Бейбіт Құсанбек – (12.08.1962 — 06.02.2007) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы) – тележурналист, ақын. С.М.Киров атындағы ҚазМУ-ді (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) (1984) және Мәскеу қаласындағы КСРО Мемтелерадио біліктілік көтеру институтының телекомментаторлар курсын бітірген (1988 ж). 45 жасында 2007 жылдың 6 ақпанында жол көлік оқиғасында қаза тапты.
· 1984-1997 жылдары Қазақ теледидарының Жастар, Әдеби-драмалық хабарлар бас редакциясында редактор, саяси шолушы, бас редактор,
· 1997-1999 жылдары «Алатау» телеканалының директоры,
· 1999-2000 жылдары әдеби-мәдени хабарлар шығармашылық бірлестігінің жетекшісі,
· 2000-2007 жылдары «Хабар» агенттігінде продюсер, тележүргізуші қызметтерін атқарған.
Әр жылдарда телеэфирден Б. Құсанбектің «Арай», «Жадыра», «Құрдастар», «Көкпар», «Кездесу», «Дидар» циклдарымен жасаған хабарлары, репрессияға ұшырап, ақталған арыстарымызды халқымен қауыштырған «Халық зердесі» (М. Дулатов, М.Жұмабаев), «Алты арыс» (Қанабек Байсейітов), «Халық ақыны Шәкір Әбенов», Ресейдегі қазақ диаспорасының бір бөлігіне арналған, олардың тұрмыс-тіршілігін, мәдени өмірін қамтитын «Омбыдағы қазақтар» (1988), алғаш ресми емес делегациямен Америка Құрама штаттарынан қазақ тілінде «Мұхиттың арғы жағы – Америка» (1992) хабары, Сағат Әшімбаевтың терең ойына бойлайтын «Азаматтық формуласы», Қабанбай батыр тұлғасын дәріптейтін «Көзкөрген», «Алатау» телеарнасында бас редактор болып тұрғанда «Төрт құбыла» (Египет, Пәкістан, Түркия т.б. елдердің елшіліктегі өкілдерімен тікелей эфир), «Үкімет адамы», «Бейсенбіде бізбен бірге болыңыз», «Замана», «Біз қандаймыз?» циклді хабарлары, І.Жақановтың баспанадан тарлық көріп жүргенде түсірілген «Өзегіне теппе ұлыңды, өз елім», Ілияс пен Фатиманың махаббаты жайында «Махаббат дастаны», қазақ тарихының бір беті – ХIХ ғасырдың аяғында Жетісуда шаңырақ көтерген білім ордасы туралы "Мамания мектебіне 100 жыл» хабары, Б. Момышұлына арналған «Айбыны асып туған ер», ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен», «Егер біз лаулап жанбасақ...», «Әдебиет алыбы С. Мұқанов», «Жамбыл, сондай-ақ, Ә. Тәжібаев, Р. Нұрғалиев, І. Жарылғапов, С. Шаймерденов, М. Қозыбаев, Ф. Оңғарсынова, М. Шаханов, Т. Молдағалиев, Қ. Жұмаділов, А. Сейдімбеков, Қ. Ілиясов, Ж. Бөдешов, Ә. Нілібаев және т.б. көптеген қазақ әдебиеті мен мәдениетінің танымал тұлғаларынан сыр тартқан хабарлары, жұртшылыққа кеңінен танымал болған «Өмір-өзен», 20 сериялы «ХХ ғасырдың жиырма сәті», «Хабар», «Хабар-2» телеарналарынан «Ақиқат ауылы» (2000-2002), «Таразы» (2002-2004) бағдарламасы, «Ойталас» (2002), «Дәуірнама» (2000-2002), «Нысана» (жылы есімде жоқ, тікелей эфир болатын), «Тіл» (2004-2007) ток шоуы, «Бір сәт және бүкіл ғұмыр» (2003-2006), «Ел ағалары» (2005-2007) хабарлары, қазақтан шыққан алғашқы қаржыгер, репрессия құрбаны Төребек Османов туралы «Бірінші банкир» бейнефильмі көрермендерге жол тартты.
Шығармалары: «Махаббат маусымы» (1996), «Өлең-өзім» (2007), «Ғұмырдария» (2008), «Ел ағалары» (2009).