Етекбаев Мұхамеджан (1936–1998) - 16 мамырда Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында туған. Балалар жазушысы. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген (1960).
1956–1960 жж. «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан»), «Қазақстан пионері» («Ұлан») газеттерінде, Қазақ телевидениесінің балалар редакциясында әдеби қызметкер, тілші болып қызмет істеді. 1966 жылдан Жамбыл мұражайының директоры болды.
Жазушы қаламынан жиырмаға тарта балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар жарық көрді. Солардың ішінен «Алтын мүйізді киік» (1961), «Қисық бұтақ» (1963), «Қызыл ала автобус» (1964), «Болатбек» (1966), «Жапалақ туралы ертегі» (1967), «Алатау ертегісі» (1968), «Жамбылдың музей үйі» (1968), «Айтолқын» (1970), «Қара жартас хикаясы», «Жомарт жаз»(1971), «Сұлу шоқы» (1979), «Бала қыран» (1983), «Таутекелі биігі» (1984) секілді туындылары жас ұрпақтың игілігіне айналды.