Иран Тасқара 1939 жыл 11 наурызда РКФСР Омбы облысы Тюкалинск ауданы Валуев ауылдық кеңесінің Қожа ауылында туған.
Ақын, әнші, сазгер. В.И. Ленин атындағы қазақ политехникалық институтының кен факультетін бітірген (1962), пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі тау-кен инженері.
«Сағыныш» (1995), «Көкше жолы» (1999), «Тербеткен әнжыр өмірім» (2006) Үш өлең мен әндер жинағының авторы. Ақын, әнші, сазгер ретінде өз сөзіне және қазақ ақындарының өлеңдеріне 100-ден астам ән шығарған, «Көкше әуені-1», «Көкше әуені-2» екі CD-дискісін шығарған, Ақан Сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ және т.б. Көкшетау сал-серілерінің әндерін насихаттап және өз әндерін орындап концерттерімен өнер көрсетеді. Жас сазгерлер Құрмет Сақай, Арман Ищанов, Ерлан Тәшев оның өлеңдеріне ән шығарады. 10 жасынан домбырамен ән айту өнерімен айналысады, сол үшін оны сал-сері өнерін жалғастырушы ретінде «Иран сал» деп атайды.
1962 жылдан Қаныш Сәтбаев атындағы Кен-металлургия комбинатының тау-кен инженері. 1963-1965 жылдары Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының жанындағы аудандық комсомол комитетінің хатшысы. 1979 жылдан ҚазКСР Мемқалатехқадағалау мекемесінің Жезқазған өңірі бастығының орынбасары. 1982-1994 жылдары «Васильков КБК» ААҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы, директордың сапа жөніндегі орынбасары (Көкшетау).
Қазіргі уақытта ән шығармашылығымен айналысады. Жезқазған Қалалық кеңесінің 5-ші шақырылым депутаты (1965-1967). Жезқазған кеніші Халықтың бақылауының төрағасы.
Республикалық жас дарындар телевизиялық байқауының (1984), Бүкілодақтық жас дарындар байқауының (1979), ақын Кәкімбек Салықовтың сөздеріне жазылған әндерді орындаудың республикалық конкурсының (2004) лауреаты, «Батаменен ел көгерер» республикалық байқауының бас лауреаты (2006), «Жаңа ғасырға-жаңа жырлар» республикалық ақындар айтысының дипломанты (2000), Республикалық ақындар айтысына (1985), «Играй, гармонь!» (1994) және т.б. хабарларға қатысқан.
Әскери атағы - отставкадағы аға лейтенант.
Әкесі - Ильяшев Тасқара Смағұлұлы, марқұм, қызметкер болған. Анасы - Ильяшева Бәтима Әбдірахманқызы, марқұм, үй шаруасымен айналысқан.
Үйленген. Жұбайы - Рәзия Хасенқызы (1935 жылы туған), математик, зейнеткер. қыздары - Гүлжамал (1964 жылы туған), физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің информатика кафедрасының меңгерушісі; Жанар (1970 ж. т.), математик, Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы; ұлы - Ерлан (1985 жылында туған) «Көкше-Цемент» зауытының инженер-энергетигі.