Оразбек САПАРХАН - 1987 жылы дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология факультетінің журналистика мамандығын бітірген. Өлеңдері мен әңгімелері «Алтын тұяқ» (Өлеңдер жинағы. 2005 ж. Шымкент), «Жас толқын» (1-кіт. Проза: - Алматы: Жалын, 2006 ж.), «Жас толқын» (2-кіт. Поэзия: жинақ / - Алматы: Жалын, 2006 ж.), «Ерентау әуендері» (Термелер жинағы: 2007 ж.), «Алтын қалам» үздік шығармалар жинағы (2015 ж.) сынды кітаптарға енген. «Алғашқы қар» жыр жинағының авторы.
«Алтын қалам-2014» тәуелсіз әдеби байқауында «Жылдың ең үздік поэзиясы» аталымының жеңімпазы.
Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, ғұлама Ақыт Үлімжіұлының екі томдық «Шығармаларының толық жинағының» І томын (Кония, 2011 ж. - 652 б.), Ғазер Ақытұлының «Құран кәрімдегі ғылыми негіздер: Таңдамалы хадистер» (Алматы: Тоғанай Т., 2007. - 224б.) кітаптарын төте жазудан ғылыми аударма жасаған.
4000-ға жуық мазмұнды қамтыған, балаларға арналған «Ақылды қоян» интеллектуалдық өнімінің және 8 кітаптан тұратын «Дана» желілес дыбысты кітаптарының редакторы.
Бүгінгі таңда Астана қаласында тұрады. Республикалық «Қазақ үні», Дін істері комитетіне қарасты e-islam.kz (қазіргі kazislam.kz) порталының тілшісі, sunna.kz сайтында журналист, бөлім редакторы, бас редактор қызметтерін атқарған. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілдігінің ресми сайты – ummet.kz рухани-ағартушылық порталының тілшісі.
Мерзімді баспасөз беттерінде 100-ге жуық мақалалары жарық көрген.