Әділ Ботпанов — қазақ әдебиетіне сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басында келген толқынның өкілі. Ауыз әдебиетінің уызына жарып өсіп, әлем әдебиетінің қайнарына тұмсық малып ішкен оның өлеңдері бірден-ақ әдеби қауымның назарына іліккен-ді. Өз буынының басы, Алматыдағы бейресми «Жұматай қағанатының» ең жас нояны болған Әділ 1990 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, бірер жылдан соң оны аяқтамай-ақ өзінің кіндік қаны тамған Қызылордасына оралды. Сондағы қалалық «Ақмешіт апталығы», «Қоғам ТВ» телеарнасында еңбек етті. Сөйтіп жүргенде 28 жасқа толар шағында ұшты-күйлі жоғалып кетті.