Боб Дилан
Боб Дилан

Америкалық автор–орындаушы, ақын, суретші, киноактер Боб Дилан (Роберт Аллен Циммерман) 1941 жылдың 24 мамырында Дулут қалашығында (Миннесота) саудагердің үйінде дүниеге келген.

Оның ата–анасы Абрахам Циммерман және Беатриса Стоун жергілікті еврейлік қауымның өміріне араласқан. Арғы аталары еврейлер болған.

1947 жылы Роберттің әкесі полиомиелитпен ауырып қалуына байланысты отбасы көрші қала — Хиббингке көшеді. Балалық кезінде ол блюзді өте көп тыңдаған. Әсіресе Хэнк Уильямс және Вуди Гатриді сүйіп тыңдайды. Вуди Гатри Робертке өте қатты әсер еткен. Өзінің музыкалық бастауларында оның өлеңдері Вуди Гатридің репертуарынан тұрған болатын. Ол екеуі тек бір–ақ рет кездескен болса да Роберт Гатридің өлең айту манеріне де, гитара тартуына да еліктеген.

Орта мектепте оқи жүріп Боб түрлі ұжымдардың құрамында өнер көрсетіп жүреді. 1959 жылы Миннесота университетіне түскеннен кейін де ол музыкамен айналыса береді. Өзінің мансабында ол көп лақап ат қолданған, бірақ негізгісі ол Боб Дилан боп қала береді. Кейбір деректерде Дилан оның сүйікті ақынының тегі болған делінеді.

Боб Дилан елу жыл бойына рок–музыка әлемінде алып тұлғалардың бірі болған. «Blowin' in the Wind» және «The Times They Are a-Changin'» сияқты туындылары азаматтық құқық алу бағытында болған және АҚШ–тың соғысқа қарсы қозғалыстарының әнұранына айналған.

Rolling Stone журналының жүргізген сауалнамасының нәтижелеріне сүйенетін болсақ, Боб Дилан The Beatles–тан кейінгі рок–музыка тарихындағы ең маңызды тұлға болып есептеледі.

Фолк–музыка саласы бойынша Денверге сапарынан кейін Дилан музыкант боларын нақты шешеді. 1961 жылдың қаңтарында ол Нью-Йоркке келеді. Гринвич-Виллиджде оның аты тез танымал болады. 1962 жылы шыққан алғашқы «Bob Dylan» альбомында ескі халық әндерінің жаңартылып айтылған түрлері ғана болған. Оның айту манері халықты өте таңғалдырады. 1962 жылдың тамызында әнші атын ресми түрде Боб Диланға ауыстырады.

Айрықша Боб Дилан - 2016 жылдың әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығы иегері атанды.

TOP-АВТОР