Берік Шаханұлы
Берік Шаханұлы

Берік Шаханұлы 1941 жылы 5 қарашада Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылында туған.

1959 жылы орта мектепті бітірген соң екі жыл шопан болып істеген.

1961 жылы ҚазМУ-дің филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен. Университетті бітірген соң 1966–1970 жж. Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, 1970–1973 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, 1973–1989 жылдар аралығында «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, 1989–1991 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер болып істеген.

1991–2002 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында аға референт болып қызмет атқарды. 1991–2002 жж. Қазақстан Жазушылар одағы кәсіподақ комитетінің Төрағасы. 1996 жылдан бері Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. 2002 жылы 27 сәуірде шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып сайланды.

2007 жылы 6 маусымда шақырылған Қазақстан Жазушыларының кезекті ХІІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары болып қайта сайланды. Б.Шаханұлының есімі Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының және Министрлер Советінің 1981 жылғы 26 мамырдағы қаулысы бойынша бесжылдықтың тапсырмаларын орындаудағы аса көрнекті табыстары үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылған.

1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құса» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003), «Астанаға 10 жыл» медалімен (2008) марапатталған.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы әдебиет, өнер және сәулет саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтары жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

Б.Шаханұлына Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы желтоқсанның 5-індегі жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген. Сарысу ауданы, «Жайылма» ауылының Құрметті азаматы.

Алғашқы әңгімелері «Ақ теке» 1962 жылы «Балдырған» журналында, «Менің ағаларым» 1963 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарияланған. Содан бері бірыңғай проза жанрында еңбек етіп келеді.

Көркем аударма саласында да еңбек еткен. Әзербайжан жазушысы Анардың «Ақ жағалау» атты повестер, әңгімелер жинағын, нивхы жазушысы Владимир Сангидің «Қайырлы маусым» романы мен бір топ әңгімелерін қазақ тіліне аударып бастырған.

Шығармалары: «Ғашықтың тілі». Әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 1973; «Ақ иірім». Әңгімелер мен повесть. «Жалын» баспасы. 1979; «Қаратаудың самалы». Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 1984; «Ночь в горах» /орыс тілінде/ – «Тау аңғарындағы түн». Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 1987; «Құса». Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 1991; «Көрген түстей дүние». Әңгімелер. «Жалын» баспасы. 1998; «Поезда кездескен қыз». Әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 2005; «Қоңыр жон». Повестер мен әңгімелер. «Жазушы» баспасы. 2006.
TOP-АВТОР