Валерий Поволяев
Валерий Поволяев

Қылқаламы және қаламымен қатар сурет салатын әрі жазушы, әрі суретші Валерий Дмитриевич Поволяевтың Алматы туралы айтары көп. Әңгімеміздің басында әсем қаланың көркем келбеті мен айшықты үйлері, тіпті жүздерінен мейірім байқалатын халқына дейін адам жанына шуақ сыйлайтынын айтып қалды. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып отырған шараға арнайы келген мейман жазушылар бірлігі мен татулығы әдебиет үшін маңызы ерекше екенін тілге тиек етті...  

- Валерий Дмитриевич, Қазақстан деген елмен, қазақ деген халықпен қанша уақыттан бері танысссыз?

 - Шамамен жарты ғасырдан астам уақыттан бері. Дәлірек айтсам, 45 жыл бұрын қазақ топырағына табаным алғаш тиген еді. Мен өзім «Литературная газетада» бірнеше жыл еңбек еттім. Қазақстанды алғаш көруім «Литературная газетадағы» қызметіме тікелей байланысты. Ол заманда «Телетайп» деп аталатын айдарымызға Қазақстаннан хабарлама келген екен. Шоқан Уәлиханов атындағы ұжымшар Алматыда тұратын жазушы Сәуірбек Бақбергеновты ұжымшар мүшесі қылып сайлапты. Әрине, жазушының күндік нормасын озат колхозшылар орындайтын болыпты. Сәуірбек Бақбергеновтен әдеби жұмыс талап етілген. Міне, осы хабардың негізінде очерк жазу керек болып, сол кездегі Бас редактор Чуковский мені іссапармен Қазақстанға жөнелтті. Ол кезде «Литературная газета» өте тереурінді әрі танымал басылым еді. Бір жылдары құлдырап кеткендей көрінгенімен, басылым осы күні де өз биігінен төмендеген жоқ қой. Сонымен, ұшаққа мінген мен Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыға келдім. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Әди Шәріпов еді. Үлкен кісіге жолығып, жөнімді, келген сапарымның мәнісін айттым. Сәукеңмен, Сәуірбек Бақбергеновпен де сол жерде таныстық. Әди Шәріпов не десін: «Достар, мен сендерге көлік берейін, Сәукеңді, Сәуірбек Бақбергеновті қасыңа серік қылайық. Көлікке мініңдер де, Шоқан ауылына тартыңдар, мән-жайды барғанда өздерің түсінерсіңдер», - деді. Сөйтіп, біз Талдықорған жаққа тартып кеттік. Ол жерде үш-төрт күн қонақ болып, Шоқан ауылының еңбеккерлерімен, Сәуірбек Бақбергеновтен күтер әдеби дүниелердің мән-жайымен тереңдей таныстық. Мәскеуге оралған соң осы хабар жайында көлімділеу етіп очерк жаздым. Осылайша Қазақстанға келген тұңғыш сапарымда қазақтың жазушы, ақындарымен ғана емес, қарапайым еңбек адамдарымен де тіл табысып, достасып, емен-жарқын көңілмен Мәскеуіме аттанып кеткен жайым бар. Кейінірек Олжаспен таныстық, тарлан талант иесімен де достық көңіліміз тез жарасты. Кейінірек түрлі әдеби-мәдени шаралар аясында, әдебиет күндерінде Қазақстанға жиі келіп, мұндағы ел-жұртпен емен-жарқын араласып кеттік қой. Бірде, әдебиет күндерінің бірі болуы керек, көптеген жазушы достармен бірге келдік. Сонда, әлгінде айтқан Шоқан Уәлиханов атындағы ұжымшарға тағы жол түсті. Оның басшысы, сол кездің тілімен айтқанда, төрағасы - Игібай Базарбаев деген кісі еді. Ол да, Сәуекең де Панфилов дивизиясының кезіндегі офицерлері - аға лейтенанттары болған. Игібай Базарбаев сол бір зұлмат соғыстың аяусыз алапаттарына аяғына беріп келген жан еді. Шоқан ауылына барсам, сол Игібай кішкентай балалардың Шоқан ескерткішіне бара алмай қалғанын айтып, мұңаяды. Қазақтың ұлттық мақтанышы, ойшылы, саяхатшысы... Шоқан туралы айтылар әңгіме таусылар ма?! Міне, осындай жанның бейітіне балалар баруға жасқанып жүрген көрінеді. Себебі, бейіт маңына жыландар пайда болған екен. Игібай екеуміз осы жайында біраз әңгімелесіп алған соң, Шоқанның бейіті басына қарай аяңдадық. Ойымыз әлгі жыландарды қайткенде де өлтіруге тырысу, сөйтіп, балалардың көңіліндегі қорқынышты сәл де болса сейілту. Бірақ, аяқ асты барған бізді жылан күтіп жата ма?! Дегенмен де біздер жыланды өлтірдік. Бірі үлкен, айбатты екен. Сөйтіп, жасөспірімдер көңіліне де жол тапқанымыз бар. 

- Сіз 1973 жылдың жазында да Алматыға келген екенсіз... 

- Иә, 1973 жылдың жазы еді. Алматыда қатты тасқын болады дегенді құлағымыз шалып қалғандай болған. Бірақ біз көп хабарлардың бірі шығар деп оған сене қойғанымыз жоқ. Дегенмен де қасымда тағы бір әріптесім бар, екеуіміз Алматыға ұшып жеттік. «Литературная газета» үшін материал даярлау керек. Әдеттегідей Жазушылар одағына келдік. Бізді әскери көлкікке отырғызып, апат аймағына жөнелтті. Жолай әскери техниканы өте көп ұшыраттық. Жағдай тым ауыр еді. Адамдар қаза болған. Халықтың көңіліндегі үрей күллі Алматы аспанын жайлап алған десе де болады. Постардың бірінен соң бірінен өтіп, тауға жақындап келе жатырмыз. Байқағанымыз, арықтардың бәрі құрғақ. Арық құрғақ болғаны, суды Медеудегі бөгет ұстап тұр деген сөз. Ал, суды аясында ұстап тұрған бөгет құласа, онда Алматының көп бөлігін, Медеуден аэрортқа дейінгі аумақты әп-сәтте-ақ жалмап тынар еді. Ол жерде қауіп аяқ астынан ғой. Мәселен, біз бөгетке жақындай бергенімізде, кенет дәл жанымыздағы әскери УАЗИК өзінен-өзі көтеріле бастады. Қас-қағым сәтте биіктеп келе жатқан көлік емес, оның астындағы асфальт екенін түсіндік. Сөйткенше, оның астындағы асфальт опырылып түсті де, көліктің айналасы атқылаған судан көрінбей кетті. Қайта, жүргізуші мықты жігіт екен, есігін ашып үлгеріп, жүзіп су бетіне көтерілді. Жолай неше түрлі қауіп-қатерді көре жүріп, бөгетке де жеттік. Ауыр әскери техника да жетті. Жергілікті мамандар Новосибирскіден келетін, КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімінің төрағасы, академик Лаврентьев бастаған ғалымдар тобынан келетін көмекті күтіп тұр екен. Себебі, бөгеттің жобасын Сібірліктер жасаған. Міне, осындай апат аймағында менің көзіме оттай басылған адам - Димаш Ахметұлы Қонаев еді. Осындай қауіп-қатердің ортасында, екі көзі қызарып, алпамсадай денелі Димаш Ахметұлы Қонаев жүрді. Платина сағат сайын суға толып келеді. Әйтеуір, Құдай оңдап, қауіптің беті бері қарады. 

- Қазақ жеріне тек іссапарлармен келіп бірталай дос, әріптес тапқан боларсыз? 

- Әртүрлі жұмыс бабымен бірнеше рет келіп, қазақ даласынан көптеген сырлас, рухтас дос таптым. Әнуар Әлімжанов, Сайын Мұратбеков, Әкім Таразилармен қоса, күллі Орта Азиядан Қайсар Жорабеков, Мумин Қанатов сияқты әдебиет өкілдерімен дос, бауыр болып араластық.    Қазақстанға келген алғашқы сапарымда танысып, кейін дос-жар болып кеткен Сәуірбек Бақбергенов өте мейірбан, нағыз жазушы және нағыз әскери адам еді. Бір қуанатыным, осы сапарымда Сәукеңнің ұлы Қайрат Бақбергеновпен таныстым. Әкесінде бар мейірім, жұмсақтықты Қайраттан де көріп, ұрпақтар жалғастығы Қазақстанда әлі де бар екеніне шүкіршілік еттім. Иә, мені Алматыға тартатын ескі достарға деген сағыныш дегеніммен, олардың да қатары сиреген екен. Сайын Мұратбеков, Генадий Толмачев, қандыкөйлек жолдасым Сәуірбек Бақбергенов жоқ. Отыз жылдан бері отбасымызбен араласып-құраласып кеткен достарым әлі де бар ғой. Қашан да қазақ жаны маған жақын, түсінікті. Сондықтан болар, өзімді көне қазақпын деп есептейтін кездерім көп. 

- Өзіңіз алғаш көрген Алматы мен қазіргі Алматы туралы не айтасыз? 

- О-о-о, Алматыны мен бұрыннан ерекше құрметтеймін. Мұндағы адамдардың баршасы да мейірімді сияқты көрінеді. Әйелдерінің өздерінде шығысқа тән ибалылық бар. Неге екені, менің қаламның тұрғындарының өзіме қаталдау көрінетін кездері көп. Олармен салыстырғанда Алматының, жалпы қазақтардің пейілдері кең-ау деп ойлаймын. Жазушылардың да бір-біріне деген бұрынғыдай дос-жар көңілілдері мен ашық қабақтары қуантты. Мұндай сәттерде шығармашылық адамның қиялына қанат бітіп, үлкен бір шабытқа кенеліп келіп кетпей ме? Мен жазушылардың қабақтарынан осыны байқағандай болдым. - Жазушылардың, жазушылардың қаламынан шыққан дүниелердің «ақ қанат көгершіні»  

- «Қазақ әдебиеті» газетіне деген тілегіңіз қандай?

 - Көнекөз достар, сыйлас жандардың барлығы екі елде де көп деп ойлаймын. Олардың ыстық пейілдері ешқашан суымасын деп тілеймін. Көрші отырған екі елдің ынтымағы мен татулығы әдеби қарым-қатынастарға тікелей байланысты. Ең болмаса, жыл аралап бас қосып, араласып-құралассақ, жаман болмаспыз. Ал, «Қазақ әдебиеті» мен үшін ыстық болатын жөні бар. Себебі, мен баспасөздің қазанында қайнаған жанмын. Және дәстүршілмін. «Қазақ әдебиеті» мен жұмыс істеген «Литературная газетаны» еске түсіреді. Әрине, мен әр басылымның өзіне тән ерекшеліктері де болатынын түсінемін. Өйткені әр газет өз ұятын ұлықтай білуі керек қой. Сол тұрғыдан келгенде «Қазақ әдебиеті» газеті әріптес көп басылымдардан ілгері екеніне қуанамын.    


Әңгімелескен: Қарагөз СІМӘДІЛ.

«Қазақ әдебиеті» газеті

TOP-АВТОР