Тахауи Ахтанов (1923–1994) 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз селосында туған.
1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.
1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдебисын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – «Күй аңызы».
1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін (өңделіп, толықтырылып, «Боран» романына айналды) авторға 1966 жылы Қазақ КСРнің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді. А.Н.Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды. Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, екі рет Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы атағы берілген.
Шығармалары: Ғ.Мүсірепов. Әдеби сыночерк. А., ҚМКӘБ, 1956; Қаһарлы күндер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956; Махаббат мұңы. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960; Дала сыры. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1963; Көк құтан. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1968; Керуен. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1969; Үндістан хикаясы. Сапарнама. А., «Жазушы», 1971; Шырағың сөнбесін. Роман. Ант. Драма. А., «Жазушы», 1973; Таңдамалы шығармалары. 2 томдық. А., «Жазушы», 1974; Ана дауысы. Драмалар. А., «Жазушы», 1978; Көкейкесті. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1980; Шырағың сөнбесін. Роман. А., «Жазушы», 1981; Шығармалар Бес томдық. І, ІІ том. «Жазушы», 1983; ІІІ, ІV том. А., «Жазушы», 1984; V том, А., «Жазушы», 1985.