Гүлбақыт Қасенова
Гүлбақыт Қасенова

Гүлбақыт Қасенова Тоқтанқызы  - 1975 жылы 18 тамызда Алматы облысы, Панфилов ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің филология факультінде (1996 ж), Ө.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясының заң факультетінде (2011 ж) білім алған.

1995-2008 жылдары орта мектеп, колледжде мұғалім, директордың оқу-әдістеме жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарған.

2008-2015 жылдары – Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасында жауапты қызметтерде істеді. 2015 жылдың тамыз айынан Алматы облысы әкімдігінде ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінде облыс әкімінің бас инспекторы қызметінде.

Облыстық, республикалық деңгейдегі тілді насихаттайтын шараларды ұйымдастыра жүріп, өткізілген жыр мүшәйраларының жыр жинақтарын («Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Сен менің еліме бар», «Жұматай – жыр қағаны») шығарып, өңірдегі тіл мәселесіне қатысты жинақтарды («Облыс ономастикасы», «Тіл және Тәуелсіздік») құрастырды.

2009 жылы «Еларна» телеарнасының «Ақындар аллеясы» бағдарламасында арнайы хабарға түсіп, 2015 жылы өткен республикалық «Бір өлең, бір әуен» жобасына қатысты.

2011-2014 жылдары облыстық «Жетісу» телеарнасында «Асыл сөз» зияткерлік телебағдарламасын ұйымдастырып жүргізді.

Жетісулық «Тамшыбұлақ» әдебиетшілер қауымдастығының үйлестірушісі, ұйымдастырушы, Жетісудан шыққан қаламгерлердің шығармашылығы мен жас дарындарды насихаттау жұмыстарын жүргізуде.

Өлең-жырлары облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады, бірнеше жыр жинақтарына енген. 2014 жылы «Баянжүрек» баспасынан «Алуа», 2015 жылы «Үшқиян» баспасынан «Бақыт гүлі» атты жыр жинақтары шықты.

1993 жылы өткен республикалық «Студенттер көктемі» фестивалінің, «Үкілі үміт» байқауының жеңімпазы, 1998 жылы Көркемсөз оқу шеберлерінің, 2000 жылы «Ауыл мектебінің үздік мұғалімі» байқауларының жүлдегері, 2015 жылы өткен «Мағжан көктемі» ІІІ республикалық өнер фестивалінің ІІ орын, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткен «Шыңғыс қаған шындығы» республикалық мүшәйрасының ІІІ орын жүлдегері (Бақтыбай ақын атындағы сыйлықтың иегері), «Ел мен Ер» атты халықаралық байқаудың Қожаберген жырау атындағы сыйлықтың иегері.

2014 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


TOP-АВТОР