Лев Толстой
Лев Толстой

Лев Николаевич Толстой (28 тамыз (9 қыркүйек) 1828, Ясная Поляна, Тула губерниясы — 7 (20) қазан 1910,Астапово станциясы , Тамбов губерниясы) — орыс жазушылары мен ойшылдардың бірі. Граф. Севастополь қорғанысының қатысушысы, ағартушы, публицист.


Лев Николаевичтің атасы Петр Андреевич Толстой Бірінші Петрдің билігі кезінде құпия канцелярияның басшысы болған. Ол Ресей империясында жақсы қызметі үшін граф лауазымын алғандардың алғашқысы екен.

Толстойдың жанұясында 13 бала туған. Оның бесеуі бала кезінде қайтыс болады. Әйелі өзінен 16 жас кіші болған. Яғни, олар шаңырақ көтергенде Софья 18-де, граф 34-те еді. 1830 жыл - қызы Марияны босану барысында анасының өлімі. 1837 жыл, қаңтар - Толстой отбасының Мәскеуге көшуі. 1837 жыл, маусым - әкесінің кенеттен қайтыс болуы.

Кавказға кетер алдындағы Лев Толстой мен бауыры Николай , 1851 жыл

1841 жыл - апасы—Александра Ильиничнаның өлімі. Әкесінің жалғыз тірі қарындасы Пелагея Ильиничнаға, Қазан қаласына баруы.

  • 1844 жыл - Қазан университетінің шығыстану факультетіне түсуі.
  • 1845 жыл - Қазан университетінің заң факультетіне ауысуы.
  • 1847 жыл - 1850 жыл. - Л. Н. Толстойдың өз өмір жолын іздеуі (өз атындағы шаруашылық, Мәскеуге, Петербургке сапарлары, музыкамен айналысуы, шаруа балаларына арналған мектеп) .
  • 1850 жыл - Тула губернаторлығының мекемесіндегі жұмысы.
  • 1851 жыл — бауыры Николаймен соғыс болып жатқан Кавказға аттанады.
  • 1852 жыл - «Балалалық шақ» повесті.
  • 1852 - 1863 жылдар - «Казактар» повесті.
  • 1854 жыл - Дунай армиясына ауыстырылуы. Прапорщик шенін алуы.
  • 1854 ж. - «Отрочество» повесті.
  • 1854 - 1855 жылдар - Севастополь қорғанысында болған. Ерлігі үшін бірнеше орденьдермен, медальдармен марапатталады. «Севастополь әңгімелері» «Современникте» жарық көрген.
  • 1856 жыл - «Помещиктің таңы» повесті.
  • 1857 жыл — «Жастық шақ» повесті.
  • 1857 жыл - 1857 жылдары Толстой шетелге аттанады. Ол Германия, Франция, Швейцария, Италия сынды көптеген еуропалық елдерді саяхаттайды да, күзде Мәскеуге оралады. «Альберт», «Люцерн», «Үш өлім» әңгімелері.
  • 1859 - 1862 жылдар - Ағартушылыққа ден қоюы. Ясный Полян және оның маңайларында шаруалар балаларына мектептер ашылды.
  • 1862 жыл - Софья Андреевня Берспен некелесуі.
  • 1863 - 1869 жылдар - «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясы.
  • 1870 - 1877 жылдар - «Анна Каренина» романы.
  • 1879 - 1882 жылдар - «Исповедь». Л. Н. Толстойдың көзғарастарының өзгеруі. Патриархальды шаруашылыққа позициясын ауыстыруы.
  • 1880 - 1881 жылдар – шіркеу сынына ұшыраған діни-философиялық шығармалары: «В чем моя вера?», «Царство Божие внутри нас», «Соединение и перевод четырех Евангелий».
  • 1884 - 1886 жылдар - «Иван Ильичтің өлімі» повесті.

Лев Николаевич Толстойдің Ясная полянадағы бүгінгі күнгі қабірі.

  • 1886 жыл - «Түнек билігі» драмасы.
  • 1887 - 1889 жылдар - «Крейцеров сонатасы» повесті.
  • 1889 - 1899 жылдар «Жексенбі» романы.
  • 1896 - 1905 жылдар - «Қажы- Мұрат» повесті.
  • 1900 жыл - «Ағарту жемістері» комедиясы, «Тірі өлік» драмасы.
  • 1900 - 1910 жылдар - Толстойдың публицистикалық шығармалары («Өлтірме», «Үндей алмаймын» және т.б.)
  • 1903 жылдар - «Балдан кейін» әңгімесі.

Толстой қартайған шағында әйелімен айырылысып саяхатқа шығады да, сапарда қайтыс болады. Ясная Полянадан көшіп жүргенде Толстой қабынумен ауырып қалады. 1910 жылдың 7 қарашасында Астапово станциясында (станция бастығының үйінде) көз жұмады. Сүйегі Ясная Полянада.

Ағартушылыққа қосқан үлестері

Л. Н. Толстой, 1862 жыл. М. Б. Тулинов жасаған сурет. Мәскеу.

60-жылдардағы қоғамдық-педагогикалық қозғалыстың әсерімен Л.Н.Толстой халық ағарту саласында қоғамдық-ағартушылық қызметпен қызыға айналысты. 1859 жылы Ясная Полянада шаруа балалары үшін мектеп ұйымдастырды, 1861-1862 ж.ж шақырылған мұғалімдермен бірге онда сабақ берді. Оның ынтасымен Ясная Полянаға жақын жерлердегі болыстарда көптеген бастауыш ауыл мектептерін ашты. 1860-1861 жж. шетелге барып, онда ол Францияның, Италияның, Бельгияның көптеген мектептерінің жұымысымен танысты. Бұл елдердің мектептері Л.Н.Толстойға жағымсыз әсер қалдырды. Бұл мектептердің әсіресе Германия мектептерінің негізгі кемшіліктері ретінде формализм, педантизм, оқушылар үшін еркіндіктің болмауын атап өтті. Толстой бұл мектептердің тәжірибесін алуға болмайтындығы туралы қорытындыға келді, Ресейде мектепті басқа негізде дербес құру керектігін атап өтті. Ясная Поляна мектебінің жұмысы басқа негізде құрылды, сол кездегі орыс және батысеуропалық мектептерден түбірімен өзгеше негізде құруды жоспарлады. Бұл мектепке тән ерекшелікң баланың жеке басын басып-жаншитын құралдардың болмауы, керісінше, толық еркіндік, баланың шығармашылық күшіне терең сене білу, оларға ізгілікпен қарау, білімге деген олардың сұранысы мен қызығуын қанағаттандыру туралы әруақытта да қамқорлық жасау. Бұл ескі мектепке қарағанда оқушылар үшін қолайлы жағдайды жасады және олар мектепке ерекше қызығумен қатысып отырады, қызыға оқыды, үлкен шығармашылық белсенділікпен дербестік аңғартты.

Лев Толстой философиясы

Лев Толстой танымалдылықты және өзінің көрнекті шығармаларына арқау болуды ұнатпаған. Ол 1871 жылы Фетке жазған хатында былай деген: "Соғыс" секілді түкке тұрғысыз көп сөзді дүниелерді енді жазбайтындығыма бақыттымын...".

Жазушы философиясының басты мәселелері қандай болды десек, өзінің шығармаларында Л.Толстой адамның руханилығы мен адамгершілігі мәселелерін талдады және бұл тақырыпты өзін қатты мазалаған, өмірінің соңына дейін санасы мен жанына тыныштық бермеген экзистенциалдық-мәселе — адам өмірінің мәні контекстінде қарастырады. Жарық дүниеге адам не үшін келеді? Өмірдің мәні бар ма? Бар болса, неде? Жоқ болса, неге? Өмірдің мәні жоқ болса, өмір сүріп керегі не? Толстой өзіне, өзі арқылы бүкіл саналы адамзатқа бағыттаған сауалдар тізбегі осылайша жалғасып кете береді және олар жазушының бүкіл көркем және философиялық шығармаларының желісі болды. Осы мәселелер тереңірек тексерілетін еңбектердің бірі — «Исповедь» («Жан сыры» немесе «Тәубе», еңбек қазақ тіліне әзірге толық аударыла қойған жоқ). Бұл еңбектің ортағасырлық ойшыл Августин Аврелийдің «Исповедь Блаженного Августина, епископа Гиппонского» еңбегінің ізімен жазылғаны күмән тудырмайды.

Өз өмірінің негізгі кезеңдеріне шолу жасай отырып, өмірінің мәні туралы сұраққа жауап іздеуге тырысқан Л.Толстой өз жанының күйзелісі арқылы бізге осы мәселенің бүкіл трагедиялық сипатын жеткізеді.

Л.Толстой да езін мазалаған мәселелерге жауап іздеу үшін философияға жүгінеді, Сократ, Шопенгауэр, Соломон сияқты ойшылдардың өмір туралы ойларын қорытады. Бұл мәселе олардың да тынышын кетірген «мәңгілік» сұрақ екендігіне көз жеткізіп, бірте-бірте осы тығырықтан шығу жолдары туралы салмақты көзқарас қалыптастыра бастайды. Өзін қоршаған адамдардың өмір сүру салтын, өмірдегі мақсаттарын және ақыл-ой деңгейін асықпай бақылаған жазушы оларды өмірдің мәні туралы ойлану қабілетіне қарай торт топқа беледі:

  • Ештеңе білмеу жолы — өмірдің зұлымдыққа толы және мәнсіз екендігін білмей де, түсінбей де өмір кешетіндер. Осылайша жайбарақат, Қаннен-қаперсіз өмір сүретіндердің қатарында, Л.Толстойдың ойынша, өте топас, өте жас адамдар және әйелдердің көпшілігі.
  • Эпикур жолы — өмірдің үмітсіздігін, өтпелілігін түсініп, бар нәрсенің пайдасын, қызығын көріп қалуға тырысу.
  • Күш пен энергия жолы — өмірдің мәні жоқтығына, сондықтан оны жою керектігіне көзі жетіп, өзін-өзі өлтірушілер. Жазушы бұл топты ерекше бөліп атап, өзін өлімге қиюдың оңай еместігін, оған үлкен жігер мол қуат иелері ғана бара алатындығын ескертеді.
  • Әлсіздік жолы — өмірдің мәні жоқ екендігін біле тұра, өмір ағынына еріп өмір сүру.

Л.Толстойдың өмірдің мәні туралы философиялық ойлары саналы адамды ойландырмай қоймайды. себебі ол адамды қазіргі қоғамға жетіспей жатқан мәңгілік құндылықтар Мейірімділік, Махаббат, Руханилыққа, бір сөзбен айтсақ — Адамгершілікке шақырады.

Дінге деген көзқарасы

«Лев Толстой тозақта». Мемлекеттік діндер мұражайының жинағы. 1883 жылдардағы Знаменск шіркеуі (Тазово) қабырғасындағы фрагмент

Мысырлық дінбасы Мұхаммед Абдуллаға 1904 жылы жазған хатында: “Менің насихаттап жүрген дінім- сіздің дініңізбен бірдей. Ол діннің ұстанған шарты- Құдай мен оның жолдаған заңдарын мойындау, жақыныңды сүю, өзіңе қандай жақсылықтың жасалуын тілесең, өзгеге де соны жасау. Менің ойымша адамзат тарихындағы барлық діни принциптер осыдан келіп шығады. Сондықтан ол принциптер еврейлер, браминдер, буддашылар, христиандар мен мұсылмандарға бірдей қатысты”,-деп жазған екен. Осылай дей келіп ұлы жазушы Лев Толстой ойын одан әрі былайша сабақтайды: ”Менің ойымша, дінге толып жатқан қосымшалар, ғажайып сипаттамалар, ырымшылдық атаулы көбірек таңылған сайын, ол қоспалар адамдарды бір-бірінен алшақтатып, тіпті бір-біріне деген дұшпандық сезімін туындатады. Ал керісінше неғұрлым әлгіндей қоспалардан арылып, тазарған сайын ол діндер адам баласының ең басты мақсатына, яғни адамзаттық бірігуге сол ғұрлым жақындай түсер еді...”,-деп жазған екен.

Осы хат жазылардан 3 жыл бұрын, яғни 1901 жылдың 20 ақпанында “Церковные ведомости” газетінде Синодтың жазушы Лев Толстойды шіркеуден аластау жөніндегі шешімі жарияланып және осы шешім Ресейдің барлық шіркеулерінде келушілерге хабарланған еді.

Қызықты деректер

Л. Н. Толстойдың жас, орта, кәрі кезі

Л. Н. Толстой жас шағынан қарт шағына дейін жазған күделігі. 1891—1895 жж. күнделіктегі жазулар

Лев Толстой жас кезінде құмар ойындарға әуес болған. Бір күні өзінің көршісі Гороховпен карта ойнап, иелігіндегі үйден ұтылып қалады. Бұл үйде Лев туып-өскен болатын.

Толстой өзінің болашақ әйелі София Андреевна Берстің анасымен достық қатынаста болады да, Берстің үш қызының қайсысына үйленетіндігін білмей, біраз уақыт таңдап жүрген.

Лев Николаевич Толстой ет жемейтін адам болды. Ол өмірінің соңғы жылында, яғни 1910 жылы "сексен жылдан кейін барлық адамдар вегетариан болады, олар ет жеуге адам жеген секілді жиіркенішпен қарайды" дегенді айтып, сөзінің ақиқатқа айналатынына үміттенген.

Лев Толстой Тургеневпен таныс болған. Алайда, олар достық қатынаста бола алмады. Арадағы кикілжіңнен кейін бірнеше жылдардан бері сөйлеспейді, тіпті, дуэльге дейін баруға шақ қалған.

Халыққа жақын болу үшін (басқа деректерде денсаулықты нығайту үшін делінеді) қартайған шағында Лев Толстой жалаң аяқ жүрген екен.

Шығармалары

«Анна Каренина», «Соғыс және бейбітшілік», «Арылу» «Декабристтер» романдары; «Балалық», «Жастық шақ» және «Балдәурен» трилогиялары ; «Помещик таңы», «Альберт», «Идиллия», «Казактар», «Иван Ильичтің өлімі», «Шеше», «Қажы-Мұрат» және т.б повесттері бар. Сондай-ақ, басқа да шығармалардың авторы.

Толстойдың "Царство Божие внутри вас" сынды еңбектерінде көрсетілген басқыншылыққа қарсы идеялары Үндістандағы ұлттық қозғалысты басқарып, 1947 жылдары Англиядан бейбіт бөлінуге қол жеткізген жас Махатма Гандиге өте қатты әсер еткен.

Жазушы тек қана "салмақты" шығармаларды емес, «Әліппе», «Жаңа әліппе» сынды бірнеше буын оқып келе жатқан балаларға арналған еңбектер жазды.

Ең танымал үш шығармасы – "Соғыс және Бейбітшілік" ("Война и Мир"), "Анна Каренина", "Жексенбі" ("Воскресенье").

Лев Толстойдың нақыл сөздері

  1. Үкіметтің күші халықтың надандығына сүйенеді. Ол мұны біледі. Сондықтан ағарту ісіне белсене қарсы шығады. Осыны түсінетін уақыт келді.
  2. Әр пенде адамзатты өзгерткісі келеді. Бірақ ешбірі өзін өзгертуге құлшынбайды.
  3. Күте білетін жанға бақ қонады.
  4. Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды. Ал, бақытсыздарының тарихы әрқилы.
  5. Мықты адамдар әдетте өте қарапайым келеді.
  6. Әркім өзінің есігінің алдын сыпырсын. Бәрі сөйтетін болса, сонда көше тап-таза болмақ.
  7. Адамдар бізді жақсы болғанымыз үшін жақсы көретін секілденеді. Бірақ жақсы көрген адамдардың өздері жақсы бола алғандығынан бізді шын сүйетіндерін байқай бермейміз.
  8. Махаббатсыз өмір сүрген жеңіл. Бірақ сезімсіз өмірдің мәні жоқ.
  9. Өзім сүйетін нәрсенің бәрі уысыма түспеді. Бірақ қолда бардың бәрін жақсы көрем.
  10. Әлем қайғыра білетіндердің арқасында алға жылжып келеді.
  11. Ұлы ақиқаттың бәрі қарапайым.
  12. Көп білу мақсат емес. Маңыздысы – ең керегін екшей білу.
  13. Жадысы нашар болғандықтан арым таза дейтін адамдар болып тұрады.
  14. Өзінен өткен оңбағанды көргенде, өзімен салыстырып, өзінің олардай болмағанына мақтанатын оңбағандар кездеседі.
  15. Жауыздық тек адамның ішінде ғана бар, яғни тек жүректен ғана оны суырып алып шығуға болады.
  16. Адам үнемі бақытты болуы керек. Егер бақыт бітіп қалса, қай жерден қателескеніңді бажайла.
  17. Әр адам үшін өмірдің мәні – сүйіспеншілікте өсуі.
  18. Жоспар құрып өмір сүреміз. Бірақ ертеңге дейін тірі қалатынын ешкімде біле алмайды.
  19. Адам бой үйретпейтін өмір жоқ. Әсіресе, айналасының бәрі солай өмір сүргендігін көріп тұрса.
  20. Әлемдегі ең үлкен қателіктің бірі — ештеңе істемей бақытты болуға болады дегенге сену.
TOP-АВТОР