Бекділдә Алдамжаров 1946 жылы 3 сәуірде Қызылорда облысындағы Қазалы ауданына қарасты № 99 разъезде теміржолшының отбасында туған.
Алғашқы өлеңдері 1960 жылы республикалық жастар газетінде «Сәт сапар» айдарымен жарық көрген. Ақын З.Шүкіровтің алғы сөзімен өлеңдері облыстық газетте жарияланған.
1964 жылы он бір жылдық мектепті бітірген соң, Қазалы ауданының мәдениет бөлімінде бір жылдай қызмет істеген. 1965 жылы ҚазМУдің филология факультетіне оқуға түседі. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, «Жазушы» баспасында, Қазақ теледидары музыка редакциясында, «Жұлдыз» журналында қызмет істеген.
«Нөсер» (1968), «Жыл мезгілдері» (1969), «Айлы түндер» (1970), «Нұр мен түнек» (1972), «Іздедім сені» (1977), «Мизам айы» (1982) атты өлең кітаптары, «Қара нөсер» (1981), «Жықпыл» (1985), «Ұлы сел» атты төрт томдық тарихи романының алғашқы екі кітабы (1988; 1992) жарық көрген.
Фирдоусидің «Шахнама» эпопеясының «Мәнушеһір» (1973) және «Кей Хосроу» (1976) дастандарын, грузин шайыры О.Челидзенің балаларға арналған «Алхан мен Шалхан» атты дастанын (1971) қазақ тіліне аударған. А.Пушкин, А.Блок, П.Неруда, Е.Евтушенко, Б.Ахмадуллина, А.Вознесенский, т.б. шайырлардың өлеңдерін аударып, жинақтарда бастырған.
Бірқатар әндері «Ауыл кеші көңілді» жинағында жарық көрген. Сын жанрында да қалам толғап жүр.