Дулат Исабеков
Дулат Исабеков

Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. Жазушы, драматург. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген (1966). Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967–1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968–1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971–1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976–1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлықредакциялық коллегияның бас редакторы (1980–1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988–1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992–1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, ҚР Мәдениеттану ғылымизерттеу институтының директоры болып істеген. Қазір «Мәдениет» журналының бас редакторы.

Алғашқы әңгімесі «Жолда», «Замандастар» атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін «Бекет» (1966), «Ащы бал» (1969), «Мазасыз күндер», (1970), «Қара шаңырақ» (1973), «Тіршілік» (1975) повестер мен әңгімелер жинақтары, «Қарғын» (1980) романы басылды. Таңдамалы повестері «Екі жиырма» (1983) деген атпен жарық көрді. Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, «Полынь» (1978), «Отчий дом» (1979), «Смятение» (1986), «Новоселье в старом доме» (1986) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды.

«Ректордың қабылдау күндері» (1975), «Әпке» (1977), «Ертеңді күту» (1979), «Мұрагерлер» (1982), «Алыстан келген ананас» (1984), «Кішкентай ауыл» (1986), «Анасын аңсаған қыз», «Ескерткіш операциясы», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Бонапарттың үйленуі», «МұңлықЗарлық», «Амал мен айла» т.б. пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды. Таңдаулы пьесалар жинағы «Жеті желкен» деген атпен 1987 жылы жарық көрді. Жекелеген туындылары бойынша «Гауһар тас» (реж. Ш.Бейсембаев, 1975), «Дермене» (реж. А.Әшімов, 1986), «Тауқымет» (реж.Ұ.Қолдауова) көркем фильмдері түсірілді.

Қазақстан Жазушылар одағының М.Әуезов атындағы сыйлығының (1985, «Мұрагерлер» пьесасы үшін), ҚР Мемлекеттік сыйлығының (1992), Халықаралық ПЕН клуб, Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты (2006).

TOP-АВТОР