Шойбек ОРЫНБАЙ 1953 жылы 7 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, «Жібек жолы» әкімдігінің «Диханбаба» ауылында туылған. Еңбек жолын 1971 жылы Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде (қазіргі «Сарыағаш») бастаған. 1974-79 жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітіріп, облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде жұмыс істеген. 1982-88 жылдары Сарыағаш аудандық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары міндеттерін атқарды. 1988 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тілші болды. 1991-93 жылдары «Жібек жолы» журналы бас редакторының орынбасары қызметін атқарды. 1993-96 жылдары ОҚО әкімдігінде қызмет етті. 1996-98 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, 1998-2001 жылдары «Ақиқат» газеті бас редакторының орынбасары, 2002-2007 жылдары «Ғасыр-Ш» баспасының директоры, одан кейін «Евразия» газетінің бас редакторы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерінде болды.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, бірнеше повестердің, романдардың авторы. Шойбек ОРЫНБАЙ 1986 жылы «Жалын» журналы мен ҚССР Ішкі істер министрлігі және Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» повесімен екінші орынды иеленген. Ал, 1995 жылы «Жалын» баспасы жариялаған шытырман шығармалардың жабық бәйгесінде «Әміршінің әлегі» повесімен бас жүлдені қанжығасына басты. Ол – Қарауылбек Қазиев, Кемел Тоқаев, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтардың иегері. 2015 жылы республикалық «Алтын қалам» ұлттық жабық бәйгесінің «Жылдың үздік прозасы» және «Жылдың үздік детективі мен фантастикасы» номинацияларының жеңімпазы болды. Сарыағаш ауданының Құрметті азаматы, «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» медалдері мен «Құрмет» орденінің иегері.