Ісләм Зікібаев ақын, журналист, аудармашы, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының құрметті азаматы.
Ісләм Зікібайұлы 1936-шы жылы мусымның 5-інде Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданындағы Өрнек ауылында туылған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.
Еңбек жолын «Қазақстан пионері» («Ұлан»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Жетісу» газеттерінен бастап, «Қазақстан әйелдері» журналында, Қазақ КСР Министрлігі жанындағы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетінде бөлім бастығы, «Жалын», «Жазушы» баспаларында меңгеруші, «Кітап жаршысы» - «Друг читателя» газетінде бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, Көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, «Ақиқат» журналында бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі қызметтерін атқарған.
Ол серб жазушысы Йован Змайдың бірталай шығармаларын, башқұрт ақыны Шариф Бикколдың «Жүрегімнің жарығы», қырғыз ақыны Жалил Садықовтың «Тау жолы» жыр кітаптарын қазақ тіліне аударған.
Сонымен қатар ақынның бірталай өлеңдеріне ән де жазылған. Ақынның «Ақ қайыңдар», «Аққу-арман», «Ақ қайнар», «Алтын сағым», «Дүние жалған», «Құс ғұмыр», «Арна», «Жыр тағдыры», «Мен космонавт боламын», т.б. өлеңдер жинағы бар. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.