Ахметжан Талаптан (1961–2009) - 16 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туған.
1977 жылы Теректібұлақ орта мектебінің 8 сыныбын өте жақсы бітіріп, Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектепинтернатқа ауысады.
1979 жылы мектепинтернатты бітіріп, Өскемен құрылысжол институтына оқуға түседі.
1985 жылы институтты бітіріп, құрылыста мастер, Шығыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде Бас маман, «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы, «Парасат» журналында Бас редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, «Ан Арыс» баспасының Бас редакторы қызметтерін атқарған.
Қазақстан шығармашылық жастарының Республикалық «Жігер» фестивалінің (баспасөзде жарияланған әңгімелері үшін, 1988), Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының (жазушы жайлы жазған естеліктері мен сын мақалалары үшін, 1995), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының («Тұма» атты тырнақалды кітабы үшін, 1996), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының («О дүниенің қонағы» атты кітабы үшін, 2002), Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтың (шығармашылықтағы жетістіктері мен халықаралық әдеби байланысқа сіңірген еңбегі үшін, 2008 ) лауреаты.