Джек Лондон
Джек Лондон

Джек Лондон (1876-1916) - Американ жазушысы маңдайына тағдыр небәрі қырық жыл ғана ғүмыр жазған. Сол қысқа ғұмырының он алты жылын таза шығармашылық жұмысқа арнаған ол артына жиырма төрт том еңбек қалдырған. Яки бір жылда – екі том! Жоспарлы, мақсатты түрде. Бұны мынадан-ақ көруге болады: лондонтанушылардың зерттеулеріне қарағанда, жазушының күндік жазу нормасы – 1000 сөз болған көрінеді. Бұдан асырып жіберсе – қуаныш, жеткізе алмай қалса – өкініш. Сол үшін де ол тәулігіне он алты-он жеті caғат бойы тапжылмай отырып жұмыс істеген. Және жылдар бойы! Адам айтқысыз азап! Ал осыншама азап пен жанкештілікке оның өз еркімен мойын ұсынғаны несі? Жазбаса тұра алмайтын әдебиетке деген ұлы құштарлық па? Әлде, шынымен-ақ, Лев Толстой секілді туған әдебиетінің абырой-мерейі үшін жанын от пен суға салудан аянып қалғысы келмеді ме? Бір қызығы, Джек Лондонның өзі әрбір шығармасында өмірді қандай шынайы бейнелей алған болса, әлгіндей азап пен бейнетке толы еңбегі жөнінде де ешқандай көлденең көбік сөз қоспаған.

Шығармалары: “Қасқырдың баласы” (1900), “Оның әкесінің құдайы” (1901), “Аяздың балалары” (1902), “Қар қызы” (1903) романы, “Ақ азу” (1906, қазақ тілінде 1938 — 48) повесі, “Жолда жүрген жолаушылар үшін” (1899, қазақ тілінде 1961), “Солтүстік жорығы” (1900, қазақ тілінде 1960), “Тыртық адам” (1900, қазақ тілінде 1960), “Өмірге құштарлық” (1900, қазақ тілінде 1951), “Мың дюжина” (1903, қазақ тілінде 1927 — 51), “Темір өкше” (1912), “Айлы алқап” (1913), “Үлкен үйдің қожасы” (1916), “Телегей теңіз, аттаныс” шығармасын 1926 ж. “Жаңа мектеп” журналына (4,5 сандары) алғашқылардың бірі болып аударып, жариялаған — Ж.Аймауытов.

Жазушы шығармаларындағы биік белесі — “Мартин Иден” (1909, қазақ тілінде 1968) роман-биографиясында автордың өзіндік тұлғасы, қоғам мен қоршаған ортаны тануы, шығармашылық өнер жөніндегі ойлары көрініс тапқан. Кейіннен Лондон шығармаларын М. Әуезов, М. Дәулетбаев, Б. Омаров, т.б. қаламгерлер аударған. Әуезовтің “Көксерек” повесінен канадалық жазушы Эрнест Сетон — Томпсонның “Винипег қасқыры” мен Лондонның “Ақ азу” атты шығармаларының әсері байқалады. Мұның өзі қазақ көркемсөз өнерінің әлем әдебиетімен сабақтаса дамығанын көрсетеді. Лондон шығармалары бұрынғы Кеңестер Одағы аумағында көп аударылып, кең тараған.
TOP-АВТОР