, нақтырақ айтқанда британдық әкімшілік қызметтің шенеунігі болды. Алты жасында жетім қалғандықтан бала Уильямның тәрбиесіне майор Кармайкл-Смит жауапты болады, ол әрі өгей әкесі болып саналды. Теккерей әрбір «ағылшындық джентльменге лайық» білім алу үшін Англияға келіп, әуелі Чартерхаустағы мектепте, одан соң екі жыл Кембридж университетінде оқыды. Бірақ Уильям Кембридждегі оқуын аяқтамай шығып кетеді. 1832 жылдың жазында ол сол уақытта филологиялық ғылымдардың дамуымен аты шыққан Германияға келеді. Веймар университетінде, басқа да неміс қалаларында болып, Гетемен, бірқатар неміс жазушыларымен танысады. Әкесінің мұрагері болғандықтан, Теккерейге жастайынан әдебиетпен, живописьпен айналысуына мүмкіндік туды. Бірақ әкесінің бар байлығы сақталып тұрған банк банкротқа ұшырап, аяқасты кедейленіп қалған Теккерейге ақша табу үшін журналист, суретші-карикатурист болуға тура келді. Содан кейін ғана ол әдеби еңбекпен айналысты. Бірақ суретшілік өнерін де тастамады, көптеген шығармаларына өзі иллюстрация салды.