Әбенұлы Шәкір (1901–1994) Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында туған. Ауыл молдасынан, Семейдегі приход мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған.
1916 жылы Семейдегі ер балалар гимназиясына оқуға қабылданады. Алғашқы «Борсықтар» деген өлеңі «Айқап» журналында басылған (1916). Шығармалары 1936 жылдан бастап баспасөзде үзбей жарияланды.
1937 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарық көрген «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» поэмасы оның ақындық атағын шығарады. Жас ақын 1937 жылы «халық жауы» атанып, ұсталып, артынша түрмеден қашып шығып, көрші Қырғыз еліне асып кетеді.
1939 ж. Алматыға қайта оралып, Қазақстан ғылымизерттеу орталығына Жанақ, Сабырбай, Түбек, Дулат, Байкөкше ақындардың әдеби мұраларын жинастырып, алғаш қағаз бетіне түсіріп, тапсырады.
1940–1941 жж. Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін атқарған. Ол жалған айыптау негізінде ұсталып, Семей түрмесіне айдалады. Отан соғысы басталған соң, өз еркімен майданның алғы шебіне аттанған.
1945 ж. саяси қуғындау қайта басталып, саяси тұтқын ретінде Сібірге айдалып, Александров абақтысына қамалады.
1955 ж. түрмеден босанып, Құндыздыға қайтып оралған ақын 1961 ж. толықтай ақталып, өмірінің соңына дейін еліне қызмет етті. «Кейпін батыр» (1939), «Таңшебер – Жапал» (1962), «Ортақ арал» (1968), «Қорқыт қобызы», «Пәрмен», «Алданған қыз», «Патша мен байғыз», «Ана махаббаты», «Тоқтамыс батыр» атты дастандары «Шыңғыстау» (1980), «Шыңғыстау сазы» (1985), «Дастандар» (1991) деп аталатын жыр жинақтарына, тағы басқа басылымдарға енген. Айтыс ақыны ретінде кеңінен танымал оның Т.Әміреновпен айтысы «Айтыс» (3т., 1968) жинағында жарияланды. «Алтай аруы», «Сары жұлдыз» сияқты 20дан астам төл ән, күйлері бар.
Қайнар қөз: http://www.writers.kz