Біржан сал Қожағұлұлы
Біржан сал Қожағұлұлы


Біржан сал Қожағұлұлы қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Жаңажол ауылында 1825 жылы дүниеге келіп, 1897 жылы Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданына қарасты Қожағұл бүркеуі деген жерден топырақ бұйырған.

Біржан сал алғашқыда Қызылжардағы екі жылдық орыс-қазақ мектебін оқып бітірген. Сонсоң, осындағы медресеге оқуға түседі. Оның өнер жолына біржола бет бұруы осы медреседен басталады. Өйткені, медреседе ұстаздық еткен Имағамбет Ырғызбекұлы, Көрпеш Бахрамұлы деген кісілер төңірегіне аттары мәлім, өнерпаз адамдар болған.

Біржан сал қазақ халқының әншілік өнерін толыстырып, байытып, соны белеске көтере алған әйгілі композитор. Әрбір үлкен дарын иесі сияқты, ол қазақ ән өнеріне өзіндік өрнек салып, өзіндік дара ән мектебін орнықтырып кетті. Өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік ахуалы, салт-дәстүрі, адамгершілік-ізгілік қасиеттері, әсіресе, адам сезімінің алуан толқыныстары оның әндері арқылы сұлу сазбен, асқақ рухпен бедерленіп отырады. «Ақтентек», «Біржан сал», «Айбозым», «Алтын балдақ», «Айтпай», «Көкек», «Жоныпалды» сияқты әндері қазақ ән өнеріне шырай беретін, шоқтығы биік асыл туындылар.

Біржан салдың сан-сала өнерпаздық қырының бірі – оның айтыскерлігі. Біржанның айтыс ақыны ретіндегі тегеурінді дарыны ақын Сарамен айтысында жарқырай көрінеді. «Біржан-Сара» айтысы қазақ сөз өнеріндегі қанатты шабыттың, эстетикалық биік өренің жарқын үлгісі болып табылады.


* * *

Біржан сал ел аралап, жолаушылап келе жатып шөлдеген соң, бір кедейдің қараша үйіне ат басын бұрыпты. Үй сыртына жақындап келіп, «Кім бар-ау?» деп дыбыс берген екен, іштен жұпынылау киінген бойжеткен қыз шығады. Біржан сал шөлдегенін айтса, «Үйге кіріңіздер» деп ықылас білдіріпті.

Жасауы жұтаңдау қараша үйдің төріне шығып, Біржан сал тізе бүгеді. Қыз босағада тұрған күбі піспегін бірер толғап қана, кетік тостағанға ашыған көже құйып ұсынады. Біржан сал тостағанды қолына алып қараса быжылдап тұрған қатықсыз қара көже екен, мұны менсінбей, ерінін де тигізбестен аяқты кері ұсыныпты. Қыз болса тостағанды алудың орнына:

«Жақсының жейтін асы жая мен жал,

Шығады нақ қырсықтан осындай сал.

Дәмнен үлкен дүниеде ешнәрсе жоқ,

Көжеге кекіреймей ерніңді мал», − депті. Сонда, өз қылығынан ұялып қалған Біржан сал:

«Жетеді тоқсан жасқа ердің ері,

Атандық ақындықпен «Біржан сері».

Қарындас айтқан сөзің өтіп кеттті,

Көжеңді баса құйып әкел бері!»,−деп, толтыра құйғызған тостағандағы көжені дем алмастан басына бір-ақ көтерген екен.







TOP-АВТОР