Өткен XIX ғасырдағы көрнекті қазақ ақындарының бірі - Базар жырау. Ол Кіші жүздің Шөмекей тайпасы, Балқы руы, оның ішінде Отарбай аталығынан шыққан. Ақынның ата қонысы-бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылы, «Қарақ» деген жер (қазіргі Қызылорда облысы Қармақша ауданы, Ленин ауылдық советі). Бейіті - Бұқара облысының Тамды ауданында Қызылқұмның «Жалпақтау» деген жерінде. Базардың әкесі Өтеміс те, ақынның өзі де жоқ-жұқа кедей болған. Кіші жүздің Керейіт еліндегі Оңдас деген кісі Базарды ата-анасынан сұрап алып бауырына басады. Ол есін білгеннен бастап он алты жасқа жеткенше Аспан елінің атақты байы Жабағының Тәспенінің қойын бағады.
Ақындықты он алты жасынан бастаған Базар ел билеуге немесе дүние табу үшін мал бағу,егін егуге қызықпайды. Өмірін, бар ықыласын өнерпаздық жолға бағыштайды. Халық қамқорын көксеп жырлағаны үшін үстем таптың қудалауы мен Қазалы, Үргеніш қалаларының түрмесіне де түседі. Өзінен бұрын шыққан, туған төңірегіне аты әйгілі Шернияз, Мұсабай, Нысанбай, Ешнияз, Бұдабай сияқты ақын, жыраулардың үлгісін ұстап, оны әрі қарай дамытады, Сыр бойын, Жайық, Сарыарқа және Хиуа, Бұқара маңындағы қазақ елін аралайды. XIX ғасыр мен XX ғасыр басындағы оңтүстік өлкеден өрбіген Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықпай, Кете Жүсіп тағы басқа ақын, әнші, жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі-өнеге алған түлектер.
Өлең-жырауларын жазбай, суырып салу әдісімен ауызша шығарған Базар әрі шығарушы, әрі жырлаушы. Бұқар жырау мен Махамбеттен кейінгі толғау алыбы - Базар жырау. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына да ұқсамайды. Шығармаларының мазмұны мен тақырыбы қазақ өмірінің шыңдығынан туған. Тілі шешен, түсінікті, замандастарымен салыстырғанда мұнда діншілдік аздау. «Мақпал - Сегіз», «Айна - Тарақ», «Әмина қыз», «Ахмет - Жүсіп» дастандары ақын творчествосын айқындай түсетін күрделі еңбектер. Даңқты жыраудың артында қалған әдеби мұраларын жинауға, жариялауға Ә.Диваев, С.Сейфуллин, Ә.Марғұлан, Ә.Қайнарбаевтар еңбек етті. Мысалы, 1925 жылы Ташкенттен шыққан «Терме» жинағында және С.Сейфуллиннің басшылығымен 1931 жылы шыққан «Қазақтың әдебиет нұсқалары» кітабында оның бірнеше өлеңдері жарияланды.