Жабал Ерғалиев
Жабал Ерғалиев

Жабал Ерғалиұлы – 1952 жылы 30 қазан күні Көкшетау облысы Чкалов ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Тайынша ауданы) Қарағаш ауылында дүниеге келген. Журналист, публицист, жазушы-драматург, қоғам қайраткері. 2011 жылдың 19 тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды. Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. 1973-1997 жылдары Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде кіші әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерінде болды. 1997 жылы Көкшетау облысы таратылғаннан кейін Көкшетау қалалық «Көкшетау» газетін ұйымдастырды. Бұл іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласының тарихындағы тұңғыш шығарыла бастаған қалалық газет болатын. 1997-2005 жылдары «Көкшетау» газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Ақмола облысы әкімінің 2005 жылғы 28 қаңтардағы шешімімен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторлығына тағайындалды. Ақмола облысы және Көкшетау өңірінің тарихында тұңғыш рет “Көкшетау” әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналын шығаруды ұйымдастырды. Ақмола облысы әкімінің 2009 жылғы 6-шы шілдедегі қаулысымен облыстық “Арқа ажары”, Көкшетау қалалық “Көкшетау” газеттерінің және “Көкшетау” журналының бас редакторы болып тағайындалып, газеттер бірлестігін 2011 жылдың 1 қыркүйегіне дейін іскерлікпен басқарды. 2007 жылы «Арқа ажары» газетінің 90 жылдығы құрметіне қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинге, 2010 жылы «Көкшетау» газетінің алғашқы саны шыға бастағанына 70 жыл толу құрметіне ескерткіш тақталар орнатты. Екі газеттің тарихын жинақтап, музей ұйымдастырды. 2011 жылы «Арқа ажары» газеті Қазақстан Республикасы Президентінің Грантын жеңіп алды. 1989-1994 жылдары халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің депутаты, 2007 жылдың 18 тамызындағы сайлауда Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Ақмола облысы әкімдігі жанындағы бюджет комиссиясының, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің, Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясының, тіл және ономастика жөніндегі және тағы да біраз облыстық комиссияларының мүшесі болды. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы Саяси Кеңесінің мүшесі және партияның жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы сияқты қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытты. 2011 жылдың 3-ші сәуірінде кезектен тыс өткізілген Қазақстан Республикасының Президенті сайлауында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысы бойынша сенімді өкілі және Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы міндетін абыроймен атқарып шықты. 1995 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. Қазақстанның «Бас редакторлар клубының» мүшесі. Қазақстан Журналистер одағының және Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтарының лауреаты. 2010 жылы «Нұр Отан» партиясы өткізген «Елім деп соққан жүрегім» республикалық шығармашылық байқауда екінші орынды жеңіп алды. Көкшетау қаласындағы музыка училищесіне Біржан салдың атын беру жөніндегі мәселені алғаш көтергендердің бірі. Абылайханның ескерткішін орнату жөніндегі комиссияның мүшесі болып, Түркістан қаласынан хан бабаның жерленген жерінен топырақ алып келді. Қазақтың Қарасай батырының қазақ тарихындағы орнын анықтау ісіне белсене қатысып, кесене тұрғызудың басы-қасында жүрді. «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарды.«Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасына – 20 жыл» медальдарымен, екі мәрте Қазақстан Республикасының Құрмет Грамоталарымен марапатталды. Елбасының 2007 жылдың 7 желтоқсандағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болды. Есімі «Қазақстанның үздік адамдары», «Солтүстік Қазақстан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақмола облысының тұлғалары» анықтамалық кітабына енгізілген. Алматы облысы Қарасай ауданының Құрметті азаматы. Көкшетау қалалық мәслихатының 2012 жылғы 24 қазанындағы №С-12/8 шешімімен «Көкшетау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау Университетінің профессоры, Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр Академиясының ғылыми кеңесінің шешімімен 2012 жылғы 27 қазандағы №8 хаттамасы бойынша толық мүшесі, Академик болып сайланды. Жазушының алғашқы әңгімелері 1978 жылы Алматыда жарық көрген жас жазушылардың антологиясында басылып шықты. Жазушының “Сөне көрме, жұлдыздар”, “Қазақтың Қарасай батыры”, “Ұлтым менің, ұлысым менің”, “Хан көтерген ел едік ер ұланын”, “Бұлтты түнгі толған Ай”, “Жол сапар жалғаса береді”, “Тәуелсіздік толғауы”, “Әлемді жүрегіне сыйғызған”, “Лето без дождя”, “Құлпытастың көз жасы” атты кітаптары жарық көрген. “Соңғы тұяқ”, “Ескі арба” повестерінің, “Бұлтты түнгі толған Ай”, “Тойғандар мен тозғандар”, “Жетім тағдыр” драмалық шығармаларының авторы. Бұл драмалық шығармалары Қазақстанның театр сахналарында сәтті қойылып келеді.

TOP-АВТОР